Туған топырағын түлетуге маңдай терін сіңірген азаматтардың қай-қайсысы да құрметке лайық. Алған білімі мен өмірлік тәжірибесін өзі атқарған жұмыстың өрге басуына жұмсаған жандардың қатарында Шыназбек Бисембаев та болатын.
Ол жастайынан алғырлығымен, елгезектігімен көзге түсті. Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдағы мектепті бітірісімен сол кездегі астана – Алматыдан білім алуға аттанды. «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауылшаруашылық институты – аты айтып тұрғандай ауыл шаруашылығының әр тармағына мамандар даярлайтын үлкен мектеп. Ата-анасы ерте жастан еңбекке баулып өсірген, Жер-Ананың қадірін ұғындырған. Бел жазбай еңбек етсең, жомарт жердің ризық-несібені молынан төгетінін түсіндірген. Агрономия факультеті үлкендер берген тәрбиені теориямен бекітті. Оқуды 1976 жылы «ғалым-агроном» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Жас маман Қармақшы ауданының сол кездегі Чапаев атымен аталатын, қазіргі Ақтөбе ауылында тұқым жөніндегі агроном болып еңбек жолын бастады. Ол тұста жоғары оқу орнын бітіріп келген жас жігіттердің комсомол, партия қызметіне араласуына мән берілетін. Сенім жүгі Шыназбектің иығына да артылды. Қармақшы аудандық комсомол комитетінің екінші және бірінші хатшылық қызметтерін атқара жүріп, мемлекеттік қызметте, жастардың басын біріктіру ісінде мол тәжірибе жинады. Мұнан кейінгі баспалдақ партия қызметіне қарай өрлетті. Ақжар совхозы партия комитетінің хатшылығы да – өмірінің бір белесі.
Ақжар атакәсіп – егін мен мал шаруашылығы қатар өркендеген мекен. Сол тұстағы тоқырау шаруашылықтың шырқын бұзғанмен, берекесін кетіре алмады. Мұндайда ел ерге қарайды емес пе? Ал Шыназбектей азаматтар бас қосып, күш біріктіріп алдымен ауылдың айрандай ұйыған берекесін сақтап қалуды ойлады. Мамандығы бойынша сол уақытта құрылған өндіріс бригадасының бригадирі, кейін «Ораз ахун» толық серіктестігінің бас агрономы болды.
Ауыл шаруашылығы саласында алған жоғары білімі мен тәжірибесін ескерген басшылық оны Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Кейіннен мемлекеттік қызметтің түрлі сатысында жұмыс істеуге ұсыныс жасалды. Аудандық мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға оның үйлестірушілік қабілеті көп көмегін тигізді. Осы құрылымның қазанында қайнап, жауапкершілік пен ұқыптылықтың үлгісін көрсетті. Зейнет жасына жеткенше аудандық мәслихатта жауапты қызметтер атқарды.
Ағаға құрмет, кішіге жол көрсетіп, жөн сілтеген Шыназбек Сатанұлы айықпас дерттен келместің сапарына аттанғалы оны білетіндер мен ағайын-туыс азаматтың еңбекқорлығын, іске адалдығын үлгі етіп келеді. Іскерлігі мен табандылығының арқасында жастайынан ел алғысына бөленгені, сол үшін түрлі марапаттарға ие болғаны да – өнеге. Ұрпақтарының әке жолымен ел ісіне араласып, өз міндеттеріне адалдық танытқаны – көңілге медеу.
Қосжан ЕШЖАНОВ,
еңбек ардагері.
Қармақшы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<