Ағалықтың ақ туын төмендетпеген

1262

0

Пенделердің әр-қайсысы бір әлем. Себебі түйсіктеріміздің деңгейі әртүрлі. Қызық . Өзімнен 2 ақ жас үлкен осы кісіні ондаған жылдай үлкендігі бардай сыйлап, ағалап кеттім. Ол кісі кім десеңіз биыл тірі болғанда 80 жасқа толатын, тәжірибелі, жоғарғы санатты дәрігер, талайларды сауықтырған Жаңақорған шипажайының негізін қалаушылардың бірі, осы ауданның құрметті азаматы, аяулы әке әм ата  – Егемберді Әмитұлы.

         Мен ол кісіні Еген аға деп кеттім. Науқастанып аурухана түсті деген хабарды естіп, Махамбетов Сұлтан ініміз екеуміз жағдайын білу үшін ауруханаға бардық. Қасында Дариха жеңгеміз бар екен. Көз жанарынан аурудың жеңе бастағанын білсекте, көңілін көтеру үшін ойын әр тарапқа жетелеп, көп әңгіменің басын шалып біраз отырдық. Білікті, тәжірибелі дәрігер болғандықтан, науқасының ауыр екенін білгенімен, өзінің ғана емес, біздердіңде жігерімізді жанитын салиқалы әңгімелер айтты. Кетерімізде сағынышты жүзімен, жылы шыраймен, ойлы көзімен бізбен қоштасқандай болды. Жүздесуіміздің осы бір соңғы сәті екенін, оған да зымыраған бес жыл өткенін енді сезінгендейміз. Артына қарайламайтын, талай өкініштерді көлегейлейтін қайран уақыт-ай!

         Еген ағамен ауруханадағы соңғы жүздесуімді тебірене еске ала отырып, алғашқы кездесуім мені айт деп тұрғандай. Ол осыдан, он жыл бұрын жиен ағам Нағызхан Сейтеновтың қызын Айгүлді келін етіп алуға бас құда болып келген күні еді. Аты тек облыс, Қазақстан ғана емес, әлемді шарлап кеткен Исатай Әбдікәрімов ағаның немересі Нұрмұхаммедпен Айгүл қызымыз бірін-бірі тауып, қазақи дәстүрмен құдалық басталғанды. Еңбек Ері Истай ағамен құда болғанымызға қатты қуандық, ағаның көзі тірісінде осындай жақындығымыздың болмағанына өкінгенімізді несіне жасырайын. Уақыттың пенденің дегеніне көнбейтініде өмір шындығы. Исатай аға үлкен лауазым иесі болғанмен, қарапайымдылығымен халыққа өте жақын болды. Менің Ыдырысов Жақып, Әбенов Хамит ағаларыммен ағалы-інілі араласты. Сол уақыттарда Исатай ағаға арнап төмендегідей өлең жолдарын жазыппын:

                   Еңбегімен ер танған тұлғалы,

                   Адамдықпен, адалдықпен бір жаны.

                   Біздер үшін әрі мақтан, қорғаныш,

                   Исатайдай ағамыздың тұрғаны

                   Сырдан шыққан Сырдың нағыз түлегі,

                   Еліменен бірге соққан жүрегі.

                   Исатайдай ағамызды қазірде.

                   Алты алаштың бар баласы біледі.

         Бас құда болып келген Еген ағаны көргенде Исатай ағаның бейнесінің көшірмесін көргендей сезімде болдым. Құдалыққа келген делегация құрамында:Жеңгеміз Дариха, Исатай ағаның қызы Шәмшия, Нұрмұхаммедтің анасы Үмсын, Мұсахан ағаның жұбайы Бибіайша, ұлы Жүсіп, Еген ағаның үлкен ұлы Нураддин болды.Салихалы құдалықтың нәтижесі жаман болған жоқ. Қазір Нұрмұхаммед пен Айгүл қызымыз Әлтайыр, Әмина, Сәпия, Тамерлан сынды перзенттерінің ата-анасы, үлгіліотбасыныңиегері. Тату тәтті сыйластықпен ғұмыр кешуде.  Алла тілкөзденсақтасындептілейік.

         Еген ағаның Жаңақорған шипажайында қызмет жасап жүрген кездерінде мен жұбайым Гүлназиямен жаңа жыл қарсаңында барып демалып қайтуды әдетке айналдырғанмын. Ол екеумізді шипажай көрсететін барлық дәрігерлік қызметтермен қамтамасыз ететін. Демалыстың соңында шипажайда демалушылардың тілектері жазылатын дәптерге бірнеше жолдардан тұратын:Еген ағаға, Қара балшық,Шипажай қызметкерлеріне арнау т.б. деген өлеңдерімді жазып кеткенмін. Оның баралығын емес Еген ағаға арнаған төмендегі өлеңімді келтіргеннің артықтықтығы болмас:

                   Шипажайдың абызы Еген аға,

                   Жүзіңізден жылылық сезем аға.

                   Бейнеңізді өлеңмен сомдау үшін,

                   Сөз жақұтын ерінбей терем аға.

                   Шипажайдың айнасы Еген аға,

                   Сіз арқылы ұжымға берер баға.

                   Жарты ғасыр тапжылмай еңбек еткен,

                   Тұлғаңыздың тамыры терең аға.

                   Шипажайдың ұстазы Еген аға,

                   Шәкірттерің сан қырлы көрем аға.

                   «Қара балшық», «рапа» дертке дауа

                   Болғандықтан, жыл сайын келем аға.

                   Бағдар шамы шипажай -Еген аға,

                   Жол сілтейтін жастарға Ерен аға.

                   Ағалықтың ақ туын төмендетпей,

                   Шалқыта береріңе сенем аға.

         Өмірінің соңғы күніне дейін яғни отыз жылдан аса Жаңақорған шипажайында бас дәрігері, кейін дәрігер қызметін атқарған Еген ағаның еңбегі шипажай тарихында ерекше орын алады. Өзі жұмыс жасаған ғимараттың екінші қабатында Еген ағаның суреті салынған арнайы ескерткіш тақта қойылды. Кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен, алыс жақын шетелдерден келетін емделушілер Еген ағаның ұзақ жылғы жемісті қызметінен хабардар болып қайтады.

         Әмитов Егенберді Әмитұлы ағаның өмірбаянының  елеулі сәттерін ғана айтып өтейік. 1940жылдың 15 қазанында Жаңақорған ауданында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1963 жылы емдеу факультетін тәмамдаған. Институт бітірісімен туған топырағы Жаңақорғанға келіп, аудандық туберкулезге қарасы  күрес диспансеріне әдетте дәрігер, кейін осы мекеменің  жеті жылдай бас дәрігері қызметін атқарды. Қазіргі тамыр танысты, беделді, ақшаны бірінші кезекке қойып, жауапты қызметтерге тағайындайтын кездегідей емес, ол кезде маманның біліктілігіне, білімділігіне, қабілетіне қарай қызметке тағайындайтын заман еді. Осы аталған қасиеттердің арқасында Еген аға он үш жылдан аса уақыт аудандық аурухананың бас дәрігері қызметіне көтерілді. Келінтөбе, Задарья кеңшарларымен, аудан орталығында емхана ғимараттарының салынуы, көптеген ауылдық фельшерлік-акушерлік және медпункттердің ашылуы Еген ағаның ерен еңбегінің нәтижесі еді.1985 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін республикалық дәрежедегі Жаңақорған шипажайында қызмет жасады. Еген аға Москва, Қазан, Ташкент, Алматы қалаларында білімін жетілдіру институттарында оқып, медицинаның сан-салалы сырларына қанықты, білімін шыңдады.
         Еген ағаның ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атағына ие болды. Бірнеше мәрте аудандық Кеңес депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажын зерделеді, көптеген азаматтар мен азаматшаларға көмегін тигізді. Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.

         Дариха жеңгеміз екеуі отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп, өмірде олардың лайықты орындарын табуына жағдай жасады. Ағаның ұлдары Нуриддин дәрігер хирург, облыстық медицина орталығының директоры, Шәмшаддин полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығының бірінші орынбасары. Қыздары Сайда дәрігер, Гауһар мен Бағдат мұғалім. Көріп отырғанымыздай Егенберді ағамыздың ұл- қыздары өмірде өз орындарын тапқан, елге елеулі азаматтар мен азаматшалар. Осылардың қайнаған қызығын жұбайы Дарихаға тастап кеткен Еген аға 80 жасқа толып, бүгін абыз ақсақал болып ортамызда отыруын Алла жазбапты. Ағалықтың ақ туын төмендетпей өткен тұлға еді.  Өкінішке толы өмір ғой. Бұғанда шүкір дейік.

                                                                  Қазбай Құдайбергенов,

                                                                           профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<