Қырық жыл токарь болған қазақ қызы

813

0

Қырық жыл токарь болған қазақ қызы Біздің бүгінгі әңгімеміз төс бен балғаны қару еткен, нәзік қолдарымен  ыстық жерде көрік басқан ұста жайлы емес, Сыр өңірінде қазақ қыздарының арасынан шыққан  алғашқы токарь қыз туралы өрбімек. Ол  Қызылорда локомотив депосында қырық жыл үзіліссіз токарь станогының құлағында ойнаған, табысты да үлгілі еңбек еткен Үміткүл Қамбарқызы еді. Жетпіс деген жастың жетегіне жетіп қалған, өз ұрпақтарының алдында салиқалы да салмақты көрінетін осынау байсалды да байыпты жанның мейірімге толы жанарынан оның өмірге деген құштарлығын оқуға болады…
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Сыр бойында жекелеген майда шаруа­шылықтарды біріктіріп, ірілендіру жұмыс­тары қарқынды жүргізілді. Солардың қатарында сол кездегі Сырдария ауданына қарасты «КИМ», «Құмсуат», «Бірлестік» секілді шағын шаруашылықтар бірігіп, «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоз  болып ұйымдасты. Бұрынғы «КИМ» колхозында  қой фермасы, орталықта, яғни «Бірлестікте» ірі қара, жылқы, түйе түліктері өсірілетін болды.
Жаңадан ұйымдастырылған ірі қара фермасына  тәжірибелі бақташылар мен сауыншылар қажет еді. Олар бұрынғы шағын елді мекендерден  шақырыла бастады. Солардың алдыңғы қатарында «Майлытоғай» ауы­лының байырғы тұрғындары, жас­тайынан еңбекпен шыңдалған Қамбар Найзабайұлы мен  зайыбы Шәрипа Дүрімбетқызы да бар еді. Қамбар бақташы, Шәрипа сауыншы болып, алғашқы күннен-ақ білек сыбана кірісіп кетті. Мемлекет меншігін көздің қарашығындай сақтауға атсалысты. Мал басын аман сақтаудағы, оны семіртудегі  тынымсыз еңбектері басшылық тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарды иелене бастады. Оның үстіне  Қамбар әкей ірі денелі, жауырыны жер иіскемеген палуан еді. Ауыл арасында өтетін той-томалақта күресіп, үнемі жүлделі орындарды жеңіп алатын. Жұмыс десе жанын салып, беріле істейтін.  Кезінде Сұлутөбе каналын қолмен қазуға  қатысып, онда да озаттар сапынан табылған-ды.
Өткен ғасырдың елуінші жылы осы отба­сының ұмытылмас кезеңі ретінде естерінде қалды. Бұл жылдың сәуірінде отанасы Шәрипа  көптеп күткен үшінші перзентін өмірге әкеліп, оған Үміткүл есімін берді. Оның алдындағы ес біліп қалған Күміскүл мен Аманжолдың да қуанышында шек болмады.  Сөйтіп күн артынан өткен күн, жымын білдірмей жылжыған жылдар Үміткүлді мектеп табалдырығынан аттатты.  Кішкентайынан пысық, зерек қыз қатарластарының алдыңғы легінде жүрді. Бәрі де жақсы болып келе жатыр еді. Әттең, тағдырдың жазуы дегенді қойсаңшы,  Үміткүл енді желкілдеп алаңсыз өсіп келе жатқан шағында анасынан көз жазып қалды. Қазір ойлап қараса, анасы сол кезде бар-жоғы 40 жаста ғана екен.  Бұл күтпеген оқиға отбасын, әсіресе отағасы Қамбарды есеңгіретіп тастады. Үйде тұлымшағы желбіреген жас­өспірім қыз бен қайғы жұтқан әкесі қалды.  «Басқа түссе баспақшыл» деген ғой, Қамбар қызының, қызы әкесінің жағдайын жасауға ұмтылды. Әрине, оған кейде қу тіршілік мойын бұрғыза бермесі анық. Әсіресе, кішкентай Үміткүлге қиын болды. Өз әлінше анасының қасында жүріп, үйренген үй тірліктерін атқаруға тырысты. Әкесінің үстін кірлетпеуге, аш қалдырмауға ұмтылды. «Әке балаға сыншы» демекші, Қамбар қызының сабағы төмендеп, көңіл-күйінің тұйықталып бара жатқанына алаңдап, әпкесі Күміскүлдің қолына жіберуге шешім  қабылдады.
Сөйтіп Шиеліде тұратын Күміскүлдің үйінде жатып, онжылдықты ойдағыдай тәмамдады.  Енді не істеуі керек?! Үміткүлдің алдында екі жол жатты. Оның  бірі  оқуын одан әрі жалғастыру, екіншісі жалғыз қалған әкесінің қасында болып, жұмыс істеу. Оқуды сырттай жалғастыруға да болады емес пе? Ақыры өз ойын апасы Күміскүлге жеткізді.
– Меніңше, жұмыс істегенің дұрыс. Бірін­шіден, өмір көресің, ысыласың, екіншіден, ата-анамыздың қара шаңырағын биік ұстауға атсалысасың, – деді ол. – Аманжол да көп кешікпей әскерден қайтады, үй болуға ұмтылар. Сонда сенің жолың ашылатыны сөзсіз.
Онжылдықты бітірген Үміткүл Қызыл­орда қаласында тұратын немере әпкесі Бәтима Сағымбайқызына өз шешімін жет­­кізді, қайда жұмыс істеуге болатыны жөнінде кеңес сұрады. Ертеңіне Бәтима әпкесі мұны Қызылорда локомотив депо­сының кадр бөлімінің бастығы Ахмет Қабылбековке апарды. Өтініші өкіндірген жоқ, бөлім бастығы Үміткүлді токарь станогына үйренуші ретінде қабылдауға шешім етті. Ертеңнен бастап жұмысқа кірісуге кеңес берді. Сөйтіп Үміткүлді механикалық цехқа апарып, цех бастығы М.Мелиховқа екі ай мерзімге үйренушілікке қабылданғанын жеткізді. Өз кезегінде цех бастығы оны тәжірибелі токарь В.П.Петровқа  бекітті. Бұл 1968 жылдың тамыз айы еді. Үміткүл Қамбарқызы сол күннен бастап жұмысқа бел шеше кірісті. Ұстазының айтқанын қалт жібермеуге, оның, өзге де жұмыскерлердің істегенін бақылауға ерінбеді. Ауылда өскен қызға депо өмірі қызық көрінді. Атшаптырым аумақты алып жатқан цех іші жарқ-жұрқ от шашу, қаз-қатар тізілген станоктардан  шыққан үннен ерекше сезімге бөленгендей еді. Онда жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік ер кісілер еді, арасында бірен-саран орамалдылар да жолығатын. Алайда, олар өзге ұлт өкілдері болатын. Үйретушісі  Виктор Петрович те үнемі ақыл-кеңесін айтып, дер кезінде қате істерден тоқтатып отыратын. Ең бастысы, мұнда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін, өзі жасайтын темірдің нұсқасына мұқият болуды ескертетін. Цехтағы озат токарьлардың бірі М.М.Сидорова да бұған оң көзімен қарап, білгенін үйретуден жалықпады.
Жылжыған   жылдармен  бірге Үміт­күл­дің де  ұжымдағы абырой-беделі өсіп,  өзі де әркез ысылған тәжірибелі шеберлердің  қатарынан табыла білді. Депо басшылығы озат жұмысшыны мерекелер сайын түрлі сый-сияпаттармен марапаттауды ұмытқан жоқ. Үміткүл Қамбарқызының есімі озаттар сапында облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланатын болды. 1970 жыл Үміткүлдің өміріне өзіндік жаңалығымен келген жыл болды. Өзімен сөзі жарасқан көрші жігіт Дербес Тұрғановпен отбасын құрып, жаңа өмірге қадам басты. Еңбектен қол үзбей жүріп, алтын асықтай 5 ұл мен қызды өмірге әкелді. Ол өзінің бала күтімінде көп отырмағанын тілге тиек етеді. Балалары бірін бірі бақты. Оның үстіне өмірлік серігі Дербес те бала күтіміне, отбасы тірлігіне жарымен бірдей араласып, жақсы ғұмыр кешіп кетулеріне көп септігін тигізді. Тәрбиелі отбасының балалары да үлгілі ержетті. Көбінесе үлкендері кішкентайларына қамқор болып, аналарының сүйікті кәсібінен қол үзбеуіне мүмкіндік жасады. Балалары ержетіп, түрлі оқу орындарын бітірді.  Өздеріне лайықты мамандық иелері болды. Қазір әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі атанып, ұрпақ тәр­биелеуде.  
Қырық жыл бойы Қызылорда локомотив депосында өткен еңбек жолын, ондағы өзімен бірге  еңбек еткен ұжымдастарын сағынышпен еске алуды әдетке айналдырған. Өйткені, олар Үміткүлді адал еңбек етуге үйретті, адамдармен араласуға, сыйласуға, достасуға, ең бастысы, бойындағы  ізгілік пен адамгершіліктің қалыптасуын, өзгелерге көмек қолын созуға дайын болуды үйретті. Үміткүл осы үшін сонау жылдардағы депода еңбек еткен қарапайым жұмысшыларға өзін қарыздар санайды. Қазір бірге жұмыс істеген жандар әркез мерекелерде ізгі тілектерін жолдап жатады. Осының өзі қуаныш. Бейнеттің зейнетін көру деген осы болар, сірә!
Расул СЕРІКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<