«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп қайран Абай ақын қалай дөп басып айтқан.
Біз өлісін тірілте алмай, тірісін өлтіре алмай жүрген қазақпыз. Талантты адамдардың қадірін қашан білдік осы. Дүниеден өткенінде көзі құрымағыр қимай, көңілі құрымағыр сенбей жүрген асыл ағам Айжарықтың да бізден, тірілерден алыстағанына, міне, қырық күн болыпты. Туған ай тураған етпен бірдей деген осы.
Айжекең ағамды есіме алсам ақжал толқыны тулаған, төбесінде ақ бауыр шағаласы шулаған баяғы көк теңіз, Арал- анамыз ойға оралады.
…Алдымда Арал теңізінің 1957 жылы сол замандағы одақ астанасы Мәскеуде басылып шыққан дастархандай кең, етек-жеңі далиған, бүктей-бүктей сілікпесі шыққан ескі атлас картасы. О кездері ақжал толқындары жағалауды ұрып жатқан алып айдынның қазір күш-қуаты қайтып, жүз шақырымдай кешегі қайтқан табанын Кіші Арал суы үсті-үстін шайып жатыр…
Картаға үңіліп осы теңіздің о шеті мен бұ шетіндегі жүз шақты аралшықты саусағымның ұшымен жағалап іздеп отырмын. Міне, «Орыс қамыс»… «Мекалай» (дұрысы «Николай»)… «Тайлақ жеген» аралшықтары иненің жасуындай кішкентай нүктелермен белгіленіпті. Бір кездері «Көкарал» аралшығын тауып, алып бір мая шөпке түскен инесін іздеген адамдай көзімді айырмай тінтіп, бұрынғы «Ауан» (қазір ол жердегі ел көшіп қаңырап қалған) елді мекенінің тұсына келдім. Бұл – Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінің бұрынғы білікті ұстазы, қазақ қаламгерлерінің талайына дәріс берген, қиялгер жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың кіндік қаны тамған ата жұрты. Онан әріде Ақбасты… Онан әріде бір шеті Ақтөбе облысына ұласқан, Ұлықұм, Кішіқұмға кірігіп кеткен Құланды түбегі. Бұл – енді әлемге әйгілі қаламгер Әбдіжамил Нұрпейісов дүниеге кеп, сол дүние-ғаламды атақты «Қан мен тер» трилогиясы, «Сең» атты сүбелі дүниелерімен дүрілдеткен кішкентай ауыл.
Өткен жылы сексен жастың сеңгіріне шығып, осыдан қырық күн бұрын дүниеден өткен белгілі журналист-жазушы марқұм Айжарық Сәдібекұлының балалық іздері де көк теңіздің ортасындағы «Көкарал» аралшығының алқаракөк айдынына тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» атты кішкентай балықшылар ауылында әлі күнге сайрап жатыр. Осы елді мекенде 1939 жылғы 17 желтоқсанда байырғы балықшы Сәдібектің отбасында дүниеге келген шекесі торсықтай ұлға шілдеханаға жиналған кішкентай ауылдың үлкен кісілері Сражадин есімін еншілепті.
Алайда екі-үш күн жолаушылап кетіп ауылға келген әкесінің ағасы Сәндібекке бұл ат ұнай қоймайды. Үлкендерді дастархан басына қайта жинап «Ау, бұл бала Ай туып, айнала жап-жарық болып тұрғанда дүние есігін ашқан жоқ па?! Сондықтан аты Айжарық болсын» деп жөргегінде жатқан сәбидің құлағына үш қайтара «Сенің атың Айжарық» депті.
Сол Айжарық ауылда жетіжылдықты, Ауанда орта мектепті ойдағыдай тәмамдап Қызылорданың Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы университет) филология факультетіне оқуға түседі.
Институт қабырғасында оқып жүрген әуелгі жылдары филолог ғалым, ұстаз болуды армандаған Айжарықтың қаламынан «Әлімнің әжесі» атты тұңғыш әңгімесі облыстық газетте 1962 жылы жарияланса, қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанбековтың «Жалынды жүрек» хикаяты туралы жазған рецензиясы да сол жылы «Қазақ әдебиеті» басылымында, ал «Асуда» атты алғашқы очеркі 1963 жылы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде басылып, ұстаз болсам деген бағытынан айнып, қаламгерлік жолға түсуге біржола бел байлайды.
Әдебиет те қоғаммен, адаммен бірге өсіп-өркендеп келеді. Орыс әдебиетінен әрідегі Лев Толстойдың, Антон Чеховтың, берідегі Василий Шукшиннің, Валентин Распутиннің, Виктор Астафьевтің, өзге де шетел әдебиетінен Эрнест Хемингуэйдің, Габриель Гарсиа Маркестің, Кафканың, Дефоның, Виктор Гюгоның төрткүл әлемге түгел аян болған біртуар әдеби дүниелерін көзі ұйқыға кеткенше кеміргені әлі есінде. Әсіресе Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізіне», Иван Буниннің теңіз табиғаты туралы әңгіме-хикаяттарына, қазақ әдебиетіндегі Әбу Сәрсенбаевтың, Әбдіжамил Нұрпейісовтің, Зейнолла Шүкіровтің, Әнес Сарайдың теңіз, оның жағалауындағы адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы жазғандарын қадағалап қайта-қайта оқитын. Бұл Айжекеңнің мінезіне сіңген мінсіз қасиеті десек те болады.
Өзі аттай алпыс жылдан бері ажырамай келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің беттеріндегі әдебиет мәселелері жөніндегі мақалаларға орай тұрақты түрде ой-пікірін жазып атсалысып келе жатқан аға қаламгердің есімі журналист ретінде де қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасын жайлаған қалың елге етене таныс еді. Алғашқы журналистік жолын Жалағаш, Қармақшы аудандық газеттерінен бастаған Айжекең 1971-1997 жылдардың аралығында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымында аға тілші, бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болып ұзақ уақыт қызмет атқарған. Жазушы әр жылдары жазған әдеби дүниелерінің басын зейнетке шыққан соң ғана құрап кітап етіп, оқырманына ұсына бастаған сыңайлы. Мысалы, қаламгердің тұңғыш кітабы «Көктемін күткен қызыл гүл» деген атпен алғаш баспа жүзін көрсе, 2002 жылы «Аққұмның ақ түндері», 2006 жылы «Ашық мұхитқа шыққан алып», 2009 жылы «Жұмыр жерде біз бармыз», 2011 жылы «Шұғыла шуағы», 2012 жылы «Дарияның тұмасынан жыр боратқан», 2013 жылдары «Парасат майданы», «Қараша үйдің келіні» тәрізді деректі және көркем әдеби дүниелері жарық көріпті. Олардың арасындағы шағын әңгімеден бастап көлемді хикаяттарына дейінгі баршасының оқырман оясынан шыққан сүбелі дүниелер екені даусыз. Ал, баспа тартпаларында уақытын күтіп жатқан әдеби қолжазбалары қаншама?!
Бір заманда хакім Абай айтқан сөз бар еді ғой.
Дүние терең көл,
Уақыт соққан жел.
Алдыңғы толқын ағалар,
Кейінгі толқын інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Осылай демеп пе еді жалпы адамзат баласының дүниеге келуін, дүниеден кетуін болжаған қайран Абай.
Мынау қызылды-жасылды қым-қуыт дүниеден кеше ғана Айжекем де өтті. Сексен бір жастың сеңгіріне енді шыққанда дүниеден өткен, күллі ғұмырын облыс журналистикасына, қала берді қазақ прозасына арнаған журналист-жазушы Айжарық Сәдібекұлы еді бұл. Кешегі өткен Асқар Тоқмағамбетов пен Зейнолла Шүкіровтің, Нәсіреддин Сералиев пен Саид Баязитовтың және басқалардың заңды жалғасы, лайықты ізбасары іспеттес болатын ол.
Айжарық Сәдібекұлы журналистикаға жыл құсындай ерте келсе де, әдебиетке әбден етек-жеңін жинап, үлкен әзірлікпен келген талантты прозашы еді. Облыстық газетте қызмет еткен жылдары алғашқы прозалық шығармаларын тиіп-қашып жазса, кейін зейнет демалысына шыққан соң жазу үстеліне өзін-өзі біржола шегеледі. Онбес шақты көркем және деректі шығармалары баспалардан кітап болып жарық көріп оқырмандар ауылына жол тартқаны белгілі.
Өткен жылы сексен жасқа толған қаламгермен бірге туған жері Аралдағы, одан әрі ата қонысы Ақбасты ауылындағы әдеби кездесулеріне куә болдым. Әсіресе, аудан орталығында өткен қаламгермен кездесуге жиналған көпшілік кеш иесінің кестелі сөздеріне ынтыға құлақ түргенін байқадық. Ал, өзі орта білім алған №22 Ақбасты орта мектебінің ұжымы жазушы атындағы әдеби сынып ашып, айрықша құрмет көрсетті.
Жалпы, Айжекем жайшылықта сараң сөйлейді. Ал, мінберге шықса, алдына қара салмайтын жүйрік тәрізді әдебиет пен бүгінгі заман жайлы әңгімесінің тігісін әсем сөзбен әдіптеп тыңдармандарын ұйытып тастайтын еді. Сонда ол маған тұсау жібін шешіп жіберген тұлпар сияқты көрінетін.
Айжекеңнің өткен жылы қолымызға тиген «Теңіз жайлаған ел» кітабы түгелдей сағыныштан туған дүние десем, артық емес. Осы кітаптағы майшамның түбіне етпеттей жатып алып теңіз жағасындағы «Қармыс» ауылының үлкен-кішісіне ертегі, батырлар жырын таңды таңға ұрып оқып беретін бала Айжарық сол бір ауылда сәл кейін қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі алыбы тоқсан алты жастағы коррифейі Әбдіжамил Нұрпейісовтің алғашқы кітабы «Курляндиямен» қалай табысқанын біз сияқты інілеріне үлкен сағынышпен әңгімелеп отырушы еді…
Жазушының осы «Теңіз жайлаған ел» атты соңғы кітабы – бала Айжарықтың, бозбала Айжарықтың, азамат Айжарықтың, ақсақалдық жасқа жеткен, ақыл-ойы толысқан абыз Айжарықтың сартап сағынышынан туған тұшымды дүние. Әсіресе маған Айжекеңнің дүниеден әлдеқашан өткен жеңгемізбен алғашқы таныстығы, тілсіз табысқан екеуінің Көкаралға беттеген кеме үстіндегі суреттері кісіні еріксіз сүйсіндіреді. Теңіз суреті, табиғат тынысымен үндескен жарасымды қос жүрек кітаптың өн бойында дүрс-дүрс соғып тұрғандай әсер етеді.
Өмір осы. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Алдымызда жүрген қамқор ағамыз Айжекең де өтті мынау алдамшы жалғаннан. Алдың пейіш, артың кеніш болсын, асыл аға.
…Мөлт-мөлт еткен
жанарын жасқа мала,
Аза жырын жазады
қасқа бала.
Алды сайран жалғанның
Жаратқан-ай,
Арты ойран екен ғой.
Қош бол, аға!
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<