Мен бұл мақаланы жазарда елу жыл бұрынғы оқиғаны еске алдым. Архив материалдарына үңілдім. Зерделедім. Сол кездегі азаматша бейнесін көз алдыма елестеттім. Жас комсомол жетекшісінің ой-өрісін, сөз байламдарын, талғам дүниесін, өмірлік ұстанымын, принципті көзқарасын ашық айта білетін, мақсаткерлігін айқындап алған жастар жетекшісі екен деп ой қорыттым. Бұл әңгіме өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Жалағаш ауданы «Жаңаталап» совхозының комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарған Райкүл Нұрмағанбетова туралы болмақ.
Облыстық комсомол комитетінің бюро мәжілісіне жоспарлы түрде «Жаңаталап» совхозы комсомол комитетінің жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланудағы жұмыстары жайлы» мәселені зерделеуге тура келді. Мен ол кезде облыстық комитеттің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстары бөлімінің меңгерушісімін. Ауданға келісімен Жалағаш аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы Рсалды Ақмолдаева екеуміз автобусқа мініп, «Жаңаталапқа» жол тарттық. Ауыл өмірімен танысып, көрген-білгенімізді, жастарға қатысты мәселелерді совхоз партия комитетінің хатшысы Сатмағанбет Алшынбаев ағайға баяндадық. Қолдау жасауын өтіндік. Сол кездегі совхоз директоры Алдаберген Бисенов ағамызға сәлем беріп, ауылдағы жақсы істерге куә болғанымызды, шешімін табуға тиісті мәселелерге қамқорлық жасауына да ретін тауып назар аударуын сұрадық. Ағамыз өзіне тән сабырлы қалпымен мұқият тыңдап, оларды қағаз бетіне түсіріп, шешу жолдарын түсіндіріп, жақсы көңіл күйде отырғанын байқадық.
– Енді Жалағашқа қалай жетесіңдер, автобус болса да жоқ, далада жаңбыр құйып тұр, күн кеш болды, – деді. Не керек, ағамыз су жаңа водавозды шақыртып, аудан орталығына жеткізіп салуға тапсырма берді. Байқаймыз, ауылда жақсы ахуал қалыптасқан, ортақ мақсат үшін күресте ынтымақ-бірлікті ту етіп, әрбір қоғамдық ұйымның атқарар қызметін нақты белгілеп алғанға ұқсайды. Мұны Райкүлдің бізге берген хабарламасынан, атқарылған жұмыстардың нақты көрінісін шаруашылықтың мәдениет үйінде шығарылған әсем безендірілген қабырға газетінен аңғарғандай болдық білем. Нұрмағанбет әкеміз бен Ақылжай анамыздың ақ дастарқанынан дәм татып, батасын алып елге қайттық.
Облыстық комитеттің бюро мәжілісінде Райкүл Нұрмағанбетқызы өте мазмұнды хабарлама жасап, әрбір айтқан сөзін нақты дәлелдермен баяндап, бюро мәжілісін басқарушы, облыстық комитеттің бірінші хатшысы Аманкелді Сейдәліұлы Құдайбергеновтің қойған сұрақтарына нақпа-нақ жауап беріп, ауыл жастарының жетекшілері қандай дәрежеде болуы керек екенін дәлелдеді. Ол кезде есеп беруші хатшы қызбен бюро мәжілісін басқарушысының одан жиырма бес жылдан кейін туған құда-жекжат боларын білмеген де шығар.
Иә, сол күндердегі жастар жетекшісі бүгіндері 70 жасқа толып, бақытты өмір кешіп, көптің бірі, бір үлкен әулеттің бибатыма анасына айналып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Сыр өңіріне еңбегі сіңген Нағымадин Дәрібаев сынды азаматтың жан жары бола білді.
Мектеп бітірісімен өндірісте қалып, еңбек жасап, елдің қоғамдық – саяси өміріне белсене араласып, көпшілікке өз ісі арқылы таныла білген Райкүл Нұрмағанбетқызы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиет факультетіне сырттай оқуға түсіп, еңбек жолын жалғастыра берді. Жоғары басшылық тарапынан Мәскеу қаласындағы жоғары комсомол мектебіне ұсыныс жазылып, жолдама да бергізілді. Бірақ елдегі ата-анасына қолғабыс жасап, көмек көрсетуді басты міндетім деп санаған оның алға қойған басқа да мақсаттары жеткілікті еді. Ауыл жастарының белсенділігін көтеріп, пайдалы еңбек етуге баулу, әрбір жастың механизатор мамандығын игеруге бастамашыл болуын қолға алып, совхоздың бас инженері Тұрмағанбет Асановпен бірге қызу жұмысқа кірісіп те кетті. Осының нәтижесінде ауыл жастары техника руліне отырып, ауыл шаруашылығы жұмыстарының қызу кезінде шаруашылық басшысының ұсыныстарына әрдайым қолдау көрсете білді. Бұл шын мәнінде шаруашылық басшысы, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенұлының өнегелі өмір жолының үлгісі еді. Бір топ жас озат механизатор жастарды бастап шаруашылық есебінен Германия Демократиялық Республикасына туристік сапарға да шығып қайтты. Көптеген жастарды Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларына оқуға жіберіп, жоғары білімді мамандық иелері атанды.
Жоғары білім мен мамандық алғаннан кейін Райкүл Нұрмағанбетқызының өмір жолы педагогикалық қызметке ауысты. Өзінің туып-өскен көрші ауылындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, Қызылорда қаласындағы №136, №187 мектептерде ұстаздық қызмет атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шыққан қарапайым да, қайсар қазақ қызы болып қалды. Жоғарыда атап көрсеткенімдей, Сыр бойының абзал азаматы Нағымадин Көшербайұлымен бірге 42 жыл бақытты өмір сүрді.
Райкүл Нұрмағанбетқызы өз естелігінде былай дейді. «Нағымадин екеуміздің 42 жыл бірге өткізген берекелі кезеңімізде ойлап отырсам, менің бар болмысым оның өмірімен, арман аңсарымен, қызметте өсу мәртебесімен, қоғамдық ортада алған абыройымен біте қайнасып кеткен екен. Нағымадин зейнетке шығарында: «Мен бір ұжымда табан аудармастан 42 жыл үзіліссіз еңбек еткенім бір адамның ғұмыры дерлік осы кезеңде не тындырдым, артымда қандай тағылымды із қалдырдым?» деп ойланып-толғанумен, өзіне-өзі есеп берумен болды.
Нағымадиннің сол қырық екі жыл еңбек өтілінде тіршіліктің күнделікті қарбаласымен, қызмет бабындағы жауапкершілігімен, өндірістің бетпе-бет келетін, тіпті беттен алатын десем де болады, күрмеуі қиын, шешімін оңай таптырмайтын қым-қуыт міндеттерін қайткенде де оңтайлы орындаумен өтті десем, артық айтқаным емес. Сол уақытта Арал мен Қаратаудың аралығында ізі қалмаған жер жоқ-ау. Халықты, өндіріс пен ауыл шаруашылығын қайткенде энергия қуатымен қамтамасыз етеміз деп, ұжымдастарымен бірге талай өңірді мың қайтара шарлады». Өмірлік жары Райкүл Нұрмағанбетқызы және сырласа отырып: «Сен еңбек жолыңды сәтті бастадың. Алғашқы адымыңды қатардағы қарапайым инженерден бастап, вице-президент, коммерциялық директор лауазымына дейін көтерілдің. Адал еңбегіңнің нәтижесімен облыстың абыройлы, әріптестеріңнің айта жүретін қадірлі азаматына айналдың. Мәртебелі тұғырыңа тынымсыз еңбегіңмен көтерілдің. Артыңда айдынды іздерің қалған сайын абырой биігіне өрлей бердің деп айтатын едім» – дейді.
Өткен күндерді, ұмытылмас сәттерді, отау құрып, ағайын-туыс арттырған ең бір қызықты күндерді салиқалы сөзбен ой елегінен өткізген Р.Нұрмағанбетқызы мынадай да естеліктерімен бөліседі. «1974 жылы Ардақ, 1976 жылы Дана, 1979 жылы Қайрат, 1987 жылы Айдос келді ғой дүниеге. Балалардың алды балабақшаға, мектепке бара бастады. Ағайым Бақытбек, жеңгем Үмітай балаларыңа бас-көз болсын деп Фариданы қолымызға берді. Осындай балалы-шағалы болғасын үйімізді кеңейтуге тәуекел деп талпыныс жасадық. Үш бөлмелі пәтерге қол жеткізу қиын болып тұрғанда, Қуатжан ағай орталықтан 4 бөлмелі пәтердің кілтін қолымызға ұстатқанда, қуанышымызда шек болған жоқ.
Қаланың ортасынан алған үйімізден қонақ арылмайтын. Жаңа үй болған жас отбасы ғой демейді, жан-жағымыздан бірі келіп, бірі кетіп жататын. Келген себебін қона жатып айтады. «Келгенше қонақ ұялады, келгесін үй иесі қысылады» дейді ғой. Алғашқы кезде, қонақ келгенде кәдімгідей қысылып қалатын едік, қонақтың қай жағынан шығамыз деп. Ел-ағаң, Дәкең бас болып, Тиыштық, Тоқсұлу, Әріп, Үкі апа, Базарбек, Әмірхан, Аманкелді ағалар біздің күнделікті күйбеңмен жүріп ортадан шеттеп қалмауымызды ойлап, ағайынның, құда-жекжаттардың қызығы мен қайғысынан қалдырмай, қатарларына алып жүрді. Дәкең апам әрі абысыным: «Ағайын қатыссаң ғана туыс, қатыспасаң, қаймана қазақтай болады» деп тәрбиеледі. Біздің үйіміз, анығын айтқанда, ағайын, жекжаттардың оқуға түсуге келген және оқуға түскен студент ұл-қыздарының орталығына, дәлірегі екінші үйіне айналған-ды. Бәріміздің асқар тауымыз Ел-аға Комсомолдағы совхоз-техникумның оқуына түсірген Жақсылық ағаның баласы Жарасты және Әймен ағаның баласы Қасымды біздің қолымызға тапсырды. Ол екеуі есті балалар екен, аға үмітін ақтады.
Иә, Нағымадин мен Райкүлдің тату-тәтті жылдары осылай болып өмірден өткеніне бәріміз куәгерміз.Райкүл өз ойын одан әрі жалғастырып: «Бізді Алланың қолдауының кемі жоқ. Бізден кейін қайныларым Айекең Ұлпанымен, Қырымбек Гүлнәрімен, Болат Ғалиясымен, Жомарт Динасымен, Талғат Жадырасымен бас қосып, бір-бір үй болғанда айналамыз кеңейіп, өрісіміз ұлғая түсті. Нәкеңнің қадағалауы қызымыз Ардақ пен Дана, ұлымыз Қайрат пен Айдос облыс орталығындағы № 23 іргелі қазақ-орыс мектебін бітірді. Айтайын дегенім, жұбайымның салмағы мың батпан, жауапкершілігі бұлтартпайтын жұмысынан уақыт тауып, балаларының оқуына, тәрбиесіне ыждағатты қараған еңбегі қайтты. Алла бізді қолдады. Ардағымыз осы күні «Казкоммерцбанкте» бас бухгалтер. «Папам сияқты мен де жиырма жылдан бері бір саладамын. Еңбек кітапшамда бір ғана бұйрық бар», – деп еркелегенде, жүзі жадырап қалатын еді.
Ал Данамыз Алматыда Нағашыбай Шайкенов атындағы Заң институтын бітірді. Банк саласының білікті де беделді қызметкерлерінің бірі болып қалыптасты. Қызымыз қазіргі күні «Фортебанкте». Қайрат пен Жанар қолымызда болды. Тұңғыш немереміз Әлімжанның орны ерекше.
Ал Қайрат «ҚазТрансГазАймақта» бөлім бастығы. Аллаға шүкір, үйде де, түзде де абыройлы. Жанарымның ата-анасы, Құдай қосқан құдам Ахан Әбдікәрімов, құдағиым Гүлзия Шүленбаева да игі жақсылардан. Кенжеміз Айдос әкесі оқыған Алматының энергетикалық институтында білім алып, ізбасары болды.
Балаларымызды осы кезеңге, бір меже, бір деңгейге әкелуіміз – тек жұбайым екеуміздің еңбегіміз деу артықшылық болар. Біздің соңымыздан ерген інілеріміз балаларды бір мезет те назардан тыс қалдырған емес, үнемі бақылауда ұстады», деп ой түйіндеді.
Нағымадинді еске алу арқылы Райкүл Нұрмағанбетқызы өзінің жан-жағындағы туған-туыстарына деген шынайы сезімін баяндап та берді білем. Өмір жолының бастауындағы жастық жалынын жанұясына арнаған аналық мейірімі осылай-ақ болар.
Сайлаубай Әбішев
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<