Астана болған жылдар айшығы

1004

0

Перовск станциясының жұмысшылары Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қырғыз (Қазақ) АССР Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поезд Орынбордан республиканың жаңа астанасы – Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды.

Осы жерде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінен» үзінді келтірейік. «Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақынға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан, Орынбор мен Ақмешіттің арасындағы көзді талдыратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құмдардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз. Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған поезд Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта қисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мектебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар – бәрі жиналып, үкімет адамдарының вокзалдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Аржақ – бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг партия комитетінің секретарі, бізге белгілі – Әбілхайыр Досов. Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көп адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі – арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем, белгілі ақындарымыздың бірі – Әбділда Тәжібаев екен. Съезге келген делегаттарға арналған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда мекемелері жайғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақмешіттен қырық километр жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген.  Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша жайғасты». Бұл қазақ халқының тарихы мен тағдырындағы аса маңызды съезд қарсаңындағы Ақмешіттегі  қарбалас сәт еді.

«Ол кездегі Ақмешіт – екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе, ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық екен. Маркс пен Энгельс аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өзге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен». «Өмір мектебінің» үшінші кітабында жазылған Ақмешіттің астана болған кездегі көрінісі – осы.

Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Мемлекеттік мекемелер көшіп келгеннен кейін 1925 жылдың 5 маусымындағы РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің жиналысында үкіметтік мекемелер ғимараттары құрылысына 1 млн сомнан артық қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаржының алғашқы бөлігі ғимараттар салуға, Сырдария өзенінің жағалауын бекітуге, су айдағыш құрылғыны жөндеуге, электр және телефон станциясын салуға бағытталды. 

Астананы ауыстыру туралы комиссия Ақмешітке алғаш кел­генде жұмыс істеуге арналған бөлме таппай қиналған еді. Қалада ыңғайлы ғимарат жоқтың қасы. Жаңа астанаға 49 мекеме мен олардың 1150 қызметкері көшуі керек болатын. Пәтер мәселесі тіпті өткір еді. Тұрғын үй қоры мұнда тұратындардың өзіне жетпейтін. Жөндеу жұмыстары ұйымдастырылғанмен, құрылыс жөніндегі комиссия шешімімен құрамында 15 тұрғын үй бар 50 жаңа  ғимарат салуды бастады. Көшіп келген Үкімет мүшелері мен қызметкерлері коммуналдық қиыншылықтарды бастан кешті. Қала шаруашылығы реттелмегендіктен, ең басты деген қажеттіліктердің өзі тапшы еді. Мәселен, электр жарығы тек кинематографтың шағын генераторынан тарайтын. Халық керосин шам тұтынады. Көше жарығы деген мүлде жоқ. Сол жылы тамызда 22 көше фонарін және 400 шам сатып алу арқылы қаланың аз бөлігі жарықтандырылды. Керосин  мен шам сатып алудың қиындықтары сол кездегі газеттерде де жазылған. Қала сумен қамтылмағандықтан, көшедегі арықтарды тұрғындар үнемі ластаумен болатын. Мал суарып, құрылысқа қажетті лай жатқызды. Осыдан келіп жаңа су айдағышқа қаржы бөлінді. Көшелердегі тазалық жайы қаланың астана статусына сай келмейтін. Біртіндеп квартал старосталары сайланып, бұл мәселе де ретке келе бастады.

Қызылорданы астанаға айнал­дырудың маңызын түсінген Халық комиссарлары кеңесі өз жа­нынан құрылыс комитетін құру керек деп шешкен еді. Құрылыс комитеті жанынан арнайы бюро құрылып, комитет төрағасы Абылай Серғазиев ленинградтық инженер Александр Будассиге жазған хатында осы бюроға және қала құрылысына жетекшілік жасауды сұраған.  Бюроның бас инженері Мұхамеджан Тынышпаев болды. Ол қала құрылысының сапасыз әрі өте баяу жүргізіліп жатқанына алаңдаушылығын білдіріп, бюроны құру туралы ұсыныс жазды.   

Бюроның техникалық кеңес­терінде мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған үйлердің типтері бекітілді. Климаттық жағдайға орай, бір жағынан жерасты суы жақын болғандықтан, үйлерді бірқабатты етіп салу туралы шешім қабылданды. Бір жиналыста инженер Ершов «Шығыстық климат жағдайында бірқабатты үйлер ыңғайлы. Аме­рикандық миллиардерлер бос жер жоқ болғандықтан, аспанға қарай өрлеп бара жатыр, ал Қызылордада 50, 100 жылдан кейін де мұндай мәселе туындамайды» деген уәж айтыпты.

Жоспар бойынша қала ескі және жаңа бөлікке бөлінуі тиіс еді. Жаңа құрылыстар жүріп жатқан бөлікте санитарлық нормалар, қауіпсіздік ережелері ескерілді. Көшелердің ені  кем дегенде 20 сажын, ал тұйықтар 18 сажын болып, екі бетіне тал егілуі, жолы трамвай, ат және моторлы көлік жүретіндей болу керек деген талаптар қойылды.

Көшелерге тас төселмегендіктен, қала шаңнан көз ашпайтын еді. Қайта-қайта су сеуіп тұру туралы шешім қабылданғанмен, ол да тапшы. Ақырында үй иелеріне іргелеріне, сауда палаткаларының иелеріне айналасына тас төсеуді міндеттеді. Астана болған алғашқы жылдары қалада монша және азық-түлік жетіспеушілігі жиі орын алатын.

Қаланың айналасындағы 8 кірпіш зауыты үздіксіз жұмыс істеді. Бірақ сырттан тасымалданатын ағаш, цемент, шыны жетіспейтін.  Ма­териалдар құрылыс басына түйемен жеткізілетін.

Сол 1925 жылдың соңына дейін жүрген құрылыс маусымындағы қиындықтар өкіметті тұрғын үйлердің салу құнын арзандатуға мәжбүр етті. Үйлердің жанына салынатын сарай, құдық, басқа да қосымша құрылыстарды ортақ етіп, шаруашылыққа арналған құрылыстарды іргетассыз салу арқылы үнемдеу ұсынылды. Осылайша маусым айынан желтоқсанға дейін 29 ғимарат бой көтерді. Құрылыс комитеті бір жыл жұмыс істегеннен кейін, 1926 жылы оның барлық міндеттері қалалық коммуналдық комитетке жүктелді. Үш жылдың ішінде 20 млн сомға құрылыс жоспары жасалды.

Қызылорда астана болған жыл­дары мұнда орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауыл­шаруашылық мекемелері, ғы­лыми-зерттеу институттары өз жұмыстарын бастады. «Еңбекші қазақ» (Егемен Қазақстан) «Советская степь» («Казахстанская правда») республикалық газеттері мен басқа да журналдар, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтың шығармалары жарық көрді. Саз балшықтан салынған қалада қос қабатты, әсем үлгідегі үйлер сап түзеп, оған сол кездегі мөлшермен есептегенде қыруар қаржы бөлінді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<