Адам өмірі қызық қой… Дүние жарығына кірпігіңді ашқанда, алдымен ата-анаңның асып-төгілген махаббатына бөленесің. Есің кіріп, етек жапқанда, «әке – асқар тау, ана –бауырындағы бұлақ» деп, әлемдегі ең қымбат қимасыңа балап, перзенттік сезіміңмен сүйіп, қасыңда жүрсе де сағынасың, көз қиығыңнан сәл алыстаса, аласұра іздейсің. Ер жетіп, ерге мінгенде, алдағы армандарыңа қол соза тұрып, артыңа қарайлайсың, қарайлайтының – саған ақжолтай сапар тілеп, жол үстінде көзін сүртіп анаң тұр, батасын беріп әкең тұр. Мұратыңның мәнін түсініп, алғашқы жемістерін көре бастағаныңда, қу түлкі тірліктің құйрығын, қауқарлы қызметтің қызығын қуып, арқаңа айналып қарауға мұршаң болмайды, алыстағы немесе үйіңдегі ата-анаңның қабағын бағуды келіннің күрең шайына, немересінің қамсыз күлкісіне тапсырып, қысқа күнде қырық қабынып, сексен сүрініп жүргенің. Рас, бір сәт қайратың қажып, топшың тозыңқырағанда болмаса, ғайыптан дәрежең өсіп, мейманың тасығанда, деміккен деміңді басып, алаң күйден арылып, бас амандығыңды тілеген үлкен кісілерге ықыласың түсіп, бала күнгідей бауырына тығылғың келеді. Келіншегің мен көрінген екі-үш қараңды таңғалдырып, анаңның мойнына асылып, әкеңнің тізесіне басыңды қойып, өткен-кеткенді сөз қылып, құс қанаты күйген күндерге жалаңаяқ барып-қайтасың, көкжасық кезіңдегі үзік-үзік оқиғаларды есіңе түсіріп, елжіреп аласың. Гәп арасында түбің түскір күйкі тірліктің адамды тасбауыр етіп жіберетінін шағына айтып, байқатпай, қариялардан кешірім сұрағандай боласың. Енді ата-анаң қысыла бастайды – «құлыным!» деп еміренейін десе, сол сөзді күнде естіп немерелер жүр, «жарығым» деп жамырайын десе, ол сөзді де келін-шырақ табалдырықтан аттағалы бері өзіне еншілеп алған! Қос мұңлық, кірпігі дымданып, еті қашқан тарамыс саусақтарымен арқаңнан сипап, шашыңды тарақтап, үлкен махаббатын осылай үнсіз сездіреді. Бірақ осының бәрі – соғыстың соңғы күнінде майданда мерт болған әкесін өмір-бақи, бірінің басы жерге, бірінің басы төрге жеткенше сағынып өткен, жиырма үш жасында жесір қалып, жауынгер жарының өлмес жырларын қос ұлмен қатар көздің қарашығындай сақтап, болашаққа жеткізген жансебіл анасын алақанына салып ардақтаған Нағмеддин мен Амангелдідей қос ағамның бір күндік махаббатына тати ма екен? Қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбдірашев «Соғыстан соң туғандар» өлеңінде:
«Соғыс көрген әкелерден жаралып,
Соғыс көрген аналардан өнгенбіз» – деп жырлайды. Ал, қанды қырғынның қарсаңында туып, қар кешіп, қара сирақ жар кешіп, жарым-көңіл аналарымыздың етегіне орала жүріп, аңыздан масақ терген, соғар-соқпас жүректей лүпілдеп тұрған майшамның түбінде майданнан келген үшкіл хаттарды ежелеп оқып, иегі кемсеңдеген Әбзәлидің қос баласын қай буынның қатарына қосар едіңіз? «Соғыс көрген әкелердің» өзі шығар бұл күнде? Әлде «жеңіс әкелген ұрпақ» па екен? Қалай десек те, от пен судан жаралып, оқ пен өрттен аман қалған өрендер олар! Қармақшы топырағы, қала берді, Сыр бойы осылай ойлайды. Екі ағамның әкесі Әбзәли Егізбайұлы Тұрмағамбет ақыннан дәріс алып, дәстүрін үйренген, Шығыс шайырларының, Сыр сүлейлерінің жыр үлгісінен сусындаған, бала оқытып, бақуат тапқан, жауһарлатып жыр төккен келімді жан болған. Ел ішіндегі екі-үш екпіндінің бірегейі. Бірақ сол кездегі солақай саясат жамиғаттың жақсыларымен бірге от ауыз ақынды да жазықсыз жазалап, түрменің төрт көзіне телміртеді. Қысталаң күндерді басынан кешіріп, Охот теңізінің ойпатында, Колыма өзенінің бойында Дальлагта кен қазып, тоң аударады. Сырдың суына суғарылып, қырдың аптабына ысталған ол қиындыққа шыдап, келер күндерге үмітін жалғап, шарқ ұрып әділдік іздейді. Ақыры «аққа жаққан қара» өшіріліп, «халық жауы» деген жаладан арылып, туған ауылына оралып, ұстаздық қызметін жалғастырады. Ескерусіз жылдардың есесін толтырып жыр жазады, дарынды жастарды өнерге баулиды. Алайда, ала бұлтсыз мезгіл де ұзаққа созылмайды. 1942 жылы қос құлыны мен анасы Баршабикені жан жары Қаншайға аманаттап, майданға аттанады. Ресейдің біраз қалаларын жаудан азат етуге қатысып, Балтық теңізі жағалауына дейін барады. Жеңіс күнін Қиыр Шығыста қарсы алады. Алайда, жауынгер ақын үшін соғыс әлі бітпепті. Қытайдан, Маньчжурия даласында жапон басқыншыларымен мылтықтасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, аңдысқан дұшпанды тізе бүктіруге қатысады.
«… Болған соң, амал қанша, солай дәуір,
Бір мен бе, қиналды ғой талай бауыр.
Жорықтан жеңіп жауды жетсек елге,
Қарсы алар құшақ жайып дос, жар, ауыл» – деп, соғыстың соңғы нүктесін қойып, ауыр эшелонмен Отанға оралып келе жатқанда, жапонның әлі де жеңілісті мойындамаған авиация бөлімдерінің тұтқиыл шабуылдарына ұшырап, Маньчжурия жерінде қаза табады. Аңырап ана, жамырап жар мен бала қалады… Мұндай қасіретті адам баласы көтере ала ма? Көтереді екен! Қаншай анамыз енесі Баршабике мен тарланнан қалған тұяқтар – Нағмеддин мен Амангелдісін әлпештеп, аялап, қатарынан кем қылмай, әлмұлық күнге жеткізді ақыры. Бірде Қаншай анамыздан «Әбекеңмен неше жыл өмір сүрдіңіз?» деп сұрағанда, «Әй, шырағым, қайсыбірін айтайын, ағаларыңды қудалаушылар көп болды ғой, ақырында жазықсыз да ұсталып кетті. Бірақ, әрі өтіп, бері өтіп жүріп маған бір-екі бала тастап кетті ғой. Құдайдың мұнысына да шүкір. Осы екеуі сол ағаңнан қалған ескерткіш ғой» деген екен. Жарықтық, жәннатта нұрың шалқығыр. Міне, сол ескерткіштер, менің қос ағам – Нағмеддин мен Амангелді Әбзәлиұлы бүгінде Сыр өңіріне белгілі азаматтар. Аяулы ананың қамқорлығының арқасында бірін-бірі жетелеп өсті, жетімбіз деп жасымады, жеттік деп тасымады. Сүйегі асыл тәрбие бойларына жұқты. Жауынгер ақынның соңында қалған мол мұрасын зерделеріне сіңіріп, әкесіз-ақ әкенің тәлімін көріп жетілді.
«Нағжан, Амантай»,
Не халде сіздің жай.
Сағынып, сабыр ғып,
Көкең жүр бара алмай.
Шат өмір – сендерге,
Көкеңнің тілегі.
Асығып көруге,
Сыздайды жүрегі.
Жақсы оқы сабақты,
Күндіз-түн жалықпа.
Ұққыш бол талапты,
Ұстазды налытпа…» деген әкенің аманатына адал болып, мектепті де, жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, қияға қанат қақты.
Туған жерге туларын тігіп, қалтқысыз қызмет етті. Өмір дейтін Ұлы Ұстазды «налытқан жоқ» – өсті, өркендеді, майдангер шаңырағының уығын биік көтерді, ұрпағын жалғастырды, арманын алға астырды. Аналарының жамбасы жерге тигенше аялап, ардақтады. Жауынгер жырларын жинақтап, бірнеше рет кітап етіп жарыққа шығарды. Әкенің есімін ел есінде қалдыру үшін талай толымды шараларды иықтаса жүріп атқарды. Пейіште нұрың шалқығыр Нағмеддин ағамыз қарапайым еңбеккерден Қармақшы ауданы тұтынушылар қоғамының төрағасы, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Әбзәли ақынның дәулескер дарыны бойына дарып, төгілтіп жырлар жазды, дастандар толғады. Ғылыми-зерттеу орталығында қызмет ете жүріп Сыр сүлейлерінің мұраларын жинақтап, жаңадан табылған дүниелеріне ғылыми түсінік беріп, халқымен қауыштырды.
Ал, Амангелді ағам ше… Бұл кісінің мен үшін орны бөлек. Қызылорда қаласы табанында азды-көпті жарты ғасырдан астам ғұмыр кешкенімізде талай игі жақсылармен сыйласып, құрметтесек, үш ағам – Әбдіраш Іскендіровтің, Әбжан Айсауытовтың, Амангелді Әбзәлиұлының шоқтығы биік тұрады. Үшеуінің де іні боп ізіне ердім, ілімін тердім. Мақтаныш тұттым. Отбасымызбен сыйластық. Жеңгелеріммен абысын-ажын болып табақ араластырған біздің үйдегі Зейнегүл келіні Әбекең, Амангелді Әбзәлиұлын айтам, алпыс жасқа толғанда, Кетенің келіні емес пе, қызды-қыздымен өлең арнап та жіберген:
Сол үш Әбекеңнің кішісі – Амангелді Әбзәлиұлы, міне, сексеннің сеңгіріне байрақ байлап отыр. Ағаның өмірбаяны көңілімізде көркем жазудай сайрап тұр.
1959 жылы Ташкент теміржол техникумын бітіргеннен кейін 48-ші Жосалы жол дистанциясында аға жол жұмысшы, жол бригадирі, жол шебері қызметін атқарған. Қармақшыдағы 1602 жылжымалы-механикалық колоннада аға экономист, жоспарлау бөлімінің бастығы, бас инженер болып еңбек етті. 1969 жылы Мәскеудің бүкілодақтық теміржол институтын бітірді. 1973-1975 жылдары Қазалы аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1975-1980 жылдары облыстық Кеңесі атқару комитетінің жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы, 1980-1982 жылдары облыстық партия комитетінің өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі, 1982-1984 жылдары Мәскеудегі СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық білімдер академиясының тыңдаушысы болды. 1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінің өндіріс-транспорт және халық тұтынатын тауарлар бөлімінің меңгерушісі, 1985-1989 жылдары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарды. 1991-2005 жылдары «Қызылордамұнайөнімдері» акционерлік қоғамының президенті, «ҚОР» мұнай компаниясы акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Қырық жылдан астам уақыт облыстық партия, кеңес және шаруашылық органдарында басшы қызметтер атқара отырып, аймақтың, әсіресе Қызылорда қаласының өркендеуіне зор үлес қосты.
Қағаздың сүйем қарыс көлеміндей ғана өмірдеректің қабатында қаншама жылдардың шежіресі жатқанын білсең ғой, шіркін. Дәме жеңгемізбен қол ұстасып кешкен ғұмырында:
« … Ер қабағы түнерген,
Күндіз-түн демей үдерген,
Кідірмей асқан күзерден
Өмірдің сырын еттім жыр» – деп, әкесі толғаған жырдың сілеміндей соқпақта санқилы жандармен қабақ қағысып, табақ тартысып, ұғысып, ұйысып, барақатты дәуренді бастан кешіріпті. Құдай берген қанағатшыл, кең балақ, көпшіл мінезінің арқасында жақсы-жайсаңдармен иық теңестірді, ешкімнің бетіне жел болып тимеді, бірақ, түбінен бұйырған тектілігіне сайып, төбесінен құс ұшырмады. Айдыны асып, атқа да отырды, мініп-түсетін үзеңгісі барын ұмытпай! Әсіресе халық депутаттары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде жаны ышқынып жұмыс жасады. Қазақтың алғашқы астанасы болғанымен, ол кезде Қызылорда мен Гурьев қалаларына орталық несібені шымшып беріп, шырайын шығармайтын. Күрмегінен айырып, күріш басса да, күн көреді дейтін шығар. Есесіне көмірі мен темірі мол, қайласы мен айласын қатар жұмсайтын аймақтарға қыруар қаржы науадай құйылатын. Көріп тұрып ішің удай ашиды, бірақ, амал жоқ, қап түбіндегі қылаудай қаржыны әрі тартқылап, бері тартқылап, елдің игілігіне жаратуға тырысасың, ішкі мүмкіндіктерді іске қосасың. Әйтеуір Сырдың бас қаласының сәулеттік, әлеуметтік келбетін ажарландыруға барыңды саласың. Несін айтасың, шаһардың тоғызыншы төрағасының тұсында облыс орталығы өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайды. Оны көзкөргендер бүгінге дейін айтып жүр. Тумысынан шаруаға мығым, білімі мен білігі ұштасқан басшының тынымсыз еңбегі мен ізденісі елеусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі» ордені, бірнеше медальдарды омырауына тақты.
Ол өмір бойы майданнан жазған хаттары арқылы ұрпағына ақыл айтқан әкенің аманатына адал болды. Қайбір жылы сағынышқа толы тілегі Маньчжурия даласына қарай жетеледі. Менің қимас досым, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы сол кездегі елшісі Қуаныш Сұлтановпен хабарласып, жауынгер ақынның сүйегі жатқан маңайды анықтап, туған жердің бір уыс топырағын беліне түйіп, алыс жолға аттанды. Соқтықпалы, соқпалы белден асып, ала бағандардың арасынан адымдай өтіп, ақыры жетті әке қабіріне. Әрине, біз қасында болған жоқпыз, бірақ ақ шашты, күміс самай ағамыздың белгі-тасты құшақтап, ағыл-тегіл өксігенін, сағынышқа толы көз жасы жат та жақын топыраққа тырс-тырс тамып, әке рухымен үнсіз, ұзақ сырласқанын бергі жақта отырып жан-жүрегімізбен сезінген едік…
Бүгінде сегіз ендікті бойлаған абзал ағамызға арманда кеткен әкенің жасамаған жасын тілесек, артық па екен!
Бақберген Досманбетов,
«Қызылорда облысының Құрметті азаматы», ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<