Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құңдылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын.
Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалынған.
Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен халқымыздың тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынуда. Мұндағы мақсат –еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру.
Қазақ халқының ұлттық санасының ерекшілігі-туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалаумен құңды. Аталарымыз «Туған жер-тұғырың, туған ел-қыдырың» деп бекер айтпаған.
Соның бірі- Жөлек ауылында орналасқан- Кісенбай молда (ишан) кесенесі мешіті жөнінде, ол атаның өмірбаяны жөнінде ұрпақтарынан естігенімді жазамын.
Бестібайұлы Кісенбай – 1883 жылы қазіргі Шиелі ауданы, Жөлек ауылында туылып, 1971 жылы қайтыс болған. Әуелде ауыл молдасынан сабақ алған талапты бала 16 жасында Түркістандағы “Қарнақ” медресесін бітірген. Елге келіп ауыл балаларының сауатын ашуға қал-қадірінше еңбек етеді.
Бері келе, Кеңес өкіметі орнаған кезде халық жауы атанып, 1936-37 жылдары қуғын-сүргінге ұшырайды.
1936 жылдың күзінде қадір-қасиетін білген ұлтжанды азаматтар сол отырған жерінен Қарақалпақстан арқылы алып қашып, Өзбекстанға өткізіп жіберген. Артынан қуып келген қуғыншылар Кісенбайдың пайдаланып жүрген діни кітаптарын өртеп жіберген. Өзіне көмек қылып жүрген бір орыс азаматымен бір қазақ жігітін дарияның жағасына апарып атып тастаған екен.
Қытай асып кетуге мүмкіндігі болса да, елжанды азамат мұсылман елдерін паналап күн кешеді. Ол, 1949 жылға дейін Өзбекстанда қашып жүріп, «Самарқанд медресесін» бітірген. Басқа мемлекетте жүріп адам емдеген, сабақ берген, жергілікті жердің халқына көмек берген, мұсылмандыққа үгіттеп, уағыз айтып, “Алланың” ақ жолына жол аша білген.
Самарқандағы медресені бітірген Кісенбай Бестібайұлы- Ташкент, ОртаАзия мұсылмандар орталығынан “Иман” деген атақ алып, құжат берілген. Ислам қоғамын басқарған.
Кісенбай ата қазақ, өзбек, тәжік, орыс тілдерін жетік меңгерген, өте сауатты кісі болған. Өлең жазған, «Шайыр», яғни ақын болған. Көптеген қолжазбалары қызылжағалы жендеттердің қолымен өртеліп жойылған.
XIХ ғасырда өмір сүрген Ахмет ишан, Марал ишандардан білім алған Кісенбай молда, (бұрынғы Сырдария совхозы) Жөлек ауылының Сырдарияның арғы бөлігіндегі Жуантөбе фермасының жанындағы қазіргі “Үш молда” атанып кеткен жерде 1899-1900 жылдары мешіт соқтырып,бала оқытқан. Мешіттің құрылысына көзей руынан шыққан Кісенбай, Оразбек, Төлеген деген азаматтар басшылық жасап, халықты ұйымдастырып, кесек құйып тұрғызған. Мешіт қабырғаларының кесегін сол кезде Ресейден келген қашқын Павел Иванович деген орыс жігіті күйдіріп отырған.
Кісенбай молданың қамқорлығында болған орыс жігіті ислам дінін қабылдап, намазға жығылып, мешіттің кесегін күйдіріп көмектескен. Сол еңбегі үшін рұқсат алып, кесектің сыртына өз есімінің бас әріптерін “П.И” деген әріптер түсірген. Оны бүгінгі күні мешіт қабырғаларын өрген кесектердің сыртынан көруге болады.
Өмірінің жартысы қуғын-сүргінмен өткен ілімді, білімді азаматтың жазған қолжазбалары әртүкпірде шашылып қалған.
Кісенбай молданың емшілік қасиетіне тоқталсақ, ертеректе қыпшақтың бесарыс тұяқты елінің бір азаматының жалғыз баласын қарақұрт шағып қатты науқастанады. Кісенбай молда ол балаға 1 күн үзбей дем салып отырып, Құранның аяттарымен жазған екен. Сонымен қатар,бет-ауызы қисайып кеткен өзбек азаматын да 3 күн емдеп, ауызын орнына келтіріп, еліне қайтарған екен. Сол сияқты, Жиделі ауылында өмір сүрген Әбілқасым деген нағашысы да солай ауызы қисайып келіп, бірнеше күнгі емнен кейін құлан-таза айығып кетеді. Осы жағдайларды өз көзімен көрген туған немересі, Перуза апайдың әңгімесінен естігенім, ол кісі 33 жасында сары аурумен қатты ауырып, 1 ай 18 күн жансақтау бөлімінде ем қонбай жатқанда, таңға жақын сәлде киіп алған атасы келіп, “Балам, ана кеседегі сүтке дем салып кеттім, соны ішші деді”. Сол сүтті ішкеннен кейін ем қона бастаған. Сол сияқты басқа аурулармен емдегендері де бар.
Сондай қиын-қыстау заманда халықтың сауатын ашуға атсалысқан, Алланың ақ жолына бастап, елді имандылыққа тәрбиелеп мешіт тұрғызған, мешітте бала оқытқан, ем қонбаған науқастардың дертіне ем жасаған ишан Бестібайұлы Кісенбай 3 күн хал үстінде жатып, 4-ші күні яғни, 1971 жылдың 9 ақпанында өмірден озады. Жөлек ауылындағы Жуантөбе фермасының маңында орналасқан қорымда жерленген.
2014 жылы Кісенбай атаның ұрпақтары бірлесіп, туған немересі Кісенбаева Перуза Бәкірқызының қолдауымен «Үш молда» кесенесі қонақ үйімен қоса салынған. Кісенбай атаның емшілік қасиеті өзінің туған немересі Кісенбаева Перузаға дарыған. Перуза апа дертіне шипа іздеген жандарға дем салу арқылы емдеумен айналысады. Қазіргі танда халықтар Қазақстанның басқа өлкелерінен, Шиелі ауданынан «Үш молда» кесенесіне келіп, қасиетті киелі жерде құран бағыштап, тілек тілейді.
Алайда, бүгінгі таңда «Үш молда» атанып кеткен Кісенбай ата салған мешіті сақталғанымен, мемлекет қарауына алып жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Қазақстанның қасиетті орындарының бірі ретінде немесе «Діни және ғибадат орындары» санатына жатқызуға үшін ел арасында шарапатымен есте қалған тарихи тұлға Кісенбай атаның көнеден келе жатқан «Үш молда» мешіттін рухани жаңғыру тізіміне алып, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи оқиғалармен байланысты орын ретінде келешек жас ұрпақтарға ұғындыру қажет деп санаймын.
Алиев Жақсылық
Еңбек ардагері
Шиелі аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы
Шиелі ауданы .
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<