Сыр мұнайының атасы

507

0

Сыр мұнайының атасы Адамның қолына билік пен дүние-мүлік тигенде, басына сынақ түседі.  Сол сынақтан арына кір шалдырмай, қалпынан танбай, биігінен төмендемей өткен жандарды құрмет тұту ежелден салтымызға айналған. Сыр мұнайының бұлақ бастауында тұрған Есқожа Бергенбаевты аға буын мұнайшылардың «Есаға» деп қадірлеуінің сыры осында. Оның тағдырына «Құмкөлдің» қазығын қағу, Сыр бойындағы мұнай өндірісін сабақты жібіне дейін өз қолымен жабдықтау жұмысы бұйырды.  Бірақ, Есағаң билік пен дүниенің буына мастанбады, табиғатына тән парасат биігінен түспеді. Оны «жұртқа болсын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген елгезектігі, айналасындағыларға мейірім-шапағатын төгіп жүретін ақпейілділігі сыйлы етті.
Есағаң Аралдың тұз өндірушілері қоныстанған «Сольтрестегі» мектепті бітірген соң Павлодар индустриялық институтына түскен. 1969 жылы институт түлектерінің қолына жолдама беріп, күллі Одақ көлеміне таратқанда, «Машина құрастыру» мамандығын бітірген Е.Бергенбаевты Маңғыстауға жіберді. Жолдың басы сол кездегі Гурьев, қазіргі Атыраудан басталды.  Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы «Жас маман екенсің, керексің» деп қарсы алды да, әрі қарай Шевченкоға, қазіргі Ақтауға жіберді. Сол жылдың жазы қуаңшылықпен өтіп, қысы малшы мен шаруаға өте жайсыз болыпты. Қалың қар басып, үскірік боран бірнеше апталап соққандықтан, елдің есінде «жұт болған жыл» ретінде қалған.
Қолында кітап толы шабаданы бар жас жігіттің сапары Шевченкода да тоқтамады. Ондағылар «Қызыл Жұлдыз» орденді «Маңғыстаумұнайгазбарлау» трестіне қарай бағыттады. Трест басшысы, Лениндік сыйлықтың иегері Х.Өзбекқалиев сол кездегі Ералы, қазіргі Құрық деген жердегі экспедицияның автокөлік кеңсесіне жіберді. Жас маманның аудан орталығына тұрақтаймын-ау деген ойы да іске аспады. Осылайша ұзақ жол Ақсу деген учаскедегі геологиялық партиядан бірақ тоқтады. Учаске басында жатақхана бар екен. Көбінесе кавказдықтар жұмыс істейді. Ошақ басы абыр-сабыр. «Бұл не жиналыс?» деп қараса, консервіленген тамақ ысытып жатқандар.  Ұзын-сонар кезекке бұл да тұрды. Содан жұмыс басталды.
Әуелі слесарь, одан механик, кейін өндіріс бөліміне еңбек етті. Қиындықтан қашпайтын қайсар мінезін бірден байқатты. Біртін­деп учаске бастығының эксплуата­ция жөніндегі орынбасары, кейін бас­шысы болды. Тресттің 9 басқар­ма­сы бар еді. Соның екі автөлік бас­қар­масының бірін басқарды. Ол уақытта Қансу, Доңға, Өзен енді бар­ла­нып, Жетібай мұнай беріп жат­қан. Техниканың неше атасы бар, кранның бірнеше түрі, бульдо­зер, тартқыш, экскаватор, тракторлар. Трест 1974-1975 жылдары Қара­жамбас, Қаламқас, Бозашыны бар­лап, мемлекеттік комиссияға тап­сыр­ған.
Жалпы, «Маңғыстаумұнайгаз­бар­лау» 40-қа жуық кен орнын бар­лап, жер қойнауындағы «қара ал­тын» қорын анықтаған. Осындай ерен еңбегі үшін Ш.Есенов, Ж.Дос­мұхамедов, Х.Өзбекқалиев,  В.То­карев Лениндік сыйлыққа, 5 адам КСРО Мемлекеттік сыйлығына, 2 адам Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Гео­логия министрлігі соғыстан кейін­гі мемлекеттің стратегиялық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуде, жаңа ке­ніштерді тауып, әбден тұралаған эко­номиканы аяққа тұрғызуға ерен еңбек сіңірді. Есағаң сол жан­кешті жұмысымен мемлекеттің ең биік марапатына ие болып, қара­пайымдылық қағидасынан атта­ма­ған жандардың бірінің көзін көр­ді, енді бірімен қойын-қолтық жұмыс істеді. Олар да Есағаңның тех­ни­каның бір бұрауын мүлт жі­бермейтін іскерлігін бағалап, қыз­мет сатысымен өсіріп отырды.
Барлау дегеніңіз – қаржы бөлі­ніп, бұрғылау тереңдігі белгіленген соң, уақытпен санаспайтын жұмыс. Оған барлық басқармалар мен кадр­лар жұмылады. Егер жұмыс дұ­рыс үйлестірілмесе, іс кері кетті дей беріңіз. Жоғарыда аталған аза­маттардың табандылығы мен өз ісі­не адалдығы арқасында тресттің ата­ғы аспандады. Өйткені олар со­ғыстан кейінгі қиын жылдарда ең­бекпен есейген буынның  өкілдері еді. Мен де еңбек жолымның басын­да осы қазақ геологиясының кори­фейлерінен тәлім алғанымды мақ­тан тұтамын.      
1983-1984 жылдары «Маң­ғыс­тау­­мұ­най­газбарлау» экспеди­циясы ең бірінші 5800 метрлік терең бұр­ғылауды «Өліқолтық» деген жерде бастады. «Өліқолтық» аты айтып тұрғандай, теңіз қолтығындағы сордың ортасы. Бұлай аталу себебі, теңізден жел соққанда су шайып кетеді де, орны сор болып, кеппей қалып қояды. Жоғарыда атап өткеніміздей, осы кенішті қазған Базарбай Қосмамбетов КСРО Мем­лекеттік сыйлығына, Сүйеген Сал­манов ҚазКСР Мемлекеттік сый­­лығына, Бозашыдағы кен орын­да­рын ашқан В.Нечаев КСРО Мем­лекеттік сыйлығына ие болды. 1977 жылы Қазан революциясының  60 жылдығына  орай трестке «Еңбек Қызыл Ту» Ордені берілді.  Бұл азаматтар еңбегінің шынайы бағасы еді.
Есағаңмен «Маңғыстаумұнай­газ­барлау» экспедициясына жұмыс­қа келгенде 1982 жылы күзде таныс­тым. Автокөлік басқармасының бас­­­тығы екен. Аралдың тумасы бол­­­ғандықтан, мені бірден бауыры­на тартты. Ол кісінің міндеті – ара-қашықтығы 200 шақырымдық бар­­лығы 16 кенішті көлікпен қам­та­масыз ету. Жол жоқ, көліктер ай­далада адасып, рациямен байланысып, одан нәтиже болмаса, «АН-2» ұшағымен іздеуге шығады.
Сол «Өліқолтықтағы» мұнай­шы­лар бейнетті белшеден кешіп жатқан кез есте. Алып қондыр­ғы­ны сорға апару, оған жол салу, кө­шіру жұмыстарын сор түгілі құр­ғақ жерде атқару оңай емес. Аға­мыздың «Қаламқас» кен орнын игеру үшін кеніш басында 2 ай жатқаны бар. Қазір Үстіртке ау­ыр жүк көліктерімен шыққан кез­дегі, «Өліқолтықтағы» сорға тік­ұшақпен ауыр техника түсірген сәттегі өміріне қауіп төнген кездер Есағаңның түсіне жиі енеді екен. Сол кезден қалған естелік – еңбек кітапшасындағы «Қаламқас» кен орнын игергені үшін 50 сом сыйақы берілсін» деген жазба ғана.
1985 жылы КСРО Мұнай өнер­кәсібі министрлігінің «Құмкөл» ке­­ні­­шін игеру туралы бұйрығы шықты. Есағаңа аудандық партия ко­мите­тінен, «Маңғыстаумұнай» бір­лестігі басшысының орынбасары болған М.Саламатовтан ұсыныс түс­ті. Елге қайтып, сонда қызмет іс­теу туралы ой жасы 40-тан енді ас­қан жігіт ағасының көңіліне қонды.
Әуелі Саламатов екеуі Е.Әуел­бековтің қабылдауында болды. Хат­шы жиналыс үстінде барлық дең­гейдегі басшы азаматтарға мұнай өнеркәсібін дамытуға көмектесуді тапсырды. Бірақ бұрын-соңды бұл кәсіппен айналыспаған өлкеде Маң­­ғыстаудан келген екеуінің мой­­нына жүктелген міндеттің сал­ма­ғын таразылайтын адам жоқ­қа тән еді. Әуежайға ұшақтың қо­нуы, «Құмкөлге» көліктің жүруі, жұ­мысшыларды тамақпен, пәтер­мен қамтамасыз ету туралы әңгіме қоз­ғалса, ат-тонын ала қашатындар көп.
Кеніш басындағы жұмыс мұ­найды барлаумен бітпейтіні белгілі. «Құмкөл терең бұрғылау» экспедициясы құрылған соң, мұнараны монтаждау, оны Қызылордаға әкелу басталды. Базаны орналастыру үшін теміржол тұйығы керек. Бұрын карьер болған жерді тұйық барып тұрған соң, амалсыздан алуға тура келді. Құм төгіп, тегістеліп, тех­ника әкелінді. Екі-үш вагон қойып, басшы әрі қарауыл болды. Сеніп тастайтын адам жоқ. Ұрлық өршіп тұр. Сырты цемент тәріздес мұнай өндірісіне пайдаланылатын қоспаның 3-4 қабы күнделікті сырт­та төгіліп жатады. Жұрт цемент екен деп алады да, беймәлім зат екеніне көзі жеткен соң жолға лақтырып кетеді.
Біртіндеп бұрынғы салынып жатқан құрылыс мекемесінің орнына «Құмкөлнефть» мұнай-газ өн­діру  басқармасы құрылды. Оның құрамында «Құмкөл» техно­ло­гия­лық транспорт, өндірісті жаб­дықтау басқармалары, кеніштің құрылысын жүргізу және орналастыру мақса­тында екі монтаж-құрылыс басқар­масы, №4 жылжымалы мехколонна, жұмысшыларды жабдықтау жә­не біздің өңірде алғашқы болып әлеу­меттік даму басқармалары құ­рылды. Осы шаруалардың бар­лығы оңтүстік өңірдегі мұнай газ кеніштерінің ашылуына және «Оң­түстікмұнайгаз» АҚ ірге­тасының қалануына негіз болды. Кей­ін Е.Бергенбаев осы акционерлік қо­ғамның вице-президенті болып тағайындалды.
Есағаңның жабдықтау басқар­масын құрған, Маңғыстаудағы ав­токөлік басқармасын басқарған тә­жірибесін білетін Саламатов өзі­не жалпы мәселелер жөніндегі орын­басар болуға шақырды. Бұл қыз­меттегі міндеті – аты айтып тұр­ғандай, техникадан бастап, жұ­мысшылардың тамағына дейінгі бар­лық мәселелерге жауапты. Көзге көрінбейтін майда-шүйде тірлік сияқты, бірақ осылардың бірінің ше­гесі қисайса, күллі тірліктің ке­теуі кетеді.
Есағаңның қала іргесіндегі «Қа­ра­өзек» ауылын алып, жұмыс­шы­ларды азық-түлікпен қамта­ма­сыз ететін фирмаға айналдырған кез­дері де есте. Бас-аяғы 5 мыңдай жұ­мыс­шыны керек-жарақпен жабдықтау оңай шаруа емес. Бір жағынан ау­ыл да гүлденді. Халыққа жұмыс, техника берді. АҚШ-тан ет комбинатын, Израильден сүт зауытын әкелді. Қысқасын айтқанда, азық-түлік қорын құрды. Азық-түлікті ке­ніш басына қыста үсіп кетуден, жазда бұзылып кетуден сақтау үшін тікұшақпен тасыды. Фин елінен кор­пустар жеткізіп, медициналық қыз­мет ұйымдастырды.
«Құмкөлдегі» кадр мәселесін ше­шуде Есағаң көп еңбек сіңірді. Ол кезде маман тапшылығына бай­ланысты кенішті ресейлік меке­мелердің біріне беру туралы ұсы­ныстар айтылып жатқан-ды. Іс­тің басы-қасында жүрген жігіт­тер намысты қамшылап, бұған жет­кіз­беді. Негізгі мамандар мен жұ­­мысшыларды Маңғыстаудан «ЯК-40» ұшағымен тасымалдап, ау­ыс­тырды. Бір айта кетерлігі, «Құм­көл» – ба­тыстағыларға қара­ғанда жобаланып салынған кеніш. Есағаңның бас­шылығымен кеніш басына  фин вахталық қалашығы, асханасы әке­лінді. Қара­қайыңға дейін мұнай құ­быры салынды.  Әуелгіде электр станциясымен басталған жұмыстың бар тауқы­метін Есағаң тартты. Өйт­кені электр станциясы тоқтаса, құ­быр бойында мұнай қатып қа­ла­ды. Бұл – бүкіл механизмді істен шы­ғаратын, ең аяғы қылмыстық жауапкершілікке апаратын жағдай. Осылайша қауіп-қатерге бас тігіп басталған жұмыс кейін  жоғары кер­неулі электр желісі жүргізілген соң сәл жеңілдеді. Тоқсаныншы жыл­дардағы өліара шақ болғанмен, «Құмкөл» басындағы мыңдаған адам­­ның ішетін тамағы, жатын ор­ны, жұмысқа бару-қайтуы бүге-ші­ге­сі­не дейін ойластырылған.
Саламатовтың Газлиден мұнай­шы қазақ отбасыларды көшіріп әке­­лу туралы бастамасын іске асыр­­ған, оларды Қызылордаға ор­нық­­тырған осы Есағаң. Ол кезде қазір­гідей көші-қон саясаты қа­лып­­таспаған. Өзбекстан тарабы кө­шіп жатқан отбасыларға малын, көліктерін, мүліктерін тиейтін контейнер бермей, кедергі келтірді. Қарамағындағы көлік­тер­дің бәрін жолға шығарып, Газ­ли мұнай­шы­ларын құмның арасын­дағы тура жол­мен көшіріп алды. Мамандарды топ-тобымен білік­тілік арттыруға, оқып-үйренуге жіберіп, осы жерден де оқу комбинатын ұйымдастырды. Осылайша мұнай берілгенге дейінгі 3-4 жылда кадр дайындау белсенді жүрді.  
Келген мамандар мұнда тұрақтау үшін, әрине, үй керек. Бұл түйткілді де Есағаң асқан жанашырлықпен шешті. КБИ шағын ауданынан «Мұ­найшы» деген кент бой көтерді. Ол кезде қалада жылу, жарық мәселесі қиын еді. Кенттің өз скважинасы, Индиядан әкелінген жылу беру қазандығы, тақтайдай тегіс жолы, дүкені болды. Тағы бір айтарым, ол үй, басқа да материалдық игіліктерді үлестіруде ізіне сөз ертіп, ешкімнің ренішін арқаламады. Сол кезде жұмысқа келген геологтар мен мұ­найшылардың барлығы да Ес­ағаң­ның қолынан жолдама алды. Осы жерде орнығып, білікті маман атан­ды.          
Кейін Есағаң кеніш канада­лық­тар қолына өткенде әкімшілік жа­ғында басшының орынбасары болды. «БИС» компаниясы ашылған соң, кеңесшілікке шақырылып, сол жер­ден зейнетке шықты. Бірақ кә­нігі маманның ақыл-кеңесіне жү­гінген басшылық тағы біраз жыл Есағаңды қатардан қалдырмады.  
Бүгінде ақсақалымыз 75 жастың биігіне бала-шағасының ортасын­да, өзін сыйлайтын інілерінің ізетін көріп жетіп отыр. Сол баяғы қара­пай­ымдылығы, адалдығы абыз жасымен жарасым тапқан. «Алды­мызда Есағаң бар» деп біз де арқа сүйейміз. Аман болыңыз, Сыр мұнайының атасы.
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<