Алаш ардақтысы Мұңайтпас Лапин және оның ұрпақтары

1396

0

«Егемен Қазақстаннан» бастап облыстық бас басылым «Сыр бойы», аудандық газеттер, әлеуметтік желі мақалалар жариялап, әңгіме арқауына айналған тақырып Мұңайтпас Лапин және оның ұрпақтары жайлы болды. Қоғамдық пікір тудырған бұл мақалалардың барлығына дерлік ортақ ой – Мұңайтпас Лапиннің қорымының қараусыз қалып, басындағы белгінің тозығы жетіп, құлау халінде екендігі. Ағайындардың көңілін күпті еткен мәселе оңынан шешіліп, Мұңайтпас қорымына белгі орнатылып, өткен тарихты жаңғыртуға бағытталған жұмыс басталып кетті.

Елі есімін білгенімен, саяси қайраткерлік бағасы айқындалмай жүрген әулеттің бірі – осы Лапиндер әулеті. Жоғарыда аталған белгіні орнатқан әулеттің ақсақалдары бас болып осы қорымда жерленген Мұңайтпас Лапыұлына, оның бауырларына Құран түсіріп, ас берді. Асқа облыс көлеміндегі ағайындары мен аудан әкімшілігінің өкілдері, көрші ауыл ақсақалдары қатысып, пікір білдірді. Асқа Қарағанды, Астанадан келген Мұңайтпасұлы Сейдәлінің шөберелері Жанна Сейдалина, Назар Сейдалин мен өлкетанушы, жазушы Сағат Жүсіп және т.б. қатысты. Осы тақырыпта баспасөз беттерінде бірнеше мақала жариялаған – Ләззат Арысбаева, әулет ұрпақтарының бірі – Нұржамал Мырзамұратова, Мұңайтпастың жиені Сәуле Құлахметқызы Қожықова мен музей қызметкерлері жинақтаған мәліметтер мен естеліктер тінін жалғай отырып, Мұңайтпас Лапин және оның ұрпақтарының қазақ оқу-ағарту, мәдени, саяси өміріндегі орнын айқындауға тырысып, қолға қалам алдым.

Төңкеріске дейінгі Перовск уезінің Кеңтүп болысына қараған қазіргі Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарының аумағында Лапиндер әулетіне байланысты жер атаулары көптеп кездеседі.

Төрт түлігі сай Қалқаман сумұрын Лапыда көпке дейін бала болмай қабаржып жүретін. Қорасанға қой айтып, ақсарбас атап, әулие жағалап жүріп Мүлкілан әулиеден аян болып, екінші жарынан 1835 жылы Мұңайтпас атты ұл дүниеге келеді. Ат арқасына мінген Лапының Мұңайтпасы еті тірілігінің арқасында ел басқару ісіне ерте араласады. Көршілес өзбек, орыс елдерімен арадағы керуен жолдарына керуенбасы болып, сауда-саттық жасап тәжіриебе жинақтаған Мұңайтпас елін егін шаруашылығына, отырықшылыққа бейімдеген.

Көне тарих Тораңғылсай деп таныған Жаңадарияның оңтүстік беті, Қызылқұмның етегінде Мұңайтпас аталатын алқап пен ондағы «Алақашар» көлдер жүйесі осы Мұңайтпасқа байланысты атаулар.

Бірде Бердіқожа сумұрын Өмірбек би мен Қалқаман сумұрын Мұңайтпас екеуі арасында жер дауы болып, биге жүгінеді. «Осы өлкеге кім су шығарып игерсе, сол жерге иелік жасасын», – деп пәтуа етіледі.

Батысқа қарай ағып жатқан Тораңғылсай арнасынан саға тартып Мұңайтпас бастаған азаматтар мен мұрабы құрлыққа су шығарып, өзектің ағысына қарама-қарсы бағытта он-он бес шақырымға созылған су сай-саланы қуалап көл пайда болады. Су сағасына құрбандыққа шалынған мал алақашар екен, сол малдың құрметіне жаңадан пайда болған көлде «Алақашар» көлі аталып кетеді. Ол кезеңде малды байлар жаз жайлау бетпақ даланы көктей өтіп, Арқаға дейін жайлайды. Мұңайтпас, «Алақашар» маңы Мұңайтпастың жатақтарының жаз жайлауы, көл тасып су шайған жерге арпа, бидай, тары ексе, жылға бойына қауын, қарбыз егіп, қалың қамыс құрағын шауып, қысқа қор жинайды. Бірде қолы жомарт Мұңайтпас нөкерлерімен бірге жатақтардың жай-күйін білмекке жер шолып келе жатып қалың нудың арасынан «әуп, әуп» деп кетпен шапқан дыбысқа бұрылып барады. Өзімен құрдас бір жатағы тырдай жалаңаш қалыңды ашып, бақшалық жер дайындап жатыр екен. Мұңайтпас сонда:

– Құрдасым-ау, тырдай жалаңаш не іс қылып жатырсың? – дейді. Құрдасы оған:

– Тән жараланса жазылар, дамбал жыртылса, ондай киім қайдан табылар? – деп жауап қатыпты. Мұңайтпас үйіне шабарманын жіберіп, жатақ құрдасына бір көрім киім алдырып, бастан-аяқ бойын бүтіндеп берген екен. Күні кешеге дейін айналасынан атты адам көрінбейтін қалың қамысты, нулы – Қоғалыкөл, Бесарық – халқының малына қыста пана, жазда жайылымдығы болған шұрайлы өлке. Осы Қоғалыкөл ауылы іргесіндегі «Хан ағашы» аталатын жерде өткен ғасырдың басында Сыр өңіріндегі төңкеріске дейінгі алғашқы еуропалық үлгідегі мектеп ашқан да осы Мұңайтпас Лапин болатын. Аталас ағайыны Тыныштықбайұлы Бәлтік 1906 жылы мешітін болыс Мұңайтпастың тапсырмасымен салдырған еді. Елі үшін еңбегі сіңген азамат қандай қоғамда болса да мерейі үстем, елге қадірлі. 1890-1896 жылдары халық соты, 1896-1906 жылдары Перовск уезінің Кеңтүп болысының болысы болып, Ресей патша ағзамының күміс медалімен және Анна лентасымен марапатталады.

Малы мен жанына береке дарыған Мұңайтпастың үш әйелі Бозша, Рзақия, Хадишадан тараған 19 ұл-қыз осы өлкеде ер жетіп, Алашқа қызмет ету үшін әлемнің түкпір-түкпіріне тарап жатты. Заманның ағымын аңғара білген сұңғыла жан Мұңайтпастың балалары алды Алмания, Ресейде білім алған, барам деген жеріне барған, алам дегенін алған, кілең «Сен тұр, мен атайын», атпал азамат болып өсті.

Мұңайтпастың үлкен ұлы Әлиасқар Лапин 1865-1918 жылдары өмір сүрген. Ол білімі мен сауаты бір басына жететін қайырымды жан болыпты. Сырдария облысы әскери губернаторының 1912 жылы 13 қазандағы генерал-лейтенант Галкин қол қойған Перовск уезінің канцелярия бастығы Әлиасқар мен оның хатшысы Әлиакбарды қызметтен босату туралы бұйрығы осы сөзімізді дәлелдегендей. Ал 1918 жылы 5 қаңтардағы Түркістан республикасы Халық Комиссарлар Кеңесіне жолдаған Перовск түрмесінде жазықсыз жапа шегуші 20 тұтқынның атынан өз қолымен орысша өте сауатты жазылған Әлиасқардың өтінішін әпербақан Гержот қаперге алмастан, оны ағасы Сейдәлімен бірге аттырып жібереді.

1871-1918 жылдары өмір сүріп, кейін әкесінің орнына Кеңтүп болысының басқарушысы, болысы да болған Сейдәлі Мұңайтпасұлы еді. Сейдәлұлы Төлеген де 1937 жылғы қанды қырғынның құрбаны болған. Ал Ғани Сейдәліұлы – әйгілі Сәбира Майқанованың зайыбы. Сейдәлінің бөркіндей бөрік киіп, астындағы атының ажары асып түскен жолаушы болсын, ауыл ағайыны болсын атынан аударып алып, «Сен Сейдәлі болам деп пе ең?» деп жаяу жіберетін.

Ауыл үстінен есегі ақырған жолаушы да жазасыз қалмайтын. Тіпті Гержоттың қапас түрмесінде атылар сәтін күтіп жатқанда Сейдәлі Лапиннің орнына «мен атылайын» деп шыққан ауылдас жамағайынын қағып жіберіп, «Сен Сейдәлі болам деп пе ең?» деп кеудесін оққа төсеген өр тұлғалар жайлы бұл өлкеде аңызға бергісіз әңгімелер әлі де айтылады. Сол Сейдәлінің қыстауы жанынан Мұңайтпас пен оның ұрпақтарының мәңгілік мекені, әулет қорымының орналасуы да осы әулеттің шаңырағын сақтап, атамекенінде қоныс тебуі де тегін емес. Ағайынның ұйытқысы, шаруаның иесі бола білген жан ғана өлі-тірісін бір жерге топтастыра білсе керек-ті.

Әлиакбар Мұңайтпасұлы – Перовскідегі училищеден білім алған сауатты азаматтардың бірі. Царской болысында тілмаш болып қызмет еткен Әлиакбар екі ағасы бірдей атылған соң қызылдардан көңілі қалды. 1920 жылы Перовск қаласының екінші бөлімше милиция бастығы қызметінен өз еркімен кетеді. Әлиакбарқызы Әсия Баповқа тұрмысқа шығып, бұл отбасылық одақтан қазақтан шыққан тұңғыш балет бишісі Рамазан Бапов дүниеге келеді.

Мұңайтпасұлы Жағыппар (1890-1927) – әуелі Перовскідегі үш кластық училищені бітірген Қызылордада алғаш ашылған театрдың аяғынан нық тұрып кетуіне көп көмек қолын созған, зиялы жанның бірі. Серке Қожамқұлов, Міржақып Дулатовпен сыйласқан, жақсы қарым-қатынаста болған мәдениетті, озық ойлы азамат. Оның жары Қадиша – гимназия бітірген «Колизей» театрында өнер көрсеткен мәдениет қайраткерлерінің бірі. Бұл отбасынан өрбіген Махила мен Әлима да қазақ қоғамында өз орындары бар тарихи тұлғалар. Қазір тоқсан алты жастағы Әлима – академик Иса Қыпшақбаевтың жары. Олардан тараған – Темір, Анелия, Аделия атты ұрпақтары, Серәлі атты немерелері бар.

Мұңайтпастың үлкен қызы Ләтипа Қожықова-Лапина (1892-1960) – «Хан мектебінің» алғашқы шәкірттерінің бірі. Осы мектептің алғашқы ұстазы, Алаш қайраткерлерінің бірі Қоңырқожа Қожықовтың жары. Қазақ театр, кино декоратор-суретшісі, КСРО суретшілер одағының мүшесі. Өткен ғасырдың басында қазақтың алғашқы театр қойылымдарының декорациясынан бастап, АҚШ президенті Ф.Рузвельтке қазақ қолөнер туындыларын сыйға тартқан қазақы ою-өрнекпен әрленген төл туындыларды жасаушы хас шебер. Қазақтың атын әлемге танытқан «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықов, бейнелеу өнерінің шеберлері Қожахмет, Құлахмет, Нұрахметтердің анасы.

Мұңайтпасқызы Гүләндам (1894-1981) – «Хан мектебінен» білім алған, санаулы қыздардың бірі. Қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановпен отау құрып, одан Нұрлан, Арыстан, Зиба, Файзулла атты ұрпақ өсіріп, халық жауының жары ретінде АЛЖИР-дің ащы дәмін 8 жыл татып, сексен жеті жыл ғұмыр кешкен қайсар жан.

Әбдірахман Лапин (1901-1963) – Ташкентте, кейін Германияда  тері, жүн өңдеудің сарапшысы болған жоғары білімі бар, еңбек жолын Мәскеуден бастаған сирек мамандық иесі. «Шетел тыңшысы» деген жаламен «Бутырка» түрмесіне қамалып, кейін Воронежге жер аударылып, азап көргендердің бірі. Алматыда Қаныш Сәтбаевпен бірге Алматыдағы Кеңсайға жерленген.

Әбдіхалық Мұңайтпасов 1906 жылы өмірге келген. 1944 жылы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Пенза қаласында қаза тауып, Миронсицк зиратына жерленген боздақ.

«Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, енді сол тоғыздың бірі – Серәлі Мұңайтпас Лапин жайлы аз-кем әңгіме етелік.

Серәлі 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ші ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан білім алған зерек бала білімін көтеру үшін үнемі талаптанды. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген соң Самарқан әскери губернаторының аудармашысы болып қызмет атқарады.

1901 жылдан 1917 жылға дейін Самарқан, Сырдария облыстарында адвокат болды. Осы жұмыстарды атқара жүріп Серәлі Мұңайтпасұлы еліміздің тарихында алдымен шығыстанушы, одан ағартушы және қоғам қайраткері ретіндегі өзіндік елеулі орны бар тұлға болып қалыптасты.

Лапин араб, парсы және т.б. шығыс тілдерін білген. Ол зайырлы шығыстанушы ғылымында тұңғыш рет Гур-Эмир, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштертегі арабтың көне сюльси және зюльфи емлелерімен өрнектелген көркем жазуларды (эпиграфикаларды) оқыды, оларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға қосты. Жәдігерліктердің тұрғызылған уақытын, оларды салдырған сәулетшілердің есімдерін (мысалы, Регистан ансамбліндегі Шер-Дор, Тилля-Кари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері және жауынгері Жалаңтөс батырдың салдырғанын) анықтады. Серәлі Мұңайтпасұлы, сондай-ақ «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын тауып, ғылыми айналымға қосты.

Ал оның 1895 жылы Самарқанда жарық көрген «Самарқан қаласының тарихи ескерткіштеріндегі жазулардың аудармасы» және «Орыс-өзбек қалта сөздігі Түркістан өлкесіндегі отырықшы туземдіктермен күнделікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз, өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса тіркелген» деп аталатын кітапшалары Ресей шығыстану ғылымына қосылған елеулі үлес болып саналады.

Екінші Мемлекеттік Думаның мүшесі Бақытжан Қаратаевпен бірге 1908 жылғы сәуірде мұсылмандардың діни істері мен діни мекемелері туралы және 1908 жылғы маусымда қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі заң жобаларын дайындады.

Лапин Түркістан генерал-губернаторының рұқсатымен, қазақ арасында сауда-экономикалық серіктестік құрды. Ол 1910 жылы ашылып, түрлі кедергілерге байланысты қанат жая алмай, 1913 жылы жұмысын тоқтатты. 1912 жылы Санкт-Петербург оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық студенттерге көмек көрсету қоғамының жұмысына қатысты. Қоғамның жиналысына 1913 жылы Түкістан халық-ағарту ісінің жай-күйі туралы баяндама жасады. Санкт-Петербургтегі құрылысы Романовтар үйінің патшалық құруының 300 жылдығына аяқталған мұсылман мешітін салу ісіне атсалысты.

1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласына өлкелік төртінші төтенше мұсылмандар съезі өз жұмысын бастады. Сол съезге 250-ден астам делегат қатысты. Съезд үш күн жұмыс істеп, Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі билей ықыласынан туған Түркістан автономиясын жариялады.

Сонымен, Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен, ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, солардың жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндіктерін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық қоғамдарды негізге ала құрылып, жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету мақсаты екендігін жариялады. С.Лапин өлкеде большевиктер үкіметі мен  ұлттық Түркістан автономиясының қатар өмір сүруі қантөгіске әкеліп соқтыратындығын жақсы түсінді. Соған орай осы екі биліктің өзара ымыраға келуін жақтады. Осы мақсатта С.Лапин 1918 жылы 10 қаңтарда Ташкентте мұсылмандар митингісін ұйымдастырып, өлкелік Халық комиссарлар кеңесі мен Түркістан автономиясы арасындағы текетірестен тек қарапайым халық зардап шегеді деп мәлімдеп, бұл екі билік өкілдерін бірлесіп, халықты өкімет құруға шақырды.

Алайда, өлкелік Халық комиссарлар кеңесі С.Лапиннің ұсыныстарына құлақ аспай, өлкеде большевиктік биліктің ғана салтанат құруын жақтап шықты. Соның нәтижесінде қару күшімен Түркістан автономиясын таратып, Қоқан қаласын қанға бояды. Кеңес өкіметі әскерлерінің қанды қырғыны нәтижесінде Қоқан қаласының төрттен үш бөлігі қиратылды, сан мыңдаған адам өлді.

 1918 жылы шілдеде С.Лапин Түркістан лагерьлеріндегі соғыс тұтқындары мәселесімен шұғылданып жүрген Германия комиссиясы өкілімен байланыс орнатып, Германияға келген соң 1918 жылы 25 қыркүйек күні Германия Бас штабының өкілі, лейтенант Эльснермен жолықты. Оны Қазан төңкерісінен кейін Түркістанда қалыптасқан саяси ахуалмен таныстырып, Түркістан халқына большевиктер үстемдігіне қарсы күресуде Германияның көмек көрсетуін сұрады.

Әскери экспедицияны ұйымдастыруда С.Лапиннің ұсынуынша Каспий теңізінен өткен әскер екіге жарылып, Ашхабад пен Бұқараны бетке алып, екіншісі Перовск пен Ташкент бағытында жылжып, ол топтар өз жолында жергілікті халық өкілдерімен толыға түсуі тиіс болды. Жоспарға сәйкес бұл екі топ Самарқан қаласы маңында тоғысатын болып белгіленді. Алайда, Германия үшін  1918 жылдың соңына қарай жағдай барынша ауырлай түсіп, үкіметтің С.Лапин ұсынысына назар аударуына мұршасы болмады. Оның үстіне С.Лапин осы жылдың 17 желтоқсанында сырқатқа шалдығып, ауруханада жатты. Араға бір айдай уақыт салып 1919 жылы Самарқанда белгісіз себептермен қаза тауып, Самарқандағы әулиелер мекені – Шаһи-Зиндаға жерленді. Смольныйдағы текті қыздар институтының түлегі Cерәліқызы Рабиға Санжар Асфандияровпен отау құрады. Одан тараған Әлия, Аделяттан тараған ұрпақтар берісі Ташкентте, әрісі Израильде ғұмыр кешуде.

Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылордадағы №261 орта мектепке, Алматының «Қалқаман-2» ықшам ауданындағы бір көшеге Серәлі Лапин аты берілген.

Серәлі Лапин өмір жолындағы саяси қайраткерлік жұмысы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан, кеңестік жүйе оның қызметіне өз дәрежесінде бағасын бермеді.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<