Сағыныштан сарғайтқан Наршоқы

2753

0

Адамзат қауымында аса қасиетті екі ұғым бар. Бірі – Ана, екіншісі – Отан. Ана ұрпақты дүниеге келтірсе, Отан оны азамат етіп қауымға қосып, қоғамның белсенді мүшесі етеді. Осы мағынада Отан – адам баласының қауымдық, қоғамдық анасы. Дүниеге келген, отбасында тиісті тәрбие көрген ұрпақтың болашағы енді қоғамға, сондағы қалыптасқан саяси һәм әлеуметтік жүйенің сипатына байланысты болады. Сол жетілдіреді, сол өсіреді, сол адамзат биігіне шығарады. Кейде қоғамның саяси сипатына қайшылықты жағдайлар да болып жатады.

Бұл сөздерді Алаш ұлт-азаттық қоз­ға­лысы жетекшілерінің бірегейі Мұс­тафа Шоқайға да толық арнауға болады. Ол Шиелі ауданына қарас­ты Сұлутөбе стансасынан он бес шақырым жердегі  кезінде елді мекен болған Наршоқыда 1890 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген. Ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы отбасы екенін терең түсінген ата-ана туысы бөлектеу болған баласына ерекше қарады, айрықша көңіл бөлді. Атадан балаға жалғасып келе жатқан халықтың әдет-ғұрпын, жөн-жосығын жақсы білетін шаңырақ барды аямады. Оқуға зерек Мұстафа 6 жасында әкесінің інісі Әліш салдырған бастауыш білім беретін діни мектептің табалдырығын аттады. Төртжылдық мектепті екі жылда үздік бітірді. Ол шәкірттердің ішінде ең бірінші болып әптиектен құранға шығып, оны да жақсы оқыған көрінеді. Үйге келген қонақтарға сұрамаса да оқып беріп, мұны ата-анасы да, өзі де үлкен мақтаныш санапты. Қабілетін таныған молданың айтуымен Шоқай атамыз тіл-көз тимесін деп Мұстафаға  үкі таққан бөрік кигізіп қойған көрінеді.

Мұстафа жастайынан өзін қор­шаған дүние сырын меңгеруге деген құш­тар­лығымен, естіген әңгімелерін есінде сақтау зеректігімен де ерек­шелен­ген. Ол кезде бүгінгідей жазба әдебиеттер өте сирек кездес­кенімен, атадан балаға мирас болып келе жатқан, талай ұрпақты рухани сусындатқан сан тақырыптағы аңыз-дастандарға Қазақ даласы кенде емес еді. Ауқатты датқа, болыс ауылында ақын-жыраулар да жиі болып тұрды. Олардың ел билеген хандар мен өз жерін қорғаған батырлар туралы толып жатқан жырларын, көрші елдердің, Шығыстың, түркітектес туыс­тас елдің әртүрлі қиссаларын бала Мұстафа жасынан естіп, жа­дында сақтап, оларды өмір бойы рухани азық етті.

Мұстафаның оқуын одан әрі жал­ғастыру мақсатымен және жер­гілікті орыс әкімшілігінің озбыр­лығын жақсы таныған, баласының орысша оқып, өз-өзін қорғай алатын білікті маман болуын ойлаған әкесі Шоқай Перовск (Ақмешіт) учили­щесін қалайды. Қалаға арнайы апарып, сонда оқитын болып келісіп те қайтады. Алайда училищеде оқу басталғанда Мұстафа қарашешекпен ауырып бара алмай қалады. Бұл туралы әртүрлі әңгімелер бар. Дегенмен оқуға апарған әкесі Шоқай да, інісінің келешек барар жерін, шығар биігін шамалаған көзіқарақты, тіпті ауылда қайта-қайта мектеп ашып жүрген ағасы Әліш те Мұстафаның Сұлутөбедегі теміржол орыс-қазақ мектебінде оқуын жалғастырғанда Перовск училищесінен ретін тауып қол үздірмеген сияқты. Әйтпесе, ол кезде Сыр өңіріне ғана емес, оңтүстік аймаққа да белгілі болған оқу орны байланысын сақтамаған оқушыға 1902 жылы бітірді деп куәлік бере қоймайды ғой.

Тағы бір ерекше жайды айта кетейін. Саяхат шегуді білімнің бір көзі деп түсінген Шоқай бала­сымен бірге Ақмешіт, Түркіс­тан, Әулиеата сияқты қала­ларымен қатар Темірлан, Қарнақ, Жосалы, Бөген, Сайрам секілді елді мекендерді аралап, халықтың қарапайым тірлігін көзбен көрсетіп, ерте танытады. Бұл адам танымын байыта түсер дәстүрді Мұстафаның өзі де Ташкент гимназиясында оқып жүргенде Мәскеуде, Ярославльде, Вильнода (1939 жылдан Вильнюс), т.б. қалаларда, кейін орыс, татар, баш­құрт халықтарының өмірімен танысу үшін Владимирде, Харьков­те, Курскіде, Саратовта, Нижний Новгородта, Уфада, Қазан­да, сонымен қатар Қырым мен Кавказда бірнеше рет болған көрінеді.

1902 жылғы 4 тамызда Таш­кенттің ерлер гимназиясына түскен Мұстафа осында өте жақсы оқып, алғырлығымен ұстаздарын тәнті етеді. Гимназияда дәріс алып жүріп, Шығыстың тарихы мен мәдениетін білуге құмартады. Өз бетінше түрік, парсы, өзбек тілдерін үйренуге ұмты­лады. Оның  басқа   тілдерді  үйренудегі зеректігі де таңдай қақ­тырады. 2015 жылы шығуы аяқ­талған он екі томдық шығармалар толық жинағындағы еңбектердің он тілде жарық көруі тегіннен-тегін емес. Грузин тілінде жарық көрген бір мақала аударма болуы мүмкін. Ал басқа тілдердегіге күдіктенуге болмайды. Міне, осы алғырлығының арқасында Шығыс әдебиетінің алып­тары мен тарихшы-ғалымдары Фир­дауси, Низами, Әбу Райхан Бируни, Әбунасыр әл Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Мұхамед әл Хорезми еңбек­терімен ерте танысады. Олар­дың бір­қатарын сол кездің өзінде орыс және қазақ тілдеріне тәржімалаған деген де әңгімелер жоқ емес. Бұл ғұламалар туралы кейін шетелде жүріп, арнайы мақала жазуы жайдан-жай емес.

Орысша жап-жақсы сауатын жетіл­діре түсіп, бұрын болмаған қалаға бойын үйретіп алғаннан соң Мұстафа қоғамдық жұмыстарға араласа бастайды. Жасынан қамқор көңіл ұялатқан ол Түркістан айма­ғының бас қаласы, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және басқа ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі Ташкентке елден келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатысады. Жергілікті халықтың ара­сындағы әлеуметтік теңсіздікті көзі­­мен көріп, жүрегімен сезеді. Бас­қаны былай қойғанда, гимназияны өте жақсы бітірген өзіне тиісті ал­тын медальды өлкенің генерал-губер­наторы А.Самсоновтың орыс бала­сына жаздыруы да ұлы держа­валық шовинизмнің айқын көрінісі еді. Мұ­ның барлығы гимназистің бойын­дағы ұлтшылдық қасиетті күшейтіп, осы озбырлықты басынан өткізіп отыр­ған қазақтан басқа түркі туыстас ұлт өкілдеріне деген сезімін ерте оятады.

Өзі өмір сүріп отырған қоғамды таныған, білімсіз келешектің жоқтығын білген Мұстафа оқуын одан әрі жал­ғастыруға бел буады. Ал ағасы Әліш елде лауазымды қызмет істеу үшін осы білімнің өзі жеткілікті екенін айтқанымен, ол бұл білімді місе тұтпайтынын біл­діреді. Жатпай-тұрмай жоғары оқу орнына түсу үшін өз бетінше дайындала бастайды. Оның одан әрі оқуына Ташкент гимназиясындағы ұстаздарының да көп көмегі тиеді. 1910 жылы Петербург университетінің заң факультетіне түсу үшін өзіне тиесілі оқу орнының атаулы сти­пен­диясы болмағаннан кейін, Қазан татарларына бөлінген сти­пен­дияны пайдаланған  көрінеді. Елінде абыройлы, атақты Шоқай би баласының оқығанын құптап, оны қаржыдан тарықтырмауды өз мойнына алады. Оған қоса Мұста­фаның алғырлығы мен зеректігіне тәнті болып, оның келешегіне үлкен үміт артқан ауылдастары мен аталас ағайындары да жылу жинап, жәрдем көрсетеді. Білім  нәрімен мейірі қанғанша сусындауды аңсаған жас ағасымен бірге Петерборды бетке алып жолға шығады. Желкілдеп өскен жас жеткіншегінің ел кәдесіне жарайтын азамат болуына атса­лысып жүрген жомарт жүректі ағасы Әліштің еңбегі қайтып, талапты жас Петербордағы импе­раторлық университеттің заң факуль­тетіне оқуға түсіп, онда 1910-1914 жылдары білім алады. Универ­ситетті бітіргеннен кейін, сол кезде Петербургте тұратын түркіс­тандық адвокат  Серәлі  Лапин­нің үйіндегі жиындарда кез­десіп тұрған, Ташкентте оқып жүргенде орыс  өкіметінің  атамекеніміздегі  жер саясатын мұқият зерттеуді өсиеттеген Әлихан Бөкейханның қолдауымен әрі тапсырмасымен Петербургте қызметте жүрген Мұс­тафа Шоқай өзін 1917 жылғы нау­рыздың соңғы күндерінде Таш­кентке шақыртқан жеделхат алды. Елге оралудың нәтижесі Түр­кіс­тан мұқтариятын құру болғаны мәлім. Алайда 64 күн ғана өмір сүр­ген мұқтариятты большевиктер қару­лы күшпен таратып, оның орталығы Қоқанды қанды қырғынға ұшыратты. Осы аласапыран кезеңнен жақсы хабардар мемлекет және қоғам қайрат­кері, бұрынғы Украина Халық Рес­публикасының сыртқы істер министрі, профессор Александр Яковлевич Шульгин 1942 жылғы 8 ақ­панда Парижде өткен М.Шоқайды еске алуға арналған салтанатты мә­жілісте жасаған екі сағаттық баян­дамасында «өмірден ерте озған досы­ның отызға да толмаған жасы Түр­кістанның  нағыз көсемі болуға кедергі болмайтынын» тебірене айтқан болатын.

Ғұлама саясаткер, тамаша пуб­лицистің қолынан шыққан мыңға тарта материалдың 250-ден аста­мы­ның тікелей Түркістан атымен аталуы да жайдан-жай болмаса керек. Мұның түп-төркінінде туған елге деген ерекше сүйіспеншілік жатыр еді. Мария Шоқай өзінің «Менің Мұстафам»  атты  аса құнды естелігінде   мынадай    жайды   жа­зыпты. Бірде екеуі Париждегі Трокадеро этнографиялық музейінде болғанда, Мұстафа сонда тұрған домбыраны қызметкерінен сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ әуенін орындап шығып, аспапты орнына қояды. Жары оның жанарының жасқа толғанын байқап: «Мен алғаш және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазған еді.

Тағы бір мысалға жүгіне кетейікші. 1923 жылы Мария Шоқай қатты ауырып, оның үстіне тұрмыс жағда­йына да байланысты Берлинде алты айдай тұрады, емделеді. Осы жылдың 6 маусымында Парижден жарына жолданған Мұстафаның хатындағы мынадай жолдарды тебіренбей оқи алмайсың: «Оның (Шоқайдың үлкен әйелі Ә.Б.) менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын. Әлі есімде, кішкентай кезімде шешекпен (осыдан Перовскіге оқуға бара алмады – Ә.Б.) ауырғанымда, ол мені үш апта бойы тізесіне жатқызып қараған-ды». Бұл сөздердің арғы жағында бүкіл елге деген сағыныш жатыр еді.

Мұстафа Шоқай 1936 жылғы «Яш Түркістан» журналында басылған «1936 жыл» атты мақаласында осыдан 18 жыл   бұрын  большевиктік  үкіметтің өмірі ұзақ болмайды деп қиялдағанын, Түркіс­танға қайта ора­ламыз деген үміттің артта қал­ғанын еске түсіріп, бір сәт жадыдан жоғалмаған Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті былайша бейнелейді: «Атамекенді сүю дегеніміз – өзің­нің жеке басыңның талаптарын қанағат­тандыру немесе белгілі бір топтың не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады». Отанына осылай қызмет еткен Мұстафа Шоқай: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім» деп армандаған болатын.

Мұстафа Шоқайдың еліне деген сағынышын бір сәт басуға аз да болса жәрдем ететін елден хабарлар да өте кем болды. Кеңестік қыспақ тіпті хат алдырмауға барын салды. Сонда да туған інісі Мұртазаның бірнеше хаты біздерге жеткен еді. Мұстафаның да жауаптары болған сияқты. Алайда олар белгілі себептермен бізге жет­пеген. Дегенмен, осы хаттардың өзі­нен екі ағайын арасындағы туыс­тық сезімді байқаумен бірге, Мұстафаның елге деген ерекше сағынышының ыстық лебін сезбеу мүмкін емес. 

Мұртазаның 1923 жылғы 4 нау­рызда жазған хаты ағасының бала күні­нен достық қатынаста болған, кейін Түркістан Уақытша үкіметінің Ішкі істер министрінің орынбасары болған Әбдірахман Оразаевқа жолданғанымен «қыпшақ ұлына бересің» дегені Мұстафа Шоқайға жазылғанын айқын көрсетіп тұр. Хатта Мұртаза аға-інілерінің қайтыс болғандарынан хабардар етіп, өткен 1922 жылы бір-екі хат жазғанын, алайда оны алған-алмағанынан хабарсыз екенін айтады. «Сіздердің аман жүрген­деріңізді естіп, көңіліміз тынды» дегеніне қарағанда мұның алдында хат алған сияқты, бірақ оның тағдыры бізге мәлімсіз. Осы жылдың 19 сәуірінде Мұртаза ауыл­дастарымен бірге жолдаған хатында өзінің бірнеше хат жібергенін, бірақ олардың тиген-тимегенін тағы да білмейтінін жазып, жақын адам­дардың қайтыс болғандарын естір­теді. Інісі алған хаттарында ағасының не себептен «келем» деген сөзінің айтылмайтынын, келер хатта келер-келмесін айтуын өтінеді. Ал 2 қыркүйектегі хатта Мұртаза бірнеше хат алғанын, ағасының елдің хал-жағдайынан хабардар болғанын жазған. Ауылдың тұрмыс күйінің нашарлағанын, аяқты малдың күн өткен сайын азайып бара жатқанын, өзінде сауын сиыр, жұмсарлық өгіз ғана қалғанын, негізгі тіршілігі диқаншылық екені, бірақ мұның мардымды еместігі айтылған. Ел ішін түрлі аурулар жайлап, екі жылдан бері шегіртке шығып, егінді жесе, қой-ешкі қотырдан қырылып, ауылдар малсыз қалған. Осы хатта мынадай қосымша ақпарат бар. Өзінің келісе алмай, әйелі Бибісұлтанды қоя бергенін, екі жыл бұрын қайтыс болған Оспан ағасының әйелі Зүлфияны үйіне кіргізгенін мәлім етеді. Мен бұл кісіні көрдім, сөздерін естідім.

1949 жылы мен өскен атам Ахметтің (Мұстафаның анасы Бақты­бикенің ағасы Баспақ (Мәм­бетәлі) батырдың немересі) отбасы Сырдария ауданына қарасты «Ай­дарлы» колхозынан Қызылорда қала­­сына көшіп келгенде бұрынғы Некрасов (қазіргі Жарқынбаев) атын­­дағы көшеде Мұс­тафа­ның туған інісі, «халық жауы» атанып ұс­талып, атылып кеткен Мұртазаның отба­сымен көрші тұрдық. Мұртазаның кемпірі Зүлфия (Оспан 60 жасында үйленгенде Зүлфия он сегізде болатын) шешеміз «Біздің қайнаға жеті патшаның тілін білетін еді» деп отыратын. Ол кезде «шет тілі» деген терминді үлкен кісілер пайдалана бермейтін. Ал он екі томдықтағы материалдардың неше тілде жарық көргенін жоғарыда айттық.

Мұртазаның бізге жеткен 1924 жыл­ғы 16 қаңтардағы «Дұғай сәлем, Мұстафа ағайға» деп басталатын соңғы хатында ағасының 4 қыркүйек, 3 қазан, 6 желтоқсанда жазғандарын алғанын айта келіп, ел жағдайынан, өзінің екі ай қамауда отырып шыққанын, соның себебінен еккен егіннен өнім ала алмағанын хабарлайды. Бұл кезде Мұстафа ағайындары Кеңестің қырына алына бастаған еді. Содан қудаланған Мұртаза ақыры 1937 жылы атылды. Тіпті мен білетін баласы  Мадияр ағай қала жанындағы «Кооператив» елді мекеніндегі мектепте орыс тілінен сабақ беретін. Оны да қудалап, «халық жауының» баласы мектепте қалай мұғалім болады деп Мақтаралға көшуге мәжбүр етті.

Осылай өзі ғана емес, аға­йын-туыс­тарына дейін қудалауға түскен Мұстафа Шоқай сағыныштан сар­ғайт­қан Наршоқы құмына көзі тірісінде бір рет те аунай алмай, Еуропаны мәңгі мекен етті. Бірақ ұлы тұлғаның өлмес рухы туған елге Тәуел­сіздікпен бірге оралып, Қызыл­орда қаласындағы зәулім ескерткіші Сыр халқының күнделікті тірлігіне күндіз-түні тілектес болып тұр.

Кәрі тарих талай дәлелдеген шын­дық еске түседі. Халқына нақты ісі­мен, бар қажыр-қайратымен қызмет ет­кен, қажет болса, ғұмырын да сарп еткен ардақтылар ел есінде мәңгілік қа­лады. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі – бұл шындықтың тағы бір айқын көрінісі.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдарының

докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<