Қасиетті Сыр өңірі ел қорғаған батырға, екі ауыз сөзбен дауды шешкен биге, елді өнермен сусындатқан сал серіге, әнші мен жыршыға кенде емес.
Ел ішінде шешендігімен, қайырымдылығымен, суырыпсалма ақындығымен, палуандығымен және атсейістігімен танылған Кәрібай Боқайұлы туралы аңыз боп айтылатын естеліктер аз емес. Елге белгілі азамат туралы естеліктерді ұрпағы «Ел тұғырындағы тұлға» атты кітап етіп шығарды. Бұл – бір әулеттің естелігі ғана емес, ұлттың қадір-қасиетін танытуға бағытталған, рухани жаңғыруға үлес қосар туынды.
«Кәрібай Боқайұлы деген кім?» деген сауалға жауап іздесек, елдің бірлігіне, өнеріне қызмет еткен қазақтың қасиетті абыздарының бірі дер едік. 1874 жылы қазіргі Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында дүниеге келген бала Кәрібай әкеден ерте айырылып, немере ағасы Айдарбек бидің қамқорлығында өседі. Жетімін жылатпаған қазақтың ешкімге ұқсамайтын ізгі қасиетін осы бір көріністен байқауға болады. Айдарбек би әкесіз ұлды қамқорлығына алып ғана қоймай, оның жақсы азамат болып өсуіне үлкен үлесін қосып, жастайынан елдік мәселелерді шешуге тәрбиелейді. Жақсы тәлім-тәрбиені бойына сіңірген Кәрібай шынында ел ісіне жастайынан араласып, «сегіз қырлы, бір сырлы» қабілетімен танылады.
Оның бір қыры – мал танитындығы. Бұл да кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Ел ішінде мынадай аңызға бергісіз әңгіме бар: «Бірде Кәрібай Түркістан базарының алдында теріскейден келген жолдасымен жолығып қалып, әңгімелесіп тұрса, жанына ат жеккен арбасымен бір сарт келіп тоқтай қалады. Сонда жолдасы Абылай «Әй, Кәрібай, мына аттың болмысына қарашы» депті. Кәрібай атты әрі-бері айналып көріп, астындағы атын күміс жүгені, ер-тоқымымен қоса, сарттың атына айырбастайды. Бір жаман атқа бола осыншама дүниесін қия салған Кәрібайға айналасындағылар таңдана қарайды. Жүйрікті жабудың астынан жазбай таныған атсейіс Кәрібайдың бұл таңдауы тек емес екен. Кейін баптап қосқан бұл жүйрігі бәйгені бермесе керек» деседі.
Кәрібай сәйгүлік баптап жүріп, Қазақстанның ғана емес, Ресейдің Астрахан, Орынбор, Омбы, Төмен сияқты қалаларында өткен бәйгелерге қатысқан. Үш жүздің баласы жиналып бәйге өткізгенде үш рет аты озып келген екен. Жерорта теңізінің жағасында орналасқан Сирия елінің бір шаһарында жылқы сату аукционына үйір-үйір жылқы апарған деген де дерек ел аузында айтылып жүр. Сол сапарында жүйрік араб жылқыларын алып келіп, жергілікті жылқылармен будандастырып, бәйгеге қосатын тұлпарлар дайындаған. «Торы төбел» деген жүйрік аты болған, соны «өзімнің өкіл балам» деп атаған белгілі ақын, жыршы Нартай Бекежановқа сыйға тартқан екен.
Кәрібай Боқайұылының тағы бір қыры – ел билігін қолына алып, әділ шешім қабылдауы. Оның халықтың ауызбіршілігін сақтап, сүттей ұйытып отыратын әділдігі көптің аузында құрметпен айтылады. Тіпті, баукеспе ұрылардың өзі болыстың бір ауыз сөзіне тоқтап, талай олжа еткен мал басын бүтіндей иесіне қайтарып беруіне септігін тигізіп, елдің алғысын арқалағаны туралы да әңгімелер аз емес. «Сонда Кәрібай болыс былай депті» деген билік сөздері, турашылдығы, өнегелі істері кейінгіге үлгі һәм рухани азық десек, артық айтқандық емес. Айта кеткен жөн, сөзге шешен Кәрібай Боқайұлы ақындық өнерден де құралақан емес. Көнекөздердің айтуынша, Түркістан базарына барар жолда сусын сатып тұратын сұлу, ақын қыз Қараторғаймен айтысқан.
Қаламымызға арқау болған кейіпкердің тағы бір қыры – палуандығы. Ел ішіндегі ас-жиындарда менмін деген палуандардың жауырынын жер иіскетіп, бәйге бермегені аңыз етіп айтылады. Оның осы қасиетін мына бір естелік үзіндісі-ақ дәйектей түседі: «Атамыз қарулы кісі болатын. Теріскейге барып бидай тасығанда екі қанар қап бидайды толтырып, теңестіріп байлап, «әуп» деп аттың үстіне жалғыз өзі лақтырып сала береді екен». Ел аузындағы аңыздардан жинақтаған ұрпақтарының естелігі талай жайтты аңғартады.
Кәрібай Боқайұлының бәйгеге ат қосып, палуандығымен елге танылып, суырыпсалма ақындығымен талайды тәнті еткенімен қоса, елге жанашыр жомарттығы да аңыз болып айтылып келеді. 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта айналасындағы аш халыққа астық беріп, аман алып қалған. Ал ас-жиындардан аты оза шапса, елден жиғанын елімен бөліскен қамқор азамат болған екен. Бұл туралы «атамның «Қарагер» атты бәйге аты болды. Кезінде Түркістанның төңірегінде өткен бәйгелерде бас бәйгені ешкімге бермей, қара үзіп келіп отырған екен. Қарагердің бәйгесін атам бір ауылға теңдей бөліп беріп отырған. Сонда Қарагер дүйім елдің асыраушысы болыпты. Мұны төңіректегі ауылдың бәрі біледі екен» деп жазады ұрпағы Мамытбек Кәрібаев.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелер Кәрібай Боқайұлының болмысын аша түседі. Кейінгіге тағылым болатындай өнегемен өрілген өмір жолынан үлгі етерлік тұстар көп. Айтып та, жазып та таусылмайтын алтын қазына қашанда ел ішінде.
Ұлжан ЖАҢБЕРШИЕВА,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<