Сарман би және оның ұрпақтары

1402

0

«Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, ел аузынан үзіліп жеткен әңгімелерден, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз жайлы көптеген аңызға бергісіз оқиғаларды құлағымызға сіңіріп өскен едік. Соның нәтижесін еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін көре бастадық. «Қармақшы», «Жетіасар», «Қуаңдария», «Жаңадария», «Майлыөзек» бойын қыс қыстап, жаз жайлаған Кете ағайындардың қай-қайсысы да «Ақтайлақ» өңірін мақтанышпен еске алып, өздерінің бабаларының құтты қонысы болғанын әңгімелеумен қатар жырға да қосқан.

Соның бірі атақты ақын, жырау Кете Жүсіп Ешниязовтың баласы халық ақыны Мұзарап (1905-1972 жж.) өзінің «Ақ күріш туралы аңыз» атты толғауында:

… Ауасын жұтып таза самал лептің,

Көңіліме кірді тағы

қызулы екпін.

Жағалап көк жайқынды

келе жатып,

Әбеннің көкесіне

кездей кеппін.

Қапсағай жауырыны

жазық жалпақ,

Бір тұтас бұлшық етті,

төсі шалқақ.

Жұп-жұмыр білектері

білеуленген,

 Балғаның сабындай боп біткен

саңлақ.

Кісі екен қайнап біткен

сом денелі,

Белгілі болмаса да «Еңбек ері».

Шыныққан диқаншылық

кәсіппенен,

Жетіп тұр қанша айтса да

тілге өнері.

Азырақ Тоғызбай қарт

кідірді де,

Күмістей моншақ терін

сіңірді де.

Салмақты үніменен сөзін

жалғап,

Өткенді айтып отыр бүгін, міне, – дей келе, әрі қарай толғай түсіп, Тоғызбай ағасын көтер­мелей жырға қосыпты. Бұл өлең-жыр 1964 жылы жазылған екен.

Осы кезге дейін айтылып жүрген әңгімелер мен өлең-жыр­лардан, «Ақтайлақ», «Қуаң­дария», «Майлыөзек» бойын Кете руының ұрпақтары 300 жыл­дан бері қоныс етіп келе жат­қаны байқалады. Оларды Есет­бай Айбасұлы, Қара қисық, Жабай батырлар, Ешнияз (сал) Жөнел­дікұлы, Бекет Өтемісов, Нарболды, Барболды, Сарман, тағы басқа да ел ақсақалдары ХХ ғасырға дейін басқарып келген. Дегенмен, архив деректерінде (1868 ж.) Перовскі уезіне қараған  «Шаған» болысында  Қара Кетелердің 500 шаңырағы тіркеліп, өмір сүргені жазылған. Олардың ішінде Дәрмен Көшкінбаев, Досым, Атшабар Сармановтың, Боранбай Дәрменов және басқа да адамдардың есімдері архив құжаттарында қатталған. Олардың «Шаған», «Қособалы», «Итемген арал», «Аққошқар», «Кедей-тамы» бойын қыстап отырғаны да жазылған.

Ал 1891 жылдың 12 қараша күнгі архив жазбасында,  Қазалы уезінің «Қуаңдария» болысына қараған №2 ауылындағы бірқатар тұрғындардың егіншілікпен ай­на­­лысқаны, олардағы астық мөл­шері, жерінің көлемі де назарға алыныпты. Осы мәліметтерде, Атшабар Сармановта 3 пұт бидай, 2 пұт арпа, 1 пұт тары, жалпы барлығы 15 пұт астығы, 1 десятина егін егуге арналған жері барын жазған. Осы жазбада әрі би, әрі сал-сері атанған Ешнияз Жөнелдікұлында 10 пұттай бидай, арпа, тарысы, барлығы 30 пұт астығы және 5 десятина жерінің болғаны көрсетілген. Дәрмен Көшкінбаевта 3 пұт бидай, 3 пұт арпа, 1 пұт тарысы, т.б. барлығы 30 пұт астығы және 1 десятина жері, Досым (Тайшабар) Сармановта 2 пұт бидай, 1 пұт арпа, 1 пұт тары, барлығы 12 пұт астығымен 1 десятина егістік жері бар екенін атап көрсетеді. Бұл кездегі құжаттарда Сарман Көшкінбаевтың есімі кез­деспеді. Ал, інісі Дәрмен мен ұл­дары Атшабар, Досымның есім­дері жоғарыдағы жазбада жа­зылған. Олай болса, бұл кезде Сарман би бұл өмірде болмағанға ұқсайды. Дегенмен, Сарман балаларында 1890-1891 жылдарда ақ егісті егуге арналған 25 пұттан артық астығымен 3-4 десятина жері болғаны байқалады. Демек, Сарман Көшкінбаевтың бауырлары, балалары мал өсірумен қатар, егін шаруашылығымен де айналысқанын көреміз.

Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінге жетіп отырған Сарманның ата-тек шежіресі былайша тарқа­тылады. Арғы түп бабалары Құ­лыс Кетеден тараған  Добайдың бір баласы Мырзадан тараған. Мыр­задан – Еламан, Қабанбай, Жай­лау­байлар өсіп-өнген.

Еламаннан – Көшкінбай. Көш­кінбайдан – Сарман, Дәрмен туады. Дәрменнен Боранбай, Боранбайдан – Ақболтай, Өтеген, Қошаман тарайды. Қошаманнан Нұрлыбек, Нұрлыбектен – Әлма­хан, Қойшығара, Назар, Зарқұм (Фархат) және Рахат атты ұрпақтар өсіп-өрген.

Негізгі кейіпкеріміз Сарманнан – Ниязбай, Үрістембай, Орынбай, Қосшыбай, Атшабар, Досым (Тайшабар) тараған. Үрістембайдан – Дәулетбай (1881 жылы), Тоғызбай (1898 жылы) туған. Ниязбайдан – Садық, Әбді туған. Әбдіден – Үбайділда. Одан Бекен, Әби тараған. Дәулетбайдан – Әділбек, Бердалы туған. Тоғызбайдан – Әйімке, Әбен, Мархабат (Марқа), Сәрсенкүл туады.

Өз басым Дәулетбай, Тоғыз­бай, Нұрлыбектерді көріп өстім. Олардың әңгімелерін тыңдаған кездерім де болды. Тоғызбай мен Нұрлыбек көне сөздерді көп білетін кісілер еді. Әсіресе, Нұр­лыбек Қошаманұлы – атақты ақын, Шығыс тілдерінің сөздігі атанған Сыр сүлейлерінің бірегейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алып, шәкірті болған кісі. Біраз уақыт ақынның қасында болып, көмекшісі,  атқосшысы да болған. Тұрекең оған бірнеше жы­рын да арнаған. Ал Дәулетбай мен Тоғызбай колхозшы болған кісілер. Тоғызбай Үрістембаев 1971 жылдың 21 қыркүйегінде қай­тыс болып, Тұрмағамбет ауы­л­ын­дағы Тұрекең жатқан қорымға қойылған. Жұбайы Әуен апам да сол қорымда.

Тоғызбай ақсақалдың екінші бір қыры – көпшіл, ағайыншыл, қолынан келгенінше ағайынға көмектесіп, олардың бір болуына көп жұмыс жасаған кісі екен. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары тағдыр тауқыметімен біраз ағайындары тарыдай шашылып әр жаққа кеткен ғой. Кейінірек сол ағайындарды іздеп тауып, ағайынның ортасына оралуына мұрындық болған. Бұл жөнінде Нұрлыбекұлы Қойшығара өз естелігінде былайша жазады: «…Менің әкем Нұрлыбек Қошаманұлы 1932-1933 жылдары елді ашаршылық жайлаған уақытта бір топ ағайындарымен елден көшіп, Өзбекстанның Хорезм облысы, «Янги базар» деген елді мекенінде тұрақтап қалыпты. Содан көп жылдар бойы елмен байланыс болмаған. Тоғызбай әкем кейіннен біздерді іздеп та­уып, елге көшуге үгіттейді. Менің әкем елге көшуге асықпаса керек. 1955 жылдың көктемінде Тоғызбай әкем Өзбекстанға келіп, «Елге көшесіңдер, болмаса мен де қайтпаймын» деп, 1 ай бойы біздің үйде жатып алғаны есімде. Ақыры не керек, Тоғызбай әкемнің қажы­рымен бабалар туған атамекенге көшіп келдік», – деп ағынан жарылады.

Тоғызбай аға бұлардан басқа Өзбекстанда тұрып жатқан туыс­тары Әбілбай, Шынтемірлердің отбасын көшіріп әкелуге де се­бепші болған. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында Өзбекстан же­рінен Тоғызбайдың ықпалымен қалай қашып шыққандары жайлы, Әбілбай баласы Тұрдалы бір ертегідегі оқиғалардай етіп айтқан-ды. Арттарынан қуғыншы болғанын, әйтеуір ұстатпай кетіп, туған жерге оралдық қой, бәрі Тоғызбай әкеміздің арқасы, ол кісі болмағанда өзбек болып кетуіміз де мүмкін еді дегені әлі есімде.

Тоғызбай ағаның тағы бір адамгершілік оқиғасы 1932-1933 жылдары жетім балалар үйіне өтіп кеткен немере інісі Әділбек Дәулетбаевты іздестіре жүріп Теміртау жақтан тауып, елге әкеліп, туысқандарға қосуы. Орысша сөйлеп, орысша өскен Әділбекті елге әкелу, оны ағайындар арасына сіңіру, үйлендіру – бәрі-бәрі де Төкеңнің қамқорлығы арқасында жүзеге асқан. Бұлардан бөлек, әкесі Үрістембайдың бауырлары Ниязбайдың баласы Садықты Қызылорда қаласынан, ал Орын­байдың баласы Махмутты Шымкент қаласынан іздеп тауып, олармен байланыс орнатқан.

Енді, Сарман биге қайта ора­лайық. Сарман би айтыпты деген ел аузында әңгімелер баршылық. Соның бірнешеуіне тоқталсақ, «..Жер адамның байлығы, қастер­леп – күтсең, оның саған мейірімі түседі», «Саяқ жүрсең, таяқ жерсің», «Баланың бетінен қаға берме, жасық болар», «Өнеге-үлгі кейінгіге берген азығымыз». «Бірлігің бекем болса, үй іргесі мықты болмақ» – деп отырады екен. Елдің руға, аталыққа бөлі­нуіне, жіктелуіне қарсы болып, «Біз – «Мырза» емеспіз, «Кетеміз» – деп, елді бірлікке шақырған ақсақалдардың бірі болыпты. Бұл кешегі өткен қариялар сөзі.

Ақын Сағынбай Тұрғанбаевтың (1972 ж) шежіре өлеңінде:

«… Асылдан Текей батыр,

Тоқтаболат,

Қаражан, Дәуімшар би,

ол Нәрібай.

Шораяқ, Шылым, Ақбай және

Сарман,

Билер ед, әділ билік айтқан сөзін бұрмай», – деген өлеңдегі Сарман, біз әңгіме етіп отырған Сарман би Көшкінбайұлы. Демек, Сарманның атақты билер және болыс болған Қаражан, Дәуімшарлармен есімінің қатар аталуы, Сарманның билікке араласып би болғанын нақтылай түспек.

Қазыналы қариялардың сөзде­рінен бірен-саран есімде қалған­дарынан айта кетуді жөн санадым.

Бірде көршілес отырған Шөме­кейлермен арада жанжал туып, ел арасында неше түрлі алып-қашпа сөздер көбейіпті. Осыны байқаған, ел бірлігін ойлаған Кете ағайындар, Шөмекейлерге Ешнияз биді жіберуді ұйғарыпты. «Ешнияз кесіп айтар Сарманды қосайық, Сарман сараң сөйлеп, бірін-бірі толықтырар», – деп Сар­ман биді қосып жіберіпті. Айтса айтқандай-ақ, Ешнияз би бастап, Сарман би қостап, алма-кезек сөз алысқаннан кейін, Шөме­кей билері: «Кетенің қос биі бізге ешнәрсе қалдырмай, даудың шешімін де, кесімін де өздері айтты ғой, осыған тоқталайық» – деп, бәтуаласқан екен деседі.

1872 жылы Н.А.Маев құрас­тырған «Материалы для статис­тики Туркестанского края» атты жинақта Перовск, Қазалы уезінде қыс-қыстаған Кетелердің түтін санын нақтылап жазған. Сонда Кетелердің «Шаған», «Қышбөгет», «Әулиесексеуіл», «Кедейтамы», «Аққошқар» елді мекендерін қыстағаны жазылған. Ал, 1910 жылғы есепті санақта, «Шаған» болысындағы 1105 шаңырақтың ішінде Кете мен Шөмекей шаңы­рақтары мүлдем жоқ. Демек, олардың «Жаңадария», «Әулие­сексеуіл», «Қуаңдария», «Май­лы­өзек», «Ақтайлақ» өңіріне ауыс­қаны байқалады.

Қазіргі Жалағаш ауданының «Жаңаталап», «Аққыр» ауылдары маңында Кете мен Шөмекейдің Қара­тамыр руының Бәкен ата­лық­тарының ескі тамдары мен арықтары, олардың атаулары сақ­талған және күні бүгінге де­йін аталып келеді. Соның бірі №16 ауылдағы («Жаңаталап») «Құлыс арық». Бұл арық сағасын «Түктібай жармасынан» алып, 5-6 шақырымға созылады. Оның бойында ертеректе, бидай, арпа, тары, кейінгі жылдарда қауын-қарбыз егіліп, мол өнім алынушы еді. Кезінде әкелеріміз бұл арықты «Кетенің құлысы» қазғандықтан «Құлыс арық» аталғанын айтса, Тоғызбай ағамыз «Бұл арық бабаларымыздың көзі ғой», – деп отыратын. Сөйтсек, ХІХ ғасырдың 70-жылдары бұл арықты Құлыс Кете Сарман Көшкінбайұлы қаз­дырып, содан бері «Құлыс арық» аталған екен.

Үшінші бір дерек көзінде 1911 жылы Қазалы уезіне қараған «Аққыр» болысындағы 1406 ша­ңырақтың 909-ы Кетелер, «Қуаң­дария» болысында түгелдей 1054 түтін Кетелер, «Жамансыр» болысында Кете ағайынның 169 шаңырағы тіркелген екен.

Ауызша әңгімелердің бірінде, Сарман жиендерін қамқорлығына алып, оларға ерекше көңіл бөлген кісі болыпты деседі. Жиендері келсе, қатты қуанып, тіпті тай-құлынын мінгізіп жібереді екен. Осыларды көріп жүрген бір замандасы: «…Жиен ел болмайды, желке ас болмайды», – деген аталарымыз, бұның қалай дегенінде: «Жиеннің жақсы болуы нағашысына байланысты, олар нағашысына қарап бой түзейді», «Жиенің жақсы болса – қолқанатың, жаман болса – сорың», «Жиен де менің ұрпағым, қанатымызға алсақ жетіледі, қыз – өріс емес пе» деп құрдасын тоқтатып тастаған көрінеді.

Сарман баба айтқандай, бүгінде сол әулеттің жиендерінің бірі (Сарман баласы Қосшыбайдың қызы Балагүлден туған) Әміре­ұлдары Рақыш – ғылым докторы, Махмұтбай – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бабалар өсиет еткендей, бүгінгі күні біз де жиендеріміз Әбен, Марқа, Сәрсенкүлдерге жиен деп емес, бірге туғандай қараймыз. Олар да солай.  Біздің жиеннің үлкені Әбен Тоғызбаев – атақты күрішші. «Ленин» орденді азамат еді. Қазір Қармақшы ауданы орталығындағы үлкен бір көше сол кісінің атымен аталады.

Қорыта айтқанда, біз зерделеп, зерттеген Сарман би Көш­кінбайұлы аса бай болмаса да, алдына салған малы, қонақ күтіп, шығарып салатындай жағдайы бар, елге сыйлы, ел бірлігін ойла­ған ел ағасы, би болған адам. Артында сөзі мен игілікті істерін қалдырған есімі ескерілер тұлға­лардың бірі деп білеміз.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Сарман бабамыз 1830-1832 жылдар шамасында өмірге келіп, 1878-1880 жылдары өмірден озған және бабаларының құтты қонысы болған «Ақтайлақта» жерленген.

Бүгінде Сарман, Дәрмен бабалардан тараған ұрпақтары тірлігі мен бірлігі жарасқан бір қауым ел.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

 зерттеуші, жазушы,

этногроф, «Құрмет» орденінің иегері,

Қызылорда қаласының

«Құрметті азаматы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<