Дабыл батыр

1182

0

Бекшеұлы Дабыл батыр Қазалы өңірінде дүниеге келіп, 1770/1771-1860 жылдар аралығында өмір сүрген.  Арғы бабасы Маңғытайұлы Құдайсүгір батырдан Мырзакелді батыр, Еремен (Ремен), Сұлтанкелді. Еременнің бәйбішесінен Итемген батыр, Қарымсақ батыр, тоқалы Жүзіктен Ерубай, Шерубай, Қараторғай, Бозторғай, үшінші қалмақ әйелінен Таңатар, Күншығар, Бектұрған, Төлеген, Қуандық, Қошқар – барлығы 12 ер бала тарайды. Үлкені Еременұлы Итемген батырдан ағайынды Ақша, Бекше, Қаблан, Жолбарыс батырлар. Бекше батырдан Дабыл батыр, Қожа батыр және Пұсырман. Дабылдың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, төрт атасы батыр болған.

2010 жылғы Алаш тарихи-зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының та­­рихы» 100 томдығының ХІІІ томының (1,2,3,4 кітап) «Қаракесек бірлестігі»: (Әлім, Кете, Шөмекей), 2-кітап «Жан­қожа Нұрмұхаммедұлы ұлт-азаттық күрес жолында» тарауында, орыс зерттеушілері жазып қалдырған мәлімет­терінде Жанқожа батыр жорық­тарының көбінде Дабыл батырдың аты аталып, ең сенімді қолбасшыларының бірі болғаны көрсетілген. Ол туралы Молдахмет Қаназов пен Самат Қалуовтың «Ел қорғаған ер Жәкем» кітабында, Лұқпан Кенжеевтің, Сардарбек Қожағұловтың және Жұмабек Айдарбекұлының «Жанқожа батыр» дастандарында Жан­қожа батырдың әкелері Өтеген, Нұрымбетпен бірге соғысқа қатысқаны айтылады. Халық батыры Жанқожамен ағалы-інілі сыйласқан дос­тығы, Дабыл батырдың немере туысы Ақшаұлы Көлдейбекке Жанқожаның ағасы Ақмырзаның қызы Зәурені атастырып, құдай қосқан құдалыққа жалғасқан. Көлдейбектен Қарасақал Ерімбет шайыр дүниеге келген.                                                      

Батыр туралы осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде негізсіз мәліметтер жазылып келді. 1790 жылғы қазақтар мен қарақалпақтар арасында болған соғыста Тықы батырға қарсы жекпе-жекке шығарып, Дабыл батырдың атының аяғы індікешке кіріп, сүрініп, содан кейін 17 жастағы Жанқожа шығып, Тықы батырды өлтірді деп жүр. 

Ол замандағы жекпе-жек қазіргі күрестегі жекпе-жек емес қой, батырлардың жеңілгені өліп, жеңгені тірі қалатын заман емес пе? Соғыс кезінде, бас қолбасшы елге танылу үшін жекпе-жекке сұранған жас батырларға жол беретін ертеден келе жатқан дәстүрді ұстап, егер ешкім жекпе-жекке шықпаған жағдайда өзі шығатыны белгілі. Егер Дабыл жекпе-жекке шыққан болса, аты сүрінгенде Тықы аяп тірі жібере салмаған шығар.

Ботабай Рыстығұлұлы жазушы Ә.Оспановтан «Жекпе-жекке шыққан Дабылдың атының аяғы індікешке кіріп, сүрінгеннен кейін, Жанқожа шықты деген мәліметті қайдан алдыңыз» деп сұрағанымда, «бір қателік кетті, кейін түзетеміз» – деп әсірелеп жібергенін мойындады деген болатын. Жазушының сол бір көркемдеп, әсірелеудегі қателігін өкінішке қарай кейінгі кітап, дастан жаз­ғандар, естелік айтып, баяндама жасағандар қайталап, оқыр­манды адастырып тарихқа қия­нат жасалып жүр деуге болады. Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісінің бас­шысы, теңдесі жоқ ұлт­жан­дылығымен, әділет­тілі­гімен, көрегенділігімен, ба­тыр­­лы­ғымен халықты ізіне ерте білген халық батыры, біртуар тұлға екендігін еш­кім де жоққа шығара алмайды. Ол тарихи құжаттарда дәлелденген. 

«Қызылқұм беткейінде Қарақалпақпен шектесіп, мал жайымен отырған, қарасақал елінде жастай батырлығымен аты шығып жүрген Бекшеұлы Дабыл, Қарақалпақ елінің Тықы есімді батыры әскер жиып, қазақ еліне жорық жасағалы жатқанын естіп, соғысқа өз руының сарбаздарын дайындап және бірлесіп қарсы тұруға Сыр бойындағы Әлім-Шөменнің батыр-билеріне хабар жіберсе керек. Сол хабарға сәйкес Әлім-Шөменнің батырлары да қол жинапты. Сырда жа­сақталған әскермен соғысқа баруға жассың деп әкесі елге тастап кеткен Жанқожа атымен көрінбей әскердің ізінен шаңына еріп отырады. Екі елдің әскерлері бетпе-бет келгенде, Тықы батыр «жекпе-жек» деп атой салып, ортаға шығады. Осыған дейін ерлігімен көзге түсіп, қол бастаған сардар, соғыстың бас қолбасшысы жиырма жастың үстіндегі Дабыл батырдың алдына 17 жастағы Жанқожа шауып шығып, Тықы батырмен жекпе-жекке шығуға бата сұраған» деп Қарақалпақпен шекаралас Қызылқұм беткейінде өмір сүрген шежіреші Кәнісбек Төртқара Шоратайұлы Әліп­бай ақсақал мен Жанқожа батырдың сардары болған кісілердің ұрпақтарының атадан балаға айтуымен жеткен әңгімелерінің ұлы жобасы осындай.

«Қылышбай Әлім-Шөмен­нің ханы болған ба?» деген сұрақты көп жылдардан бері көнекөз әңгіме білетін қариялардан сұрап жүрдім. Естіген жауабым: «Ондай әңгіме естімедік, ол кезде Шыңғысхан ұрпақтары билікке таласып, елді бөліп-бөліп алып, қазақты бір-біріне алауыз қылып, қарсы қойғаннан кейін, хан-сұлтандарға елдің сенімі кетіп, батыр-билер басқарған заман болған. Елдің бірлігін сақтау мақсатында, әр ру өздеріне ағайынға сөзі мен билігі жүретін кісілерді хан деп атаған. Солардың қатарында Арданадан Әлиұлы Бекмырза хан, Жиенейден Шабақұлы Сырлыбай хан, Жолшарадан Құдиярұлы Ашабай хан, Асаннан Амалдықұлы Бекарыстан би, Құттықтан Жұмағұлұлы Қылышбай хан сияқты ру басыларын хан атаған» дейтін. Бұдан қарадан хан сайлау Әлімнің тек Жаманақ (Шекті) ұрпақтарында бол­ғанын көреміз. Ал, Әлім-Шөменнің басқа руларында хан сайланды деген әңгіме естілмеген, өздерінің рубасы, би-батырлары билік жасап, басқарғанға ұқсайды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Назархановтың «Қазалы» газетінің №77 санында «Жәрімбет әулиенің батасы» атты мақаласында Жанқожа батырға бата берген бес тұлғаның есімі аталған. Олардың ішінде Тықы батырға қарсы жекпе-жекке шығуға сұранған Жанқожаға алғаш бата берген әскердің бас қолбасшысы Дабыл бар. Соғыстан қайтар жолда Құттықтың ханы Қылышбайға қол жұмсаған Жанқожаны елдегі өсек-аяң саябырсып, ханның ашуы басылды-ау деген шамада әкесі Нұрымбет алып барған. Қылышбай хан:

– Қате Жанқожадан емес, менен кетті, – деп бата бергені айтылады. Ағайын­аралық қатынас шиеленіспей бейбіт түрде шешілгеннен кейін, Нұрымбет халықтың қалауымен баласы Жанқожаға бата алып беруге Әлім-Шөменнің игі жақсыларын шақырыпты. 65 жастағы Шөмекей Жәрімбет әулиеден бата сұрады десе, одан кейін Жақайым Жылқаман батыр мен Мүсірәлі пір ұрпағы Әбжелұлы Дәрменқұл ишан­ның бата бергені жазылған. Бұл бұрынғы үлкен­дердің айтылған әңгіме­леріне сәйкес келеді.  

Қарақалпақтың бас батыры Тықы өліп, әскері ойсырай жеңіліп, тірі қалғаны еліне барса, қарсы тұрар еркек кіндіктің жоқтығын пайдаланған түрік­пендер арғы жағынан келіп, елін шауып, мал-мүлкін талап кетсе керек. Елінің үлкендері жиылып: «Тықы батыр қазақтармен соғыспа дегенімізді тыңдамады, ақыры басын жұтты, қазақтармен жау­ласқанымызбен түбіміз бір туысқан елміз, сый-жорал­ғымызды алып барып келісімге келейік. Біз отырықшы, егін егетін елміз, қазақтар көшпелі мал баққан ел, екі ел мал мен астықты айырбастап, біз егін егуді, арық қазуды үйретіп, тату көрші тұрайық, олар бізді түрікпендерден, Қоқан, Хиуа басқыншыларынан қорғасын» деген тұжырымға келіпті. Соғыстан кейін қазақтарға елші жібереді екен.

Мал жайылымына байланысты Қызылқұмда шекаралас қыстап отырған қарасақал тайпасының үлкендері келген елшілерді Кәдір, Сәдір, Дабыл батырларға сілтейді. Екі елдің рубасылары келісімге келіп, арасында достық қарым-қатынас орнайды. Қазақтарға арық қазып, егін егуді үйретеді. Қуаңдария сағасын Сырдариядан, Жаңадария Қуаң­дариядан алса, Жаңа­дариядан «Қамысты» өзені шығып, Дәуқараның үстімен өтіп, Арал теңізіне құйған. Қарасақал тайпасының бір бөлігі сол «Қамысты» өзені бойына және Дәуқара көлінің айналасына егін егіп, өмір сүрген. Дабыл батыр ағайынға «Дәуқара» жерінде «Дабыл бөгеті», «Дабыл арығы», «Дабыл жармасы» деген атау алған 50-60 гектардай егін еккізген жерлерде, әлі күнге дейін атыз-арықтарының ізі жатыр екен. Тақтакөпір ауданының бұрынғы К.Маркс кеңшары, қазіргі «Мүлік» ауылының шығыс бетінде 4-5 шақырым жерде «Дабыл қорғаны», 10 шақырым жерде қарауыл қарайтын «Дабыл төбесі» деген осы күнге дейін жер атаулары бар екен. Батыр әскерінің ішінде қарақалпақтың да сарбаздары болғаны айтылады. Жанқожа батырдың 1856 жылы орыстармен болған соңғы соғысында жеңілгеннен кейін ағайындарына өкпелеп, ағасы, досы әрі құдасы Дабыл батырды арқа тұтып, Қызылқұмға жанына көшіп баруы, кезіндегі Дабыл батырдың сарбаздары болып жүрген, 200 үй қарақалпақ жауынгерлерімен және өзінің ет жақын туыстары 35 үйімен Жанқожа батырдың қасында болғаны тарихи құжаттарда жазылған. Қарасақал аға­йынның туын тіккен жері – Дәуқара өңірі, оның ішінде осы Мүлік ауылы. 2001 жылы Қарақалпақстанға барғанымда Мүлік ауылында 1200 түтін болса, 800-дің үстінде қара­сақалдың шаңырағы бар екен. Бұрын одан да көп, Өзбекстанның Хорезм облысы мен Қарақалпақстанның басқа да аудан-ауылдарында елу-жүздеп санал­ған ша­ңырақ болған. Олар­дың ұрпақтарының көбісі Қазақ­станға қоныс аудар­ғаны­мен, әлі де сол елде өмір кешіп жатқандары бар. Қара­қал­пақстан халқының жа­рыға жуығы қазақ. Кеңес заманында Қызылорда облысымен шекаралас Қазақстанның құрамындағы Қарақалпақстан облысы болып келді. Қазақ­станды бөлшектеуге бағыт­талған Мәскеудің қитұрқы саясатының кесірінен 1932 жылы Қарақалпақ ­АССР-ына өзгертіліп, 1936 жылы Өзбекстан құрамына өткі­зілген.

Жаугершілікте Дабыл ба­тыр­дың руының әр аталы­ғынан қасына жиналатын сарбаздары, Жанай ұлдары Кәдір, Сәдірдің өздерінің бөлек сарбаздары болған. Ол туралы Құдайберген Ысмағұлдың «Тұран Қазалы» газетіндегі «Қызылбас палуанның әңгі­месі» атты мақаласынан оқып көз жеткізуге болады. Бұдан Жанайұлдары Кәдір, Сәдір, Бекшеұлы Дабыл бастаған қарасақалдың батырлары тү­рік­пендер мен Қоқан, Хиуа хандығы басқыншыларынан қарақалпақ пен қазақ жерінің оңтүстік шебін қорғағанын көреміз.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін жазушы, зерттеуші, Халық­­­аралық Алаш сый­лы­ғы­ның лау­реаты Молдахмет Қаназовтың 2014 жылы Алматы қаласынан шыққан «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты архивте сақталған мәлі­мет­терден алынып жа­зылған кітабынан үзінділер алатын болсақ, 139-бетінде: «Казахи рода Карасакал имели черезвычайно большой район кочевания. Их летовки находились на Тоболе и Тургае, а к зиме они спускались на Сыр-Дарью. Таким образом, за год стада рода Карасакал проделывали путь до 2 тысяч километров» дейді.

249-бетінде: «Ресейдің отар­­­шылық саясатына қарсы Сыр бойының наразы халқы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы батырдың төңірегіне жиналып, 1856 жылы көтеріліске шықты. Көтерілісшілердің саны үш мың адамға жетті. Олар Хиуа ханынан тартып алған Сыр бойындағы Жаңақала бекінісіне жиналады. Мұнда Сыр бойындағы алты ата Әлім руларынан Кішкене және үлкен шектілер, Қарасақал, Шөмекей, Кете, т.б. жергілікті басқа тайпалардың қолдары шоғырланды. Көте­рілісшілерді басқаруда Жан­қожа батыр жеке болмай, оның тәжірибелі, батыр сарбаздары Бөрі сұлтан, Дабыл, қожа Баймұхамед және т.б. атсалысқан» делінген.

335-бетінде: «Хиуа мен Қоқан ықпалы біраз әлсі­регеннен кейін, ендігі жерде орыстардың салған Қазалы бекінісі Сыр бойы қазақ­тарының басты жауына айналды. Осылайша 1856 жылы желтоқсан айының басында көтерілістің алғашқы нышан­дары байқала бастайды. Желтоқсан айының 11-де №54 дистанция бастығы Тобабергенов Жайық бекінісінен билеуші сұлтан Жантөринге: «Бөрі сұлтан, Жанқожа, Дабыл, қожа Баймұхамед Үш өткелде 500-дей сарбаз жиып, қысқа қарай, №1 фортқа жылжымақшы» деп хабарлайды. Алайда шекаралық әкімшілік бұған баса назар аудара қоймайды. Наразылық күн санап өсіп, желтоқсан айының ортасында көтерілісшілер саны 1500-ден 3000-ға дейін жетеді. Жайық бекінісінің басшысы, майор Михайлов Жанқожа батырдың жанында Кішкене-Шекті, Қарасақал, Төртқара, Шөмекей, Керейт, Қаракете ру тайпаларының жүргендігін дәлелдей түседі. (Шойынбаев Т. «Восстание Сыр-Дарьинских казахов» ­81-89-76-79 бет.) деп жазылған.

162 бетінде: «Обычно принято считать, что в восстании, руководимом Джанхожой Нурмухамедовым, участвовали одни кишкене-шектинцы. Однако это далеко не верно: среди повстанцев были и казаки других родов, в частности, Карасакал и Торткара. В шайках Джанхожи карасакаловцы, кишкене-шектинцы и часть торткаринцев» (ЦГВИА, ф. 1442, оп. 1, д. 2. л. 99) доносил начальнику Сыр-Дарьинской линии Фитингофу начальник Уральского укрепления майор Михайлов» деген бар.   

279-бетінде: «1857 жылы қарақалпақтың 200 үйі Жан­қожаның жанында. Асан Пұсырманов Аймұхаммедтің 200 шаңырақпен батыр жазым болғанға дейін қасында болғаны анық. 35 шаңырақты қарасақал Дабыл би, 30 үйлі Раба би де Қызылқұмда батырдың жанында. 1860 жылы өзінің ет жақын туыстарынан Жанқожаның маңында алты-ақ үй қалған. Қарасақал Шағырай өле-өлгенше батырмен бірге, оның атқосшысы, кейін шырақшысы болды. Көтеріліске қатысқандардың бәрі бірдей  батырдың ізіне ерген жоқ, бекініске қайта келіп, орыс өкіметінің аяқтарына жығылып, кешірім сұрап, оларға адал қызмет етіп, шен алып, шекпен кигендері бар» делінген.

Бұл жерде Қарасақал Шағырай батыр деп қате жазылған, бұл Жанқожа батыр­дың күйеу баласы аттас Жақайым Шағырай. Оған дәлел: зерттеуші Марат Назархановтың 2018 жылы шыққан «Құрманай Төремұрат жырау» атты кітабының 165-бетінде: «Жанқожа батыр сол кеткеннен Сырдария бойына қайтып келген жоқ. Жалғыз өзі Боқан тауын жайлап, қыстап үш жыл өткізді. (1857-1860 жылдар аралығын айтып отыр.Т.Т.) Қолында он екі жасар Жолшы баласы, Шағырай деген күйеу баласы, қызы және әйелі, бөтен жан адам болған жоқ» делінген.

Үлкендердің ­айтуынша, Жанқожа батыр қайтыс болғаннан кейін, бейітінің басында шырақшысы болған Балдай есімді қызының жолдасы жақайым Шағырай болуы керек. Жанқожа батырдың жанында Шағырай болды деп айтылған әңгімеден, кейінгі зерттеушілер Дабыл батырмен бірге жүрген атақты Қарасақал Мырзакелдіұлы Шағырай (1710-1790 ж.ж.) батыр шығар деп, шыққан тегін нақтылай түсу мақсатында «Қарасақал» руын қосып қателескен болуы керек.

2005 жылдары шежіреші Тілеуберген Төребеков ақса­қалмен Бозкөл ауылында кездесіп, «Қарасақал Шағырай батыр туралы не білесіз?» деп сұрағанымда: «Шағырайдың руы Жақайым ғой» деді. Бұл кісі Шағырай батыр туралы білмейтін болды ғой деп ойлап, ол кісімен басқа сөзге келмедім. Кейін күйеу баласы Шағырай Жанқожаның атқосшысы, қайтыс болғаннан кейін шырақшысы болған деген әңгімені есіттім және кітаптан оқып, Тілеуберген ағаның Жанқожа батырдың қасындағы күйеуі Жақайым Шағырайдың руын айтқанын түсіндім.

169-бетінде: «Созақ бекі­нісін аларда Жанқожа батыр әр жүзбасыға ертең не істеу керек екенін жеке-жеке түсіндірді. Өзі қасына он шақты адам алып, қақпаны бұзбақ. Қақ­паны бұзып ашқан кезде қорғанға лап қойыңдар деп Ақтан, Дабыл және Жылқаман батырларға тапсырды» деген жазба бар.

М.Қаназовтың «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» кітабының 363-364-бетінде: «Сұлтандар шапқыншылыққа Раманқұл да қатысты деп көрсетеді. Соған қарағанда, «қашқан қоян жатқан қоянды да ала кеткен». Бүкіл халық тайлы-таяғымен дүрк көтеріліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей би қалай жалғыз қалмақ? Бәлкім, олжа бөлісуге қатысқан» делінген.

…Орыс өктемдігінің кесі­рінен келген бұл аласапыран қара халықты мүлде тұралатып кетті, ата-жұртынан босты, халық саны азайды, мал-мүлкінен айырылды, қыз­дар мен әйелдер күңдікке кетті, талай азамат бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сергелдеңге түсті. Сергелдеңге түскен елде халықты ұйым­дастыра білген батырлардан өзге сүйеніш қалмады. Солардың да ішінде табаны таймастан қай сойқан, қай қан кешулерде де бірін-бірі демеп, қара қазақтың қалқаны болған үш тұлға бар. Ол – майдан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, қарасақал Дабыл Бекшеұлы, қаракесек Ақтан Ахайұлы. Бұлар – алмағайып заманда табаны тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар. Ақтан Ахайұлы (Қағазда Ақтан батырдың әкесінің аты Қабан. М.Қ.) 1854 жылы өз ажалынан қайтты. Ізіне ерген аз ғана ағайыныменен Мұғаджар тауының сілемдерінде қо­ныс­тап отырған. Бейіті Ақтөбе облысына қарасты Тебенсай деген жерде. Өз ажалынан өлген Дабыл Қызылда биік төбе басында, қазіргі Қарақалпақстан аумағында тыныстап жатыр. Айтушылар Жанқожаның бейітінен таң сәрідегі сағым кезінде қараса көрінеді дейді. Екеуінің араларынан Жанқожа бейітінің оңтүстігінен таяқ тастам жерінен шекара торы өтеді.

1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы қанды қырғыннан соң қыстың көзі қырауда ата қоныстан негізінен кішкенелер дүрк көтеріліп, Қызылқұм аймағына көшкен-ді. Орыс­тарға қызмет етіп жүрген сұлтан Ермұхаммед Қасымов Ақмешіттен 600 қарақшы жасақтап, бейқам кезде ел тонады, кісі өлтіріп, қарт батыр Жанқожаны жалғыз үйде намаз үстінде мерт етті. Хиуа жағында жүрген Жанқожаның айнымас серігі қарт батыр Дабыл қолдарына түскен жоқ. Бұл – 1860 жылдың ерте көктемі. Генерал-губернатор В.И.Катенин соғыс министрлігіне көтеріліс оша­ғының мүлде шығынсыз, барлық жағынан да, ең бастысы, саяси жағынан да тиімді жағдайда қазақтардың өздері тындырып бергендігін шешесі ұл тапқандай қуана хабарлайды. Тағы да бір өкініштісі, Дабыл Бекшиннің қолға түспеуі» – деп мәлімет берген. (Дабыл бұл кезде тоқсанның үстінде-тұғын. М.Қ).

Сөзбе сөз келтірсек: ­­ ­           «…Унич­тожение шаек, смерть такого влиятельного батыра как Джанходжа и добровольное передание Боре несомненно производит большое приветствование, влияние на  кыргиз, и по всей вероятности надолго отобьет у них охоту к мятежным попыткам. Из всех предводителей хищников один только карасакаловец  Дабыл Бекшин не попался в руки и до сих пор находиться Хивинских владениях».

Қазақтың мойнына темір қамыт түсті. Ғасырлар қалып­тас­тырған сертке берік, қасық қанын халқына қиюға пейіл далалық дәстүрдегі қайран да, қайран хас батырлардың ең соңғы тұяқтары солай да, солай ар-ұяттары таза күйінде өтті жалғаннан деп жазған екен жазушы.

Міне, жазушы, зерттеуші Молдахмет Қаназовтың ха­лық батыры Жанқожа басшылық жасаған Қоқан, Хиуа, орыс басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихын еліміздің және Ресейдің шаң басқан архивтерінде отырып, көп жылғы еңбектенуінің арқасында жазған тарихи деректерін саралай келіп, Дабыл батырдың Жанқожа батырға алғашқы бата берген ағасы, пікірлері бір болып, тізе қосып, арқасүйер сенімді серігі, құдай қосқан құдасы, соғыстарының түгелге жуығына қатысқанын және өмірден өткенше бір-біріне айнымас дос, үнемі ойласып, ат үстінде қатар жүріп, ел қорғаны болғанын көреміз. Елдің оңтүстік беттегі шекарасын жаулардан сақтап қалуда Дабыл батырдың алатын орны ерекше. Біз Жанқожа мен Ақтан батырларды қалай дәріптесек, Дабыл батырды да солай дәріптеуіміз керек.

Көнекөз үлкендердің Да­был Жанқожа батырдан 3-4 жастай үлкен деп айтуына қарағанда, туған жылы 1771 жылдар жобасына келеді. Сондықтан 2021 жылы Бекшеұлы Дабылдың (1771-2021 ж.ж.) 250 жылдығы Қазалы ауданында облыстық деңгейде аталып өткізілсе дейміз.

Әділетті билігімен ел бірлігіне елеулі үлес қосқан батырды мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қазалы ауданы орталығы мен Қызылорда қаласынан көше атаулары беріліп, Жанқожа, Дабыл, Ақтан батырлардың біріккен мүсіндерін жасатып, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр кесенесі жанына қойылғаны жөн болар еді.

Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<