«Шырақ, соғыс аяқталды, енді таста қаруыңды»

679

0

Қасым Қайсенов – жаужүрек партизан жазушы. Соғыс аяқталар сәтте Украин партизандарының атақты қолбасшысы Сидор Ковпак: «Вася (украиндар Қасымды осылай атайтын), сен жақсы соғыстың. Елге қайтуыңа болады. Бірақ әзірге Киевте бейбіт өмірге бейімделе тұр. Кейін өзім шығарып саламын» дейді. Ковпак Қасым партизан ақын Жұмағали Саинмен Алматыға жүргелі тұрғанда арнайы жазылып, мөрмен ашылмастай етіп желімденген хат тапсырады. «Қа­зақстан Компартиясының бірінші хатшысы  Жұмабай Шаяхметовке!»  дейді. Тәртіп бойынша хатты ешкімнің оқуға құқы жоқ.

Қасымға Ковпактың «жақсы соғыстың» деп айтуы тегін емес. Ол – барлаушылардың арнайы мектебінде оқыған, жекпе-жекте талай немістің көзін жойған, ештеңеден тайсалмаған батыр. Ал ондайлардың көпшілігі бейбіт өмірге бірден сіңісіп кете алмайды. Ашушаң келеді. Бұзақылығы ештеңе етпейді, кездейсоқтықтан ауыр қылмысқа баруы да мүмкін. Ал бейбіт өмірде заң ондайларды кешірмейді. Ковпак осынысын біліп, батыр тағдырына немкетті қарамағандықтан, Шаяхметовке арнайы хат жазып отыр.

Ендігі қызықты қараңыз. Қасым Алматыға келіп отбасына қосылып, пәтер жалдап тұрады. Соғыстан кейін елдің жағдайы әлі ауыр. Нәпақа табатын жұ­мыстың көзі тағы көрінбейді. Азық-түлік кәртешкемен беріледі. Партизан бейбіт өмірге бейімделмегендіктен үйінде етігін, партупейін шешпей, аты-жөні жаылып берілген тапаншасын жастанып ұйықтайды екен. Жұмағали: «Әй Қасым, әлгі хатты Шаяхметовке кіріп, тапсырдың ба?» деп сұрайды кейінірек.

– Әлі бара алмай жатырмын, ол кісі кім өзі? – дейді нақтылап алғысы келіп. – Военком ба? Сауаттылау Жұмағали ағасы кү­ліп: «Ол – үлкен бастық. Воен­ком-саенкомдарыңды бір шы­бықпен қуатын бастық» – дейді.

Қасымның ЦК-ның үйіне кір­гені де қызық хикая. Алды­мен ауыздағы милициямен шатасады. Милицияға Қасым: «Саған та­пан­шамды бермеймін. Кім­сің сен?» – деп жағасынан алуға ұм­тылады.

Қасынан өтіп бара жатқан ЦК-ның иманжүзді қызметкері олардың үстінен түседі. Президиум төрағасы Әбдісәмит Қазақбаевқа, ол Шаяхметовке алып барады. Қасым бір аптаның ішінде ЦК-ның жер бөліміне жұмысқа орналасады, азық-түлік кәртешкесін алады. Бірақ, жұмыстың барысына қаныға алмай кабинетінде күнұзақ зеріккенде тапаншасын бөлшектеп тастап, майлап отырады екен. Мұны естіген Қазақбаев:

– Шырақ, соғыс бітті. Сен мұныңды қой енді. Портупейіңді, тапаншаңды үйіңе қалдырып кет. Үкімет үйіне бұлай келуге болмайды, – деп сыпайы ғана ескерту жасайды.

Қойшы, әйтеуір, Қасымға олар кейін де көп көмектесіп, талай пәледен алып қалады. Төрт жыл соғыста болып, жауын бауыздап, сөзге келместен тұмсығынан періп жіберіп сұлататын 26 жасар жігітте қандай ақыл болсын, осынысын білгендер қамқор­лық жасайды. «Шырақ» деген қа­зақтың тамаша сөзімен жұбатады. Мұндайды қазіргілер «бұрынғының адамдары-ай!» деп ризашылығын білдірер еді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз