Уақыттан жүйрік не бар? Кеше ғана ортамызда жүрген Сыр бойының абзал азаматы, тамаша идеолог, қажырлы қайраткер Әбекеңнің, Абдолла Дәулетұлының соңғы сапарға аттанғанына да бір жылдан асып қалыпты. Егер тірі болғанда сексенді толтырып, тоқсанға аяқ басып, қауымымыздың көркі болып отыратын еді. Тағдыр оны жазбады.
Осы мақаланы жазбақ оймен қолыма қалам алғанда Әбекеңнің өзі ерекше құрмет тұтқан Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық зиялы» атты мақаласы еріксіз еске түсті. Автор «Ұлт зиялысы деген кім?» деп бірден сұрақ қояды да, нақты жауабын береді. «Оқығанның барлығын олардың біліміне және белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды» деп кесіп айтады да, белгілі бір ортақ идеяларды жете түсінген және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді, сол сияқты саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болмасын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынғанды ұлттық зиялы дейді. Осы қағидаттарды берік ұстансақ, күрделі өмірден көргені мен түрлі тірліктен түйгені мол, сергек саналы, зерек зерделі Әбекеңді бүгінгі зиялы қауымымыздың нағыз белді мүшесі еді деуге толық болады.
1952 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітірген Әбекең саналы ғұмырының алғашқы жылдарын мектеп жастарының тәрбиесіне арнаса, 1957 жылдан партия кеңес жұмысында болып, бар қажырлы да қайратты қызметін Сыр өңірінің дамуына жұмсады. Тағы бір ерекшелік, өзі өскен ортасы туралы, туған өлкеміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан алдыңғы толқын ағалар, замандас, тағдырлас тұлғалар мен азаматтар туралы сырлы шығарма, қызғылықты кітаптардың да қарымды иесі болды.
Сонау тарихымыздың аса бір күрделі кезеңі, өткен ғасырдың отызыншы жылдары қарапайым колхозшы шаруа Дәулет ақсақалдың отбасында дүние есігін ашқан Әбекең, Абдолла ағамыз жасынан маңайының ауызбірлігі мен еңбекке жүгінген құт-берекесін көріп өсті. Өзіне өмірлік серік еткен бұл шынайы адами қасиеттер Әбекеңді шыңдады, ширатты, абзал азамат етіп қалыптастырды. Әбекең кейін облыстық партия комитетінде жиырма жылдай қызмет еткенде де өзіне тән стильдің бірі – облыстық партия комитетінің күрделі жұмыстарына жас кадрларды ұйыстыра жүру болатын. Ондағы мақсаты – партиялық қызмет бабы мен мұратын аппараттағы өзінен кейінгілерге ертерек байқату, ертерек таныту еді. Бірақ осыны жете түсіне бермеген кездеріміз де болмай қалмады. Шындығына келгенде, бұл қызмет бабында ертерек өсудің де әдемі кепілі болатын. Осындай шыңдаудан өткен жастар кейін өз қабілеттеріне лайықты қызметтерін алып жатты. Сондай шәкірттерінің бірі болғанымды мен де мақтаныш етемін. Осы ойды кейін әлдеқалай сөз арасында айтып қалсам, келісе қоймай, бірге қызметтес болдық қой деп ылғи қарапайымдылық танытатын еді.
Әбекең әділ сөзге тұратын түсінігі мол абыз ақсақал болатын. Бірде арамызда биыл туғанына 90 жыл толған Сыр бойына ерен еңбек еткен Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы әңгіме болды. Сол кезде Астанада тұратын Ерекеңнің кезінде облыс партия комитетінде қызмет еткен бір топ азаматтар оның есімін есте қалдыру мақсатында облыстың бір мектебіне атын беру туралы өтініш жазған болатынбыз. Мұны облыстағы кейбір азаматтар орынсыз санап, осыдан пәлен жыл бұрын марқұм болған кісіге ренішін қайта тұтатып, өтінішке өріс бермепті. Мен осыларды айта келіп: «Осындай жағдайда Әбеке, ағайындар, Әуелбеков сіз бен біздің талқылауымыздан жоғары тұрған қайраткер ғой деп бір ауыз сөз айта алмағаныңызға таң қалдым» дедім. Бетіме қарады да: «Ендігі ұсынысқа өзім де қол қойып беремін» деді. Кейін мәселе шешімін тапты ғой.
Тағдыр облыстық комсомол және партия комитеттерінде жиырма жылдай қызмет еткізіп, бір ғимаратта тұруды жазыпты. Талай алдыңғы толқын ағалардың сөзін естідік, қызметін таныдық. Солардың ішінде айтулы іскер, талап қойғыш, жұмысқа жауапкершілігі жоғары, жаңалыққа жаны жақын болған Абдолла Дәулетұлы бөлек жан, айтулы қызметкер болды десем, артық айта қоймаспын. 1957 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің қарапайым насихатшысынан бастап, 1972-1979 жылдары облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі қызметін жарқырата жүргізді, сан салалы жұмысты барынша көрсете білді. Идеологиялық жұмыстың барлық дерлік буындарынан өткен, оның жүйелі де күрделі қыр-сырын жетік білу, одақтық, республикалық партия орталықтарымен тікелей байланыс жасау, пікірлесу, сан салалы ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысу белсенді бөлім меңгерушісін идеология саласының өзің араласпай байқата бермейтін талай қалтарыстарын аңғаруға көмектесті, алынбаған асуларға жетеледі.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Одақ көлеміндегі еңбек ұжымдарының әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспарын жасау республиканың қай жерінде жалғасын тапқанын баспасөзден оқи қойғаным жоқ. Ал шынында осы маңызды мәселе Сыр бойында жалғасын тауып, Одақпен үндесіп жатса, бұл тікелей Әбекеңнің өзіндік қайраткерлік еңбегі болатын. Ол осы тәжірибені облыста ендіруге күш салып, мұндай жоспарлар Жалағаш ауданы «Мәдениет» кеңшарында, Қызылорда қаласындағы 2585 автоколонна ұжымында жасалып, ол кейін обкомның бюросында арнайы мақұлданды. Өндірістің тиімділігін арттыру мен тәрбие жұмысын жақсартуда еңбек ұжымдарының рөлін одан әрі көтеру мәселелері 1975 жылы облыстық партия комитетінің пленумында талқыланды. Бұл бағыттағы облыста жүзеге асқан жұмыстар кейін «Еңбек ұжымдарының дамуын кешенді жоспарлау әлеуметтік экономикалық міндеттерді жемісті шешудің маңызды факторы» деген ғылыми-тәжірибелік конференцияда қорытындыланды. Сол сияқты облыстық партия комитетінің арнайы бюросында КПСС Орск қалалық комитетінің идеялық-тәрбие жұмысының мәселелерін кешенді шешу туралы тәжірибесін облыс өміріне ендіру қаралған болатын. Мұндай күрделі шараларды дайындау мен өткізуде де Абдолла Дәулетов айрықша белсенділік танытты. Бұлардың барлығы белгілі жағдайда Әбекеңнің іскерлік өресін, өзіндік ізденімпаздығын, саяси танымын, қажырлы қызметін айғақтаған факторлар болатын. Ашығын айту керек, осылардың барлығы ойдағыдай болып жатпаса да, ұжымдағы әлеуметтік мәселелер мен экономикалық салалар тығыз қарым-қатынасқа түсетіндей кешенді жоспарлау әдісі жалпы кадрлардың әлеуметтік өресі мен тәрбиесіне сөзсіз игі әсер ететін факторлар болатын. Бірақ бұл жұмыстар Одақ көлемінде жаппай өріс алып кете алмады, мерзімдік тірлік болып қалды. Оның өзіндік себептері болды. Қоғамды қайта құрамыз деп жүріп, көптеген адам тәрбиесі үшін асыл қазыналарымыздан айырылдық та ғой.
Несін жасырайық, 20 жылдан астам облыстық партия ұйымының идеологиялық майданының алдыңғы шебінде болған, қайраткерлік болмысын жақсы таныған біз сияқты шәкірттері Әбекеңді келесі биіктен көргіміз келгені рас. Ондай мүмкіндіктер болмады емес. Бірақ ол кезде де қабілет, іскерлікпен өсе бермейтін жағдайлар аз болған жоқ. Ресми құжаттарда ең таза деп саналған партиялық жүйеде де кейбір басшылардың күрделі деген мәселелерді жеке билеп, жеке төстеп жататын кездері жеткілікті болды ғой. Қазір де бұл күшейе түспесе, әсте әлсірей қойған жоқ. Ал шындығына келгенде, мұндай ұстанымдар жалпы жұмысымызды ақсатып, қоғамның серпінді дамуына тұсау болып келе жатыр. Алда да тұсау бола береді.
Арал ауданының бірінші хатшысы болған Тәкей Есетов обкомға басшылыққа келді де, аудандық, облыстық партия комитеттеріндегі аппараттық қызметте көп жыл ысылған, кәсіби партия жұмысының майталман маманына айналған А.Дәулетұлын басқа қызметке, партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне бекітті. Әбекең жаңа қызметте де қамшы салдырмай алда жүрді, шабысты да табысты болды. Басшылар мен жас кадрлардың арасына қамқор көпір бола алды. Көп жастарға болашаққа жолдама берді. Осы кездері облыстық партия комитеті басшылығының тікелей қолдауымен бірсыпыра жас кадрлардың қызмет бабында өсіп, мәртебелері көтерілгендерін де айта кеткен артық болмас. Бұл, шын мәнісінде, ізгілікті істер болатын.
А.Дәулетұлы Одақ тарағанша 1982 жылдан 1991 жылға дейін облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды. Облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып табылатын бұл беделді қызметте де халыққа тиесілі қаржы мен мүліктің сақталуы, қорғалуы ойдағыдай жүзеге асырылып, адал өмір сүру салтының орнығуына қарай жемісті қадамдар жасалды. Іскерлік, мәселеге кеңінен, биігінен қарау, өзіндік ерекше жауапкершілік бұл кезде де серік бола алды. Жоғары буынмен қоян-қолтық қызмет етті. Сондай жұмыстың бірін оқырман назарына сала кетсек, артық болмас. КСРО Халықтық бақылау комитетінің бастамасымен Орта Азия және Қазақстан халықтық бақылау органдары басшыларының біздің облыстағы кең көлемдегі басқосуы болды. Мәскеуден денсаулық сақтау, су шаруашылығы, қаржы министрліктері мен ведомстволарының өкілдері келді. Олар Арал өңірін, елді мекендерді тікұшақпен аралап, қалған қонақтар жақын аудандарда болып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, басқосуларда кең ауқымды пікір алмасып, проблемалық мәселелер ортаға салынды. Соңында Аралға байланысты зерттеу, тексеру, талдау жұмыстарын жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданды. Мұның бәрі кейін Арал аймағының экологиялық мәртебесін айқындағанда қажетті құжаттарға негіз болғанын айта кету керек.
Абдолла Дәулетұлы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң 2001 жылға дейін облыстық кеңесте жауапты қызметтер атқарды. Әбекеңнің жетпіске дейін қызмет етуі өзінің қалауы емес, қажеттіліктен туды. Көргені көп, көзі танитын, білгені мол, қабілеті қайтпаған зерделі зейнеткер қарап отыра алмады. Көргені қытықтап, естігені елестеп, түйгені түрткілеп, осыдан алпыс жыл бұрын қолға алған, кешегі аз ғана оқытушылық жұмыста да, партия қызметінде де күндіз-түні серік болған қаламы енді басқа сүрлеуге тартқылады, басқа бағытқа салды. Мұның сәті де түсіп еді. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі 1998 жылды – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы атауы табиғатында тарихшы, ауызбірлікті ертеден өмірлік қағида еткен, екі тілге де жүйрік Әбекең Ахас Тажутовтың «Куманы, половцы, кипчаки и казахи» атты орыс тіліндегі кітаптың қазақша нұсқасын «Қыпшақтар мен қазақтар» деген атпен дайындады. Бұл оқырмандарды қазақ этносының қалыптасу барысындағы тарихи оқиғалармен нанымды және қызғылықты таныстыратын тағылымды туынды болды.
Ойдағыдай шыққан алғашқы еңбек келесіге шабыт шақырды. Көптен ойда жүрген, кейбір мәселелер еске түсіп мазалаған, кейде ақ қағазға түртіп те қоятын өмірбаяндық деректер, басынан өткенді ой елегіне салып, екшеп, «мұны мен айтпасам, кім айтпақ, кейінгіге білгенімді мирас етпесем, білгендігім қайсы?» деп берік түйін түюмен Әбекең 2001 жылы «Өмір өрнектері» атты кітабын баспадан шығарды. Өзім де оқып, рухани ләззат алған «Тарих тағылымдары» атты кітаптың кіріспесіндегі мына бір сөздерді назарларыңызға сала кетейін: «Ғалам тарихын ой елегінен өткізген әрбір азаматқа шежіре – аса қастерлі, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан атамұра, халық қазынасы. Құс қанатсыз, ағаш жапырақсыз болмайтыны тәрізді адамзаттың да ата-тексіз болуы мүмкін емес». Осылай басталған қызғылықты да тағылымды туындыда автор өзінің ата-тегін, туған елін, балғын балалық кезі, қуанышы мен қызықшылығы мол жастық шағын, ұстаздық әлемін, партия, мемлекет қызметкері ретінде қалыптасу кезеңдерін жүйелі де қызғылықты баяндаған.
Алаштың анасы атанған Сыр бойының қай өңірі болмасын қасиетті, қадірлі. Дегенмен, әркімге туған жері ыстық, туған топырағы киелі. Бақ құсы қонған Ыбырай еңбек еткен, тұғырлы тұлғалар – мұраты биік Мұстафа, тұлпар ақын Әбділда, даңқы қазақ қауымына кең тараған Иманжүсіп, халқының Қалқаманы, ғұлама ғалым Шахмардан, академик Мұхаметжан Қаратаев, халық ақыны Нартай Бекежанов, т.б. дүние есігін ашқан Шиелі өңірі Абдолла Дәулетұлы үшін ерекше ыстық. Сондықтан да Әбекеңнің айрықша шабытпен жазылған «Нұрлы жол» атты кітабы тарихи-шежірелік сипаттағы киелі өлкесінен түлеп ұшқан алып ұландардың бейнебаяны іспетті.
Міне, осылай екінші өмірді, шығармашылық өмірді сәтті бастаған Әбекеңнің жүйрік қаламынан «Мәуелі әулет» (2002 ж.), «Ыбырай тағылымдары» (2002 ж.) (2010 ж.), «Сыр саңлақтар» (2010 ж.), «Иман ұялаған мекен» (2011 ж.), «Ардагерлер – ел тірегі» (2011 ж.), «Толымды тұлғалар» (2011 ж.), «Қорқыт Қойлыбай» (2015 ж.) атты кітаптар шықты. Қолдарыңызға енді тиетін, бір кезде осы Мурад Аджидің шығармасынан бастаған, енді оның «Кипчаки. История великой степи и древних тюрков» атты еңбегінің аудармасымен Әбекең қаламгерлік қызметке нүкте қойып еді. Өмірлік қызметтің күнделікті қалам ұстатқаны зая кеткен жоқ, ол мол мұраның иесі, тамаша тарихшы, қажырлы қаламгер атанды.
Әбекең кітаптарын оқып отырып, таңғалмасқа болмайтын бір мәселені айта кетейін. Сыр бойына қажырлы қызметтерімен, ақыл-парасаттарымен белгілі болған отызға тарта партия-кеңес қызметкерлері туралы сүбелі еңбектері өңіріміздің тарихын зерттеген ғалымдар үшін таптырмайтын дүниелер. Шынына келгенде, Сырдарияның сол жағасын игеруді алғаш мәселе етіп қойған, кезінде облысты қалыптасқан қиыншылықтан шығару үшін оның мәселелеріне Мәскеудің, партияның Орталық комитеті мен Үкіметінің бетін бұрып, Республиканың отыз алты тармақ, жетпіс екі тармақшадан тұратын қаулыларын шығартқан М.Ә.Сужиков, Сыр бойының кезінде бірден-бір байлығы болған күріш егістігіне шынайы реформа жасаған, қажырлы қайраткер М.Б.Ықсанов, облыс жұртшылығы тәуелсіздіктің тынысындай қабылдаған, ерен істерімен ел есінде қалған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, т.б. қайраткерлер туралы мақалаларды тебіренбей, толғанбай оқи алмайсың.
Міне, кешегі Кеңестік кезеңде облыстың билік эшелонында қажырлы қызмет атқарған, белсенді азаматтық позициясын әрқашан берік ұстанған, Сыр еліне сыйлы болған Абдолла Дәулетұлы ағамыз жасы ұлғайған шағында төбе бидей төрде ақыл-кеңесін айтып, жақын-жуықты жақсылыққа ұйытып отыратын еді. Құдайға шүкір, аз жасаған жоқ. Адами да, азаматтық та, қайраткерлік те парызын адал атқарды. Өзі өмір сүрген қоғамға қарыз болып кеткен жоқ. Барын бере алды, аянбады. Әбекең үлкен әулеттің де иесі болатын. Артында немере-шөберелі ұрпағы, оларға қайталана бермейтін үлгі-өнегесі қалды. Енді жары Сыздыққызы Елена апамыз солардың қызығын молырақ көрсін дегіміз келеді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<