Қызылорда қаласында полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында денсаулығы күрт нашарлаған 5 айлық нәрестеге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға былай болған: 7 мамыр күні сағат 13:24 шамасында Қызылорда қаласының тұрғыны 5 айлық қызының кенеттен құрысып қалғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Сол сәтте қызмет атқарып жүрген қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, полиция аға лейтенанты Мұхтар Абимолдаев, Шахмардан Нұржанұлы және полиция капитаны Рахымжан Жұмаділдаев дереу әрекет еткен.
Жағдайды лезде бағамдаған тәртіп сақшылары қызметтік автокөліктерінің арнайы жарық және дыбыс белгілерін қосып, ерлі-зайыптыны нәрестесімен қалалық ауруханаға жеткізген. Олардың шұғыл әрекеті нәтижесіз қалмады. Нәресте дер кезінде дәрігерлердің қарауына жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның жағдайы тұрақты деп отыр дәрігерлер.
Қызының өміріне араша түскен полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігерлері мен жедел жәрдем қызметкерлеріне және балалар ауруханасының медицина мамандарына ата-ана шынайы алғысын білдіреді.
– Қиын сәтте жылдам көмекке келіп, жанашырлық танытқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Қызымның өміріне бейжай қарамай, жауапкершілікпен қол ұшын созған барша жандардың еңбегін ұмытпаймыз. Отбасыларыңызға амандық, ел тыныштығы жолындағы қызметтеріңізге табыс пен береке тілейміз, – дейді ата-анасы.
Бұл оқиға тәртіп сақшыларының тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген жағдайда азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға әрдайым дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«СБ» ақпарат





