Қасиетті құс – қарлығаштың үй ішіне ұя салып, балапанын ұшырғанын бала кезімізден байқап өстік. Әке-шешеміз қарлығаштың ұясын бұзбайтын, «тимеңдер!» деп қорғаштап отыратын. Қарлығаштың әрекетін қазір ойласам, мектепте сабақ берген мұғалімдерім көз алдыма келеді. Ұстаздарымыз – қарлығаш болса, біз – балапанымыз. Ал мектеп – алтын ұямыз екен-ау! Солай, солай. Дәл солай.
Ұстаздар!
Қандай ғажап халықсыздар,
Шәкіртке шыңдай биік
алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр
сыйлатып,
Күндей боп күлімдейтін
жарықсыздар.
Басымыздан сипап, арқамыздан қағып бізге шуақ берген, қуат берген ұстаздар ұлағатын әңгімелесем деймін. Рухы шат болсын. Саналы ғұмырын өсіп келе жатқан ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған, олардан өз ізбасарларын, мұрагерлерін көрген, Сыр елі үшін жауапкершілікті мойнына алған парасатты тұлға Уәли Төрәліұлы Төрәлиевке тоқталғым келеді. Ұлағатты ұстаздың өмірдерегін оқыған кезде туған өлкеміздің тарихы көз алдымнан өткендей болады.
Уәли Төрәліұлы 1920 жылы 15 қарашада Қармақшы ауданының Қараөзек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол әрқашан лайықты білім алуға ұмтылды. Жетіжылдық қазақ мектебін, Ақтөбе мұғалімдер институтын және Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп шыққан. Мұғалім мамандығын алған.
1938-1940 жылдары еңбек жолын Қармақшы ауданында ересек тұрғындар арасындағы сауатсыздықты жою бойынша мұғалім қызметінен бастады. Одан кейін (1942-1945 жылдары) Жосалыда №26 мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі және директоры болып қызмет атқарған. 1945-1961 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды, оның ішінде 10 жыл мектеп бөлімінің меңгерушісі, 1961-1963 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетіне төрағалық етті. 1963 жылдан бастап 1983 жылы зейнетке шыққанға дейін облыстық білім бөлімінің басы-қасында болды.
Ол білім беру саласының материалдық-техникалық базасының күшеюіне көп мән берді. Аталған мәселелерді партия конференцияларында, облыстық партия комитеті пленумдарында және облыстық кеңес сессияларында ұдайы көтеретін. Білім ошақтарының облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына енуіне ықпал ететін. Бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізді.
Соның нәтижесінде және өңіріміздегі оқушы балалар саны ұлғаюына байланысты көптеген мектеп, балабақша салынды. Мысалы 1981-1985 жылдары 23 мектеп салынды, олардың барлығы 15 мың оқушыға арналған болатын. Сондай-ақ, 4465 орындық мектепке дейінгі мекемелер бой көтерді. Мұның бәрі мектеп пен балабақша санын көбейтуге көп көмектесті. Онда білім алатын бала саны артты.
Өзі шаруа отбасында өскен Уәкең мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың балаларын оқытудағы барлық мәселелерді жақсы білді және әрқашан ауыл тұрғындарының тілегі мен сұранысына оң жауап беріп отырды. 70-жылдардың ортасында «Қармақшы» совхозы бұрынғы әскери бөлімше базасы негізінде халқымыздың асар әдетімен малшыларға арналған тұрғын үй, мал қораларын, медицина бөлімшесін, АН-2 ұшақтарына арналған ұшу-қону алаңын салды. Осы негізде шаруашылық орталығынан 250 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Тышқан тамы» қой фермасын ашты.
Ол кезде фермада 300-ге жуық адам тұрды. Сол себепті бұл жерде малшы балалары үшін сегізжылдық мектеп ашудың қажеттілігі туды. Әлбетте, мектеп шағын, жинақы болды. Дегенмен облыстық білім бөлімінің меңгерушісі Уәли Төрәлиев қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын ескеріп, шопан балаларының ата-анасының қасында оқуын қамтамасыз ету үшін керекті құрал-жабдық іздеудің мүмкіндігін тапты. Сонымен қатар осы мектептің салтанатты ашылуына өзінің орынбасары Сейітқасым Жүнісовті және аудандық білім бөлімі меңгерушісі Тілемұрат Науановты жіберді.
Мамандығы бойынша педагог, өз еңбек өтілін осы шаруашылықта мұғалім болып бастаған, еңбек ардагері, осы шаруашылықтың бұрынғы басшысы Исағали Жұмағұлов айтқандай, Уәкең шалғайдағы елді мекен мектептеріндегі оқу және тәрбие процесін сырттай естіп-білген жоқ. Бүге-шігесіне, ішкі мәселелеріне дейін қанық еді. Сондықтан тұрғындар тілегін кездесуден кейін ескерді. Ел ішінде Уәли Төрәліұлын қасиетті Сыр жеріндегі ағартушы академик деп атап кетуі тегін емес.
Ол өз қызметінің басым бағыты ретінде оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгерту, оқушылардың өз тағдырын одан әрі айқындауы үшін мүмкіндік беретіндей өзекті білім беру, таяу жылдарға дұрыс таңдау жасауына ықпал етуді міндеттеді. Кәсіптік бағдар беруде, мамандық таңдауда және студенттерге еңбек тәрбиесінде демеуші кәсіпорындар да маңызды рөл атқарды. Өңірдегі орта мектеп оқушылары, әдетте, ауылшаруашылық жұмыстарына қатысып, халық шаруашылық жоспарын жүзеге асыруда шаруа қожалықтарына және демеуші кәсіпорындарға көмектесті. Бұл жасөспірімдердің бастамашылдығы мен еңбек дағдыларын дамытуға ықпал етті. Пайдалы тәжірибе одан әрі өмірлеріне септігін тигізді.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында денешынықтырумен, бұқаралық спортпен айналысуға, өз күштерімен ұйымдастырылған көркем өнерге, қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге тартуға көп көңіл бөлінді. «Былғары доп», «Алтын шайба» турнирлері, «Зарница» ойыны танымал болды. Облыс оқушыларының жаттықтырушысы С.Сон жетекшілік еткен әйелдер баскетбол құрама командасы XII Бүкілқазақстандық мектеп спартакиадасының чемпионы атанды. Бұл облыс тарихында ойын түрлері бойынша осындай жетістікке жеткен алғашқы командалардың бірі еді.
60-жылдардың ортасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Валентин Захарович Лидің белсенді қызметі мен ынта-жігерінің арқасында велоспорт мектеп оқушыларының арасында жоғары көрсеткішке ие болды. 1972-1973 жылдары Александр Полухин КСРО-ның бүкілодақтық оқушылар спартакиадасы мен алғашқы Жастар ойындарының чемпионы атанып, кейін өз мемлекетінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады. 1981 жылы Светлана Шалгимбаева мектеп оқушылары арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Мектеп сахнасында алғаш рет жерлесіміз, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шөкеновтің жұлдызы жанды. Кейіннен әлем халқының жүрегін жаулап алған әнші әрі композитордың болашағы №233 мектептің вокалдық-аспаптық ансамблінен басталды (директоры Л.Шастова).
Уәли Төрәліұлы «шәкіртіңе өз жанының бір бөлшегін сыйламай, жақсы мұғалім бола алмайсың» дегенді ылғи айтып отыратынын оның қол астындағылар үнемі еске түсіреді. Тек осылай ғана сауатты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға болады. Сондықтан ол әрқашан өз мамандығына адал, оқу-тәрбие процесінде ерекше тәсілдерді іздейтін мұғалімдерді, өз ісінің жанкүйерлерін қолдауға тырысты. Облыстық білім беру бөлімін басқарған жылдары педагогтар «КСРО Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.
Ал Уәкеңнің қарамағында бірнеше жыл жұмыс істеген Тәрбие Сербайқызы Сарабекова баламалы сайлауда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі XIII шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазір еңбек демалысында. Ол Алматыда тұрады және әлі күнге дейін өзінің жалғыз ұстазы және тікелей басшылығында 15 жылға жуық еңбек еткен Уәли Төрәліұлын өміріндегі тәлімгері деп есептейді. Өмір жолының бастапқы кезеңінде дәл осындай жарқын тұлғаны кездестіргеніне дән риза.
Облыстық білім бөлімі бойынша орынбасарлары мен әріптестері, қалалық және аудандық білім бөлімінің меңгерушілері осындай игі істе оның серіктестері болды. Олардың арасынан Сағат Боханұлы Бохановты, Сейітқасым Баяхметұлы Жүнісовті, Сәбит Мәдибекұлы Мәдибековті, Қожан Нұрпейісұлы Нұрпейісовті, Кенжалы Атабайұлы Атабаевты, Күлшара Рахметованы, Күләй Сағындыққызы Ермағамбетованы, Әбілқасым Әбдікәрімовті атап өткім келеді.
Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев маған Уәкеңнің тағы бір таңғажайып ерекшелігі – қарапайымдылығы мен мейірімді жүректің иесі екенін еске түсірді. Бұдан 50 жыл бұрын болған оқиға. Шиелі кентінде аймақтық жиын өтті, оған облыс басқарма басшылары түгел қатысты. Бұл кездесуге жаңа қызметтік автокөлікпен яғни, «Волганың» соңғы маркасын мініп келген Уәкеңе қонақүйдің алдына жиналған меймандар мен іс-шараны ұйымдастырушылар су жаңа көлігіне құтты болсын айтты. Жүргізуші көліктің кілтін аңдаусызда қалдырып кетіп, өтіп бара жатқан бейтаныс бала сол сәтті пайдаланып, рульге отырды да зырғыта жөнелді.
Көлік тізгіндей алмайтын жасөспірім бала қарсы алдындағы бағанаға барып соғылды. Автокөліктің алдыңғы бөлігі жарамсыз болып қалды. Біздің Уәкең не істеді? Шиелі аудандық милиция бастығының орынбасары Б.Бекмамбетовке: «Балаға және оның ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғамаңыз. Ең алдымен, біз, ересектер, балаға не жақсы, не жаман екенін түсіндіре алмадық. Бұл – біздің кінәміз» деді. Міне, ұстаздың кеңпейілдігі мен қарапайымдылығы.
Уәли Төрәліұлының лауазымды тұлға ретіндегі айрықша мінезін атап өткім келеді. Ол ешқашан кеңседе отыруды ұнатпады. Мектептердің, оқу орындары педагогикалық кеңес отырыстарына жиі қатысатын. Білім беру саласындағы проблемалар мен қиындықтарды бірінші болып біліп және осыған сүйене отырып, тиісті шешімдер қабылдады. Сонымен қатар, ай сайын үшінші жұмада өткізілетін «бірыңғай саяси күндердің» белсенді қатысушыларының бірі болды. Өңірлерге шығып, тек оқу орындарының педагогтарымен ғана емес, басқа да ұжымдармен және халықпен кездесіп, жергілікті жерде азаматтарды қабылдады. Бұл оған адамдардың тілегі мен сұраныстарын жақсы білуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты Уәкең барлық іс-шаралардан аулақ болуға тырысқан басшыларға үлгі болды.
Өте салмақты, өр мінезді еді. Туындаған барлық мәселелер мен проблемаларды дипломатиялық жолмен, ешқандай да демаршсыз және өктем сөзсіз шешуге тырысты. Оған мансапшылдық пен амбиция жат еді. Менің аға жолдастарым айтқандай, ол өзінің жеке бастамасы бойынша облыстық комитеттің бірінші хатшысы М.Ықсановтан оны Қазалы ауданының басшысы қызметінен босатуды және халыққа көп пайда әкелетін қызмет саласына жіберуді сұрады. Бұл Уәли Төрәліұлының тапсырылған жұмыс учаскесі үшін жоғары дербес жауапкершілігін көрсетті.
Көбіне жұмыстан кейін, кешкі уақытта оны аулада көршілерімен, ҰОС қатысушылары – Исатай Әбдікәрімовпен, Бөрібай Құлмановпен, Ғафур Мұхамеджановпен, «Білім беру ісінің үздігі» Нұрділдә Уәлиев және басқа да кісілермен әңгімелесіп отырғанын көруге болады. Бірде былай деді: «Адамды адам ететін екі ұя бар. Бірі – отбасы, ата-ана, екіншісі – мектеп, ұстаз. Бір сөзбен айтқанда, адамды екі ұя қалыптастырады. Бірі – отбасы, екіншісі – мектеп, мұғалімдер». Көптеген мысалдар келтірді. Мектепке оның функциясына қатысы жоқ міндеттерді артып, себепсіз айып тағылатынын, ал ата-аналар өзінің баласының тәрбиесі үшін ешқандай жауапкершілік алмайтынын сынады.
Уәли Төрәліұлының бұл сөздері әншейін әңгіме ғана емес, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысты. Запия жеңгеймен бірге ата-анасының ісін абыроймен жалғастырып, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген бес баланы тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі – әкесі мен анасы сияқты, оқушылары мен студенттеріне білім дарытып келе жатқан педагогтар. №171 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Запия апай жұбайының сенімді тірегі және қолқанаты болды. Адал және ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» (1966 жыл), екі рет Еңбек Қызыл Ту (1971 және 1981 жыл) ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі (1961 жыл), КСРО Білім беру ісінің үздігі (1971 жыл) атанды.
Егер Уәли Төрәлиевтің рухани-адамгершілік тәрбиеге қосқан үлесі лайықты түрде бағаланып, облыстағы бір мектептің аты берілсе, мұны облыс халқы дұрыс қабылдаушы еді. Бұл Сыр өңіріндегі ұстаздардың мәртебесін жұртшылықтың назарына жеткізіп, қолданыстағы «Педагог мәртебесі туралы» заңның шеңберіне сай келеді деп айтуға болады.
Жетпіске таяған жасымда өткен өміріме ой жіберіп, ұстаздарды ойласам, мейірім меймілдеп өз-өзінен төгіліп тұрғандай. Мұқағали Мақатаев жырлағандай мектепке «тарыдай боп кіріп, таудай болып шықтық» қой. Сондай дәрежеге жетуіміз кімнің арқасы? Кімге қарыздармыз?
Әйгілі Әнет баба жасы ұлғайған шағында шәкірті Қаз дауысты Қазыбек биді шақыртып алып:
– Алты Алашқа атың шығып, атағың жайылды. Кімге қарыздарсың? – деп сұрапты.
– Аллаға қарыздармын! – депті шәкірті.
– Сосын?
– Анама қарыздармын. Анам мені тоғыз ай толғатып, өмірге әкелді.
– Сосын?
– Әкеме қарыздармын. Әкем мені бақты-қақты, мәпелеп өсірді.
– Одан кейін?
– Еліме қарыздармын. Өйткені елім мені екі алақанына салып аялады.
– Тағы кімге тағзым етесің?
– Отаныма қарыздармын. Отаным еліме, жеріме деген менің сүйіспеншілігімді арттырды.
– Сосын?
– Қадірімді арттырған қаншама қасиетті тұла бойыма тұндырып құйған ұлы ұстазым Әнет баба, ең әуелі сізге қарыздармын! – депті Қаз дауысты Қазыбек би шәкірті.
Иә, біз – шәкірттер қауымы, ең әуелі ұстаздарымызға қарыздармыз. Ілгері-кейінді өткен данагөй данышпандардың ұстаздар туралы ұлағатты тәмсілдерін қайталап, кейінгі ұрпақтың құлағына құя кетейін, артық емес. Ұлт ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлы «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген. Біз мұны «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп қысқа қайырып айтып жүрміз.
«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!» – деп өлеңмен қоңырау соққан Ыбырай Алтынсариннің мұғалімдер жайындағы ғибраты қандай ғажап?! «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді. Тамаша сөз.
Жүрек күні-түні соғады. Тынымсыз. Қуанады. Қайғырады. Лүпілдейді. Мұғалімдер де сондай. Орыс оқымыстысы К.Ушинский де мұғалімдердің күннің құдіретті сәулесіне теңеуі бекер емес. Күн сәулесі болмаса он сегіз мың ғаламның тіршілік-тынысы бітеді. Өледі. Әйгілі артист Серке Қожамқұлов сексенге таяған шығында айтыпты: «Ұстаз» деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деп. Ендеше батыр Баукең Момышұлы айтқандай «Ұстаздық – ұлылық емес, ұлы қызмет». Ақырғы ойымды Абай хәкімнің өлеңімен аяқтайын.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Пайғамбар жасын жасап, «ұстаздық етуден жалықпай» саналы ғұмырының отыз жылын оқушы-шәкірттерге арнаған Уәли Төрәлиевтің еңбегі далаға кеткен жоқ, сан мыңдаған санада кетті. Жүз жасқа толған ұстазды ұстынға теңеген кейінгі ұрпақтары жүрек жырын арнады.
Естіліпті қоңырау боп
құстар әні,
Сол әнмен шәкірт арман
ұшқан әрі.
Үш ұстын –
Ұстаз,
Шәкірт,
Ата-ана –
Үйлескен әз ұяның
үштағаны.
Кеңесбек МАХАМБЕТОВ.
Нұр-Сұлтан қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<