Арқаның Бетпақ деген даласы бар…

2215

0

Қала орталығынан шықтық. Мінгеніміз еңгезердей қос шетелдік автомашина. «Tоyota» деп аталады. Жол талғамайтын көлік жаңа, жапондардыкі. 

Кейінгі жылдары табиғат сақшыларының жағдайы едәуір жақсарған деп еститінбіз. Әсіресе, аймаққа қарасты жануарлар мен орман қорын күзететін инспекторлардың мінер көлігі, киер киімі, ішер асы да тәп-тәуір дұрысталған деп айтылатын. Мына біз мініп келе жатқан «Tоyota Hilux» «Охотозопром» ӨБ» РМҚК мекемесінікі. Көпшілік «пикап» деп атайтын қарулы машинаның іші де кең. Бес адам еркін сияды. Артқы жүк салғышына бір айға жетер азығыңды артсаң да мыңқ етер емес.

Айтпақшы, бұл жолғы тілшілік қарекет инспекторлармен түйісті. Дұрысы, табиғат қорғау мекемесі жігіттерімен сапарға шықтық. Мақсатымыз сол – Қызылорданың бір бөлігіне кіретін Бетпақдала популяциясын көзбен көру. Онда дала аңы – ақбөкеннің төлдеу маусымы басталған. Жылда өтетін «Киік» акциясының нағыз іс-қимылын тілшілермен бөлісуді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық  инспекциясы жөн деп санаған сыңайлы.

Сонымен орталықтан шы­ғып, «Қызылорда-Жезқазған» авто­­жо­лына түскен біз 200 ша­қы­рымды артқа тастаппыз. Осынша алысты игергенде ал­дымыздан көрінгені «Құмкөл» мұнай кенішінің қалашығы. Бұдан бөлек, әр жерді «қара алтынды» сорып жатқан насосты ұңғымалар. Аралары 300-400 метрден астам, шашырай орналасыпты бұлар. Бірақ біздің меже әлі бұл емес.

Осы кезде мемлекет салған асфальттан кәдімгі қара жолға ауысқанбыз. Қазақ айта беретін, «қарға ұшпайтын» маң дала басталды енді. Мұнда әзірге сән беріп тұрған жусанның кө­гі. Одан қалса сидаңдап өс­кен жыңғыл да ұшырасады. «На­ғыз Бетпақдалаға кіріп ке­леміз» дейді инспектордың бі­рі Қайырбек аға. Шетелдік кө­ліктің артқы терезесін сырғыта түсіріп, төңірекке көз салдық.

– Әне, «Жиһантөбе» көрінді, – деді «Охотозопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының бас маманы Расул Маханов.

Әп-сәтте төбеге ырғып шық­­қан қос «Пикаптың» өкпесі әзір алқына қоймаған. Сонда да кабинадан түсіп, жан-жаққа бажайлап қарай бастадық. Біз­бен бірге жүрген облыстық ор­ман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясының бөлім басшысы Олжабек Холов пен бас маман Кенжеғазы Нұрылдаев дүрбімен алыстағыны көздемелейді. Ал командир Расул Маханов қа­сында инспекторлар Қайырбек Маханбетәлиев, Нұржан Бал­жановқа қысқа да нұсқа тап­сырма бере бастады.

Киіктің мекеніне келіп қалдық…

Қазақ даласында 334 мыңнан астам киік жүр

Біздің «Жиһантөбеден» бас­талған бағыт өндімеуге ай­налды. Өйткені, жолсыз жермен келеміз. Жиі тоқтаймыз. Киік төлдейді-ау деген сай-жыра­ларды инспекторлармен бірге жаяу шолып шығамыз.

«Арқаның Бетпақ деген даласы бар,

Бетпақ – шөл, ойлы-қырлы панасы бар.

Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген

Жәндіктің киік деген баласы бар…»

Сәкен ақын жырлайтын Сарыарқаның Бетпақтай шөлді даласын осылай аралап келеміз.

Құс атаулыдан әзірге ке­зіккені бір-екі түрі ғана. Бі­ріншісі – қарақұс. Онда да ала­са болғанымен, діңі мықты сек­сеуілді бұтаға балапан бас­қан ұябасарына кезіктік. Кей-кейде алдымыздан шыдамсыз безгелдек ұшады. Жұмыртқа басар уақыты болса керек бұның да.

– Мұнда келіңдер, – деп ай­қайлады 100 метрден әрірек жүрген инспектор Кенжеғазы.  – Қызық көрсетейін сендерге.

Жусан мен баялышқа сүріне-қабына жетіп бардық. Сондағы көргеніміз – қара топырақ үс­тіндегі үш жұмыртқа.

– Бұлдырықтікі ғой. Әне ұшып жүр. Бұл да безгелдек секілді «Қызыл кітапқа» енген құс. Қарашы, ұясын топыраққа шұқырлап салғанын. Өзі жыл­дам ұшқанмен, жерде жорғалап жүргенде байқамай да қаласың. Осы дала топырағымен түстес, – деді инспектор Кенжеғазы.

Әріптесім, фототілші Нұр­болат фотоаппаратын жерде­гі жұмыртқаға қаратып,  шақыл­дата «сөйлетуге» кіріскен.

Бетпақдаланың барлық же­рі сондай деуге келмес, бі­рақ кейде бізге түйетабан өс­кен аумақ ұшырасады. Мұн­дайда көліктен түсіп, әрі тү­йе­табанның астын түрткілеп кө­реміз. Оның да себебі бар.

– Аналық киік туа салысы­мен лағының қасында үнемі бола бермейді. Жайылымға шы­ғады не әлденеден үркіп басқа шетке ығысуы мүмкін. Өз түйсігімен қауіптің алдын алып, төлін түйетабан жапырағының астына жасырып кетеді. Өз­дерің көргендей, жапырағы түйенің табаны секілді, астына лақ еркін сыйып кететіні бел­гілі. Ұрпағын қорғауда олар да осындай айлаға барады, – деп дала аңының өзгешелігін тілге тиек етті инспектордың бірі Нұржан Балжанов.

Осы кезде «Киік» акция­сының маңыздылығын сөз еткен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі ау­мақтық инспекциясының бөлім басшысы Олжабек Холов біз­дегі киіктің санын да айтып қалды.

– Қазақ даласында 334 мың­нан астам киік жүр. Әзірге санақ қорытындысы осындай. Үстіртте 5900, Бетпақдалада 111500, Орал популяциясында 217000 бас киік бары ғылыми ұйымдар жүргізген санақ жұ­мыстарында белгілі болды. Ал биылғы киік санының қо­рытындысы енді белгілі бо­лады, – деді бөлім басшысы.

Енді қараңыз. Соңғы 7-8 жылда киік өспесе азаймаған дейді мамандар. Анықтама ре­тінде  айтсақ, 2012 жылы бізде 135 мыңнан аса киік өрсе, араға бес жыл салып, қайта санасақ, 2018 жылы 215 мыңнан асқан.

Біз көрші Ақтөбе, Қарағанды жері, одан әрірек Қостанай мен Ақмола облыстарының аума­ғында жосып жүрген киіктің Сырға қарай көбіне қыс түсе ауатынын ғана білетінбіз. Киік санының артуы – 2012 жылғы ҚР Үкіметінің 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес жүзеге асырылған шаралардың арқасы. Өйткені, қаулыда көрсеткендей, киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынды. Ал былтыр бұл тыйым 2023 жылға дейін ұзартылды.

Иә, дала қорықшылары қор­ғайтын түз жануары өсіп келеді. Оған да шүкір делік.

Бір лақтың мың «анасы» бар

«Жиһантөбеден» шыққалы 60-70 шақырым жол жүріппіз. Арнайы база саналатын «Ит­кеткен» бұлағының басына жетуіміз керек. Мұнда «Охо­то­зо­промнан» жасақтал­ған жедел әрекет ету тобы бізді күтіп тұр.

Осы топ жетекшісі Ербол Есенбековпен бірге Талғат Баймұқан, Базарғали Елешов, Бақытжан Исмайлов, Ғалым Асанов сияқты инспектор­лар­мен 15 күн бойы елсізде жүреді. Вахталық әдіспен жапан түзде киік тыныштығын күзетіп жүр. Әсіресе осы мамыр айындағы төлдеу науқанында олардың жұ­мысы тіпті қарбалас.

Кешкілік «Иткеткен» бұла­ғының басында табиғат сақшы­ларымен емен-жарқын әңгіме басталды.

– Мына басы Ұлытаудан келер қар суы Бетпақдаладағы Ақшалы, Қалмаққырған өзен­де­ріне түседі. Одан бөлек, әр жерде кеңес үкіметі қазған жер­асты суы – бұлақтар да бар. «Наурызбай», «Командир» сияқ­ты жерлердің барлығында жүрген киік осы су маңына жақын жайылады.

Бұрын «Промхоз» деп ата­латын мекеме Ақшалыда тұр­ды. Ақшалы Жезқазған аума­ғына жататын Киікші дейтін жердің қасында. Онда осы дала аңы – киікті атып, етін дү­кендерге өткізді. Мүйізін дә­рілік мақсатқа, терісін жеңіл өнеркәсіпке пайдаланды. Есеп­сіз киіктің пайдасын осылай көрді. Бір қызығы, киіктің кү­йекке түсер кезінде де, туар ал­дында аталған мекеменің аңшылары мылтық ұстамайтын болған. Ал 1990 жылдардан бастап киік саны тым құлдырай бастады. Түрлі себеппен саны азайды, – дейді көп жылдан бері инспектор болған Базарғали аға.

Деректерге сүйенсек, 2003 жылы Қазақстанда 21 мыңнан сәл асатын ақбөкен жүріпті. Бұл кезінде 1 миллион 200 мың бас киіктен қалғаны еді. Елсізде өрген түз жануарының 80 проценті Қазақстанда мекен­дейтінін айтсақ, бұл ең төменгі көрсеткіш болатын.

Саны бірде көбейіп, бірде күрт түсетін ақбөкенге қатысты тағы бір деректі айтсақ. 2015 жылы жаппай індет тию се­бебімен біздегі 200 мыңдай киік қырылды. Бұл жалғыз Қа­зақстан емес, басқа да ел­дің аумағында мекендейтін киіктің жартысынан көбі жоқ болды деген сөз. Жақында ғана белгісіз себеппен Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық киіктің өлігі табылды.

– 2003 жылы «Охотозо­пром» ӨБ» мекемесі құрылды. Тұяқты жануарлар, оның ішінде киікті қорғауды мемлекет же­дел қолға алды. Атуға тыйым салынды. Табиғат тыныштығын бұзатын­дарға жаза бұрынғыдан да кү­шейтілді. Соңғы жылдары Мем­лекет басшысының пәрме­ні­мен аң-құсты қорғау бағы­тында оң жұмыстар іске асқа­нын білесіздер, – дейді Расул Маха­нов.

Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын даланың сұлуы мамыр айының ортасынан бас­тап жаппай лақтайды. Өсімге тікелей әсері бар мұндай уақытта инспектордың ұйқысы бұзылары анық. Аналық ешкінің төлдейтін уақыты келгенде те­келер де бөлектеп шығады. Осы сәтті броконерьлер де күтіп жүретіні белгілі. Өйткені, мүйізден пайда көріп жүрген қаскөйлер мұндайда аталық киікті мейірімсіз қырудан та­йынған емес.

– Текелердің бөлек кетуі­нің себебі бар. Әрі олар тым ашыққа жайылады. Өз түй­сік­терінше сыртқы жаудан еш­кілерді қорғаған түрі ғой. Өйт­кені, көзге бірінші түседі. Қуған аңшыны ізінен ерткен күйі төлдеп жатқан аналықтан алысқа алып кетуге ұмтылады. Жалпы желтоқсан айында олар жұптасады. Халық арасында бұны «киіктің матауы» деп те атайды.

Екінші бір айта кететін нәр­се, ешкілер ертемен лақтайды. Көбіне егіз туады. Түске де­йін лағы бауырын көтеріп, ене­сіне еріп жүруге жарайды. Ерек­шелігі сол, жылдам аяқ­танады. Екі күннен кейін киік­тің құралайын машинамен қу­ып жете алмайсыз. Сондай-ақ әр жылда киіктің еркегі мен ұрғашысын өздері реттеп оты­рады. Мысалы, бір жылда өз ішінде теке азайып кетсе, сол жылы ешкілер кіл еркек лақ туады. Аналық азайса да солай. Расында, табиғатта киіктің жа­ратылысы бөлек қой. Өзге аңдардай емес, өз жатырындағы ұрпағының жынысын ауыстыра алатын тек солар ғана шығар, – деді инспектор Нұржан Бал­жанов.

Киік өте жылдам өсетін жануар. Биылғы төлі ұрғашы, яғни шыбыш болса, алты айдан кейін ұрпақ әкелуге жарамды дейді инспекторлар. Ал еркек лақтар текелік жасау үшін кемінде бір жарым жыл жетілуі тиіс екен.

– Тамыз айына дейін лағын ертіп жүрген ешкі, сортаңға апарып, төлінің тұяғын тұз­ды жерге әбден пісіреді. Жүгі­руге, дұшпанынан қашуға бейім­дейді. Ал тамыздан кейін төлі бөлініп, бөлек табын болып жайылып кетеді. Дәруменді өсімдіктерді талғап жейді. Біз­ге белгілісі бар, білмейтін де шөптің түрімен қоректенетін олардың мүйізінің дәріге пай­далану себебі де осында, – дей­ді инспекторлар басшысы Расул Маханов.

Бір ғажабы, жаңа туған төлдің бір емес, бірнеше енесі болады. Өйткені, туған ешкі әлдебір қаскөйдің қолынан мерт болса, лақ жетім қалмайды. Да­лада қалған кез келген құ­ра­лайды өзге аналық киік ба­уырына басып, емізіп, ізінен ертіп кете береді. Мұнда «менің не сенің лағың» деген түсінік не үй жануарларындай өзгенің төлін жатырқау жоқ. Тіпті, бір киік лағының жүздеген ана­сы болуы әбден мүмкін. Емшек сү­тін осылайша бөліп жар­майды жарықтық.

Киік төлдейтін уақытта қас­қырдың да «іші өтетінге» ұқ­сайды. Дұрысы, олар ет жеуден қалады. Тағы бір нұсқасы азу тісі өскендіктен, қасқыр бай­ғұстың да жағы қарысып, ау­руға айналады. «Құдайдың бұл да бір киікке деген жәрдемі» дейді табиғат сақшылары.

Айтпақшы, киік әлдеқашан жойылып кеткен мамонт пен жолбарыстан бұрын пайда бо­лыпты. Сол дәуірден осы күнге дейін жеткен олардың ғасырлар бойы өзін қорғау, көбею тәсілі өзгелерге мүлдем ұқсамайтыны ғажап қой.

«Отбасыммен қоштастым…»

Осыдан 10-15 жыл бұрын инспекторлардың жұмыс жағ­дайына былайғы жұрттың төзе қоюы неғайбыл еді. Ескі көлік, қорғаныс құралы аз сақшы үлкен «Джип» мінген брако­нерьлерге қайдан қарсылық көрсетсін?! Тек айбат қылғаны болмаса.

Сол кезеңдегі қиындық инс­пектор Кенжеғазының әлі есін­де.

– 18 жылдық инспекторлық қызметімде талай қызық та, шыжық та өтті бастан, – деді ол күле сөйлеп. – Ұмытпасам, 2010 жылы қақаған қыста осындай кезекті рейдте көлігіміз сорға батып қалды. Қар қалың, ал сордың  оның астында қалғанын біз қайдан білеміз?! Мінгеніміз «Нива» машинасы еді.

Төрт адам болып далада қалдық. Енді не істейміз? Қал­ған жеріміз Ақшалы маңы бо­латын. Содан бері қарай 80 шақырым жерде осы «Ит­кеткен» бұлағы бар. Сенесің бе, қалың қармен екі күн, бір түн жүрдік. Жаяу қалың қарды кешіп келеміз. Көтерген, қолға алған азығымыз біткен. Әлсін-әлсін тоқтап, су­ық қар асаймыз. Екінші күні түстен кейін төр­теуміздің де үніміз шықпай қалды. Ілдәлап келеміз. Тамақ қарлыққан еді.

Өлдік деп ойладық бәріміз. Қалтамдағы телефонның дик­тафонын қостым. Сөйтіп әйе­ліме даусымды жазып, қош­тасып жатырмын. «Ләйла, ана балаларға қара, мені ке­ші­рің­дер…» Не айтқаным анық есімде жоқ, осындай сөздерді қай­талай беріппін…

Кенжеғазы ағадан есітке­ні­міздей, адасқан төрт инспек­торға сәлден соң үлкен жүк көлігінің ізі кезігеді. Әлгі ізді көріп қуанған бұлар қайта күш алып, алға ұмтылады. Өйткені, жақын жерде «Иткеткен» бұла­ғы бар, одан әрі 20 шақы­рым «Бөгдек» атты жерде мал­шы­ның қыстауы тұр.

Бұлақ басына жеткен соң Кенжеғазы қасындағы үш серігін тастап, алға жылжиды. Бар ойы – малшы отырған үйге жетіп, соның көлігімен қасындағы серіктерін де аман алып қалу.

– Жеттім де малшыға жағдайды айтып үлгердім. Әрі қарай есімде жоқ. Кейін сол жағдайды ойлаймын ғой. Таңғалатыным, қар басқан жолдың үс­тімен жүріп қыстауға жеткенім. Екін­ші бір айтатын керемет, әдепкі бұлақ басына жеткенде бес минутқа көзім ілініп кеткен еді. Сол кезде түс пе, елес пе, әйтеуір, үйдегі кішкентай қызым «папа, папа, тұр» деп жұлқылап жатыр екен. Ал сол кез ұйықтап кетсем, онда үсік шалып, бұл өмірде жоқ бола­тынымыз анық, – дейді Кенжеғазы Нұрылдаев.

Сол адасу кезінде екі  қасқыр да көпке дейін бұлардың ізінен қалмапты. Сондағы жыртқыштардың бар тілеуі – адасқан төртеудің шаршап құлауы. Әбден әлсіреуін аңдыған қос бөрінің бұларға бата алмауының бір себебі бар. Ол инспекторлар қолындағы мылтық еді.

– Қазір жағдай біршама өзгерді. Мысалы, сіздер көріп, қолмен ұста­ған «Сайга», СКС-1253 карабинді мыл­тығы, «Байкал» тапаншасы, АКМ-74 автоматы әр топта бар. Ол топ 15 күн сайын вахталық әдіс арқылы ауысып қызмет етеді. Мына біздегі арнайы пункт ретінде жабдықталған КАМАЗ, eкі Ланд Крузер LX-76, екі Тойота Хайлюкс те бізге қысы-жазы үлкен кө­мек болып тұр. Хабарласу рациялары, тікелей ор­талыққа шығар телефон да осында кезекші топта болады. Техника мен байланысу құралдары жаңарған соң аңшылар да аяқ тарта бастады, – дейді жедел әрекет ету тобының жетекшісі Ербол Есенбеков.

Қазір аймақтық инспекторлар қор­ғайтын аумақ 24 мың гектарды құ­райды. Оның 6 мыңы орман қорына жатады екен.

– Бәрі бекітілген жоспарға сәйкес жүреді. Киікті, жалпы жануарларды қорғауда инспекторлар жаңа техника, арнайы киім және қарумен қамтылған. Жанармай мен азық-түлік мол. Қыз­меткерлерге іссапар шығыны төленіп, жылжымалы жатақхана берілген. Біздің инспекция, аудандық, қалалық полиция бөлімдері, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер және «Охотзоопром» ӨБ фи­лиалы қызметкерлерінен құралған мобильдік топ бар. Киікті қорғауға Арал мен Жаңақорған арасындағы облыс шекарасы белгіленген аймақ кіреді. Мойындау керек, заң күшейтілуіне қарамастан, киік аулайтын қаскөйлер тыйылар емес. Біздің мақсат – жануарлар тыныштығын сақтау. Күшейтілген рейдтің арқасында өткен жылдарға қарағанда киік саны 55 процентке өсті, – деп әңгімесін бір қайырды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Кенжеғазы Нұрылдаев.

Жануар атқанның жазасы қалай?

Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілгенін айттық. Ал жазасы тіпті ауыр. Мысал келтірсек.

Былтырғы жылдың басында қол­даныстағы заң талаптары қайта қара­лып, өзгерістер енгізілді. Заңсыз аң­шылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысқан тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339 баптарындағы жазалау санкциялары қатаңдатылған. Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген шығынын да қосып есептейтін көрінеді. Нақты айтар болсақ, бір киіктің текесін жазым етсеңіз, 500 АЕК, яғни, 6 млн 250 мың 500 теңге айыппұл арқалауға мәжбүрсіз. Ал аналығы мен төлінің айыппұлы 350 АЕК немесе 4 млн 375 мың 350 теңге. Текелердің құны қаншалықты екенін жоғарыдағы айып­пұлдан бағалай берерсіз. Мұнан басқа, киік атып, жазалы болғанның барлық пайдаланған көлігі мен қару құралдары қылмыс құралы болып дәлелденсе, міндетті түрде тәркіленеді.

– Қазір мүйізді қабылдайтын Қытай жақтың жолын тиісті органдар арқылы жапты. Бұл енді мүйіз қабылданбайды деген сөз емес. Жасырын жолмен өт­кізетіндер бар. Талай көзіміз көрді. Те­келерді бірыңғай қырып, мүйізін қағып алып кеткен. Қазір заң күшейгелі киіктен аяғын тартып жүр, – деді Расул Маханов.

Даланың ерке сұлуы – ақбөкеннің төлдеу, көбею кезінен бөлек, көшіп-қо­нуы, өріс ауыстыру уақытында арнайы шаралар жүргізіледі. Құзырлы орган­дардан жұмысшы топ құрылып, киіктің төлдеу, шоғырланған орындарындағы топырақ, ауа және судан биологиялық сынамалары алынып тұрады екен.

– Инспекцияның, жергілікті атқа­рушы органдарының, табиғат және құ­қық қорғау мекемелері бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес, облыс кө­ле­мінде табиғат қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жүргізілген рейд барысында, былтыр облыс бо­йынша киікке қатысты 8 қылмыстық іс тіркелген. Оның бесеуін сот ор­гандары қарап, айыптыларға 2 жарым, 3 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған. Бір қыл­мыстық іс бойынша тергеу мер­зімі үзілген. Тағы екеуі басқа облыс­тардағы қылмыстық істермен бірік­тіріліп, Қарағанды об­лысына жолданса, бір қылмыстық істі сот орган­дары қарап жатыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясының бөлім басшысы Олжабек Холов.

2019 жылы киік аңына қатысты қылмыстық іс тіркелмеген. 2018 жы­лы осы мәселеге қатысты 9 дерек сот­қа жолданған. 16 адам бас бостан­ды­ғынан шектеліп, келтірілген 95 млн теңге шығынды мемлекет пайдасына өндіруге үкім еткен. Оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық құралы болып табылған 2 Тайота Ланд Кру­зер, 1 Митсубиси Паджеро, 1 УАЗ, 2 мотокөлік және 7 аңшы қаруы тәркіленген.

Сапар түйіні. 365 күннің 200-ден астамын елсіз далада өткізетін инспекторлармен бірге ас ішіп, бірге түнеп, біраз жайға қанықтық. Бейбіт күннің нағыз батырлары осылар шығар. Сапар барысында жылт еткен кесірткеден бастап, дала балпағын, тіпті сирек кездесетін дуадақты та көрдік. Ара-тұра екі-үш бас киік ешкісі де кезігеді. Төлдеу маусымы басталғалы аналық біткен көзге көп түсе қоймайтыны белгілі ғой. Инспекторлар тілімен айтсақ, олардың «перзентханасы» Қостанай, Торғай даласында көбірек кездеседі екен. Ал қазақ киелі санаған түз жануарының текелері біз барған Бетпақдалада бөлек жүйткіп жүр. Әрі жиі кездеседі.

Айтпақшы, осы мамырдың үшінші онкүндігі желді һәм жаңбырлы өтуші еді. «Құралайдың салқыны» дейтін көнекөздердің дөп айтатынындай бар. Өзін де, лағын да осы жел бағытымен жауған жаңбыр суына «жуындыратын» қасиетіне және қалай тәнті болмайсыз, ә?!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<