Кемелер, шөксең де түзде төпелер

3291

2

Сондағы көргеніміз бір ғана сурет. Ағаш кеме. Бұл Қазалыға қарасты Кәукей ауылында тұратын мұғалім-өлкетанушы Сәкен Қабыловтан келген еді. Күнге әбден қақсыған кеменің сыртқы нобайының әлі де сақталғаны таңғалдырды. Тілшілік тіршіліктегі жанды жерімізді тап басқан теңіз жәдігері бұл.

Бәрі осы ағаш кемеден басталған. Қыс аяқталар уақытта теңіз жағалап қайтқан журналистік сапарда («Теңізбен бірге тыныстау» жолсапары, «Сыр бойы» газеті. №30, 31-32, 33. 2021 жыл.) мұндай кемені байқамадық. Бұрын болған деседі жұрт. Аралдың әр бұрышында қалған алып кемелердің тек суретін ғана көрдік. Онда да «Балықшылар» музейінен. Тіпті, олар кешегі күнге дейін тұрыпты. Бірақ, темір саудасының азғантай тиынына қызыққан жергілікті жұрт кемені кескілеп құртқан. Бәрін. Түк қалдырмай…

Таланған тәбәріктей…

Сол кезде «шіркін, теңіз та­банынан біз көретін кеменің жұр­нағы да қалмағаны ма?» де­ген өкініш болғаны рас. Әйтсе де «құ­рығанда бір кеме болуы мүм­кін ғой» деген үміт жетегінде жүр­дік. Әрі содан айырылмадық та.

Сөйтіп жүргенде…

«…Қызылқұмның батыс беткейі бұрынғы теңіздің ұлтаны еді. Арал шалқыған кезде бұл жағалаудың бәрі сыңсыған қалың ел болған. Қазір «бастан бақ тайған заман»  болып тұр». Бұл – жоғарыда айт­қан Кәукейдегі Сәкен Қабылов ағамыздың сөзі.

– Қызылдың төрінде, шекара шебінде жатқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына зия­раттауға бет бұрған жұрт мін­детті түрде, қайтарда теңіз жа­ға­сындағы бұрынғы «Бектау», «Сұлутөбе», «Қаражар» «Қос қыршын», «Босай», «Сандал» қо­рымдарына соқпай кеткен емес. Бұл қорымдарда марқұм ата-ба­балары, туған-туыстары мәң­гілік мекен тапқан. Ал енді біз­дің Кәукей ауылынан 60 ша­қырым әрі жүрсең, бұрын ферма орталығы болған, бүгінде шағын ел Ажарға барасың. Ажар­дың батыс беткейінде Ұялы ауылы болды. Қазір жоқ. Теңіз бар кезде тіршілігі сумен байланысқан елдің тек орны ғана жатыр, – деді Сәкен аға күрсіне.

Әйгілі ТМ-99 кемесі.  Аралдан 320 шақырымдай Тұщыбас шығана­ғында қалған. 2017 жылы толық кесілді. 2015 жылы  «Pink Floyd» музы­калық тобының Арал теңізі жайлы «Louder than words» клипіне түсірілген кеме.

Ағамыз айтқан ағаш кеме осы Ұялы ауылының орнынан 18 шақырым берірек жатыр. Демек, теңіз бар тұста Кәукей де, Ажар да – жағалауға жақын орналасқан ауылдар. Ағаш кеменің қазіргі тұрған жері «Зәруха жалы» деп те, «Заузан» деп те аталады. Қазақтың әр төбеге ат қойғышын ескерсек, бұл бізге таңсық дүние емес.

Барған адамға алдынан шөккен нардай болып кезігетін, оң жағына жамбастай қисайыңқыраған ағаш кеменің тарихын Сәкен аға былай тарқатып еді.

– Кеменің – аты «Сатурн». Те­ңіз табанында қалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт бол­ған. Биіктігі 3 метр болса, ұзындығы 19, ал ені 6 метр шамасында.

Менің естуімше, «Сатурн» ке­ме­­сінің қызметі – «Ұялы» ауыл­дық кеңесіне қарасты он екі ауылды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қам­та­масыз ету, яғни елді мекен­дердегі дү­кендерге азық-түлік, тұрмыстық зат­тар жет­кізіп берген, – деп шешіліп сыр шертті өлкетанушы ағамыз.

Теңіздің алай-түлей құбылы­сын адам түсініп болған ба?! Бірде «Қос шегенді», «Ұзынқайыр», «Сан­дал», «Жалпақ», «Қарабура, «Айжарым-тасты» елді мекен­де­ріне қарай жүк артып шыққан кеме теңіздің кешкі асау тол­қынды дауылына кезігеді. «Са­турн» осы кезде «Қос шегенді» тұ­сын­дағы панасы молдау ұзын­ша келген қолтыққа келіп тұрақ­тауға мәжбүр болыпты. «Қауіп-қатерден құтылдық» деген кеме капитаны мен көмекшілері ау­ыр-ауыр якорьлерін терең суға тастап, дауыл басылғанша тоқтай тұруға шешім қабылдаса керек. Бірақ үйдей толқын қанша пана жер болса да, ағаштан соғылған кемені жағалауға қарай тықсыра береді. Таң атып, жан-жағы анық көріне бастаған уақытта теңіз де сабасына түскен. Дауыл тыншыған кезде капитан құрғақта қалғанын байқайды. Теңіз жағасы бұл кезде артқа шегініп кеткен еді.

Жағалаудың бірде тасып, бірде қайта орнына келетінін білетін сыр­мінез кеме командасы қорқынышқа бой алдырмайды. Шегінген жағалау қайта қалпына келер-ау деген сенім­мен, «сол кезде алып кетерміз» деген ойға үміт артқан күйі «Сатурнды» қал­дырып, өздері тарасқан көрінеді.

Енді қараңызшы. Аралдың апатқа ұшырар шағына дөп кел­гендей бәрі. Теңіз жағалауы сол шегінгеннен бірте-бірте кері қай­тып, бері оралмайды. Арал ай­дыны көзге көрінбейтін жағ­дайға жетеді. Ал «Сатурн» сол қал­ған­нан жағалауда қалып қойған.

Бутаков шығанағындағы кеме. 2018 жылы бұзып алып кетті. 2016 жылы Нұрғали Нүсіпжановтың қызы, қазір әлемдік деңгейдегі танымал пианист Нұргүл Нүсіпжанова да осы кемеде бейнеролик түсірген.

– Арада талай жылдар жыл­жыған, – деп әңгімесін жалғай түсті Сәкен аға. – «Ұялыдан» бас­тап, жағалаудағы елді мекен­дер тарады. Теңіз тіршілігі біржолата тоқтады. Кейінірек туған жерін аңсаған теңіз перзенттері ата­жұрт­қа тұғырлы тас әкеп те ор­натты. Жиі-жиі басқосулар болып жатты. Өйт­кені, оларда теңіз қайта келер-ау деген ой да, туған жерге деген сағы­ныш та бар…

Жергілікті өлкетанушының ай­туынша, «тұрымтай тұсына кеткен» сол кезеңде жағалауда кеме ғана емес, ауылдардың жұртында түрлі заттар мен техникалар қалды. Ол кезде еш­кім­нің ешнәрсемен жұмысы болған жоқ.

Тағы да оқыңыздар!

Теңізбен бірге тыныстау

– Мен 1999 жылы сол бая­ғы «көрсем-ау, білсем-ау» де­ген құ­мар­лықпен «Бектау», «Ұя­лыны» жа­ғалап қайтқаным бар. «Бек­тауда» тұр­­ған газик маши­насы, «ЮМЗ» трак­торының бөл­шектері, «Ұялы­дағы» бульдозер тракторы, алып ке­мелер, ауыл­ды жарықтан­дырып тұрған элект­ро­­двигателі, лабаз, цех орын­­дары, қыш кірпіштен өріл­ген монша, бәрі со­лайымен, қаз-қалпында тұр еді. Ол кезде теңіз тартылып кеткеніне 25 жылдай уақыт өт­кен. Осы жерді мекендеген теңіз­шілердің пайдаланған құрал­да­рын, тұрған мекендерін көріп, тір­шілігінен үлкен әсер алып қайтқанмын. Елестетіңізші, ағаш қайықтар құрғақ жағалауда тұр, балықшылар жаңа ғана айдынға шығып кеткендей көрінетін сол бейне әлі жадымда. Шалқыған суы жоқ болса да, темір кемелердің орын-ор­нында тұрғаны көз ал­дымнан кеткен емес. Балықшы құралдары мен қайық-кемелерін шамалы уақытқа қалдырып кет­кендей болып көрініп еді-ау ма­ған, – дейді Сәкен аға.

Өткенді баяндаушы кейіп­ке­рі­міз араға 18 жыл салып, Ұя­лыға тағы да барыпты. Сондағы сапардан өте қынжылып қайтқан. «Бұрынғы «Ұялы» жұртында «мы­нау өткен күннен естелік» деп көр­сететіндей ештеңе қалма­ға­ны­на іштей налыдым» дейді ол.

– Мәңгілік ештеңе жоқ, де­ген­мен де, аталарымыз тіршілік еткен, талайдың кіндік қаны тамған киелі мекенде көзге көрінетіндей жәдігерлік дүние қалмағаны, ең болмаса қыш кірпішті монша тұр­ғанда жүдеу көңілге жұбаныш, сағынған жүрекке демеу болары хақ еді ғой. Оны да бұзып, қа­бырғаларын қақыратып кетіпті. Иә, металл жинағыштар мен қабырға бұзғыштар «Ұялыдай» атажұртты жылан жалағандай еткен екен. Енді, міне, жағалау құмында қал­ғаны осы «Сатурн» кемесі ғана. Таланған жұртта қалған тәбә­ріктей. Тарихы бар, көздің қара­шығындай-ақ сақтайтын көненің көзі. Ескірмейтін естелік қой бұл. Келер ұрпаққа «сенің бабаларың осындай кемені тізгіндеп, Ұлы теңізде жүзген» деп айтардай-ақ құнды да қымбат дүние, – деп аяқтады сөзін Сәкен аға.

Ақеспедегі жартылай бұзылған кеме.

Теңіз жәдігерлерін түгелдеп жүрген Сәкен Қабылов «Сатурн» кемесін өз ауылына әкелмекші. Оның пікірінше, кеме теңізден нәпақасын тапқандардың бүгінгі ұрпақтары көп шоғырланған Кәу­кей ауылында тұруы керек. Сонда ғана жәдігер сақталады. Бұл сөз «кемені ауылға жеткізіп берсе» деген ел өтінішіне ынталы да қалталы, мүмкіндігі бар жігіттерге құлаққағыс болатын. «Кеме елге жетсе, оны күтіп ұстап, ауылдың ажарын ашатындай көрікті жеріне қойып, келер ұрпақтарға аманаттау біздің мойнымызда». Осылай дейді Сәкен аға.

Күннің ыстығы мен қыстың қар аралас қара суығына төтеп берген «Сатурнның» әр жері шұрқ- тесік бола бастапты. Қызылдың желі соққан сайын сықырлайды. Сықырмен қоса кеменің әр тесігінен уілдей дыбыс шығады. Жетім ұлдың тұншығып жылағанындай. Үзіліп естіледі. Сол сәт ағаш кеме жоғалтқан теңіз-анасын бір сәт жоқтағандай көрінді маған…

Талау, талау һәм түңілген турист

Осы жерде ойды ой қуады. Өткен жолы Аралға барған сапа­рымызда «Балықшылар» музейіне соққанбыз. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени ны­санда теңіз жәдігерлері топтас­ты­рылған. Ішіндегі әр дүние – бір-бір тарих. Мұнда 1700-ден аса экспонат бар. Келушілер музейдің «Балықшылар» және «Кемелер» деп аталын екі бөлігін аралауға тұтастай бір күнді толық арнауына болатын сияқты.

Ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жа­ғалауда қараусыз қалғанда, му­зей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға ай­налдырған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ға­лымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.

Тағы да оқыңыздар!

Теңізбен бірге тыныстау

Екінші күн

Кеме демекші, сол уақыттағы азаматтар Арал бұрынғы айды­нынан айырыла бастағанда жағ­дайдың оңалмасын білгендей. Өйт­кені, басшылық тараптан кеме біткенді теңіздің ең терең тұсы – Тастүбекке жинауға пәрмен болған деген де әңгіме бар. Одан кейінгі жағдай белгілі. Теңіз ты­нысы тіптен тарылды.

Ал әлгі кемелер жайы қалай болған? Бір жерге жиналған олар қараусыз, қайырлап жатқаны белгілі. Күн өтті, ауа райының әсе­рі бар, тот басты, құмда қи­сайған күйі қаңырап тұрған еді. Сонда да тыныштық бермеппіз. Кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салдық. Сал­ғаны сол, сырт елге темір өткіз­гіштер бөлшектеуге көшті. Аман қоймадық солай. Шетінен бұтар­лап, үлкен жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.

– Тартылған жағада қалған ке­мелер кешегі күнге дейін бол­ды. Шындығы сол, 3-4 жыл бұрын да туристер сонда барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Амал не, қорғай алмадық. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл-күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені, олар шынайы емес. Бояп, сыртын сыр­лап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызығырақ. Ал көрші Өзбекстан теңіз тұсында қалған кемелерін сақтап үлгерді, – дейді музейдің ғылыми қызметкері Ай­бек Әуесхан.

Бутаков шығанағындағы танкер. Кеңес дәуірінде «Возрождение» аралына жанар-жағармай тасыған.
2018 жылы темір өткізушілер қолды еткен.

Рас-ау. Теңіздің Өзбекстан беттегі Мойнақ тұсында қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Тіпті, мемлекет қара­уына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал ондағы кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қатал дейді білетіндер. Ақиқаты сол, сонда барушы туристер ағыл-тегіл көрінеді.

Өкінетін де, өксіп жылайтын да дүние көп

Бір кездері қараусыз қалды­рып, бүгінде орнын сипап қал­­­­ғанымыз кімнің кінәсі? Өз­­ге­ден көреміз бе, өзімізді жаз­ғы­­­рамыз ба?! Құлаштай мақа­ланы қорытындылауға әлі ерте. Енді көп жылдан бері турис­терге гид аудармашы болып қыз­­мет атқарған аралдық Серік Дүйсенбаевтың мына пікірі ой­ландырмай қоймайды.

– Он жыл бұрын айтқанымда ешкім құлақ аспап еді, ол кезде жас болған соң ба, кім тыңдасын сені?! Әрі гид-аудармашы болу, оффроуд дегендер Арал үшін таңсық нәрсе еді. Сол кездегі бас­шылық «кемелерді Аралға әкелу, иә болмаса қорғау қиын» деді. Теңізге туризмнен тікелей пайда жоқ болғаннан кейін қозғалмады. Жалаңаштағы он екі кемеден соң Ақеспедегі алты кемені қанша айтып жүргенде оны да былтыр тып-типыл қылды. Шығанақтағы Пинк Флойд клип түсірген кемелер екібастан жоқ болды. Әлі де кеш емес, Ақбастыдағы екі кемені Аралға не бақылай алатындай жақын жерге әкелуге болады. Бірақ фундаментке не тұғырға орнатпай-ақ, табиғи күйінде теңіз табанында қайырлап қалғандай орналастыру керек. Екі кеме үшін ешқандай турист 280 шақырым жерге бармайды, оның үстіне ол екі кеме фото не видеотүсірілім жасауға болатындай әсерлілігін жоғалтқан, – дейді Серік.

Тағы да оқыңыздар!

Теңізбен бірге тыныстау

Үшінші күн

– Сонда қайтқан теңіз таба­нында қазір кеменің қалдығы да қалмады ма?! – дедім мен ішім удай ашып.

– Өкінішке қарай, солай, теңіз­дің Жалаңаш пен Шығанақ деп аталатын жағында дым жоқ, Ақеспе жақтағы алты кеменің соңғысы жартылай жатқан, – деді ол сал­қын­қандылығын сақтап. Сосын әң­гімесін әрі жалғады. – Жа­ла­ңашта он екі, Ақеспе маңында алтау, Шығанақта он шақты ке­меге барар жолдың маршруты өте қызық еді. Мысалы, туристерді Аралдан Жалаңашқа дейін қырық бес шақырым бойы кепкен теңіз табанымен алып жүремін. Жолда ескі балық қабылдау орны бар, жел күні сорлардың үстінде тұзды құйындар көруге болады. Одан әрі теңіздің қайта толған бөлігі, көктемде «Алашыбайқазған» деп аталып кеткен өзек, ондағы құс базарын тамашалау. Әрі қарай Жалаңаш, Тастүбектен балықшы отбасынан түскі ас, шұбат, түйе сауғанды көрсету, теңіз жаға­сындағы балықшылармен бірге ба­лық аулау, қостар, әрі қарай Ақ­еспеге дейінгі каньондар, Қа­расан­дық­тың маңындағы төбе­лер­ге жаяу шығу, одан қалды ыстық су мен Ақеспенің құмында Дубайдағыдай джиппен сафари. Көне Ақеспенің өзі фантас­тикалық фильмге сұранып тұрған дайын декорация ғой. Осының бәрі – тек қана қайраңдап қалған кемелерді көру үшін келген туристке жолай ұсынылатын нәрсе. Ал кемелер ке­сілгелі олардың да саны азайды.

Аралдық жігіт сағынышты ес­телігін осылай айтып шыққан еді.

Әлем туристері қызыққан еді

Соңғы он бес жылдықта Арал ауданына алыс-жақын елдерден ше­т­елдік туристердің келе бас­тағаны белгілі. Оның басты се­бебі бар. Аме­рикада, Еуропада шығатын «Lonely Planet/Central Asia», «Bradt», тағы басқа жолсерік кітаптарда Қазақстанға арнал­ған бөлігі болды. Онда Арал же­ріндегі кемелер қорымы арнайы туристік нысан болып енгізілген. Бұл кітаптар әр төрт жыл сайын жаңарып тұрады, кітаптың жур­на­листері төрт жыл сайын көр­сетілген маршрут бо­йынша бар­лық нысандарды аралап, то­лық­тыру жұмысын жүргізеді. Мұн­да тек саяхат орны ғана емес, соны­мен бірге қонақ үйлер, мұ­ражай, дәм­­ханалар туралы мә­лімет толық жаңар­тылатын кө­рі­неді.

Серік Дүйсенбаевтың айтуын­ша, туристердің сырт айналуына  кінәлі тек өзіміз. Соңғы жылдары кемелер қорымын адамдар  то­лықтай жойды.

Бұрынғы «Ұялы» елді мекені жанында қалған «Сатурн» кемесі.

– 2016 жылы Жалаңаш ел­ді мекені маңындағы он екі ке­­ме­нің соңғы үшеуі толық кесіл­ді. Шығанақтағы он шақты ке­ме­нің барлығы, әнші Диана Ша­ра­пова «Аралдан ұшқан ақ­қу­лар» атты бей­небаянын тү­сір­ген кеме де жартылай кесілген. Ақ­еспе ма­ңың­дағы соңғы екі үлкен кеменің біреуін 2017 жылы бөлшектеп тынды. Әлем аузына қараған BBC, CNN, Voice of America, сияқты компаниялары, қан­шама фильм түсірушілер мен фо­то­графтардың, «Pink Floyd» тобы бас­таған неше түрлі музыканттардың да қызы­ғушылығын арттырған осы ке­­мелер болатын. «Youtube» кана­лын­­дағы Аралға қатысы бар ше­телдік деректі фильмдерді не­месе арт-жо­баларды алып қара­саңыз, бәрінде біздің кемелер жүр.

Бұл кемелердің ерекшелігі – та­рихтан сыр шертіп, табиғат аясында сол қалпында жатуы. Шет­елдіктер үшін қазіргі музей жанындағы ескі айлақта тұрған кемелер – қайта боял­ған ескерт­кіш қана. Фильм, фотосурет тұр­ғысынан теңіз табанында қалған­дары ғана ерекше әсерлі, – дейді арал­дық белгілі гид-аудармашы.

– Соңғы уақытта шетелдіктер ғана емес, өзіміздің аймақтың адам­дары да бұған қызығып жүр. Кемелер қорымын көргісі келетін қызылор­далықтар да көп қой, – дедім мен әңгімемді жалғастырып.

– Оның рас, – деді Серік те сөзімді қоштап. – Бірақ, бұл жер­де бірнеше фактор бар. Бі­ріншіден, жол сапасы. Кемеге барар маршрутта бір сантиметр асфальт жоқ, таң атқаннан кешке дейін жолсызбен, бұрқыраған шаң ортасында жүресіз. Ойлы-қыр­лы шоқалағы көп, кейде был­жыраған балшық кешуге тура келеді. Екіншіден, баға. Жол бол­мағаннан кейін табаны биік көлік жалдауға тура келеді. Себебі, басқасы ол жолмен жүре алмайды. Олар үш жүз-төрт жүз шақырым жү­ріп келуге 60-70 мың теңге сұ­райды, оған гидтің қызметін, түскі асыңызды, кейде «қонып қайтам» дегендер болса, көлікке тағы бір күнге төлеуге тура келеді. Үшіншіден, біздің менталитет. Жа­сыратыны жоқ, біздікілердің көбі ақша болса жақсы жерде демалғанды тәуір көреді. Түркия, Дубай, тым болмаса Шымкенттегі Бірқұлақ, Қасқасуға барып, көк майса шөпте жатып, бассейнге түскенді ұнатамыз. Туризмде «dark tourism» деген термин бар, қараңғы, жабайы туризм деуге келеді. Мысалы, Арал қасіретін көру қара туризмге жататыны анық. Туристер сол жердің тра­гедиясына, өткен апатты жағ­дайына қызығып, арнайы соғады. Туғалы жасыл желек, өзен-көл, мұхит көріп жүргендер үшін бұл – экзотика, ал жергілікті халық ша­ңы бұрқырап, жағасына қоқыс тастаған теңізді көру үшін күні бойы айдалада жүрмейтіні бел­гілі ғой. Талай шетелдіктер жер­ге жата қалып суретке түсіріп жүрсе, қасына еріп келген  өз аудармашыларымыздың «қайда келдік, мынаның несі қызық» дегенін де көрдік, – деп ащы мыс­қылмен аяқтады сөзін Серік Дүйсенбаев.

Әзірге жеке фрилансер бо­лып, турфирмалармен келісім-шарт негізінде гид-аудармашы қызметін ұсынатын аралдық жігіт ағасынан естіген кемелер жайлы шындық осы. Ал бүгінде алдын ала хат жолдаған туристер теңізде кеме қалмағанын естіп, сапарын әрі қарай жалғастырып жүр екен.

Бутаков шығанағындағы «Қарасандық» үлкен төбесі

Теңізде (Аралда) туризмді да­мытудың бірден-бір жолы осын­дай кемелерді сақтап қалу ар­қылы жүзеге асарын енді білдік. «Қолымызды мезгілінен кеш сермейтін» өзімізге де обал жоқ.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<