Сыр жұртшылығына белгілі, 1998 жылы наурыз айында өңіріміздің екі іргелі жоғары оқу орны біріктіріліп, оның басшысы болып тағайындалдым. Ол күндердің маған жүктеген жауапкершілік ауқымы, мені күндіз–түні ұйқыдан айырған беймаза кездері ерекше еді. Аз ұйықтап, көп ойланатынмын. Бағыттары әртүрлі екі үлкен ұжымның педагогикалық құрамын бір іске біріктіру, бір мақсатқа жұмылдыру, ортақ мүддеге бағыттау, екі жоғары оқу орнынан бір үлкен көпсалалы университет құру оп–оңай шешіле салатын шаруа емес–ті.
Шаруашылық жұмыстарын және оқу орындары ғимараттарының жай-күйін айтпай-ақ қояйын, оқу процесін сапалы ұйымдастыру, педагогикалық және техникалық мамандықтардың құрылымын сақтап қалып, қайта кеңейте түсу, ұтымды жолдарын тауып, бір арнаға тоғыстыру, ежелгі Сыр бойындағы бірден-бір мемлекеттік жоғары оқу ордасының білім беру ісін еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен теңестіріп, халықаралық деңгейге дейін жеткізу, тағы басқа қат-қабат кезек күттірмейтін жұмыстар жатсам-тұрсам мені толғандырған түйткілдер ретінде санама дамыл бермеді. Осындай сындарлы сәтте маған тәжірибелі маман, сенімді серіктес, ақылман әріптес, қолдаушы қанаттас, жанашыр дос аса қажет еді. Кімді таңдаймын, кімге сенім артам, кімнен қолдау таба алам? Әрине, мұндайда іскерлігіне, жауапкершілігіне өзімнің көзім жеткен, алдымда үлкендігімен де, ғалымдығымен де үлгі бола білген ұлағатты ұстаз Серікбай Иманбайұлына үміт артып, оқу ісі жөніндегі проректор қызметіне тағайындап, университеттің жауапты саласын сеніп тапсырдым. Мұным өте дұрыс, орынды шешім болды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып құрылған жоғары оқу орнына оқу ғимараты етіп берілген бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің үлкен ғимаратын оқу процесіне бейімдеп қайта жабдықтау, аудиториялар, қажетті кабинеттер ашу, әкімшілік-басқарушы персоналға, құрылымдық бөлімшелерге қажетті кабинеттер жасау жұмыстарымен қатар, оқытушы-профессор құрамын, қызметкерлерді лайықты таңдап, іріктеу, студенттердің білім алуына толық жағдай жасау жұмыстарын жедел әрі ұтымды атқару күн тәртібінде тұрды. Осы істердің бәрінде тәжірибелі әріптес, ғалым ұстаз С.И.Қошқаровтың өмірлік, еңбек тәжірибесіне арқа сүйеп, ақыл-кеңесіне құлақ асып, шешім қабылдадық. Оның үстіне біз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді үлгі тұтқан алдымыздағы ұлағатты әке-ағалардың, үлкендердің ұсынысын тыңдап өскен келелі ұрпақтың өкілі екеніміз шындық. Осылайша, қатар жүріп, уақытпен санаспай университетті жаңа белеске көтеруге бірге еңбек еттік. Жоғары білім ордасының халықаралық және ұлттық деңгейлерде жоғары рейтингке қол жеткізуі біздің иық тіресе жүріп атқарған еңбегіміздің нәтижесі. Сол жылдарда жоғары оқу орнының қалыптасып, дамуында, өсіп-өркендеуінде бес жылдан аса бірінші проректор лауазымында қызмет атқарған Серікбай Иманбайұлының қолтаңбасы, үлкен үлесі жатыр. Менің басшылық тұғырдағы бастамаларыма қолдау жасап, қамқорлығын көрсеткен Серікбай ағаға ілтипатым ерекше. Кейін университет жанынан ашылған Экология және су шаруашылығы жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, су шаруашылығы және жерге орналастыру кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
…Өткен күндерден белгі көп. Бірге жүрген күндер біліндірмей біраз асулардан өткізіпті. Бұл күнде ғұмырының жетпіс бесінші белесіне жетіп отырған ғалым-ұстазбен танысып, бірге келе жатқанымызға қырық жылдан аса уақыт болды. Алматыдан В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ-ді (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университет) үздік бітіріп, 1980 жылы атбасын туған жерімдегі Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалына тіреген алғашқы күннен бастап Серікбай Иманбайұлы Қошқаровпен бірге келеміз. Сол кездер әлі есімде. Институтты үздік бітіріп, жоғары білімді маман атанып, елге келген менің алдымда үлкен мақсаттар, ізгі армандар тұр еді. Алға қойған жоспарларымды іске асырсам деген үмітпен елге келгенмін.
Филиал директоры У.Қ.Бишімбаевпен жақынырақ танысып шыққан соң, аспирантураға кеткелі тұрған Н.С.Бажиров (филиал директорының ассистенті) мені ізіне ертіп, жұмыс орныммен таныстырды. Себебі, У.Қ.Бишімбаевтың ендігі ассистенті мен болып тағайындалдым. Филиалды аралатып, бәрін көрсетіп шықты. Нұрлыбек Сайфуддинұлы филиалда ассистент бола жүріп, қабылдау комиссиясының хатшысы қызметін де атқарған, филиал ұжымында нәтижелі жұмысымен өзінің орны бар маман екен. Сол күні филиалда қалыптасқан дәстүрге сәйкес Нұрлыбек Сайфуддинұлын аспирантураға шығарып салуға жиналдық. Осылайша, жұмысқа кіріскен алғашқы күні-ақ өзімнің болашақ бірге жұмыс істейтін оқу орнымның белгілі ұстаздарымен бірінші рет жүздесіп, жақын таныстым.
Арнаулы пәндер кафедрасының меңгерушісі, филиалдың кәсіподақ комитетінің төрағасы Серікбай Иманбайұлы Қошқаров, физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика-математика кафедрасының меңгерушісі Бақытбек Сисенов, жалпы инженерлік факультет деканы Тұрлыбек Өтешұлы Ысқақов, теориялық механика кафедрасының меңгерушісі Керімжан Сейтжанұлы және Ысқақ Қарқынбаев ағаларыммен танысып, алғашқы жұмыс күнімнің осындай сәтті басталғанына көңілім толып, толқып та, мерейленіп қалдым. Менің ұстаздық тәжірибем жоқ, институтты кеше ғана бітірген жаспын, дастархан басындағылардың бәрі дерлік жастары менен біраз үлкен, ғылыми дәрежелері бар, оқыған-тоқыған азаматтар. Филиалдың табалдырығын аттағаннан-ақ алдымнан осындай ғылым кандидаттары шығып, солардың ортасына түсіп, келелі әңгімелерін тыңдау маған үлкен әсер етті.Сондықтан болар, өнегелі өріс ашқан жандар мен үшін әрқашан құрметті.
1987 жылы Серікбай Иманбайұлы филиалдағы гидромелиорация факультетінің деканы болды. Механика факультетінің деканы – Серік Тойымұлы Әбдрахманов. Ал құрылыс факультетінің деканы Қазыбай Құдайбергенов, оның орынбасары мен болдым. Осы үш факультет арасында барлық жағынан нағыз қызу бәсекелестік жүріп жататын. Жарыса жүріп жұмыс атқардық. Серікбай аға факультет деканы ретінде спорт дейсің бе, көркемөнерпаздар байқауы дейсің бе – бәрінің жанында өзі жүретін. Міне, сонау шақтардан қойын-қолтық жүріп, қызметтес әрі алдымыздағы ақылшы аға болып келе жатқан Серікбай Иманбайұлының жоғары білім беру ісіндегі барлық жетістіктері, өсу-өрлеу жолы көз алдымызда.
Филиалдың дербес институтқа айналуында қаншама қажырлы еңбек жатыр?! 1990 жылы 15 қарашада Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлері институты Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалы негізінде ашылсын деген шешім қабылданды. Ұстазымыз, академик Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаевтың қажырлы, зор еңбегінің нәтижесінде Сыр өңірінде өз алдына дербес аграрлы-техникалық жоғары оқу орны ашылды. Оның игілігін сырбойылық мыңдаған жастар көрді, әлі де көріп келеді. Заманауи үлгіде жаңа оқу-зертханалық ғимараттар кешені салынды, оны қазір №5 оқу ғимараты деп атайды. Осы қызу тірліктің ортасында әрқашан Серікбай аға жүрді. Оның әріптестермен де, шәкірттермен де, үлкенмен де, жаспен де тіл табыса білетін көпшіл қасиеті өзін үлкен құрметке бөледі. Маңайына адамдарды топтастыра білетін, сөзін тыңдата білетін ғалым-ұстаздың абыройлы болуы заңды.
Серікбай Қошқаров – Қазақстанға, облысымызға белгілі су шаруашылығының жоғары білікті маманы. Сыр бойының су мәселесі қашаннан күрмеулі. Жауын-шашыны аз, жазы ыстық әрі құрғақ өлкеміздің іргесінен ағып жатқан бір кездегі асау өзен – Сырдарияның кейінгі тапшы суын егістік шаруашылығына тиімді пайдалану, ұқыппен тұтыну, үнемдей білу, топырақтың құнарлылығын арттыру жергілікті ғалымдарды, су мамандарын толғандырған мәселеге айналды. Сондай ғылыми бағытта ұзақ уақыт ізденіс жүргізіп, зерттеу жұмыстарымен айналысу нәтижесінде Серікбай Иманбайұлы 1997 жылы «Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан суармалы алқаптардың экологиялық-мелиоративтік режимдерін реттеу» тақырыбына Мәскеу мемлекеттік гидромелиорация институтының ректоры, академик Александр Иванович Головановтың кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғады.
Серікбай Иманбайұлы туралы бұған дейін де көп жақсы сөздер айтылып, ғылыми-педагогикалық еңбек жолына арналған мақалалар жазылды. 2017 жылы «Фолиант» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен «Серікбай Иманбайұлы Қошқаров» атты кітап жарыққа шықты, оның редакциялық алқасына өзім төрағалық еттім. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» дегендей, ғалым-ұстаз туралы әріптестерінің, шәкірттерінің, достарының жүрекжарды жылы лебіздері Серікбай ағаның азамат, ғалым, ұстаз, ардақты аға, сенімді әріптес ретінде бейнесін жарқырата көрсетті.
Қызметтен тыс уақыттағы аға-інілік сыйластығымыздың да орны бөлек. Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ауылшаруашылық саласының көрнекті ұйымдастырушысы, ардақты әкеміздің 90 жылдығын атап өту аясында 2016 жылы күзде Сырдария, Жалағаш аудандарында іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Атақоныс Аққұм ауылында әкеміз бен анамыздың рухтарына бағыштап ұрпақтары біршама мерейтойлық шаралар өткіздік. Еңселі тұғырға ардақты әкеміздің мүсіні орнатылды. Өз кәде-жоралғысымен ата-ана рухтарына бағыштап ас бердік. Сонымен қатар ауыл халқы үшін арнайы әлеуметтік нысандар (монша, ипподром, дәріхана, тойхана) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мұндай үлкен шараға жан-жақтан шақырылған меймандар саны аз болған жоқ.
Осы шараларды абыроймен аяқтап, дүйсенбі күні жұмыс барысында жоспарланған университет мәжілісінен кейін Серікбай Иманбайұлы жаныма келіп, қолымды қаттырақ қысып тұрып, екінші қолымен арқамнан қайта-қайта қағып: «Ата-анаңа жасаған қызметіңе ризамын!» деді. Ағаның осындай өзіме деген ыстық ықыласынан көңілімде ерекше рухани күш беретін серпіліс пайда болды.
Анда-санда, өте сирек, өзінің ризашылығын білдіргенде әкем марқұм арқамнан осылай алақанымен қағатыны есіме түсті. Толқып та кеттім. Және мұнымды сездірмеуге тырыстым. Өзімнен бір мүшелдей жас үлкен Серікбай ағаның осы іс-қимылымен көрсеткен ықыласын әкелік ықыластан кем қабылдаған жоқпын. Бұл сәт адам көңілінің кілті аспанда емес екенін тағы бір дәлелдегендей болса керек.
Серікбай Иманбайұлы – бәйтеректей жайқалған шаңырақтың иесі. Қызмет барысында өз орнын тауып, еселі еңбегімен құрметке бөленген ардақты азамат, белгілі ғалым отбасының да шуағына, берекелі бірлігіне кенелген отағасы. Өмірлік серігі Рабиға апай екеуі – білімді, тәрбиелі ұрпақ өсірген аяулы ата-ана. Ел алдында жүрген азаматтың жанында сенімді жансерігі бола білген Рабиға апай – жаны жайсаң, өн бойынан ізгілік, кішіпейілдік нұр шашып тұратын ибалы, сабырлы жан. Ата-аналарының сенімін ақтаған ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан елге белгілі азаматтар, бір-бір отбасының басшылары. Бұл тұрғыдан алғанда да Сәкең – бағы жанған, жолы болған ардақты азамат.
Оның жоғары білім саласына қосқан үлесі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, мерейі үстем болды. Серікбай Иманбайұлының жаңа ғұмыр белесіне жеткен тұсында інілік, әріптестік ізгі лебізімді тағы бір жеткізу маған да үлкен рухани мәртебе, мерейлі парыз.
«Ақыл – ағадан, ілтипат – ініден» деген ұстаныммен арадағы сыйластығымыз әрқашан жарасымды жалғасын тауып, шуақты күндерді бірге қарсы ала берейік.
Мерейлі абыз жасыңыз құтты болсын, ғалым-ұстаз, ардақты аға!
Қылышбай БИСЕНОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<