Еңбектен бақыт тапқан Батыр Ана

4183

0

Ертең, 26 наурыз күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекқызының өмірі мен еңбек жолына арналған «Өмірі өнеге ғасырдың Батыр анасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтеді. Еңбекпен шыңдалып, ер атанған Батыр ана туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Халқымыздың мақтан тұтар аяулы қыздарының бірі – Сыр өңірінің мақтанышы, қармақшылық күріш өсіруші диқан Сәлима Жұмабекованың есімі республика жұртшылығына түгел танымал. Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана, өз заманында үлкен мәртебе саналатын Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Халық депутаты болған қайраткер анамыздың өмір жолы – ұлты­мызға өнеге, жас ұрпақ өкілдеріне тағылым мен тәрбие.

Осы ретте осындай ерен еңбек иелері – аға ұрпақтың еңбек дәстүрін жастардың санасына жеткізіп, оларды аянбай еңбек етуге тәрбиелеудің мәні өте зор. Еліміздің бастан кешкен тарихына зер салсақ, алдыңғы өткен аға буынның еңбек жолында қалыптасқан ізгі дәстүрлері халқымыздың жалпы ұлттық мұрасы, мақтанышы екеніне көз жеткіземіз. Себебі еңбек – өмір өзегі, бақыт кілті. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі құнын ешқашан жойған емес, жоймайды да. Біздің еліміздің алға қойып отырған мақсаттарының бірі – қоғамымыздың рухани жаңғыруына қол жеткізудің бір бағыты осындай адал еңбек етудің адам үшін, қоғам үшін, ел үшін алатын орнын дәріптеу, жастардың санасына сіңіру, іспен үлгі болу. Сондықтан жастарды еңбекке баулу арқылы аға ұрпақтың еңбек дәстүрлерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, жаңа буын тұлғаларды қалыптастыруға атсалысатынымыз анық. Өнегелі іс өміршең келеді, ол қоғамның дамуымен үндесіп жатады. Осы реттегі әрбір тағылымдық шара жастарды еңбексүйгіштікке, өз мамандығы бойынша шеберлікке үйретуге, олардың бойында игі қасиеттерді қалыптастыруға, ерік-жігерлі болып, білім мен ғылымды игеруге, халқымыздың өнері мен мәдениетін дамытып, ата салтын, ата дәстүрін алға апаратын ұрпақ тәрбиелеуге зор пайдасы тиері сөзсіз. Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Осы орайда қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген мағыналы сөзін біз де құптаймыз.

Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы Қармақшы ауданына карасты Дауыл­көл ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын 1952 жылы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы совхозда жұмысшы болудан бастаған.

Сәлима апай 1962 жылға дейін құрылысшы болып істеп, бұл кәсіпті шебер меңгеріп, сылақшылық, тас қалаушылық өнерінің қыр-сырын игерген кәнігі маман болып қалыптасады.

Бірде шаруашылық басшылары егіс көлемінің ұлғаюына байланыс­ты диқаншылар құрамын жастармен толықтыру үшін Сәлима апайды күріш өсіруге баруын өтініп сұрайды. «Сіздер, басшылар, солай ұйғарсаңыздар, мен қарсы болмаймын» – деп, келі­сімін беріп, Сәлима Жұмабекова ди­қан­шылықты, күрішшілік кәсіпті мең­геруге батыл қадам жасайды. Бұл 1963 жылдың көктемі болатын. Сөйтіп, өзі күріш еккен екі-үш жыл ішінде Сәлима апай жақсы көрсеткіштерге жетіп, диқаншылық шеберлігін шыңдай түседі. Оның бұл кәсіптегі үлгі тұтып, ақыл-кеңесіне сүйенген, күрішті баптап өсірудің қыр-сырына үйреткен ақылшы-ұстазы – тәжірибелі диқан Шәймерден Шегебаев болды.

Еліміздің ырысына айналған Сыр күрішін, Сырдың ақмаржанын өсіруге жан-тәнімен ден қойған Сәлима апай өзі күріш еккен 1963-1966 жылдары әр гектардан 40 центнердің үстінде өнім жинайды. Бұл сол кездегі тегістелмеген және инженерлік жүйеге келтірілмеген жерден алынып жүрген жоғары көр­сеткіштердің бірі еді.

Сәлима апай қайраты мен жігері ұштасқан, еңбектен жан рахатын тап­қан, оны ұйымдастыра білетін қарым-қабілеті мол жан болғанын, өндіріске жаңа ғана араласқан жастарға қам­қоршы болып, еңбекке баулып, білгенін үйретуден жалықпаған тәлімгер екенін, сол арқылы ауылдастары тарапынан әрдайым ризашылық пен құрметке бө­ленген сыйлы тұлға бол­ғанын Сәлима Жұмабекқызының өмір жолы туралы жазылған шығар­малардан жақ­сы білеміз.

Ауылдастары жас келіншектің бо­йында еңбекті қалай беріле атқарса, соншалықты ұйымдастырушылық қабі­леті, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қасиеті бар екендігін жақсы танып біледі.

1967 жылы Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланып, жергілікті кеңестің депутаты ретінде де шаруашылық, қоғамдық жұмыстардың қызу ортасында жүріп, ауыл мәдениетін көтеруге, көркейтуге мол үлес қосты, өзіне тән жігерімен қай қызметте де белсенділік танытты.

Сәлима апай ауылдық Кеңесте бес жыл қызмет атқарады. Дегенмен, жас­тайынан еңбек адамдарының арасында өскендіктен, өзін кеңседе отырғаннан гөрі әрдайым егін даласының басында, жайқалған күріштік арасында, қызу еңбеккерлер ортасында, қызыл қырман басында еңбек көрігін қыздырып жүргенін көз алдына елестетіп, ойынан шығармағанын аңғарамыз.

Сондықтан да, Сәлима апай тағы да күрішшілік кәсіпті мұрат тұтады. 1973 жылы Ленин атындағы сов­хоздың күріш өсірушілер звеносын басқаруға тілек білдіріп, өзі таңдаған дихан­шылықтың еңбек жолын қайта жалғастырады. Звенодағы жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, күріштің өнім­ділігін арттырады.

Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы еліміздің ең ірі күріш өндіруші өлкесі, бірақ табиғаты қатал осындай жағдайда жұмыс істеу қайбір азаматқа да жеңіл болмасы белгілі. Ал, күрішші Сәлима апай жаздыкүні 40-45 градус ыстықта күріш алқабындағы маса, сона, шыбын-шіркейлердің ішін­де күн­діз-түні жүріп еңбек етіп, өзінің төзімділігімен жанқиярлық еңбек­қорлығының арқасында еңбектің ең жоғары нәтижесіне жетті. Күріштен рекордтық өнім жинады.

Сәлима апайдың еңбектегі, өмірдегі жеке ерлігі ел есінде аңызға айналып, звеносының күріш егудегі тәжі­рибесі, жоғары өнім көрсеткіштері, ұсыныстары, адамгершілік ізгі істері Сыр өңірінің еңбеккерлеріне, әсіресе жастарға үлгі, өнеге болып, ел игілігіне айналды.

Өнегелі істердің шебері, ең озат күріш звеносының жетекшісі, Батыр Ана Сәлима Жұмабекова 1979 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Ода­ғының Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Адал еңбегінің арқасында Батыр Ана ел сеніміне лайықты ие болады. Депутаттық кызметінде мем­лекеттік, қоғамдық тұрғыдан әрбір сөзі орынды, қандай мәселеде де өз пікірі, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар халық қалаулысы ретінде өзін таныта білді.

Депутаттық міндеттің, ел сенімінің жауапкершілігін сезіне білумен қа­тар, туған өлкенің перзенті, азаматы ретінде міндеттерін орындау үшін Сәлима Жұмабекова – кісілік істерімен, ел тағдыры туралы айтқан ұсыныс-пікірлерімен, сындарлы ойларымен елді еріксіз таңдандырған, аты аңызға айналған асыл ана, қазақ әйелдерінің көрнекті де, парасатты өкілі.

Еңбектің де, тұрмыстың да бар қиын­дығымен қатар, тағдырдың да ауыр азабын ерлікпен көтере білген, Батыр Ана Сәлима апай барлық ана­лық махаббатын, бар күш-жігерін ұрпақтарының бақытты өмір сүруіне арнап, сол жолда ерінбей еңбек етуге жұмсады. Ауыр жұмыста жүріп, бес қызды, бес ұлды қатарынан қал­дыр­май, жақсы тәрбиелеп өсірді. Жүрегінің жылуын, көңілінің бар арманын, қо­лынан келген бар қамқорлығын, адал еңбегінің нәтижесін балаларына арнады, бес ұлын ұяға, бес қызын қияға қондырған ардақты да асыл Ана болды. Сәлима апайдың бейнесі арқылы өрлік, төзімділік пен шыдамдылық, адалдық пен тазалық, даналық пен кеңпейілдік, еңбекқорлық, қарапайым­дылықпен өрілген қайсар қазақ әйелінің жарқын келбетін танимыз. Тағдырдың талқысына жасымады, жүн­жімеді. Қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып, қиындыққа өршелене қарсы тұрып, кеудесін тік көтеріп, сындарлы шақтарда езілмей, егілмей, өзін де, өзгелерді де үлгілі істерімен жани түскен Батыр анаға қалай тәнті болмасқа, қалай риза болмасқа?! Сәлима апайдың болмысына қарап, «Міне, біздің қазақ аналары, міне, біздің еңбеккер қазақ әйелдері! деп тебірене де, тамсана да айтуымыз әбден орынды! Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинағаны, намысты ту қылып ұстағаны, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытты, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті.

Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелі зор атақ­қа жеткізді. Еңбектегі ерен жетістіктері үшін бесжылдықтың қорытындысы бо­йынша Сәлима Жұмабековаға 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Сәлима Жұмабекованың бүкіл өмір жолы Қызылорда облысының өсіп-өркендеуімен, оның әлеуметтік-эко­номикалық дамуымен тікелей байланысты. Оның бар ғұмыры Сыр өңірінің тарихындағы ауыр кезеңдермен де қатар жүрді. Сыр өзенінің суы азайып, Арал теңізінің тартылуына байланыс­ты қалыптасқан экологиялық ауыр жағдайда Сәлима апайдың сындарлы ұсыныстарының нәтижесінде республика басшыларының көзқарастарын да көп өзгерткені облыс жұртшылығының есінде, жақсы біледі.

Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы шараның аясында Сәлима апамыздай аңыз адамның өмір жолын, еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иелерін ұлықтаудың маңызы зор. Мұны «Әлемнің әміршісі – еңбек!» деген қанатты сөздің мән-маңызын жаңарған әлемде жастар жадына құя берудің зор мүмкіндігі деуге болады. Он балалы отбасының тыныс-тіршілігі өз алдына, аптап ыстық пен аңызақ желдің өтінде жүріп, шаң-тозаңы бұрқыраған дала төсінде күріш егіп, одан мол өнім жинаған еңбеккер Ана бейнесін дәл қазір біздің қоғамға саф алтындай жарқырата көрсету қажет-ақ. Қазақта қайсар қыздар аз болған жоқ! Біз Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыздың ерлігін жақсы білеміз. Роза Бағланова апамыздың да Мәскеу трибунасында Арал тағдыры туралы қасқая тұрып, қаймықпай айтқан сөзін де интернет бетінен көріп, естіп жүрміз. Сол сияқты Сәлима апамыздың да аналық, еңбеккерлік ерлігі, даналық қасиеттерін қалай дәріптесек те ла­йықты деп ойлаймын. Осындай ана­ларымыздың өмірін арқау еткен көркем фильм шығып жатса, сахналық шығарма – спектакль қойылып жатса, қандай ғанибет! Ұрпағымызға жақсы үлгі етуге тұратын қажетті де лайықты іс орындалып жатса, бұл біздің рухани жаңғыруымызға қосылған зор үлес болар еді.

Ана қашанда ақ тілегін ұрпағынан, елінен аямайтыны анық, сол үшін де ананың тұғыры биік, шұғыласы шуақты! Сәлима апа бір естелігінде  аналық мейірбан жүрегімен: «Аллаға мың қайта шүкіршілік етеміз. Қиын күндерден кейін жарқын заман туды. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дініміз де оралды, діліміз де тазаруда. Ендігі арманымыз келешек ұрпақ бейбіт өмір аясында бақытты ғұмыр кешуі. Иманды болып, Отанын, отбасын шексіз сүйіп, құрметтеуі. Біздіңше, барлық Аналардың тілеуі осы!»   деп тілеген екен.

Ақ тілегіңіз қабыл болсын, асыл Ана! Сіздің кеңпейіл, аппақ көңі­лі­ңізден шыққан ізгі тілектеріңіз ұрпақ­тарыңызға шарапатын төгіп, қолдап-қорғап жүрсін. Сіз бізге биіктен қарап, жақсымызға жадырап, жаманымызға тұнжырап тұрғандай көрінесіз. Біз де сіздің аналық кең құшағыңызды, мейірім төккен жүзіңізді, нұрлы бейнеңізді әрдайым есте сақтаймыз. Еліңізге, халқыңызға арнаған ниетіңіз қабыл болып, сіз де пейіштің төрінде жүргейсіз деп тілейміз.

Қылышбай Бисенов,

Қазақстан Республикасы Ұлттық

ғылым академиясының академигі,

техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<