«Газет оқысаң, әдебің түзеледі». Бұл – біздің әкейдің сөзі. Солай дейді де, алдыма 90-шы жылдардан бері қарайғы ескі газеттің тігінділері, жарық көрген ұлт мұрасына қатысты тым тәуір дүниелердің ұқыпты қиылған парақтарын тастай береді. Ал оқып біткен соң не жайлы екені, ондағы ұққаныңды талқыға салатыны тағы бар.
Мектептегі білімнің орта шенінде басталған газет-журналға деген құмарлық тілшілік тіршіліктің бастауы болған шығар. Жетектеген арман журналистика маңына топ еткізді ақыры.
Иә, ес білгелі елдегі жарық көретін газеттің бірсыпырасы үйге үзбей келетін. Кітап пен баспасөздің берері көп әрі ақысын пұлдамайтынын білсек те, бүгінде «біздің болашағымыз» деген жалынды сөз тіркесіне кейіпкер болып жүргендердің көбі бұл сүрлеуден тым алыстап кетті. Кейде кітап пен газетті етпеттей жатып оқыған оқырманның соңы біз шығармыз деген ойдың келетіні рас. Неге? Жауабын мен де түсіндіре алмаспын. Дегенмен ардагер журналистің мына пайымы көкіректе мықтап орнықты.
– Осы күні 81-дің көжесін ішу де бұйырыпты, – деді әдеттегі амандық-саулықтан соң Айжарық көкем әлдеқашан ақ түскен селдір шашын қолмен тарап. Көркем очерктің каролі іспеттес көрінетін, белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібековпен жиналыс, мерейтойларда қолын алып, қасында жүргенім болмаса, етене жақын әңгімелесе қоймағанмын. Сәті енді түсті.
– Журналистпін дейсің ә-ә, жақсы. «Сыр бойында» жүрсең, жолың болғаны да. Киелі шаңырақта қызмет қылғаным – мен үшін үлкен мақтаныш. Сонда «Еңбекші хаттар» бөлімінде болғанмын. Бұл 1972 жылдан бастап болуы керек. Аға буынның үлкен ықыласына бөленіп, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділдә Уәлиевтің халыққа деген жанкешті жұмысын көріп, үлгі-тәрбиесін алу біздей буынға бұйырғаны да, – деп шежірені бастай кетті.
– Айта отырыңыз, бұрынғының көзін көрген сіздің әңгімеңізді әдейі естіп қайтқанды жөн көрдім осы демалыста, – дедім мен диктофонды қосып жатып.
– Өзіме жазу-сызудың жолында жағымды әсерімен қалған азаматтар жайлы айтайын. Біріншісі – Ұзақ Бағаев. Ол өте жұмсақ адам еді. Мен аудандық газетте жүргенде облысқа шақырды. Оған себеп – Жалағашта жүргенде жазған егістік жайлы көлемді мақаламның облыстық басылымда жарық көруі. Бағаев «Ленин жолын» басқарып жүрген кезде жазғаныңды бірден қолтаңбаңнан танитын. Солай.
Облысқа ауысам деп жүргенімде Ұзекең «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор болып кетті. Жолымыз бір-екі рет түйісті, телефонмен хабарласып та жүрдік, соның өзінде азаматтығын танып үлгердім. Кейін ол жайлы көлемді очерк жаздым да.
Ең ұзақ жыл редактор болған Қалқабай еді. Әбеновтің әріптестеріне деген көп жақсылығы жұрт есінде. Нұрділдә ағамыз – өте ұқыпты адам. Мәскеуде аспирантураны оқып жүріп, архивті ақтарып, 1938 жылдан бастап шығады деген «Ленин жолын» 1929 жылға шегерген де сол кісі. Араб қарпімен «Сыр бойы» жарыққа шыққанын тынымсыз ізденіспен дәлелдеді. Ақиқатын ашып жазып, ғылыми еңбегін осы газет тарихынан қорғады.
Тереңөзектің жігіті еді, редактор болған жылы да қарамағындағы жігіттердің жағдайына бейжай қарамай, қолдау көрсетіп жүретін. Одан кейін Әскербекпен (Рахымбеков) жұмыс істедім. Өзі үш редактормен тізе қосып «Ленин жолында» қалам сілтеппін ғой. Кейін Қалтай (Мұхамеджанов) құрған «Түркістанға» ауыстық.
– Күні кеше зейнеткерлікке «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болып шыққан Жұматәлі ағамның бір әңгімесі түсіп отыр. Ағамыз журфактың үшінші курсын бітіріп, осы біздің газетте бес-алты жігітпен іс-тәжірибеден өткен ғой. Әдетте, тәжірибенің уақыты бітіп, бұлар редактор Қалқабай Әбеновтің қабылдауына кіреді. Сол кездегі жауапты хатшы Шора Ералиевті шақырып алып, «осы жастар біз кеткенде газетке ие болады. Газетке шыққан материалдарын, тіпті шықпағанын да есептеп, әрқайсысына 200 сомнан қаламақы жаз. Оқуға бара жатыр ғой, көңілдері тоқ аттансын. Мен қазір бухгалтерияға өзім тапсырма беремін» депті.
Сонда Жұмекең айтады, «Осындай әулие ағалар болды. 200 сом – көп ақша ғой. Алматыға осылай көңілді аттанып, «Қалқабай Әбеновтің қаламақысы» деп мақтанып жүрдік. Шынымен Әбеновтің айтқаны келіп, практикаға келген көп жігіт «Сыр бойында» қызмет етті» деп ағынан жарылғаны бар. Алдыңғы буынның кейінгіні қолдау салтының бір көрінісі шығар бұл, – дедім мен.
– Оның рас, шырағым, – деді Айжағам. – Қалқабай ағамыз жастарды қолдаудан шаршамады. Әсіресе, іштегі журналист жігіттерді жарылқауда аянбайтын. Бір оқиға айтайын. Аудандық газеттерде ысылып, біраз тәжірибеден соң 1972 жылы облыстық газетке келдім дедім ғой. Онда «Еңбекші хаттары», «Совет құрылысы», «Партия тұрмысы», «Саясат және қоғам» бөлімдерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқардым. Сонда алдыңғы буын ағалар бізді қайраққа салған пышақтай жанып отырды. Мақала жұп-жұмыр, сөзі нық болуы үшін тынымсыз еңбектендік. Бір оқиға әлі есімде. Мынауың қосулы ма еді? Айжағам ұялы телефонға көзін салып, иегімен нұсқайды. Диктафонды меңзегені.
– Иә, әлбетте, қосулы тұр, айта беріңіз.
– Бұларың жақсы болды-ау сендерге. Біз ауызба-ауыз сөзді қағазға түсіріп машықтанып едік. Қай жерге келіп едім?!
– Ұстаз ағаларыңыз жайлы айтып отырсыз? – дедім қарт журналисті сөзге жетелей.
– А-а, иә, Қалқабай жайлы айтпақ болғанмын. Жазудан бас алмай жүрген уақыт қой. Сол кезде «Еңбекші хаттары» бөлімінің меңгерушісі Қалыбай Бөршеев деген азамат сал ауруына ұшырап, оның үстіне қан қысымы бар, көп ауыратын.
Редактор Қалекең «қашан бір жөн болғанша бүкіл бөлім жұмысын атқарасың әрі ағаңның ай сайын міндетті екі бас мақаласын жазу сенің мойныңда» деп тапсырма берді. Әй, өзімнің де жүйкем тозды. Сондағы – редактордың адамгершілігі ғой. Екі жыл төсек тартып жатқан бөлім меңгерушісіне жалақысы мен екі бас мақалаға қойылатын 60 сом қаламақыны демі үзілгенше бергізді. Сол кездегі адамдардың пейіліне таңғалам. Бүгін екі күн ауырсаң, екі бет анықтама толтырамысың? – деп көзін сығырайта маған қарады. Үнсіз жымия бердім.
– Солай, ағалар бізді осындай үлгі боларлық ұстаныммен тәрбиелеп, тұрпайы әрекеттерден алыс жүруге үндеді. Сол кездегі мақалаларымыз заманның, ұстаз ағалардың тәлімімен жазылды. Қалам сілтеп жүріп, оның қадірін кетіруге болмайтынын әбден түсіндік. Шынайылыққа ұмтылып, шындықты айна-қатесіз бердік. Осылай міндеті ауыр сабақтастықты атқарып шықтық қой, – деп тебіренді Айжағам. Сәл үнсіздіктен соң ардагер журналист сөзін қайта жалғады.
– Өзім кіндіктен жалқы қалып, қиындықпен жетілдім. Құдайға шүкір, балаларым, немерелерім бар. Соның өзінде өзімді жалғыз сезінетінім рас. Неге дейсің ғой. Олай сұрақ қоюуың заңдылық та шығар. Өйткені, бұлар кітап оқымайды, газет-журналдың не екенін ұқпайды. Әңгіменің шындығын айту керек. Атасының не жазғанын бұл үйдегі кішкентайлар білмейді. Бұл трагедия емей немене, балам?! Көңілім көбіне-көп осыдан құлазиды…
Айжағам саусақтарымен диван шетін сырт-сырт соғып, бір уақ терезеге қарап үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Ақсақалдан естелік сұраймын деп, бүгінгі күннің ауанына ауытқып кеттік пе, ұрпақ жағдайына алаңдаған қарт журналистің көңілін түсірдім бе деген үркек ой да басыма жылдам келіп үлгерді.
– Газет – керуен сияқты ғой. Керуенбасы ауысса да, көші тоқтамау керек. Өйткені, ол керуенде ұлтқа керек ұлағат, құндылық пен руханият, тіл мен діл, мәдениет жүгін арқалағандар жүр. Әрі тынымсыз, тоқтаусыз арқалап келеді. Сол үшін де тоқтауға тиісті емес.
Мен сабақтастық жайында айттым ба, тағы айтам. Газет жұмысына жегілген талай азамат та, нәзік жандылар өз міндетін адал атқарып келді. Біз де. Солай жүріп әлгі мен айтқан құндылық толы қапшықты келесі буынға арттық. Өйткені, ағалар да солай бізге аманат еткен. Сен де уақытында алған осы керуендегі міндетіңді межелі жерге дейін адал атқаруың керек. Журналистке артылған жүк солай. Сен соны сезін, Ержан балам, – деді қарт журналист ойлы көзбен және бір қарап.
Мен терең оймен есік алдына шықтым. Күн еңкейіп қалған екен…
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<