ҚАЗАҚТАР ҚҰЛДЫҚҚА САТЫЛҒАН ТАРИХТЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

2067

0

Қазақ отаршылдық қамытын арқалай отырып, талай нәубет, қырғын-сүргінді бастан кешірді. Бұл халықтық қасіреттер төңірегінде айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ кезінде қазақтардың құлдыққа сатылғаны туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Мәселен, кезінде африкалық негрлерді базарға апарып құл есебінде сатқанын бәріміз білсек, қазақ та мұндай жағдайды бастан кешірген. Олай болса, қазақ халқы мұны неге ұмытуы тиіс?

Біз совет заманында сауат ашып, оқып-жетілген сол уақытта елдің қоғамдық – әкімшілік саласында қызмет атқарған азаматтар Ресей империясы кезінде қазақтар ресми түрде құл есебінде саудаға салынғанын білмек түгілі, мүлде естімедік, бұдан ешқандай хабарымыз болмады. Мұндай дерек еш жерде айтылмады, жазылмады. Соңғы жылдары құпия болып есептелінген архивтегі кейбір материалдардың грифі жойыла бастаған соң ғана мұны бірлі-жарым зерттеушілер жаза бастады.

Әдетте кеңес кезіндегі қуғын-сүргін туралы сөз үнемі 37-жылмен байланыстырылады. Тарихқа «қызыл қырғын» болып енген сол уақыт, шын мәнінде, ел басына төнген ауыр нәубет болғаны рас. Алайда бұл қайғы-қасіреттің басы да, аяғы да емес еді: «қызылдар» мен «ақтардың» текетіресінен туындаған ойран, қолдан жасалған екі дүркін аштық, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, ұжымдастыру сергелдеңі, репрессия, Желтоқсан көтерілісі… осы зобалаң толастамады, үздік-создық жалғаса берді.

Ал қазақтар бастан кешкен «құл саудасы» зобалаңы туралы не білеміз?

 Мәселен, 2004 жылы Алматыда шыққан «Северо-Казахстанская область» деген энциклопедияда В.Черниковтың «Құл саудасы» деген мақаласы бар. Сондағы мәтіннің мазмұны мынадай: Сібір аймағында (бұған  қазіргі еліміздің солтүстік өңірі де кіреді) құл саудасымен айналысу 1737 жылы орыстың қатын патшасы Анна Иоанновнаның жарлығымен заңдастырылған екен. Қазақ халқының жоңғарлармен үздіксіз қақтығысы, Хиуа хандығының орыс иелігіндегі жерлер мен қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуыл жасауы – жауласқан екі жақтан тұтқынға түсіп, құлға айналғандардың санын көбейте түсуіне себеп болған. Жұт жылдары кедейленген қазақ отбасылары өлімнен құтылу мақсатымен балаларын құлдыққа сатуға мәжбүр болған. Кейін патшаның қарамағында басыбайлы кісілері бар адамдарға құлдарды сатып алу  немесе оны тауарға айырбастап, соңынан шоқындыруға құқық берілген. Ал орыс селосын толықтыру үшін қазақ қыздарын сатуға ХІХ ғасырға дейін рұқсат етілген.

Жоңғар хандығының күйреуіне байланысты құл саудасы күшейе түскен. Ірбіт базары ең негізгі ішкі сауда орны болып есептеліпті. Баға қалыптасқан жағдайға, сұранысқа орай өзгеріп отырған. Мәселен, жан сақтау үшін 40 жастағы әйел 12 сомға, 30-дағы ер азамат әйелімен қоса 1 ат, 1 құлынға (16сом) сатылған көрінеді.

Қазақ халқының сол кездегі өте ауыр жағдайын отарлаушы билік те жақсы білген. Айталық, сол кездегі Ресей І Александр патшасы Орынбор губернаторы Волконскиийге жазған хатында (25 мамыр 1808ж.) «Орынбор маңындағы көшіп-қонып жүрген қазақтардың жағдайы оте ауыр, сондықтан олар қарақшылықпен айналысса, екіншіден күн көру үшін балаларын Хиуаға апарып сатуға мәжбүр» деп жазылған.

  Осыған байланысты болар, сол жылы орыс өкіметі Ресей құзырындағы басы бос азаматтарға қазақ балаларын сатып алуға немесе айырбастауға құқық берген. Алайда мұндай құлдар жасы 15-ке жеткенде бостандыққа шығарылатын көрінеді. Мұның өзі сонша бір қатал да заң емес сияқты. Өйткені осы өкім жарық көрместен бұрын қазақтарға, әскери қызметшілер және басқа да үлкені-кішілі шенді-шекпенділерге қазақтың әйелдерін, балаларын күштеп тартып алуға жол берілген.

Тіпті әскердегі кейбір бастықсымақтылар әйелдерден гарем ұйымдастырып, сосын оны өз пайдасына сатумен айналысқан. 7 жасар қыз бала – 20тиынға, ер бала -25 тиынға, ал үлкендердің бағасы 10-20 сомның арасында сатылған. Түсінікті болу үшін, салыстырмалы бағамен қарайтын болсақ, сол кезде қара малдың екі пұт еті 80 тиын, бір аттың құны 5 кез (аршын) шұға (91,5 тиын) және 4,57 сом тұрады екен (Царская колонизация в Казахстане// Алматы,  «Рауан» 1995 ж.)

1819 жылы І Александр патша қазақ балаларын сатуға болатындығы жөнінде тағы да заң қабылдайды. 1832 жылы жарық көрген А.И. Левшиннің «Қырғыз –қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген кітабында «базарда қазақ баласының құны 4 немесе 5 қап тары, қыз баланың құны 3-4 қап тары тұрады, сонда бір айдың ішінде жүз қазақ баласы сатылды» деп атап көрсетеді.

«Кейбір зерттеушілер орыс отаршылдары құл судасымен айналыспады, жергілікті халықты қырмады, тек қана шикізатын пайдаланды, қазақ елі Ресейдің ішкі рыногына айналды деген пікірді көлденең тартады. Иә, қазақ елі тек қана шикізат қоры болып қоймады, егер біз профессор Фурсовтың «Сибирские чтения» деген еңбегінде (1915ж.) айтқанына сенсек, қазақ елі небір жексұрын отаршылдықтың түрін көрген, – деп жазады белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ағамыз. – Қазақ қыздарын, әйелдерін күң емес, жезөкше үйлерінде ұстау үшін арнайы қосын жіберіп, жап-жас қыздарды байлап-матап сатқаны сияқты отаршылықтың небір сорақы қылмыстары көрсетілген. Қазақ даласы үзбей жіберіліп отырған жазалаушы әскери қосындары, қазақ жастары, қазақ сахарасын өртеп, жүздеген ауылдарды тып-типыл қылып құртып жібергені архив құжаттарында қатталған. Ендеше қазақ сахарасы отқа шарпылған Вьетнамның кебін ерте киген» (М.Қозыбаев. Жауды шаптым ту байлап. // Алматы, «қазақстан», 1994, 18-б).

 Қазақ ауылының кедейленіп, азып-тозуына патша үкіметінің өзі қызу қолдау жасап, «әскери барлау» деген құрамаларды пайдаланған. Әскери барлаудың қарулы жасақтары қазақ даласының алыс түпкіріне жетіп, қазақ ауылдарын талан-таражға салды, мал-мүлкін тәркілеп, тіпті балаларын да қуып, алып кетіп отырған. Бұған орыстың сауда керуендеріне немесе шекара заставаларына қазақтар щабуыл жасады деген ойдан шығарылған өсек-аңызды сылтау еткен. Бұл істе барлаушыларға орыс патшалығының кейбір жергілікті жандайшаптары – сұлтан-билеушілері көп қамқорлық жасап, ауылды қалай тонаудың жолын, әдіс-қимылын қарастырып, егжей-тегжейлі, жан-жақты жоспарын жасауға көмектескен.

  Осындай әскери жасақтар 1830 жылы бір ғана Байбөрі болысынан 12 мың қой, 2000 жылқы, 1500 сиыр, 700 түйені айдап әкеткен. Мұнымен қоймай, олар балалар мен қыздарға қиянат-қысым жасап, оларды тұтқындап, алып кетіп, ал ересек ер-азаматтарды қырып-жойған. 1838 жылы сұлтан Қоңыр Құлжа мен орыс офицері Көшек Қасымов ауылының тоз-тозын шығарып, 21 қыз бала мен 8 әйелді күштеп әкеткен, 25 ер азаматты өлтіріп, 80 адамды түрмеге жапқан. Басыбайлы (крепостнойлық) еңбектерді қолданатын ірі тау-кен зауыттарының иелері мен орыс помещиктеріне І Александрдың арнаулы заңы бойынша қазақ балаларын құлдыққа сатып алуға рұқсат етілген. ХІХ ғасырдың басында, бір ғана айдың ішінде 100 қазақ баласы- әрқайсысына 4-5 қап қара бидай ұнына, ал қыздар 3-4 қара бидай ұнына сатылып кеткен (История Казахстана. // Алматы, фонд Болатхана Тайжан, 2011, с. 325-326).

Қорыта айтқанда, осыдан 280 жыл бұрын Ресей патшасы Анна Иоанновна  қазақтарды құл есебінде сатуға болатындығы туралы жарлық шығарған. Кейін І Александр бұл қасіретті құжатты қолдап, оның кейбір тұстарын қайтадан жаңғыртқан. Оған да, байқап отырсақ алдағы екі-үш жылда 200 жыл болады екен. Құл саудасы жөніндегі алғашқы құжат 1822 жылға дейін күшін жоймағанын еске салсақ, орыстар бұл кәсіппен 85 жыл (М.Сперанскийдің Сбірі аймағын басқару реформасына дейін) айналысқан екен.

Олай болса, алдағы уақытта өсіп-өркендейік, елімізді көркейтейік, халықтың санасын жаңғыртайық десек, біз қазақтардың бұл құлдық қасіретті бастан кешкен тарихын зерттеп, ол зұлматтың жай-жапсарын ашық жазуымыз керек. Бұл тауқыметті тарих біздің халыққа құлдық санадан арылуға бастайтын бір тағылым болары анық.

Дерек пен дәйек. 

Қазақ даласын зерттеуші ғалым Г.Н. Потанин өзінің бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін Қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қарашада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды Қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті», -дейді.

Қазақ қыздарын сатып алып күн ретінде ұстау ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны: 40 жастағы қазақ әйелі – 12сомға; 30 жастағы жігіт (әйелімен бірге) – 1 ат, 1 құлын және 16 сомға; 16 жастағы бозбала – 12 сомға; 20 жасар жігіт – 15 сомға сатылған. Сол заманда аттың құны – 91,5 тиын болған.

1808 жылы 23 маусымда шыққан патша жарлығы:

«Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ) балаларын айырбастауға, сатуға мынадай жағдайда рұқсат беріледі: 1. Жасы 25-ке жетсе; 2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде (сату, айырбастау, сатып алу, алмастыру жөнінде) Орынбор шекаралық комиссиясына мәлімдесе; 3. Әрбір сатып алушы тұтқынды басқа біреуге беруге ерікті делінген.

1819 жылғы 13 ақпандағы Ресей Сенаты бекіткен жарлықта: «қырғыздар және қырғыз әйелдері 1808 жылғы жарлыққа дейін сатып алынғандар және жарлықтан кейін сатып алынғандар деп бөлінгендіктен, алғашқылары өмірінің ақырына дейін қожайынының қолында қалады, ал соңғылары 25-ке толғаннан кейін азат деп есептелінсін» делінген.

                   

                                                                      Амантай КӘКЕН, 

                             Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 

запастағы полковнигі, 

                                   Астана қаласы.

«Общественная позиция» газеті.

тамыз 2017 жыл

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<