Бүгінгі кейіпкеріміз Шәмша Бисенбаев дүниеге келген 1921 жыл қоғам екіұдай болып арбасып тұрған заман еді. Осындай өліара кезде өмір есігін ашқан бала тез жетілді. Мектепті бітірмей жатып теміржол депосының жұмысшысы атанды. Елгезек бала еңбегімен ел аузына іліне бастаған тұста «Соғыс басталды!» деген суық хабар жетті. Жарты әлемді жайпап өткен соғыстың басталғанына 2 ай өткенде Шәмша майданға аттанды. Жиырмаға енді толған жастың көкейінде «жауды жайпап, ертең-ақ елге ораламын» деген сенім басым еді.
Көз сүрінер төбесі жоқ жазықта өскен Шәмша Бисенбаев ұрысты қатпар-қатпар Қап тауынан бастады. Кавказ майданындағы №152-ші артиллериялық полктің көздеуші-атқышы болған сарбаз әр зеңбіректі кеудесіндегі кекке малып атты.
Кавказ майданы желісіндегі Таганрог – жау тырнағына алғаш іліккен қалалардың бірі. 1941 жылдың 17 қазаны неміс әскері 200 мыңдай тұрғыны бар қалаға басып кіріп, өз тәртібін орнатып та тастап еді. Екі жылға жуық айқастан соң Таганрог қайта біздің қолға өтті. Мына қызықты қараңыз, 1943 жылдың 30 тамызы күні таңертең шыққан қалалық газетте қала тұрғындарын неміс әскерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырған үндеу жарияланыпты, ал сол күні кешке қайта шыққан басылымда шаһарды Кеңес әскерлерінің алғаны жөнінде ақпарат берілді. Осы ұрыста Шәмша Бисенбаев «III дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталды. Одесса қаласы үшін болған қиян-кескі ұрыстағы ерлігі жас жігіттің кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені болып тағылды.
Орталық Беларусь майданында жалғасқан соғыс соқпағында Шәкең Румынияның Яссы, Кишинев қалаларын жаудан азат етуге қатысты. «Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» деген рас екен. Талай майданға бірге түскен қандыкөйлек қаруластарының қатарын азайтып кеткен бұл қасаптан жас жігіт Құдай қағып аман шықты. Жанын аяп қалған жері жоқ, қайта ұрыста алдыңғы шепте болуға тырысатын. Оған «II дәрежелі Даңқ» орденінің табысталуы – тегеурінді ерліктің дәлелі, батырлықтың белгісі.
Венгрияның Хвайстаспол қаласы үшін болған шайқаста Шәкең жаудың үш танкісін атып, отқа орады. Қарсыластың қуатты қаруын талқандаған жауынгердің жанқиярлық ерлігінің өтеуіне берілген «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденінің шежіресі осылай сыр шертеді. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан майдангер Прага қаласын жау тырнағынан құтқаруға атсалысты.
Майдангер 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне шақырту алды. Танк армиясы колоннасында Отанның сынық сүйемін де жау табанына бастырмаған Сырдың батыр ұлы да бара жатты.
Шәкеңнің соғыстағы сұрапыл қимылы, ел үшін жасаған ерлігі майдан генералы, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған қолбасшы Исса Александрович Плиевтің «Гоби және Хинган арқылы» атты кітабында суреттеледі.
Айтпақшы, Шәкеңнің есімі ресми түрде Сыр батырларының қатарында аталуына толық мүмкіндік бар еді. Олай деуімізге себеп мына бір оқиға.
Ауыр шайқастардың бірінен кейін №152-ші артиллериялық гвардия полкі командирі, Кеңес Одағының батыры, подполковник Костелеев саптағы сарбаздар алдында жауынгер Шәмша Бисенбаевтың «I дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынылғандығын хабарлайды. Сыр батыры ол марапатты алып үлгермей елге оралды. Келісімен соғыстан титықтаған ел тірлігін түзетуге кірісті. Өкініштісі, марапат иесін сол күйі тапқан жоқ. Егер сол орден табысталғанда, Шәкең «Даңқ» орденінің толық кавалері атанып, ресми түрде Сыр бойындағы Совет Одағының батырлары қатарынан орын тебер еді.
Сол бір ауыр жылдарда Қазалы аудандық өндірістік комбинатында жұмыс істеген Шәкең әр жылдары вагон-лавка меңгерушісі, шаруашылық дүкенінің сатушысы, өндірістік тауарлар дүкенінің меңгерушісі болды. 1965 жылдан бастап «Энгельс» кеңшарындағы құрылыс нысандарын қабылдаушы болып еңбек етті. Осыдан кейін көп жыл «Бозкөл» кеңшарында шаруашылық қоймасының меңгерушісі болып, 1988 жылы зейнетке шықты.
Қос майданның батыры Шәкең қай уақытта да халқына адал, абыройлы қызмет етті. Соғыстан кейін бас қосқан жары Қанымкүл Оспановамен 10 бала өсіріп, оларға жақсы тәрбие берді. Қазір олардың әрқайсысы бір-бір шаңыраққа айналды. Осылайша Бисенбайдың Шәмшасының шамшырақтары өркен жайды.
Соғысқа бастан-аяқ қатысқан Сыр сарбазы 1993 жылы 72 жасында бақилық болды. Қазір өмірінің соңғы жылдары тұрған үйдің көше бетінде «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының батыры, Жеңіс шеруіне қатысқан Шәмша Бисенбаев тұрған» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатылған. Бұл ер есімінің ел жадынан өшпейтіндігінің дәлелі болса керек.
Жары Қанымкүл Оспанова да сауда саласындағы үздіктердің бірі атанды. Қазір немере-шөберенің қызығына кенеліп отырған бақытты әже өмірін майдангер ізін өшірмеуге арнады десек артық емес.
Кенттегі кең көшелердің бірі батыр есімін иеленген. «Жеңіс» саябағындағы Шәмша Бисенбаев бейнесі жұртшылықты бейбіт күннің қадірін білуге шақыратындай.
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<