Тән Түменбаева туралы бір үзік сыр
Қаламгер болған соң ел аралап, талай текті тұлғалармен табысып, олардың өнегелі де өткенді өмір жолы жүрек жазбасына айналады. Айтпағым, жақында осындай бір азаматпен танысқаным бар. Жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін азамат:
– Есімім Нұрғиса болады, Қармақшы ауданынан осында әдейі ат басын бұрғаным бар, – деді.
– Атыңды тектен-тек Нұрғиса қоймаған болар? – дедім мен де.
– Дұрыс айтасыз. Бірде ауылға есімі елге танымал сазгер Нұрғиса Тілендиев ағамыз келіп, керемет ән шашу жасалыпты. Нұрағаң әндеріне тәнті болған анамыз оған «Алланың сыйымен ұлды болсам, есімін Нұрғиса қоямын» деп ақ батасын берген екен. Сол тілегін Алла қабыл етіп, өмірге мен келіппін…
Екеуміз әңгіме дүкенінің есігін ашқанбыз. Қолындағы бума-бума сарғайған қағаздарды парақтады.
– Мына том-том жазбалар – менің ардақты әкем мен аяулы анам жайлы кезінде жазылған деректер. Өкінішке орай, есімдері елге танымал қаншама азаматтар олардың елге сіңірген еңбектерін айтып, есімдерін ұрпақтарға ұлағат етуге сұрау салса да, бүгінгі күнге дейін ескерусіз қалумен келеді. Содан да мен ата-анам алдындағы балалық парызымды өтеу үшін қайта қолға алмақ ойдамын, – деп жазбаларын маған ұсынды.
Парақтай бастадым. «Осылай өтті өмірім» деп Түменбаева Тән ана дерегінен басталатын жазбалар белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейілбек Шаухаманов, Бақберген Досманбетов, Жақай Бодықов, Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова, жазушы-этнограф Тынышбек Дайрабай, ақын Сәнімкүл Желдербаева, қарымды қаламгерлер Мырқы Исаев, Рашид Жарылқасыновтың жүрек жазбаларымен жалғасып кете барады. Осы жазбаларды ойға түйіп, талғам таразысына салған мен де Нұрғисаның ата-ана алдындағы парызын өтеуіне титімдей болса да септігім тиер деген оймен қолыма қалам алдым.
Жазбалардың бір бетінде Тән Ерманқызы өз өмірдерегін мұқият жазған екен. Ол 1914 жылы Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында туған. 18 жасында колхозға мүше болып қабылданып, еңбекке араласады. 1929-1933 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін, ашаршылық зардабы елді есеңгіретіп тастады. «Жұт – жеті ағайынды» дегендей аштық, тәркілеу, саяси қуғын-сүргіннің арты Ұлы Отан соғысына ұласады.
Тән 1936 жылы Түменбаев Орынбай есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Ол 1932 жылдан 1942 жылға дейін Ворошилов атындағы колхоз төрағасы қызметін абыройлы атқарады. Жоғары жақтан «колхоз төрағасы соғысқа жіберілмейді» деген нұсқау (бронь) келсе де, Орынбай Отан қорғау үшін өзі сұранып, соғысқа аттанады.
Айтқандай, Орынбайдың туған інісі Мергенбай да 1939 жылы Фин соғысына аттанып, онан кейін Ұлы Отан соғысына қатысады.
Өкінішке орай, 1944 жылдың маусым айында екеуінен де «қара қағаз» келеді. Кейін әкесінің жатқан жері туралы «Танкышы Түменбаев Орынбай Новгород облысы, Хоьм ауданы, Березовка кентінде 1943 жылдың 30 қыркүйек айында қайтыс болып, сол жерге жерленген» деген дерек алады.
Бар-жоғы алты жыл отасып, 28 жасында жесір қалған Тән осы бір қабырға қайыстырар қасіретке аса шыдамдылықпен төтеп беріп, бел буа, білек түре жүріп еңбекке араласады. Бұған дейін комсомол ұйымының хатшысы мен кітапхана меңгерушісі қызметін қоса атқарған ол 1942 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясының мүшелігіне қабылданады. Сол жылы №12 ауылдың төңірегінен Арықбай, Кезең серіктестіктері негізінде Ворошилов, Микоян, Түпбөгет колхоздары біріктіріліп, Қосарық ауылдық кеңесі құрылады. Тән Ерманқызы сол ауылдық кеңес төрағасы қызметіне сайланады.
Өйткені, Соғыс жылдары елде қалғандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп еңбек етуден басқа жол жоқ. Ауылдық кеңес төрағасы соғысқа жарамсыз ерлерді, жұмысқа жарамды балаларды, әйелдерді топтастырып, еңбек армиясын жасақтайды. Ауыл тұрғындары Тәннің ұйымдастыруымен майданға азық-түлік, киім-кешек, тіпті бағалы заттар мен қаржылай сый-сияпатты толассыз жіберіп жатты. Оны айтасыз, арпа, сұлы, бидай мен ауыздарынан жырып ет өнімдерін де майданға жіберген. Күндіз қызмет етіп жүрген әйелдер түні бойы көз ілмей жүннен күрте, шалбар, шұлық тоқып, мадангерлерге жөнелтіп отырған.
«Ашаршылықтың алай-дүлей аласапыран күндері күні кешегідей көз алдымда. Сыр бойынан Өзбекстанға үдере көшкен аш-жалаңаш жұртты өз көзімізбен көрдік. Көбісінің бала-шағасы бар еді. Сонда барған кейбіреулердің күнкөрісі үшін бай өзбекке өз қанасынан жарып шыққан баласын бір қадақ бидайға сатыпты дегенді де естідік. Арқадан ауып келіп, осында қырылғандарды да өз көзімізбен көрдік. Оларды «қарабатпақтар» дейтін. Сол аштықтың артын ала өрттей өршіген саяси қуғын-сүргін ше? Ал соғыс жайлы әңгімелеуді жаным сүймейді» деп жазыпты Тән апа.
Ол кісі 1952 жылы КСРО министрлігінің арнайы тұлғаларды даярлайтын курсын, ал 1955 жылы ауылдық, кенттік атқару комитеттерінің төрағалары мен хатшыларын даярлайтын курсынан білім алса, 1955 жылы Мәскеуге барып, жоғарғы партия мектебінде оқиды. Сөйтіп, білім мен тәжірибесін ұштай түседі.
1957 жылға дейін Қосарық ауылдық кеңесінің төрағасы болады. КСРО Министрлер кеңесінің 1964 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен қой шаруашылығын өркендету мақсатында Қызылқұмның қойнауында «Жаңақала» қой совхозы шаңырақ көтереді. Совхоз директорлығына Ұлы Отан соғысының ардагері, жаны жайсаң жан Қаратай Қуаңбаев тағайындалады. Бірде ауыл басшысы Қарекең Тәнге келіп: «Сізді жұрт жақсы біледі, қадір тұтады, құрметтейді. Ел басқару ісінде біраз тәжірибеңіз бар. Естіген боларсыз, жаңа шаруашылықтың шаңырағын көтеріп жатырмыз. Осы игілікті істің басы-қасында болып, шаруашылықтың іргетасын қалауға қолтаңбаңызды қалдыруға қалай қарайсыз?» дегендей ұсыныс тастайды. Бұған «Орта жастан асыңқырап бара жатқан менің қолымнан не келе қояр дейсің?» деген жауап алады. Сонда басшы: «Олай демеңіз, ойыңыз сергек, күш-қайратыңыз әлі қайтқан жоқ. Кеңседе қызмет атқарасыз» дегенде Тәнді бір ой тұмшалап «Қызыл қиыр шетте болғанымен, ескі жұртымыз емес пе? Ел жұмыла көтеріліп, игі бастама қолға алып жатса, менің одан шет қалғаным жөн болмас. «Көппен бірге көрген ұлы той» демекші, барайын. Берген қызметін қолымнан келгенше атқарып, елдің ортақ ісіне өз үлесімді қосайын дегендей байламға келеді.
Осылайша Тән Ерманқызы жаңа ауылдың жаңаша қалыптасуына, бой түзеуіне елеулі үлесін қосқан бірден-бір азаматша атанып, көпшілік құрметіне бөленеді. Жаңа қоныста инженер-технолог болып бес жыл қызмет атқарып, республикалық дәрежедегі зейнеткер есебінде еңбек демалысына шығады. Сайып келгенде, еңбек пен бақыт бір-бірімен қатарлас жүретініне, оның қадірі мен қасиетін түсінгеннің ғана мәртебесі өсетініне осы бір қарапайым қазақ әйелінің өмірі арқылы анық көз жеткіземіз.
Жазблар арасынан мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың пікіріне зер салдық.
С.Шаухаманов: «Кеңес уақытында кейбір басшылардың пендешілікпен өмір сүргені белгілі. Базбіреулер ел алдына шығып, қызметі көтерілген кісіні көре алмай, соңынан бұрқырата арыз жазатын. Тәкең 1957 жылдары аяқтан шалу науқанында сынға ұшырады, бірақ оған да қайсарлықпен төтеп берді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы. Жақсы адам жақсылық жасағанға да, жаманшылық жасағанға да жақсылық жасайды деп білемін, ол – адамгершіліктің шыңырау шегі, ал Тәкең осындай азамат болды.
Әрқашанда Тән апамыздың бейнесі облыс халқы үшін мақтан тұтарлық. Ардагер ана 83 жасында өзінің тұратын ауылында ақырғы аманатын тапсырды. Өмірінің соңына дейін абыроймен өткізген ауыл топырағына жерленді. Сол ауылдағы өзі тұрған көшеге есімі берілсе, өткенге құрмет, келешекке тәрбие» деген екен.
Тән Ерманқызы 1949 жылы аудан коммунистері атынан Қазақстан компартиясының ІV съезіне делегат болып қатысады. Бірнеше рет облыстық, аудандық, ауылдық кеңестердің депутаты болып сайланған. Тылдағы еңбегіне орай 1945-1946 жылдары екі мәрте «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлікке тән еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталады. 1976 жылы ақпан айында КСРО Жоғарғы Кеңесі президумының шешімімен «Еңбек ардагері» төсбелгісін иеленді.
Түйіндей айтқанда, Тән Ерманқызы Түменбаеваға көше атауын беру игілікті іс болар еді. Ақыл-парасаттың, еңбекке деген күш-жігер, табандылықтың үлгісін көрсеткен қазақ әйелінің есімі өнеге болуы тиіс деп білеміз.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<