(М.Ғ.Саламатов туралы естелік)
Кезінде сұлу Сырдың бойына орын теуіп, Ақмешіт атанған қала, Кеңес өкіметі кезеңінде Қызылорда болып өзгеріп, кейіннен республика астанасына айналғанын бәріміз білеміз. Кеңестік кезеңдегі қаланың жұпыны көркі естияр азаматтардың есінде. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясаты мен экономикалық оңды өзгерістерінің арқасында, тәуелсіздік алған 30 жыл көлемінде Қызылорда облысы халқының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы үлкен жетістікпен алға жылжыды.
Мұны облыстың, қаланың бюджетінен байқауға болады. Қалада архитектуралық үйлесімді тұрғын үйлер, демалыс аймақтары, жол құрылысы, түрлі инженерлік жүйелер, газбен, сумен қамтамасыз ету зор қарқынмен дами түсуде. Облыс, қала халқы түрлі жұмыс орындарымен қамтылуда.
Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының көтерілуіне себепкер болып отырған үлкен өндіріс орны – «Құмкөл» мұнай кеніші екені белгілі. Бұл күндері жұмысшы-қызметкерлер жергілікті жерден басқа, облыс көлемінен де тыс жерлерден келіп, вахталық әдіспен еңбек етіп, жұмыспен қамтылуда.
Республика, облыс экономикасына үлес қосып отырған «Құмкөл» кен орны туралы алғашқы сөзді Мұрат Ғазизұлы Саламатовтан бастағанымыз жөн болар. Асыл азаматпен, оның өмірі, қызметімен көп адам таныс болар, дегенмен де, сол кезеңдегі көптеген қиындық туралы, оның қалай шешілгені туралы білгенімді, қалай танысып, қиыншылықтарды бірге жеңгенімізді көп жеткізуді жөн көрдім.
М.Саламатов «Құмкөл» кен орнына «Южнефтегаз» мекемесіне басшы болып келер алдында көп тәжірибе жинады. Батыс өңірлерде мұнай өндірісі саласында қатардағы қызметтен бастап, басшылық міндеттерді атқарды. Көптің көзіне түскен жас маманды Қазақстан Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөліміне қызметке алдырды. «Құмкөлге» келген кезде ысылған, қалыптасқан өз ісінің маманы болатын. Оның осы іскерлік қасиеті жаңа қызмет орнында ашыла түсті.
«Құмкөл» кенішін игеру басталды. Көптеген мердігер мекемелер Ресейдің қалаларынан, Өзбекстанның Бұқара облысынан болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырай бастады, шеттен келген мекемелермен есеп айырысу мәселесі қиындай түсті. Себебі, бұрынғы қалыптасқан жүйе тоқтап, әрбір мемлекет өзінің қаржысымен жұмыс істеуге көшті. Атқарылатын жұмыстармен есептесуге мүмкіншілік болмады, шеттен келген мекемелер жұмыс орындарын тастап кетуге мәжбүр болды. Кеніште жұмыс тоқтады. Араға аздаған уақыт салып, қалаға үлкен медициналық-диагностикалық орталық салуға келген «Главболгарстрой» мекемесімен келісім-шартқа отырып, басқарма корпусын және кеніш алаңында құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге уағдаласты.
Бірақ, уақыт өте келе мұның өте тиімсіздігі байқалды, себебі мемлекет атқарылған жұмысты доллармен төлеуге тиіс болатын.
Қаладағы ескі трест «Қызыл-Ордастрой» (Скатков) қауқарсыз болып шықты, нәтижесінде мердігерлерді басқа өңірден іздеуге тура келді. Міне, осы кезеңде біздің жолымыз түйісті.
Сол жылдары Шымкент қаласындағы «Минтяжстрой СССР»-дың «Шымкентпромстрой» трестінің бас директоры болып қызмет істейтінмін. Қазан айы болатын. Басқарма басшысы Ф.Клугман осының алдында «Сарыағаш» шипажайынан «Южнефтегаз» мекемесінің басшысы М.Саламатов телефон соғып, кездесуге өтініш айтқанын жеткізді.
Келді, кездестік, жоғарыда айтылған кеніштегі құрылыс жұмыстарының тоқтап қалғанын, соған біздің мүмкіндігіміз болса, араласуымызды өтінді. Оған біз туралы кездесуге тапсырма берген сол кездегі Премьер-министр С.Терещенко екен. Оңтүстіктің тумасы, біздің мүмкіндігімізден хабары мол болатын.
Таныстық, сөйлестік, пікірлестік, барып көретін болып келістік, танысу барысында келісті, көрікті, білімді, ақылды азамат екенін байқадық.
Ол кезде Шымкенттен Қызылордаға ұшақ қатынайтын. Келісілген уақытта, Ф.Клугман екеуміз ұшақа отырып, Қызылордадан кеніш орталығына мекеменің тікұшағымен жетіп, барлық жағдайды көзбен көрдік.
Шынында да қиын екен, соғыстан кейінгі жағдайды көргендей боласың, әр жерде қаңқасы жатқан техника, ашық-тесік тұрмыстық вагондар. Сонымен қатар, құрылыс алаңдарын аралап, істеліп жатқан жұмыстармен танысып, вахта поселкасында болдық. Жұмысшы-қызметкерлердің игілігіне бағытталған істерді көзімізбен көрдік. Қайтарда, мекеме кеңсесінде болып, басшылармен танысып жұмысты бастауға уағдаластық.
Мен Сыр елінің, соның ішінде Қазалы өңірінің тумасымын. 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, жолдамамен Шымкент қаласына келіп, қызметімді Одақ көлеміндегі үлкен трест – «Шымкентпромстройда» қатардағы инженерден бастап, аз уақытта бүкіл трестің өндіріс бөлімін, одан кейін трестің «Заводстрой» құрылыс басқармасын басқарып, шамалы уақыт салып бүкіл трестің бас директоры қызметіне көтерілдім. Осы салада 45 жыл еңбек еттім, бүгінде құрметті ардагермін. Кезінде талай партия, кеңес орындарына қызметке ұсынғанымен, өндірістік құрылыс саласында қызмет атқарғанды жөн санадым.
«Шымкентпромстрой» өзінің күш-қабілеті, техникалық қуаты, инженер-техникалық қызметкерлердің білімділігі жағынан әр жылдары «Минтяжстрой СССР»-дың бестігіне кіретін үлкен ұжым болатын.
Мұнай өңдеу зауыты, фосфор өндірісі зауыты, шина жасау зауыты, пресс-автомат, асбошифер зауыттары, Кондитер фабрикасы, нан зауыты, Атырауда үй комбинаты, Теміртауда Магниткадағы ақ қаңылтыр цехы, т.б. өнеркәсіп орындары, инженерлік жүйелер, мектеп, ауруханалар, тұрғын үйлер, тәуелсіздік алғаннан кейін «Сарыағаш» су жүйесі, қан құю станциясы, т.б. құрылыс нысандарының басы-қасында болып, басқару жүйесінде араласа қызмет істеудің сәті түсті. «Минмонтажспецстройдың» мердігер мекемелері бізбен жұмыс жасайын, олар жұмысқа өте қабілетті болатын.
Мұның бәрі мақтаныш үшін емес, орайы келіп тұрған соң айтылуы тиіс, сол кездегі құрылыс жұмыстарының ауқымын көрсету сияқты болып көрінеді. Сонымен, жұмысқа қуана кірістім. Өйткені, осындай қиын кезеңде өскен ортаңа қол созу мен үшін үлкен абырой деп түсіндім.
Жаңадан «Құмкөл» деген акционерлік фирма құрып, жұмысқа Қызылордадан жергілікті қызметкерлер мен жұмысшыларды қабылдап, қаладағы темір жолдың арғы бетіндегі «Шанхай» деген ортадан, бұрынғы әскери отрядтың территориясын жалға алып, жұмысты бастап кеттік. Жалпы басқару жүйесі маған бағынышты болды, өзімнің негізгі жұмысыма қосымша ретінде, күнделікті жұмыс жүргізу – жергілікті басшылықта болды. Құрылыс материалдарының бәрі, темір-бетон бұйымдарына дейін Шымкенттен тасымалданды.
Шымкентте өзіме қарасты мекеменің қанша жұмысы бар, дегенмен, аптасына кейде екі рет құрылыс алаңына келген кездер болды.
Сонымен қатар, өзімізбен бірге мықты мердігер мекемелерді – «Казхиммонтаж», «Казхимэлектромонтаж», «Спецстройды» ала келуімізге тура келді.
Нәтижесінде, құрылыс алаңынан «Главболгарстройды» ығыстырдық, үкіметтің долларын мемлекет қалтасына қалдырдық. Атқарылған жұмысқа, ақша болмай, бізбен мұнай өнімдері есебімен есептесетін. Өйткені, Шымкент мұнай зауытына жөнелтілген мұнайдан біз өзімізге тиесілі үлесімізді, бензин, дизтопливо, мазут есебінде алып, жабдықтау мекемеміз арқылы қаражатқа айналдырып, қызметкерлерге айлық төлеп отырдық.
Кеніш аумағында 12 дана групповая установка (ГУ), 15 дана замерная установка (ЗУ) салдық, орталық трубалар жүйесін жасадық, мұнай қорын сақтайтын 5000м3 – 4 резервуарды іске қостық, тікұшақ қонатын алаңды пайдалануға бердік. Араға уақыт салып, «Құмкөл» мұнай кеніші өзінің жұмысын жолға қойып, жаз айында мұнай өңдіру 3 млн тоннаға жетіп, үлкен іс-шара өткізілді. Кейіннен Үкімет кеніш орнын Канаданың «Харрикейн» компаниясына сатып жіберді.
Кеніш шетелдіктерге сатылғаннан соң, аздаған уақыттан кейін біз де өз жұмысымызды абыроймен аяқтадық. Аталған құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген кезеңде Қызылорда қаласынан көптеген инженер-қызметкерлер еңбек етті. Мекеме басшылығында болған инженерлер: Б.Сергазиев, Еркебай, марқұм Б.Жармұхамедов, есепші Бақыт, сондай-ақ Шымкент өңірінен Е.Чуклин, М.Ибрагимов сияқты азаматтардың еңбегі айтуға тұрарлық.
«Құмкөл» кенішінде қызмет атқарған тұста ел-жерді таныдық. Облысқа белгілі тұлғалармен таныстығымыз арта түсті. Сейілбек Шаухаманов, Аманкелді Әбдібаев, Нажмадин Мұсабаев, Жарылқасын Шәріпов, Нұрлыбай Ұлықпанұлы сынды азаматтармен сыйластық қатынастарымыз қалыптасты.
Кеніш орны сатылғаннан кейін М.Саламатов министрдің орынбасары қызметін атқарып, артынан ауыр дертке ұшырап қайтыс болды.
Қызмет жасаған жылдары талай өндіріс басшыларымен араласудың сәті түсті.
М.Саламатов ерекше тұлғалы ұлтжанды азамат, қазақи мінезді, ұлттық қасиеттерді бойына жинаған ірі тұлға болатын. Өзінің азаматтық борышын зор деңгейде атқарды, күні-түні демей, ыстық-суыққа төзіп, денсаулығының сыр беруі де соның салдарынан болуы керек, әйтпесе берері мол еді. М.Саламатов Қызылорда облысында мұнай өндірісінің үлкен жүйесін қалыптастырды, соның, жемісін өңір тұрғындары көріп отыр. Көптеген азаматтарды тәрбиеледі, соның бірегейі – кезінде «Южнефтегаздың» бас инженері болып қызмет атқарған Алик Айдарбаев республикаға белгілі қоғам қайраткері үлкен басшылық қызметте. Мұнай саласындағы көптеген ірі қызметтегі азаматтар оның сыйлас інілері, көбісі шәкірттері болатын. Қызметтес болған, елге еңбегі сіңген асыл азамзат туралы айтуды жөн көрдім. Қызылорда қаласында ол кісіге бюст тұрғызғаны туралы хабардармыз, келешекте мектеп, колледждерге де аты берілер.
Ең бастысы, қиын кезеңде атқарылған істің жемісін жергілікті халық көріп отыр.
Алданазар ҚҰРМАНБАЕВ,
Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы»,
«Құрмет» және «Даңқ жұлдызы» ордендерінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<