Сырнаймен саз төккен саңлақ

2787

0

Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажа­йып дүние. Онда адамның асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әртүрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Адам жан-дүниесіне тигізетін әсері орасан болғандықтан оны шынайы ықыласпен қабылдау арқылы ғана түсінесің.

Әлемдік музыка қорына әр халық,  әр ұлт өзіне тән өрнекпен өлшеусіз үлес қосып келеді.

Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов артында өшпестей із, өнегелі іс қалдырған. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, жылдар жылжып өткен сайын оның бейнесі, тұлғасы кесектеліп, сомдала түсіп, абыройы асқақтап, өрісі өсіп келеді. Бұған нар тұлғалы Нартай Бекежановқа  халқының көрсетіп келе жатқан құрметі, ілтипаты мен ізгі көңілі айғақ. Оның әр жыры әділдікке, адамгершілікке шақырады.

Талабы таудай, зерек Нартайға асыл өнер анасынан дарыған. Тапқырлығымен, ақындығымен танымал туған ағасы Мәнсүр Нартайдың бойында  бұлқынып тұрған ағынды аңғарып, оның өнер жолына түсуіне көп ықпал жасаған.

 Қазақта ақындық пен әншілікті қатар алып жүрген Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Майра, Мәди, Әміре сияқты әмбебап майталмандар болғанымен, Нартайдың заманында олардың қатары сиреген еді. Ақын ел арасында ең алғаш әншілігімен танылған. Ке­йін жақсы жыр, айшықты сөз орамына терең мағына, күшті екпін беру үшін өзінің асқақ әндерін  арқау етеді. Демек, оның композиторлық өнерінің де  шоқтығы биік. Нартай Бекежановтың әншілік-композиторлық өнеріне, оның қазақ көркемөнеріне өзіндік бет-бейнесімен, қолтаңбасымен енгеніне, сіңірген еңбегіне ешкім де шек келтіре алмайды.

1990 жылы Шиелі ауданының басшылары, еңбек ардагерлері айтарлықтай атсалысып, Министрлер  Кеңесіне, облыстық партия комитетіне, облаткомға келелі ұсыныстар жолдап, ақынның 100 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар атқарылды. Дайындық барысында, оның ішінде музей құрылысында Мәдениет саласының үздігі Әшімхан Оспановтың, Нартай ақынның төл шәкірті Арзулла Молжігітов, Жолдыбай Ақмолдаевтың ұйым­дастырушылық қабілеті ерекше қырынан көрінді. Қазір Нартай музейінің қорында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары – даңғыра, шертер, сазсырнай, үскірік, жетіген, тайтұяқ, қобыз, шаңқобыз және ақынның сырнайы,  домбырасы сақтаулы. Оның алаңсыз өнерге бет бұруына, яғни сырнай аспабын меңгеруіне Арқаға атағы кеңінен жа­йылған Үкілі Ыбырайдың жиені Тайжан Қалмағанбетов үлкен себепкер болды. Арқаның арқалы ақыны, әншісі Тайжан өзімен бірге  ән мен өлең ала келеді. Алғаш рет сырнай мен домбыраны қатар алып жүруді үйретіп, өлеңдерін шырқатып кеткен Тайжан  ақынды Нартай ұстазым деп құрметтеген. Бір жылдан астам уақыт бірге жүріп, бауыр басып қалған. Оның өлеңдерін жаттап, әндерін сырнай арқылы орындауды ерінбей үйренеді, зердесіне түйеді, қыр-сырына қанығып, өнер жолын бастайды.

Он жеті жасқа келгенде айтулы ақын ұстазының батасын алып, өз жүрек қалауымен ел аралап, той-думан, жиындарға қатысып, халық алдына шығып, жыр жырлайды. Мұнан соң өзінің өнердегі шамасын таразылаған Нартай өнер жолына алаңсыз, шын ниетімен енеді, өлең өлкесін еркін аралайды. Өзі айтқандай, сылдырап аққан өнер бұлағының көзі, арнасы ашылып, тасқынды селге айналды. Иығында сырнайы, қолтығында домбырасы бар ол жүрген жерінің бәрінде халықты сән-салтанатқа, ән мен жырға, думанға бөлеп, өнерге шөліркегендерді сусындатты.

Енді музей қорындағы ұлттық музыкалық аспаптар жа­йынан сыр шертелік. Музей іске қосылмай тұрып, Алматы қаласындағы орталық музейден қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары әкелініп, облыс­тық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері экспозициялық құрылымын құрып, үлкен әдіс­темелік көмек көрсеткен. Музей қызметкерлері облыс, аудан бойынша үй-үйді аралап көне жәдігерлерді жинақтайды. Жан-жақтан үлкен  еңбекпен жинақталған экспонаттар қазір баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Әшімхан Оспанов ауылдағы Ордабек Құрақбаев, Сұлтан Жұманазаров, апалы-сіңлілі Анар мен Дана Сүлейменовалар, Зүлфия Оралова, Үміт Әбілқасымова, Фарида Оспанова, Құттықыз Ша­йыққызы, Айшахан Молжігітова сияқты өнерпаз қыз-жігіттердің басын қосып, «Нартай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбль құруға кірісіп, колхоз (қазір  Нартай ауылы) төрағасы қаржылай көмектесіп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер жасатты. Оған Алматы қаласында тұратын ел өнерінің жанашыры Әбдісаттар Оспанов тікелей басшылық жасады. Ансамбль мүшелері сырнай, сыбызғы, сазсырнай, үскірік, шаңқобыз, қылқобыз, даңғыра, жетіген, тайтұяқ, асатаяқтардың түрлерін ойнап үйренеді және шәкірттеріне үйретіп, ансамбльге  қосып, алғаш рет концерттерінде  орындалды. Ансамбль көп ұзамай колхозшылар алдында, көрші ауылдарға, аудандарға шығып концерт  қо­йып, тойларда  қызмет көрсетіп, ақын тойына қажетті қаржы таба бастады. Респуб­ликалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, арада шамалы уақыт өткенде халықтық атағын алды. 

Жоғарыда аталған аспаптардың ерекшеліктеріне тоқталып өтейін.

Сырнай – қазақ халқында кеңінен таралған музыкалық аспап. Орыс халқы бұл аспапты гармонь деп атайды. Олар бұл аспаптың сүйемелдеуімен кез келген әнді орындап, мерекелердің сәнін келтірген. Қазақ, татар, украин халықтары арасында таралған, бірнеше ұлтқа ортақ музыкалық аспап. Сырнаймен ән салып атағы шыққан Нартай сияқты Майра, Шашубай сынды әнші композиторлар болған.

Домбыра – қазақпен егіз, рухани мәдениетімізді осы күнге жеткізген қасиетті, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольк­лорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылады.

Қылқобыз – екі ішекті, ыспaлы, қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көнесі. ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген Қoрқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Жалпы, ұлттық аспaптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қaтaр, ғасырлар қойнауынан жетсе де, қoбыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Сeбебі оның ішегі де, ысқышы да ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді. Оның қылқoбыз аталуы да сондықтан. Ең үлкен түрі – нарқобыз. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын-шайтан жоламайды деп ырымдайды.

1966 жылы Болат Сарыбаев Өзбек ССР-не қарасты Бұқара облысындағы Тамды ауданына экспедицияға барады. Осы сапарында жергілікті  қариялардан естіген түрлі мағлұматтарға сүйене отырып, қазақта  жетіген деген аспаптың болғанын анықтап, оны жасайды. 1972 жылы  жетігенді жасағаны туралы авторлық  куәлік алады. Сыбызғы, сазсырнай, үскірік, шаңқобыз,  жетіген, асатаяқтардың түрлерін Болат Сарыбаев өзі ойнап үйренеді және шәкірттеріне үйретіп, ансамбльдерге  қосады.

1978 жылы ұйым­дас­тырылған археология­лық экспедиция Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің  айналасында қазба жұмыстарын жүргізеді. Сол қазбада сазбалшықтан жасалған сазсырнай үлгісі табылды. Жер астында ғасыр­лар бойы көміліп жатқан үш ойықты, дыбысы өте таза аспаптың Болат Сарыбаев дыбыс көлемін, регистрін, тембрін, т.б. зерттейді. Бірнеше айдан кейін ойнауды үйреніп, дыбыс диапазонын кеңейтеді. Қазіргі көптеген ансамбльдерде, «Отырар сазы» оркестрінде оркестр тембріне ерекше үн қосып тұрған сазсырнайды өз қолымен жасап, орындаушысын үйретіп, өнеріміздің дамуына аса бағалы сый тартқан.

Шертер – ежелгі шекті аспап, оны да домбыра сияқты ойнайды. Көлемі домбырадан көп кіші, бірақ сыртқы түрі қобызды еске салады, оған жұмыр түр беріп, сыртын терімен қаптайды, аттың қылынан екі шек тартылады. Аспап бір ғана бұрандалы болып келеді, шектің бір басы бұрандаға, екіншісі басына бекітіледі. Ол аңыз, ән, ертегілерді айтқанда қолданылған, бақташылар арасында кең тараған. Қазақтың көне музыкалық аспаптарының біріне жатады, шертіп ойнау тәсіліне байланысты шертер деп аталған. Екі немесе үш ішекті болып келеді. Ертедегі шертер ағаштан ойылып, шанағы көнмен (терімен) қапталған. Дыбыс күші қапталған терінің жұқа-қалыңдығына, ішегінің жуан-жіңішкелігіне қарай бө­лін­ген.

Үскірік – үрлемелі музыка аспабы. Дауысы қыстың аязды күндері соғып тұратын үскірік салқынның ызыңдаған дыбысына келгендіктен, ел арасында үскірік деген атауға ие болған. Дыбыс бояуы сазсырнайдың тембріне ұқсас, диапазоны 2-октаваның до, ми, фа, соль ноталары ғана ойналады. Халықтың аңыз әңгімелерінде үскіріктің тасбақаға, тү­йеге, құсқа ұқсайтын түрлері болғандығы айтылады, оны көбіне балалар ойнаған әрі жеңіл әндерді орындауға пайдаланған.

Шаңқобыз – темірден немесе күмістен жасалған сүйір тілшесі бар көне музыкалық аспап. Басқа атау­лармен көптеген халықта кездеседі. Оның сирек кездесетін бір түрі – ағаш шаңқобыз ағашқа бекітілген жіпті тербеу арқылы дыбыс шығарылады. Бітімі бөлек болғанымен, оның құрылымы өте қарапайым. Ерінге қойып, тіске тіреп ойнайды. Дыбысы тілшені саусақпен шалып тартқан кезде серіппенің тербелісі арқылы шығады. Ауыз қуысы резонатрдың қызметін атқарады. Шаңқобыздың негізгі дыбысы тілдің мөлшеріне байланыс­ты. Тартушы тілінің қимылы арқылы түрлі дыбыс­тар шығара алады. Әуенді әрлеу үшін орындаушылар саусақтарына қоңырау іліп ойнайды.

Сыбызғы халықтық музыкалық өнердің ажырамас бөлігіне айналды. Малшылардың жалғыздығын жебеп, ал кешкі демалыс мезгілінде музыканттар ол арқылы ескі аңыз-жырларды айтқан. Оны меңгергендер барлық той-мерекелердің құрметті қонағы болған. Сыбызғының кең таралуы, қолданылуы оның қарапайымды­лығымен түсіндіріледі. Ойық­­­­та­рынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады.

Даңғыра – көне ұрмалы-сылдырмақты, қатты ды­быс­ты музыкалық аспап. Бұл – бір жағы терімен қапталған, ішкі жағынан темір алқалар сақиналар мен сыл­дыр­малар ілінген дөңгелек шығыршық. Даңғыра – шамандық әдет-ғұрыптардың ажырамас бөлшегі.

Асатаяқ (сылдырмақ) та – ежелгі музыкалық аспап. Оны абыздар мен бақсылар ұстаған. Әдетте, олар ­асатаяқты қыл­қобыз бен даңғыраның үніне қосып қолданатын болған. Жасалу тәсіліне қарай «күмбезді», «жалпақбас­ты», «ай басты», «жыланбас­ты», «сопақша», «қа­лақша», т.б. болып келеді. Оларды ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты ағаштардан жасалады. Бетіне әртүрлі салдыр-гүлдір, шулы дыбыс беретін темір салпыншақтар, сақиналар, шығыр­шықтар тағылады. Асатаяқ туралы деректер Г.Броневский, П.Бекетов, Р.Пфеннинг, т.б. зерттеуші-этнографтардың еңбектерінде кездеседі. Ш.Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған. Асатаяқтың көне түрлері Ықылас атындағы Қазақ музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы. Қазіргі кезде «Отырар сазы», «Сазген», «Шертер», т.б. музыкалық фольк­лорлық-этнографиялық оркестрлер мен ансамбльдер де қолданады.

Тайтұяқ (тұяқтас) қазақ тұрмыс салтында ежелден бар. Қыз ұзатылуына 3-4 күн қалғанда қоштасу әнін айта бастайды. Әуенін тайтұяпен сүйемелдеп отырады. Жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады, тұяқтың ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенеді. Оның ішін әбден тазартып, күнге кептіреді. Бүгінде музыкалық аспап ретінде ансамбль мен оркестрлерде кеңінен қолданылады.

Осы айтылған қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары қазір де өз мәнісін, қадір-қасиеттерін жоғалтпай, «Нартай сазы»  халықтық фольклорлық ансамбль мүшелерінің қолынан түспей, халыққа қызмет етіп келе жатыр.

Жанат ӨТЕЕВА,

Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің ғылыми

қыз­меткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<