2018 жылдың соңғы айларының бірі-ау деймін.
Сол кездегі Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға келіп Мәдениет үйінде жиын болатынын естідік.
Өмір дерегінен Шиелі ауданында әкім болғанын, үлгілі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталғанын, Қызылорда қаласына әкім болып ауысқанда әкімдер қызметінің көрсеткіші бойынша үздік атанғанын баспасөзден оқығанмын.
Ұмытпасам, бір өзі келді. «Қызылорда қаласына – 200 жыл» төсбелгісін біраз азаматтарға тапсырды. Мен ақ батамды бердім. О кезде жасым 90-ға жетіп, қайратты кезім еді-ау!
Одан кейін Нұрлыбек Машбекұлының Астанаға, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің бөлім меңгерушісі болып қызметі өскенін естідік. Ал 2022-жылдың 7-сәуірінде Қызылорда облысының әкімі етіп тағайындаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқыдық. Әкімдік сапарын Арал ауданынан бастады. Бізге сол 2022 жылдың сәуір айының 18-і күні келді. Жанында облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов болды. Мәдениет үйінде аудан әкімі С.Сермағамбетов есепті баяндамасын жасады. Жиынды облыс әкімі өзі қорытты. Бата жасау құрметі тағы да маған тиді.
***
Жиын аяқталды. Мен залдағы орындықтың екінші қатарында отырғанмын.
Сірә, осы ақсақалға сәлем берейік десе керек. Мәслихат хатшысы екеуі бері қарай жүрді. Мен алдынан шығып, сәлемдесіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледім. Бұл кездесу «Сыр бойы» газетінің 2022 жылғы сәуірінде 1-бетке шықты.
***
Хош деңіз. 2022-жылдың жазында жаңадан шаңырақ көтерген №71 мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі қатысатын болыпты.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімімен қатар Б.Қаюпов, И.Оңғарбаев, М.Шермағамбетов және аудандық оқу бөлімінің бастығы С.Жанназарова қатысты. Аймақ басшысы оқушы-оқытушы және ата-аналарды жаңа оқу ордасының ашылуымен құттықтады. «Жайлы мектептердің» де өмірге келетінін айтып қуантты.
Салтанатты сәтте үш ардагер – мен, Н.Оспанов және Ә.Әйімбетов тілектестік сөз сөйледік. Мінбеге менің де шығу кезегім келді. Бата жасармын-ау, бірақ, бір мәселе бар. Жо-жоқ, айтпасқа болмайды. Бата жасадым да, құрметті Нұрлыбек Машбекұлы, бізде Жалаңтөс Баһадүр атында спорт алаңы бар еді. Сол жөндеу болмағандықтан көнеріп, пайдаланудан қалған. Мына мөлдір көз балдырғандар: – Ата, осыны әкім ағаға айтыңызшы деп өтініш етті. Соған мамандардың айтуынша, 100 млн теңге қаржы қажет. Бөлуіңізді сұраймын. Жанашыр сөз тыңдалар деген үміттемін…
Осылай деп орныма отырғанда ардагерлер ұйымының төрағасы Ә.Әйімбетов маған: – Сіз әкімнің жауабын есіттіңіз бе? – деді.
– Жоқ, менің құлағым тосаң ғой.
– Сіз айтқасын орындалады, – деді, әкім.
– А-а, солай деді ме, рас па, – деп алғыс білдіргім келген. Бірақ келген топ мектеп ішін аралап кетіпті. Сол сұраныс орындалып, спорт кешені айнадай жалтырады.
***
Осы 2025-жылдың 7 қаңтары күні ауданда алғаш рет тұрғызылған «Жайлы мектепті» ашуға облыс әкімі Н.Нәлібаевпен бірге, біздің облыстан сайланған Парламент депутаттары келді. Мұнда мен Ақ батамды бердім. Ел басқарған азаматтарға алғыс та, бата да лайық. Нұрлыбек Машбекұлының аймақ басшысы болғанына осы 2025-жылдың сәуірінде үш жыл толады. Бұл жылдар аймағымыздың өрлеу, өсу жылдары болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, Қызылорда облысы қай салада болса да, республикада алғы саптан көрінуде. Үш жылда қыруар іс атқарылды. Мұз болып қатқан түйіндер шешілді.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
тыл ардагері.
Арал қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<