Жылдар мен жолдар

833

0

Астраханьнан Ақмешітке

Ол кезде «Сыр бойынан» тілші қыз баланы табу мүмкін емес еді. Өйткені журналистикаға бойжеткендер көп бармайтын да, жол сілтейтін үлкендер де қыздардың жазуға әуестігін жөн көрмейтін. Редакция толған жігіт ағасы саналатын қызметкерлер, қаламы жүйрік қаламгерлер. Ішінен «Сыр бойының» сонау ашылған жылдарында қызметке келген тілшілерді де тауып аласың. Бірақ 1961 жылы Рысты Бекбергенованың келуімен бұл ахуал өзгерді.

КазГУ-ды бітірген ақын қыз мәдениет және әдебиет бөлімінде отыз жылға жуық уақыт еңбек етті. Бірақ бірден журналистиканың жалын ұстау қайда? Редактор қызметке алғанымен, телетайпта жұмыс істеу бұйырды. Бұл «қайда орналастың?» деген таныс­тарға «телетайпта» десең, «ол кім?» дейтін уақыт. Шындығында, телетайп олар ойлағандай адам емес, құрылғы еді. Бірақ көп өткен жоқ. Ақын қыздың екі айдан кейін-ақ арманы орындалды. Редактордың мәдениет және әдебиет бөліміне ауыстыруы, Астрахань қызының Ақмешітке ғана емес, тұтас елге танылуына әсер еткен шешім болды.

Айтпақшы, Астрахань қызы мұнда қалай келген? Негізі туып-өскен жері Ресейдің осы облысы, оның ішінде Володор деген ауданы. Әкесі Сейітжан Азамат соғысына ­бастан-аяқ қатысқан, орыс және араб тілдерін жетік білетін керемет сұңғыла кісі еді. Ата-анасы сол замандағы Гурьевтің бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданының тумалары. Қазан төңкерісіне дейін бұл жерде ақ пен қызылдардың арасында қиян-кескі соғыс болған. Сондықтан әкесі отбасын қорғау үшін бір түнде Астраханға көшірген. Балалық шақ сол кездегі балалардың тағдырындай болып өтті. Қуғын-сүргін, соғыс жылдары. Бесінші сыныптың екі айын аяқтап қалғанда қызыл әскерлердің отбасын «Ақсарай» деген қыр­ға көшірді. Анасына түйе бағып, бие сауу тапсырылды. Төрт жыл бойы сонда тұрды. Бірақ ол жақта мектеп жоқ. Кейін колхозға жұмысқа орналасты. Бірақ есіл-дерті оқуда. Үлкен апайы Гурьевтің, қазіргі Атыраудың Мұнайлы деген жерінде  тұратын еді. Тәуекел етіп, көліктен көлік ауыстырып бір күні сонда жетті. Сол жерде жетіжылдық жұмысшы жастар мектебі ашылғалы жатыр екен. Оқып жүріп завхоз, кейін кітапханашы болып жұмыс істеді. Бір күні газеттен «Алматыда қыздар педагогикалық училищесі бар, оқуы, жатын орны, тамағы тегін» деген хабарландыру оқыды да, әпкесінен рұқсат алып, Алматыға аттанды. Бірақ, арада екі ай өткенде оқу орны Қызылордаға ауысты да, Астрахань қызы Ақмешітке алғаш рет аяқ басты.

Мінез бен міндет

Мұнда бастауыш сынып мұғалімі деген мамандықта оқығанымен, мінезі журналис­терге тән бірбеткей еді. Қыстың кезі болатын. Бірінші семестрдің аяқталған уақыты. Батыстағы ағасының үйіне барайын десе, жол алыс. Сонымен жатақханада қалды. Бөлмесінде отырған. Сынып жетекшісі келді де жақсы бір ұсыныс айтты. Алдында шығарма жазғанда бір үтір артық жазылып кеткенін, Рысты қайта көшіріп берсе, жақсы баға қо­йып, сталиндік стипендияға ұсынатынын жеткізді. Бірақ студент үндемеді. Сол күйі апайына барып, қате кеткен үтір үшін шығарманы қайта көшірмеді. Рысты апа неге солай еткенімді өзім де түсінбедім дейді. Мүмкін қаламгерге тән бірбеткей мінез ұстап қалған болар.

«Ленин жолында» (қазіргі «Сыр бойы»)  отыз жыл бойы абыройлы қызмет етуіне осы мінез көп көмектескен секілді. «Редакцияда қаншама ер адам жұмыс жасады. Соның біреуі де теріс мінез көрсетіп, жеңіл сөз айтқан емес. Әріптестерімнің бәрі білімді болды, мінездеріне, мәдениеттіліктеріне ризамын» деген Рысты апаның өзіне тапсырылған міндетті ұқыпты атқарғанын байқадық.

Бірде Қызылордаға Сыр перзенті Әбділда Тәжібаев келді. Ақын ұлының келгеніне ел қуанып, үлкен кездесу ұйымдастырылды. Тәжібаевтың Рысты апаның бір өлеңін мақтап, болашағынан үміт күттіретін ақын деп кітабында жазғаны да бар. Сол жолы Рысты апа кездесуде үш-төрт өлеңін оқып берді де, сөмкесін алып бірден сыртқы есікке ұмтылды. Далаға шыға бере алдынан әріптесі күтіп алып, «Сені Әбділда Тәжібаев шақырып жатыр. Қайда кетіп барасың?» дегені. Бірақ ішке қайтадан кірмеді. Жауапкершілік деген осы шығар… Сол күні газетте кезекші редактор еді. Бет шығып қойған болар деп, редакцияға асықты. Кейін іштей «сол кезде сәл тоқтап, неге бармадым» деген ойға беріледі. Бір жылдары жас жазушылар съезіне де қатысқан еді. Мүмкін ақын Жазушылар одағына өтуді ұсынғысы келген шығар…

Жұмысқа таңертең ертелеу шығып жаяу келетін. Мақаланы ойлану үшін. Қайтар кезде де солай. Көшеде адамдардың жүзінен ой тоқып, табиғатқа тамсану үшін жаяу жүргенді дұрыс көретін. Ал түсте үйге көлікпен барып қайтатын. Ата-ене, бес бала бар. Жұмыста келген хаттарды қарап, мақала жазып, жөндеуден қолы тимейді. Сондықтан өлеңді де үйдегілердің кешкі асын беріп, ­ыдыс-аяғын жуып болғасын ғана, түнде жазатын.

Ал мақаласында көбіне еңбек адамдарын кейіпкер етті. Мұғалімнен бастап, етікшінің де жан дүниесіне үңілді. Ниетінің алғаусыз тазалығынан болар, өзі жазған үш мұғалім де кейін қызметте жоғарылады. БАҚ-тың адамды жарқыратып, бағын ашатын осындай жағы да бар. Алғашында Хадиша есімді мұғалімді жазған, кейін ол обкомға жоғарылып, институтқа ауысты. «Ленин жолына» практикаға келгенінде өзіне сабақ берген оқытушы жа­йында қалам тербеген еді. Ол келесі келгенінде мектеп директорлығына тағайындалыпты. Ал үшінші жазған мұғалімінің содан кейін төрт жыл бойы орталық көшеде суреті ілініп тұрды. Осылай ол мақтап жазған кейіпкерлер жаман болған жоқ.

Рысты апа жазу-сызуға ебі бар сырбойы­лық жастардың талайына бағыт берді. Өзі жүрген жерде пайдакүнемдік пен жауапсыздықты байқаса, қаламымен жөнге салды.

Биыл Рысты апа тоқсанға толады. Біз барғанда жарқ етіп қуанып, ақ пейілімен ақылын айтып, осы оқиғаларды тілге тиек етті. Қайта-қайта «сырбойылықтарға» сәлем айтшы» деген де еді. Мұнысынан қаламгерлерге деген ықыласын, өткен күндерге сағынышын байқағандай болдық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<