Келте сөздің жүйрігі

1552

1

Қармақшы ауданы – ежелден өлең мен жырдың ордасы саналған. Сыр бойында Қорқыт атадан жалғасқан жыраулық дәстүр мен Шығыс шайырларының жазба әдебиет үлгісі үндестігінің санғасырлық үрдісі бар.  Ол әсіресе сүлейлер шығармашылығынан анық көрінеді.

Өзгесін  айтпағанның өзін­­де, өткен XIX ғасырдың  екін­ші жартысы мен XX ға­сыр­дың бас кезі аралығында бұл өңірде жүзден астам ақын, жырау өмір сүрген. Осы арада айрықша атап көрсетер нәрсе – Сыр бойы ақындары мен жырауларының бәрі дерлік бабаларымыздан ми­расқа қалған асыл мұра – қос ішекті қасиетті домбырамен қосыла толғанып, содан төгілген жанды елжіретер әуезден жойқын шабыт алып, нөсерлете жыр төгіпті. Бұл өңірде жыршы-шайырлардың қатары тіпті қалың. Бесіктегі баласы да әуезді ән тербетеді, шынашақтай ұлынан шашбаулы қызына дейін жақұт жырды қапелімде шашу етіп шашады. Оған дәлел, Жыраулар мектебі республика бойынша осы өңір­де ғана көп жылдан бері тұрақты жұмыс істеп, жыраулық дәстүрді күні бүгінге дейін жалғастырушы ізбасарлары елге рухани қызмет етіп жатқандығы баршамызға мәлім.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ақын-жазушыларымыздың шығармалары мен ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілі­міз, музыкамыз бен жорал­ғы­ларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген болатын. Осы орайда, Сыр өңірінде Сыр сүлейлерінің есімі мен шығармашылығын насихат­тау жолға қойылған. Биыл жеті атасынан жырау атанған әулеттің белді өкілі Кете Жүсіптің туғанына 150 жыл толып отыр.

Қасиетті өн бойында ұстап, әке ісі мен аманатын ұрпаққа жеткізуде еңбек еткен текті жанның бірі – «Сыр шайырларының генералы» атан­ған Ешнияз сал Жөнел­дік­ұлының баласы, «Жүз жырау­дың отаны» Қармақшы өңірінде жыр өнерін жалаулатып, дарын­­дылығымен ел сыйлысы атан­ған, Сыр сүлейлерінің тағы да бір көрнекті өкілі –  осы Кете Жүсіп.

Сыр елінде жырау атанған үш Жүсіп болған. Бірі – Сырдария өңіріндегі Қаңлы Жүсіп болса, қалған екеуі, яғни Ақжар өңірінің тумасы Таубайдың Жүсібі және біздің бүгінгі кейіпкеріміз Кете Жүсіп.

Жүсіп Ешниязұлы бұ­рын­ғы Түркістан өлкесіне қарасты болған Сырдария облысы Қазалы уезі Қуаңдария болысының 1-ауылында (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында) 1871 жылы дүниеге келген. Жүсіп Ешниязұлы көнекөз қариялардың айтуынша, бала жасында ауыл молдасынан діни сауат алған және әкесі Ешнияздың қасына еріп, өлең-жыр айтуға әуес болған. Тіпті, арнауларды да өзі жазып, суы­рып салма ақындығымен де көптің назарына ілінген. Жас кезінен жыраулық өнерді өміріне серік еткен ол өсе келе жүрегінен шыққан жауһар жырларын халыққа ұсынып, қолдау табады. Ол шығыс ақындары Фердоуси мен Сайхалиге, әкесі Ешнияз салға, қазақтың данышпан ақыны Абайға, сонымен қатар Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы, Қарасақал Ерімбет сынды жыр жүйріктеріне еліктеп, солардың мақамымен өлең-жыр жазған.

Кете Жүсіптің әкесі – Ешнияз сал атанған өнерпаз. Ол – Құрманғазы Сағырбайұлымен достық қатынаста болған, ел билеген адам. Асқан бай болма­ғанымен, өзіне сай дәулетті, Кетенің Құлы­сына басшылық жасап, өз кезеңіндегі ірілі-уақты оқиғаларға араласып, ел арасындағы дау-жан­жал­­дардың бейбіт жол­­­мен шешілуіне ықпал етіп отыр­ған.

Жүсіп ақынның «Әлеумет келді жиналып» атты толғауы (1898) терең мағыналы, төрт аяғы тең жорға жыр болатын. Міне, осы өлеңнен бас­тап Жүсіп аты Сыр өлкесіне кеңінен таныла бастайды. Бір өлеңіне бір өлеңі жалғасып, шабыты шарықтай түсіп, Жүсіп атына Кете сөзін қосып, халық «Кете Жүсіп» деп атайтын болған. Мұндай бүкіл  бір рудың атын иелену үшін қашанда халық көңілінен шығу, оның сөзін сөйлеп құрметке бөлену міндет. Сондай халықтық атқа ие болған санау­лы ақындарының бірі – Кете Жүсіп шағын өлеңдерінен бас­тап, толғау, дастан, айтыс, жұмбақ айтыс, көңілқос, арнау өлеңдер шығарған.

Кете Жүсіптің шығар­ма­ларының тақырыбы – сан алуан. Ол бірде өмір туралы толғанса, енді бірде жастық шағындағы өмірін өз жырларында суреттейді, тіпті ол жүрегін жаулап алған Күләй, Бибі, Ажар, Сәуле мен Махаббат есімді аруларға деген махаббатын өлең арқылы жеткізген. Сонымен қатар, ол айналасында кедей мен бай-манап арасында болып жатқан қарама-қайшылыққа төзбей, әділдікті ту етіп, халықты адамгершілікке, бірлікке үн­дейді. Ақынның басқа да тақы­рыптағы өлең-жырларын халық өте ықыласпен тыңдап, қабылдаған.

Жүсіп Ешниязұлы – өз өлең-жырларында халықты на­­дандықтан арылуға, адами қа­сиетті жанына серік етуге ша­қырған ақын. Ол «Адамдық пен надандық» атты өлеңінде:

– Дүниеде кімдер келіп, кім кетпеген,

Табиғат – түбі терең қол жетпеген.

Өнерін өмірінің біле тұрып,

Маңдайын пенде бар ма терлетпеген?!

Бәзбіреу көп ақылға ие болып,

Ауруын адамдықтың емдетпеген,

Ақылдың ауырлығы қорғасындай,

Көңілді бұзық іске өрлетпеген.

Тынық бол тыпыршымай, есің болса,

Қаңтардың шуағындай желдетпеген.

Ұлықпандай мың жыл өмір сүрсе-дағы,

Ақыры өлім кімді еңіретпеген», – десе, келесі «Өсиет» атты өлеңінде:

– Көп көтерді – бүтін туған,

Ерлік іс, мұсибатқа белін буған.

Аздырмас ата жолын әрқашанда,

Жоспарлы ізгіліктің жолын қуған.

Бір күні бітсе демі – сүрінеді,

Топ жарған тұлпарың да азған дудан.

Алғаусыз айтқан сөзің көпке ұнаса,

Секілді көңіл-үйдің кірін жуған, – деп ел-жұртты адамгершілік пен ағайыншылыққа, бірлік пен ынтымаққа шақырады.

Кете Жүсіп – Қармақшы топырағынан шыққан шайыр­лардың, әсіресе жасы үлкен аға жыраулардың өлең-жыр­ларын жаттап, оны қалың елге насихаттаған ақын.

Сонымен бірге көптеген Сыр шайыры да ақынға арнауын арнаған.

– Баласы Ешнияздың Жүсіп ақын,

Сыр бойы білед Жүсіп атын.

Қалам мен домбыраға бірдей еркін,

Жел сөзден жері жоқ еді қысылатын, – деп Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов жоғары ба­ға­лаған. Сыр жырының дүл­дүлдері өміріне зерттеу жүргізіп, бүгінгі ұр­паққа аманаттауда үлгі көрсеткен Ә.Диваев, Ү.Аяпов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Қай­­нарбаев, М.Байділдаев, Т.Дай­­рабай, А.Қыраубаева, Н.Мо­лы­баев пен Д.Ертісбаев сын­ды зерттеушілер ақын шы­ғар­масын жарыққа шы­ға­руда көп еңбек сіңірді. Міне, сол әдебиет жанашыр­ларының еселі еңбектерімен Жүсіп Ешнияз­ұлының көп­теген өлең-жыры, толғауы мен дастандары 1959 жылғы «Ақындар творчествосы», 1965 жылы «Пернедегі тер­мелер» мен «Айтыс» кіта­бының ІІ томында, сонымен бірге 1979 жылғы «Ақын-жыраулар», 1985 жылғы «Үш ғасыр жырлайды», 2003 жылы «Арыс» баспасынан шық­қан «Кете Жүсіп» және 2009 жылы «Сырдария» кітапханасынан шыққан жыр жинағы қалың оқырманға жол тартты.

Дархан даламыздың дарын тұлғасы Кете Жүсіптің шығыс және қазақ халқының салт-дәстүрі мен өміріне арналған «Шахзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген», «Өткен заман», «Барымта» сияқты дастандары тек Қармақшы өңірі халқы ғана емес, бергі жағы қарт Сыр өзені мен Қуаңдария арнасын, арғы жағы Ақтөбе, Орал, Жезқазған мен Шымкент өңірін мекен еткен қалың қазақ жұртына жетті. Сонымен бірге, жыр дүлдүлі елімізде жүргізілген Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының өмірін жазған жырларына көптеп қосты.

Кете Жүсіп Ешниязұлы қазақ халқына тек жырау ғана емес, әнші ретінде де танылған. Оның әрбір өлеңі шымыр да шымшымалы ұйқасымен, тақырыптық ауқым­дылығымен, тіпті тәр­биелік мәнімен де құнды. Қазақ халқының мәдениетін зерттеуші ғалым Әубәкір Диваевтың 1925 жылы Орынбор қаласындағы баспадан жарыққа шығарған «Қазақтың 1000 әні» атты жыр жинағына ақынның алты әні енгізілген.

Расында да, әке аманатын жалғастырып, өлең жазып, жыр жырлап, ән салған Кете Жүсіп қазақ даласында ерте заманнан келе жатқан айтыс өнерінің де дамуына көп еңбек сіңірді. Кете Жүсіп ақын Шәкей сал, Ырысты қыз, Қалыш келіншек, Қаңлы Жүсіп, Жұбанияз бен Құлназар, Күзен, Жиенбай, Тұрымбет, Мәкебай баласы Егізбай сынды жыраулармен және Қуаныш Байма­ғам­бетовтей ақынмен айтысып, елде бай мен кедей арасындағы және түрлі тақырыптағы сөз сайыстары ­бү­гінге дейін жетті.

Атадан балаға мирас болып келген осы ұлы өнер жолын Кете Жүсіптің баласы Мұзарап, оның баласы Сабыт жалғастырды.

Жүсіп Ешниязұлы – артына мол мұра, көркем туындылар қалдырған арқалы да ақиық ақындардың бірі. Дүлділдің атын кейінгі ұрпақ ұмытпақ емес.

Өйткені, оның шығар­малары қашанда халықпен бірге.

Баршагүл САХИЕВА,

аудандық тарихи-өлкетану музей филиалының

экскурсоводы.

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<