Сыр елінің дара есімдері дегенде арғы-бергі тарихымыздағы батырлар, көсемдер, ғұламалар, от ауызды, орақ тілді шешендермен қатар өзіміз көзін көрген, тәрбиесін алған, бұрын дүниеден өткен, қазіргі кезде ортамызда жүрген ұлағатты аға ұрпақ өкілдері ойымызға оралады. Солардың бірі де бірегейі – биыл 15 қарашада туғанына 100 жыл толатын Уәли Төрәлиев.
Халық арасында адамгершілік қасиеті жоғары, ақкөңіл, жаны жарқын адам туралы «ол әулие ғой» деп айтылатын сөз бар. Уәли Төрәлиев өз кезеңінің нағыз әулие адамы еді. Ол оқу-ағарту ісін үлкен жауапкершілікпен, қатаң талапшылдықпен заман талабына сай басқарды. Айналасындағыларға әділеттілікпен қарап, жетім-жесірді жебеп, сүрінгенді дереу демеп, адасқанды үйіріне қосты. Тұрмысы төмендерді қамқорлыққа алып, тоңғанды жылытып, нұрын шашып, шуағын төгіп жүретін қасиетті адам еді. Кейде «зиялы қауым, зиялы адам деп кімді айтамыз?» деген сұрақ туып жатады. Біздіңше, зиялы адам деп Уәкеңді толық айтуға болады. Зиялылық деген ұғымға ол кісінің болмысы, бекзаттығы барынша лайықты.
Ол Қармақшы ауданы Қараөзек ауылының тумасы еді. Еңбекке ерте араласқан, сауатсыздықты жою жөнінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1942 жылы алдымен Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтын, 1944 жылы Қызылорда қаласындағы педагогика институтын бітірген. Осыдан қызмет саласындағы өсу жолдары басталды. Бұған негіз болған оның алғашқы еңбек жолы. Сол кездің өзінде ол өзінің қабілетін, ізденімпаздығын, таңдаған мамандығына адалдығын көрсетіп үлгерген. Кейін облыстық партия комитетінің лекторы, лекторлар тобының жетекшісі, 10 жыл бойы мектеп бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарғанда да ұстанған жолынан тайған жоқ. Білім-білігін толықтырды, саяси-қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Облыстың білім беру, оқу-ағарту, тәрбие беру саласына тікелей басшылық жасап, өңірдің әлеуметтік, мәдени, рухани жағынан дамуына сүбелі үлес қосты.
Уәли Төрәлиев 1961-1963 жылдары Қазақстан Компартиясы Қазалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Сол уақытта өзіндік тарихи дәстүрі, даму жолы бар ерекше аудан – Қазалыны басқару кез келгеннің қолына тие бермейтін. Осы жауапты, күрделі қызметтердің Уәли Төрәлиевке жүктелуі оның кім болғанын көрсетеді.
Ол 1963-1983 жылдары жиырма жылдан астам уақыт Қызылорда облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Еңбегінің жанып, жұлдызының жарқырап көрінгені, жемісті де жеңісті жылдары осы жиырма жыл болды. Менің де Уәкеңді білгенім осы жылдар. Балабақша, мектеп басқарғанымда осы мекемелердің материалдық базасы, жаңа мектеп салу жөніндегі мәселемізді көп әуре қылмай, бірден шешіп беретін. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезімде де Уәкеңнің ақыл-парасатына жүгінетінбіз. Әсіресе, мектеп бітірушілерді өндіріске жіберу, оның ішінде, қой шаруашылығында комсомол жастар шопандар бригадаларын ұйымдастыру жөнінде мәселелер туындайтын. Жай ғана «осы бітірушілерді мектептен шыға сала қой бақтырғанымыз қалай?» деп сұрайтын. «Жоғары оқу орнына еңбекте шыңдалып барғаны дұрыс қой» дейтінбіз, басқа не дейміз, бәрі де заман талабы ғой.
Басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. 1977-1983 жылдары сол кездегі Партияның XVIII съезі атындағы, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектепке директор боларда ауыл ортасына көшіп бара алмайтынымды айтып, қатынап жұмыс істей беруге рұқсат сұрадым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық оқу бөлімінің бастығы «жақын жер, жұмысқа кедергісі бола қоймас» деп келіскен. Бір жылдан кейін аудандық оқу бөлімінің бастығы ауысты да, жаңа келген кісі қатынап жұмыс істеп жүр деп облыстық халық ағарту бөлімінің кеңес отырысына мәселемді қарауға қойды. Сонда Уәкең «егер 3-4 шақырым жерден қатынау жұмыстың нашарлап кетуіне себеп болмаса, оқу-тәрбие жұмысы өз дәрежесінде жүріп жатса, бұл мәселені несіне облыстық дәрежедегі кеңеске алып келдіңіз» деп күн тәртібінен алып тастады. Осындай кішігірім мәселенің өзінен ол кісінің адам тағдырына деген жанашырлығына тағы бір көзім жетіп еді. Бірде хабар берместен, ескертпестен бір өзі келді. Есіктен кіре берген кезде бір кісіні үйіне тез тамақ дайындап, дастарқан жая бер деп босатып жібердім. Мектепті аралап, кабинеттерді көремін дегенше бірталай уақыт өтетінін білдім. Аралап болғаннан кейін: «Ескертпей келдіңіз, сонда да жылдам дәм дайындап едік, бұрыла кетіңіз» дедім. «Уақытым тар еді, жолдан өтіп бара жатып, жаңа мектепті көрейін деп бұрылдым, атқарған жұмыстарыңа, мектептің ішкі-сыртқы келбетіне, безендірілуіне, көгалдандыруға ішпей-жемей тойып тұрмын. Жақын жерде бір мұғалімнің үйінен айран ішіп аттанайын» деді. Мектептің қасындағы мұғалімнің үйінен тізе бүгіп айран ішіп шықты. Шыққан соң маған бұрылып: «мұғалімнің айлығы аз ғой» деп еді. Аз ғана уақыттың ішінде мұғалімнің үй тұрмысына көңіл аударып үлгерген. Осы қысқа кездесудің өзінен оның соншалықты қарапайым екенін байқадым.
Уәли Төрәлиев басқарған 20 жыл ішінде Сыр өңірінде жастарға жалпы орта білім беру бағдарламасы толығымен жүзеге асырылды. Оқу-ағарту саласында көптеген жаңалықтар мен сол заманның озық жетістіктері мектеп өміріне батыл енгізілді. Еңбек тәрбиесін беруде оқу өндірістік комбинаттар, бригадалар, жазғы демалыс және еңбек лагерьлері құрылып, олар колхоз, совхоз және кәсіпорындарға бекітіліп, оқушыларға мамандық пен тәжірибе алуға және алған білімін іс жүзінде пайдалануға мүмкіндік туды. Орта мектепте кабинеттік білім беру жүйесі, кәсіптік бейімділік жұмыстары іске асырылды. Жаңа мектептер салу, олардың материалдық базасын нығайту үлкен қарқынмен жүрді. Облыс бойынша мектептен тыс және мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің желісі дамыды. Облыста оқушылардың шығармашылық, техникаға, туризмге деген қызығушылығын дамытуға байланысты облыстық жас техниктер, жас натуралистер, жас туристер стансалары жұмыс істеді. Уәли Төрәлиев қаншама кадр тәрбиеледі, үздік ұстаздар, мектеп директорлары, ғалым-педагогтар өсіп жетілді. Мектептер мен басқа да оқу-ағарту ұйымдарында өте жақсы моральдық-психологиялық ахуал қалыптасты.
Оның тағы бір қасиеті адамдармен қарым-қатынасы еді. Барлық аудандардың бірінші хатшыларымен, аудандық кеңес атқару комитеттерінің төрағаларымен, облысты басқарған бірінші басшылармен, оның ішінде Исатай Әбдікәрімовпен, Тәкей Есетовпен сыйластықта болды. Олар да Уәкеңнің ой-пікірімен санасып отырды. Осы сыйластық қарым-қатынасты дипломатиялық әдіспен оқу-ағарту, тәрбие жұмысына, мектептердің өзекті мәселелеріне аударып, бұрып отырды. Мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевпен, кәсіптік-техникалық білім беру саласының басшысы Смағұл Ысқақовпен өте жақын достық қатынаста болды. Қ.Қазантаев сол кезде Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Сол кісінің басшылығымен жұмыс атқаратынбыз, екеуінің достығының куәгері болып, қызметтен тыс уақытта, дастархан басында әңгімесін тыңдадық. Қонекең бір жаққа жол жүретін болса, Уәкең мен Смағұл аға шығарып салып, күтіп алатын. Үйіне апарып дәм татырмай қайтармайтын. Бірін-бірі құрметтеуі, достығы адам таңғаларлықтай еді.
Уәли Төрәлиев 1983 жылы республикалық дәрежедегі зейнетке шыққан соң облыстық партия комитеті жанындағы Марксизм-Ленинизм университетінің директоры болып қызметті жалғастырады. Өзіне тән юморы бар еді, әзіл әңгімелері әлі күнге дейін айтылады. Университетке барған соң құрдастарының: «Марксизм-Ленинизм университеті қалай екен?» деген сұрағына «оқу-ағарту саласының кешкі мектебі сияқты ғой» деп жауап беріпті. Өзі әзілдеп айтқандай, кешкі мектеп сияқты университетті әдеттегі ыждағаттылығымен, іскерлігімен, парасатымен басқарып, жауапты кадрлардың марксизм-ленинизм ілімін меңгеріп, саяси шыңдалатын бірден-бір оқу орнына айналдырды.
Уәли Төрәлиев екі рет «Еңбек Қызыл Ту» (1971,1981 жылдары) және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталды. 1961 жылы Қазақ КСР-ның, ал 1971 жылы КСРО-ның «Үздік ағартушысы» атағын алды. Отбасының берекесі, бала тәрбиесінің бағбаны еді. Зайыбы Зәпия Байқасымова екеуі (ол кісі де ұстаз) бес бала тәрбиелеп өсірді.
Сыр өңірінің өркендеуіне және оқу-ағарту саласының дамуына, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде сіңірген еңбектерін ескеріп, Қызылорда қаласындағы мектептердің біріне Уәли Төрәлиевтің есімі берілсе, облыстың бас ағартушысы болған абзал азаматқа лайықты құрмет болар еді. Шәкірттері үлкен жүректі ұстазды ешуақытта ұмытпаймыз, жадымызда аңызға айналған зиялы адам ретінде сақталады.
Алмагүл БОЖАНОВА,
облыстың Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<