Менің бұл мақаланы жазуыма «Сыр бойы» газетінің 2018 жылдың 29 сәуірдегі нөміріндегі өлкетанушы Тәңірберген Дәрменовтің Аралдан шыққан Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанда жасақталған 73-гвардиялық дивизияның ту ұстаушысы Мақаш Балмағанбетов туралы архив материалдарына сүйенген «Ақсұңқар құстың түлегі» атты зерттеу мақаласы түрткі болып отыр. Менің әке-шешем, ата-бабаларым – Арал, Қазалы өңірінде ғұмыр кешкен қазақтың қарапайым перзенттері. Кеңестік дәуірдегі аласапыран зұлмат біздің де отбасымызды айналып өткен жоқ. «Көшкен жұттан құтылады» дегендей тағдырдың теперішімен ата-анам, көкем отбасыларымен бірге дініне берік, іргесі сөгілмеген, досқа да, жатқа да құшағы кең өзбек еліне (Қарақалпақстанға) бет түзеп, кемемен жат елге кете барған. Осылайша мен ата-бабаларымның кіндік қаны тамған туған жерден жырақта өмір табалдырығын аттадым.
Обалы не керек, Қарақалпақ жері бізді жатсынған жоқ, кең пейілі мен ыстық құшағын аяған емес. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кештік… Дегенмен, «қайда жүрсең атамекен, көкейіңде жатады екен» деп ән мәтінінде айтылғанындай, әкем мен шешемнің атақонысты аңсап, туған жердің бір түп жусанының иісін сағына, күрсіне отырып жиі айтатын әңгімелері жас көңілімді бейжай қалдырмайтын.
1968 жылы «елге жетіңдер» деген марқұм әкемнің аманаты, анашымның атақонысқа деген сағынышы бізді ағайын-туыс көбірек шоғырланған Арал қаласына қарай ат басын бұрғызды… «Туған жердің түтіні де тәтті» дегендей, кіндік қаным тамған Мойнақ ауданының Үшсай ауылына араға жылдар салып барып тұрамын. Тағдыр ғой… Біз әңгімемізге арқау етіп отырған Мақаш ағамызға атамекенін көріп, қасиетті топырағына аунап, мауқын басу, туған-туысқандарымен қауышу бақыты бұйырмады. «Батырға деген құрметінің көрінісі шығар, қарақалпақ ағайындарымыз оны өз ұлындай көріп, бауырларына басты. Өзбек КСР Қарақалпақ автономиялы Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайлады. Жергілікті үкімет орындары айрықша қамқорлығына алып, батырдың үйінің алдына құрметті қарауыл да қойды. Қиын-қыстау шақта қарақалпақ ағайындардың батырымызды қызғыштай қорып, бауырларына басып, өз баласындай көруін адамгершілік үлгісі деп бағаламасқа шара жоқ» деп жазады мақала авторы. Туған жерінің дәм-тұзы тартпаған болар, көшу туралы ағамыздың арманы зуылдап өтіп жатқан жылдар жетегінде сарғайған сағыныш пен сағымға айналып жүре берген. Мен мектепте оқып жүргенімде-ақ оқулықтардан, баспасөз, көркем әдебиет парақтарынан қарақалпақ жерінен шыққан Социалистік Еңбек Ерлері, Кеңес Одағының Батырлары, ақын-жазушылар мен өнер, спорт майталмандары, т.б тұлғалары туралы біршама мәлімет білетінмін. Қарақалпақ ағайындар жергілікті халық жалпақ тілмен «Бесқала» атап кеткен өңірдегі қалың қазақтың арасынан Ұлы Отан соғысына қатысып, көзсіз ерлік танытқан Біліс Нұрпейісов, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараев, Іният Наурызбаев, Мақаш Балмағанбетов сынды 5 перзентінің ерлігін қалың бұқараға паш ету мақсатында олар туралы деректі фильмдер шығарып, өлең-жырлар арнап, есімдерін мәдени-ағарту ошақтарына, көшелерге беріп, мақтаныш тұтты.
Келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептерде Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесулер өткізіп тұру жақсы дәстүрге айналғаны белгілі. Осындай іс-шаралар мойнақтық Кеңес Одағының Батыры Иван Федорович Махоринмен (ол соңынан Қызылордаға көшіп келіп «Қызылорда құрылыс» трестінде жұмыс істеген. Мәлімет интернет желісінен алынды) жиі өткізіліп тұрушы еді. Мен Мақаш Балмағанбетовпен мектептегі кездесулерге қатыса алмадым. Бірақ тағдыр батырдың өзімен кездесуді қияндағы Қарақалпақ жерінде жазбағанымен, туған топырағы Аралда оның ұрпақтарымен жүздесуді бұйыртқан екен. Оған себеп «Мырзастан шықты шайырлар», «Ишандар өткен ғұлама, хабар берген Алладан» (I, II кітап) атты деректі дүниелердің авторы, кезінде аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Тәңірберген Дәрменов ініміздің шығармашылық ізденістері болатын.
Мақаш Балмағанбетов туралы деректер жинап, жазуды мақсат тұтқан Тәңірбергеннің шақыруымен 2018 жылдың 19 мамыры күні батыр ұрпақтары Арал қаласына келді. Мақаштай қаhарманның ұрпақтарына ағайын-туыстарының құрмет-қошеметі және қолдауымен «Ақ босаға» мейрамханасында арнайы қонақасы берілді. Аудандық мәдениет үйіндегі «Ерлігі – елге мұра» деген тақырыптық кеш тағылымды, тартымды да әсерлі өтті. Майдангер батырдың кіндік қаны тамған Арал топырағы тұрғындарының ықылас-пейілдеріне риза болды. Осы арада бір мәселенің басын ашып айтқым келеді. Мен қарақалпақ жерінде жүріп-ақ Мақаш Балмағанбетовтің Арал өңірінде, соның ішінде Аманөткелде дүниеге келгендігін естіп-білгенмін. Мәселе бұған дейін талай көтерілгенімен, аяқсыз қалды. Кейбір азаматтар батыр туралы қалам тартқанымен, мәселе аудан, ауыл көлемінен аспады. Аудан әкімі М.Оразбаевтың тікелей қолдауымен іссапарларға шығып, ұрпақтарын тауып, Аралға жинап, Аққұлақ елді мекеніндегі туған нағашысы Қайырқұл Балмағанбетовпен қауыштыру Тәңірберген ініміздің ғана қолынан келген шаруа деп сеніммен айта аламын. Осының бәрі әсер еткен болар немересі, өз ортасында белгілі сазгер болып қалыптасқан Оралбай Мақашов ініміз сахнаға сұранып шығып, ата-бабаларының кіндік қаны тамған атақонысына деген ыстық махаббаты мен сарғайған сағынышын «Атамекен» әнін шырқаумен жеткізді.
Батырға арналған іс-шара келесі күні оның кіндік қаны тамған туған ауылы Аманөткел мен Аққұлақта жоспарланған еді. Алайда батыр ұрпақтарының уақыт тапшылығына байланысты бұл шаралар кейінге қалдырылған болатын. 2019 жылдың 21 қыркүйегінде Мақаштың туған нағашысы Қ.Балмағанбетов үйінде жиендерімен қауышу, 88 жылдан кейінгі кездесу сәтімен жүзеге асқан тағылымға айналды. Өлген тірілді, өшкен үміттер жанды, 88 жыл бұрын тағдыр жолдары екіге айырылып, бірін-бірі танымайтын халге жеткен нағашылы-жиенді бауырлар ата дәстүрімен қайта қауышты. Тәңірберген ініміздің жанкешті еңбегінің қайтарымындай болып бүкіл әулеттің киесіне баланған, көзі тірі куәгер нағашысы Қайырқұл отырды. Егер, тарихтың осы бір сәттерінде көзі тірі нағашылы-жиенді куәгерлер болмағанда, Мақаштай батырымыздың аралдық болып танылуы да қиынға түсер еді. Осылайша Мақаш Балмағанбетовтің есімі Арал жерінде алғаш рет ұлықталып, таныстырылды.
Батыр рухын туған жерінде ұлықтау шарасы мұнымен тоқтаған жоқ. Осыдан кейін бір топ ардагерлер аудан әкіміне ұсыныспен шықтық. Ондағы мақсат – Арал қаласының орталығындағы бір көшеге Мақаш Балмағанбетовтің есімін беру. Бұл мақсат та орындалды. 2019 жылдың 10 желтоқсанында облыстық ономастикалық комиссиясы отырысының қорытындысы шықты. Ресми құжат бойынша енді аудан орталығындағы «Космонавт» көшесі Мақаш Балмағанбетовтің есімімен аталады.
Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі аталып өтеді. Ел тарихындағы осынау маңызды шараны идеологиялық мақсатта тиімді пайдаланып, Мақаш аға ұрпақтарының қатысуымен көшенің ашылу салтанатын жоғары деңгейде атап өткен жөн.
Мақаш Балмағанбетов туралы түсірілген кең форматты кинофильм, мақалалар, сұхбаттар, фотосуреттер, естеліктер мен зерттеулер Қарақалпақ елінен арнайы сұраныспен алынып, туған жеріндегі музей төрінде тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Ол, әрине, алдағы уақыттың еншісінде. Өшпес ерлік жайлы жүрегі Отан деп соққан намысы биік қазақ жігіттері, ең алдымен өскелең ұрпақ оқуы, білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, осы кезге дейін батырдың есімі туған жерінде насихатталған емес. Дәл осындай идеологиялық жұмыстарға білім, мәдениет салалары бастамашылдық көрсетуі тиіс. Арал тарихында жергілікті ұлт арасынан шыққан Кеңес Одағының Батыры біреу ғана. 73-гвардиялық дивизиясының ту ұстаушысы болу екінің біріне бұйыра бермейтін шексіз құрмет, зор мәртебе, үлкен сенім мен абырой екенін баса айтқымыз келеді. Тарихтың мұндай таңдауы ел жадында жақсылы-жаманды ғұмыр кешкен пенделерінің маңдайына жазыла бермейді.
Енді бірер сөз батырдың нақты туған жері туралы. Менің білетінім, жоғарыда айтып кеткенімдей ол – аралдық. Өлкетанушы Т.Дәрменов жоғарыда айтылған «Ақсұңқар құстың түлегі» атты зерттеу мақаласын бұған дейін баспасөз беттерінде жазылған естеліктерге, ұрпақтарының әңгімелеріне, архив материалдарына сүйеніп жазған. Бұл ендігі жерде таласуды, дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Таласу дейміз-ау. Осы мәселеге байланысты талас тудырып жатқан да ешкім жоқ. Өйткені Мақаш Балмағанбетов – Арал, Қазалыға ортақ батыр. «Менің Отаным Қазақстан» сериясымен 2013 жылы жарық көрген өлкетану тақырыбындағы көркем безендірілген тарихи-танымдық «Қазалы» атты кітапта кейбір батырлардың туған жері туралы әртүрлі пікірлерге байланысты былай деп жазады: «Осы мақалалардағы деректерден туындайтын бір ой – батырлардың қай-қайсысы да бір Отан, бір ел үшін соғысты. Сондықтан кейінгі ұрпақ үшін олардың қай елде, қай жерде өмірге келгенінен гөрі, жасалған ерлік істері, патриоттық сезімі, Отанына, отбасына деген адалдығы мен сүйіспеншілігі маңыздырақ болғаны дұрыс» деп көрсетілген. (189-бет). Өте орынды. Бұдан артық не деуге болады!
Ендігі жерде батырымыздың бағасын білейік, ағайын. Атақ-даңқы ел, жер асып, тау, су асып, есімі Өзбекстан мен Қазақстанға бірдей тараған қаһарман ағамызды қалай дәріптесек те, қалай әспеттесек те артық болмас. Келешекте Арал қаласы орталығындағы «Тағзым» алаңында орналасқан мемориалдық тақтаға Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Кеңес Одағының Батыры Мақаш Балмағанбетов есімдері жазылуы тиіс. Аудан орталығында жаңадан салынып жатқан Оқушылар үйіне батырдың есімі берілсе, оның тәрбиелік мәні де өскелең ұрпаққа өлшеусіз болар еді. Еңселі ескерткіш, кеуде мүсіні Арал қаласында, кіндік қаны тамған Аманөткелде тұрғызылса дейміз. Оның есімін ұлықтасақ, осылайша құрметтесек, батырдың аруағы риза болар еді.
Иә, даңқты жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері Мақаш Балмағанбетовтің батырлық, азаматтық кескін-келбеті, болмыс-бітімі, елге сіңірген еңбегі уақыт өткен сайын айқындала, ашыла түсері анық. Олай дейтініміз, біз батырларымызды жаңа танып, оның ұрпақтарын жаңа тауып жатырмыз. Ашылмаған қырын, айтылмаған сырын зерттеу, өшпес ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау келешектің үлесінде.
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Арал ауданының
құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<