Қазақ айтыс өнерінің басты белгісі – қанатты домбыраны сахнадан жиі көргенімізбен, оның авторы Серік Пірмаханов екенін жалпақ жұрт біле ме екен? Қасиетті қара домбыраның қос қанатын қомдап ұшқалы тұрған қыранға ұқсайтын бейнесі айтысқа шыққан ақынға шабыт, тыңдаушыға талғам сыйлайтын. Қазір ғой сахнаны жарқ-жұрқ еткен лед экрандар мен арнаулы эффекттер жайлап алғаны.
Қоғамда адам тіршілігінің барлық саласының көркемдік жағына баса назар аударылуы керек. Өнердің қара шаңырағы – театр болса, сол театр әлемінің режиссура саласындағы қиын да күрделі сахна көрінісіне нәр беретін – сценография. Осы ретте театр сахнасының безендірілуі, жалпы декорация туралы сөз қозғалса, Серік Пірмахановтың есімі ерекше аталады. Театр суретшісінің ойын, ішкі жан-дүниесіндегі сезімін ауызша емес, сахналық көркемдеумен жеткізетін Серік Пірмаханов Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облыстық драма театрында суретші-декоратор болып бастады. 1972 жылдан бастап Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында бас суретші болып қызмет атқарған оның еңбек кітапшасында бір ғана мөр, яғни «жұмысқа қабылданды» деген белгі бар. Себебі ол осы қызметті 50 жылға жуық үздіксіз атқарды. Театрдың табысты жұмыс жасауына ақ адал еңбегімен тер төкті. Ол көркемдеген көптеген спектакльдер суретші қиялының жүйріктігін, сахна ерекшелігін, драматургия табиғатын танытты.
Өзінің шығармашылық тәжірибесі мен мол ізденісінің арқасында театрда үш жүздей спектакльді көркемдеп, біршама жетістіктерге қол жеткізді. КСРО Суретшілер одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болды. «Өмір жолы», «Ақан сері-Ақтоқты», «Король Лир», «Сау басыма сақина», «Аққу-Жібек» спектакльдерінің көркемдік шешімі үшін халықаралық, республикалық байқауларда, фестивальдарда жеңімпаз, лауреат атанды.
Суретшінің зор табысы – Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясының көркемдік шешімдері. Бұл қойылымда жаңа сценографиялық тілмен спектакльдің трагедиялық үнін философиялық ірілікке көтере алды. Осы еңбегі үшін Германияда өткен Бүкілодақтық фестиваль дипломына ие болды. Ол көркемдеген «Макбет», «Мұстафа Шоқай» қойылымдары да жоғары бағаланды.
Серік Пірмаханов тек қана Сыр театрында ғана емес, Семей, Жетісай, Шымкент облыстық драма театрларында да спектакльдер көркемдеп, Жетісай театрының спектаклі 1982 жылы Бүкілодақтық байқаудың жүлдесін алған болатын.
Театрмен ғана шектелмей, республикалық, облыстық деңгейде өткен іс-шараларды ерекше қолтаңбасымен безендіріп, тақырыпқа, уақыт талабына сай өзіндік атмосфера қалыптастырды.
Қазақстан Театр Қайраткерлері одағы тағайындаған шығармашылық еңбектің ерекше жетістігі үшін берілетін «Еңлікгүл» сыйлығының алғашқы иегері атануы оның еңбегіне берілген баға еді. Сондай-ақ театр ұжымымен бірге шетелдерге барып, қазақ өнерінің мәртебесін халықаралық деңгейге көтеруге еңбек етті.
Серік Пірмаханов 2017 жылы дүниеден өтті. Суретші жеке шығармашылығындағы ізденістері мен туындылары арқылы өзіне ғана тән ерекше стилін қалыптастырып кетті. Өз ісінің хас шебері биыл 80 жасқа толар еді. Ардақты ағаның жасаған еңбектерін, өмір мен өнердегі асыл қасиеттерін ұмытпаймыз. Көңілі көктем, мінезі жаздай жадырап жүретін жанның өнегесі театр сахнасында тұрақтап, тарих парақтарында сақталатынына сенім мол.
Ұлбосын Мұхамбетқызы,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<