Азаттық аңсаған арыс

1290

0

2009 жылы Мәскеудегі “Ресей саяси энциклопедия баспасы” “Орыс шетелдігінің қоғамдық ойы” (Общественная мысль Русского зарубежья) атты энциклопедия басып шығарған болатын. Бұл ғылыми анықтамалық басылымда “Мұстафа Шоқай” атты көлемді мақала бар. Авторы – Мұстафа Шоқай туралы бірнеше еңбектің иесі, тарих ғылымдарының докторы Салават Искаков. Энциклопедия мақаласында әлемге танылған қайсар тұлғаның өмірі мен қоғамдық саяси қызметінің жаңа қырлары ашылған. Мақаланың қазақша нұсқасын бірер өзгерістермен саяси ғылымдар докторы, профессор Ә.Бәкірдің аудармасында беріп отырмыз.


Шоқай Мұстафа – юрист, публицист, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер. Қазақ биінің баласы. 1914 жылы Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Ташкентте адвокат болып істеген. 1917 жылы Түркiстан мұсылмандары басшыларының бiрi, Уақытша үкiметтiң Түркiстандық комитетiнiң мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесi. 1917 жылдың 27 қарашасында орнап, 1918 жылдың 31 қаңтарында қарулы күшпен талқандалған Түркiстан автономиясы (“Қоқан автономиясы”) үкiметiн басқарған. Адмирал А.В.Колчак Комучты (Құрылтай жиналысының комитеті – аудармашы) жойғаннан кейiн Грузия Республикасына барып, онда Түркiстан құрылтай жиналысын шақыру жөнiндегi комитеттiң өкілі болды. Әрбiр халықтың өзін-өзі ұлт және егемен мемлекет ретiнде танылу құқығын қорғау, бұрынғы Ресей аумағындағы жаңа мемлекеттiк құрылымдарды мейлі ­реакциялық не большевиктiк режимдер болсын, соған қарсы күрес негiзiнде экономикалық, саяси және дипломатиялық бiрiктiру үшiн күреседi.


Большевиктер Грузия Республикасын талқандағаннан кейiн М.Шоқай 1921 жылы Түркия арқылы Францияға мұғажырлыққа өтедi. Ол “Йени Туркестан” (“Жаңа Түркістан” Стамбұл, 1927-1931) журналының негiзiн қалаушы, “Яш Туркестан” (“Жас Түркістан”, Берлин, 1929-1939) журналының редакторы. Түркiстан ұлттық бiрлестiгi (ТҰБ) Орталық комитетiнiң мүшесi, 1929 жылдан бастап оның жетекшiсi, Кавказ, Украина және Түркiстан халықтарын ұлттық қорғау органы – “Прометей” (Париж, 1926-1938) журналы редакциялық алқасының мүшесi. 1928 жылы Польша президенті Ю.Пилсудский мұғажырлардың барлық тобын бiрiктiру және КСРО-ға қарсы пайдалану туралы алға қойған мiндеттерге байланысты Польшаның Бас штабы мен Сыртқы iстер министрлiгiнiң Шығыс бөлiмi Варшавада құрылған “Прометей” (Ресей езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымының мүшесi. Бұл ұйымға Әзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украина және басқалардың өкiлдерi кiрген еді.
Немiс әскерлерi Парижге басып кiрген кезде Шоқай “ағылшын барлаушыларымен байланыстары бар” деген айыппен тұтқынға алынып, бiр жылдай Компьен лагерiнде ұсталады. Германия КСРО-ға шабуыл жасағаннан кейiн бiрнеше күннен соң босатылып, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан әскери тұтқындар арасында советтерге қарсы үгiт жүргiзу мақсатында Германияға жiберiледi. Алайда, көп ұзамай белгiсiз жағдайда кенеттен қайтыс болады.


ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде Мұстафа Шоқай әуелгі кезде Ресей мұсылмандарының мәдени-реформаторлық қозғалысы – жадитшілдіктің ықпалында болады. Петербор университетiнде оқу кезінде ол орыс зиялы қауымының революция­лық-демократиялық және либералдық ортаның әсерімен өзiн материалистер, вольтершiлдер санатына жатқызады, халықтың сенiм-нанымына аса құрметпен қарай отырып, шариғаттан ұлт азаттығына жеткізер амалды таба алмай, саяси еркiндiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi бiрiншi кезекке қояды.


Ресей мен Түркiстан тарихына баға бергенде Мұстафа Шоқай орыс үкiметiнің, бiр жағынан, патша тағының тiрегi болып табылатын помещиктердiң ғасырлар бойғы құқығын қорғайтынына, екiншi жағынан, өкiметке революциялық көңiл-күйге шаруалар бұқарасымен күресудің бірте-бірте қиындап бара жатқанына сүйенді. Егер Ресейде жер мәселесi әлеуметтiк, таптық-саяси болса, ол Түркiстанда, Шоқайдың ойынша, көбiне саяси және оның үстiне ұлттық-саяси мәселе болды. Егер революция Ресейде орыс шаруаларының жер жөнiндегi мүдделерiмен сәйкес келсе, ал Түркiстандағы революция орыс келiмсек шаруаларының мүддесiне қарсы болды, орыс келiмсектерiне жер берудi едәуiр қысқартуды немесе оны түгелдей түркiстандықтарға қайтару мәселесін ашық қойды.


Түркiстан халықтарының тарихындағы билiк пен қоғамның өзара қатынасының сипатын бағалап, Шоқай: “Біздегі хандардың жауыздығы қатал болғанымен басқаруы қарадүрсін еді. Бірақ халық құл болған жоқ. Оны ешқашан сатқан жоқ не итке айыр­бастамады» деп жазды. Ресейдiң Түркiстандағы рөліне принципті баға беріп, Шоқай Ресейдiң Шығыстағы мәдениетгерлiк рөлінің мәнін жоққа шығарды, сонымен бiрге “Түркiстандағы бұрынғы отаршыл орыс тәртібі соншалықты ауыр болғанымен, ол Бұхарада салтанат құрған жалаң деспотизммен салыстырғанда, еуропалық мәдени тәртіптен жоғары көрiндi” деп көрсеттi. Салыстырмалы-тарихи талдау Шоқай әдiстемелiгiнiң маңыз­ды сипаты болатын. Оның ойынша, Түркiстандағы нағыз революция 1916 жылы өкiмет аяусыз басқан жаппай көтеріліс болды. Ал “Бiз тiлеген орыс революциясы бiздi қапыда қалдырды”, – деп жазды Шоқай 1933 жылы.
Большевиктердiң Түркiстандағы жеңiсiн ол, бiрiншiден, объективтiк себептермен ұлан-байтақ қуатты Ресей және оған мүлдем қаруланбаған, жартығасырлық империалистiк және отарлық саясаттан әлсiреген Түркiстанның қарсы тұруымен, түркiстандықтар күреске Ресей тарихы барысымен маталған кезеңде түсуiмен, екiншiден, субъективтiк, өзінің ұлт ісі үшін күрестiң қажет екенiн сезiнiп отырса да, түркiстандықтардың iштей күш бiрiктiре алмағанымен түсiндiрдi. “Егер түркiстандықтар революцияны қабылдауға, оны практикада жүзеге асыруға жақсы әзiрленгенде, олар бұрынғы Ресейдiң басқа бөлiктерiне қарағанда өздерiнiң көптеген ұлттық талап-тiлектерiн жеңiл жүзеге асырған болар едi. Бiрақ, зор бақытсыздығымызға қарай, бiз техникалық жағынан дайын болмадық” деп жазды.
Шоқайдың жалпы мұсылман бұқарасы мен олардың басшыларының психологиясын сынауы Түркiстанның қоғамдық-саяси дамуындағы негiзгi екi бағыттың күресімен байланысты болды. “Өздерiн, әлбетте, халықтың дұшпаны деп есептемейтiн әлеуметтiк-консервативтiк элементтер оның бақытын барлық жағдайда, өмiрдiң барлық көріністерінде шариғат қағидаларына толық және сөзсіз бағынуда” деп санады. Осы үшiн молдалар қауымы Түркiстанда кез келген жүйе­ні қабылдауға дайын едi. Ал мұсылман зиялыларының аз ғана тобы, оның iшiнде Шоқай да басқа ұстанымда болды. “Ресей демократиялық республикасының құрамындағы оңды ұлттық бастауларымыздың дамуына әлдеқайда мол мүмкiндiктер жасайтын автономия шариғат негiзiндегi кең бостандықтарға қарағанда әлдеқайда жақсы” деді. Алайда, Шоқай 1932 жылы еске алған мұндай балама қоғамдық ой-санада жеткілікті тарай қоймаған едi.
1917 жылғы революция жағда­йындағы орыс емес, оның iшiнде түрiк және мұсылман халықтарының бiрлiгi проблемасы Шоқайдың тарихи тәжiрибенi талдаудағы өзекті мәселелердiң бiрi болды. Оның пiкiрiнше, “Ресейдiң қол астындағы халықтардың күрес майданында ұлтаралық бiрлiгі болмады. Әрбiр шет аймақ бөлек әрекет етіп, өзiмен-өзi болды. Өзара қолдау болмады”.

1932 жылы Парижде прометейшiл қайраткерлердiң алдында сөйлеген сөзiнде Шоқай: “Егер бiз сол кезде ақылға келгенiмiзде, егер орыс демократиясының шынайылығына сенудiң орнына, бiздiң санамызда ұлттық аймақтарда революцияны меңгеруге және оны iске асыруға батыл ұмтылыс болғанда, егер бiз, бүгiнгi прометейшiл майданның өкiлдерi, сол тарихи айларда бiрiгіп және Украинаның үлгiсiн ұстанғанымызда, бiздiң халқымыз қазiргi кеңестiк ұлттық, материалдық және ұлттық-мәдени тұрғыдағы езгi барлық күшті сығып алғаннан гөрi әлдеқайда басқа, тәуiр тағдырға ие болар едiк” деп көрсеттi. Түркiстан халықтарының бiрлiгi туралы түсінік Шоқайдың шетелдік шығармашылығында басты тақырыптардың бiрi болды.


Шоқайдың тарихи-публицистикалық еңбектерi қырғи-қабақ соғыс жолына түсе бастаған Батыс тарихнамасы үшін аса маңызды саналса, КСРО-да олар идеологиялық сынға ұшырап, ал Шоқай “опасыз”, “сатқын”, “нағыз пантюркист” және “панисламист” ретiнде сипатталды. Шоқай Еуропада мұсылман мұғажыр­ларының сөзсiз көшбасшысы болды, өзiнiң жарияланымдарында “КСРО-дағы ұлттық саясатты аяусыз сынға алды. Шоқай өз өмiрiнiң соңына дейiн тәуелсiз ұлттық мемлекет құру идеясын жақтады және оның барлық әрекеттерін осы идея тұрғысынан, яғни өзiнiң абырой-беделiне нұқсан келтірмейтiн кез келген қолайлы мүмкiндiктердi пайдаланды деп қабылдау керек. Шоқай егемендi дамудың ұлттық идеясын ұстана отырып, барлық түркi халықтарын большевиктiк отар­шылдыққа жан-жақты қарсылығын ұйымдастырушылардың арасында болды.
Еуропада Шоқай халықаралық сая­сат пен кеңестiк Орта Азия мен Қазақстандағы iшкi жағдайдың өзектi мәселелерi жөнiнде баяндамалар жасап және мақалалар жариялап, кiтаптар шығарды, бiрқатар журналдар мен газеттердi шығаруға атсалысты. “Дни” және “Последние новости”, “Борьба”, “Вольный горец” және басқа мұғажырлық баспаларда басылды. Ол орыс мұғажырларының газеттерiмен ынтымақтастықта болуды маңызды деп санады. 1927 жылы ТҰБ (Түркiстан ұлттық бiрлігi) Орталық комитеті (төраға башқұрт эмигранты А.З.Валидов) мұндай ынтымақтастықты тоқтату туралы қаулы қабылдады, бұл шешіммен келiспеген Шоқай Түркiстан ұлттық бiрлiгi құрамынан шығады. Бiрақ 1929 жылы Орталық комитет құрамына қайта қабылданып және оны басқарады. Әрiптестерiнiң айтуынша, Шоқай сөздерi терең ғылыми талдауларымен және философиялық пайымдауларымен, өзгеше ой-түйiндерiмен, кейде таңғаларлық қорытындыларымен еуропалық қоғамдастықтың және орыс мұғажырларының арасында оны үлкен беделге ие етті. Орыс мұғажырларының әдеби салондарындағы барлық файфоклоктарда тәуелсіз Түркістанның өкіліндей өжет сөйлеген Мұстафа Шоқай, мысалы, 1954 жылы Нью Йоркте өзінің мемуары шыққан белгілі ақын және прозаик А.П.Шполянс­кийдің есінде осылай қалыпты.
1923 жылдың 19 наурызында Шоқай Парижден Б.Николаевскийге Түркiстандағы революция жылдары туралы естелiктер жазу жөнiндегi оның ұсынысымен келісетінін бiлдiрiп жауап жазған. Ал 1923 жылғы 20 мау­сымдағы хатында Шоқай былай деп жазады: “Жадыма бірінен соң бірі жаңа деректер оралуда… “Революция шежiресiнiң” I томын мұқият оқып шықтым және Құдай соларға қиған сабырлылық деңгейінде болуды маған да берер”.
Шоқайдың Париждiң “Orentet Occident” журналындағы Түркiстанның толық тәуелсiздiкке жету жолындағы мiндетi туралы мақаласы еуропалық баспасөзде ашық айтылған бiрiншi жарияланым болды. 1925 жылдың 29 мамырында И.Сталин РК(б)П Қырғыз өлкелiк комитетiнiң Бюро мүшелерiне ақ гвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқайдың қазақ басылымдарынан алынған мәлiметтердi пайдаланғаны туралы хат жазды. “Бiз өкiметтi, – деп атап көрсетті Сталин, – жастардың саяси және идеология­лық тәрбиесін партияда жоқ бур­жуазиялық интеллигенттерге табыс­тау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл майдан толығымен және еш қалдықсыз коммунистерде қалуы қажет. Олай болмаған жағдайда Шоқайшылардың жеңiсі Қырғызстанда (Қазақстанда – С.И.) болуы әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең”.


Шоқайдың кеңестiк ұлттық саясатты талдаудағы әдiстемесi кеңес басшыларын қатты қауiптендiрдi. 1928 жылы Парижде француз тiлiнде жарық көрген Кеңес өкiметiнiң Орта Азиядағы iс-әрекеттерi туралы кiтабы Советтердің Орта Азиядағы саясатын отаршылдық деп айыптаған Еуропада басылған тұңғыш еңбектердiң бiрi саналды. Француз Социалистiк партиясының органы “LePopulaire” газетiнде осы партияның көшбасшыларының бiрi Ж.Лонге (К.Маркстiң немересi) аталған кiтапқа “Түркiстандағы орыс империализмi” деген тақырыпта рецензия жазған. Француз социалистерi жетекшiлерінiң бiрi П.Ренодель 1928 жылы осы кiтапқа кiрiспе ретінде былай деп жазды: “Шоқай мырзаның бұл кiтабы бізге көптеген түпнұсқалық және бұлтартпайтын мәліметтер мен құжаттар хабарлап, қызмет етті. 1917 жылғы наурыздағы революция ұлы үмiттердi оятса, ал большевиктердiң Қазан төңкерiсi сол үмiттің күлiн көкке ұшырғанына тағы да сендірді”. 1935 жылы Парижде орыс тілінде шыққан бұл кітапқа рецензиясында социалист революционерлер жетекшілерінің бірі М.Вишняк Шоқайды «өз өлкесінің үлкен патриоты және оның үлкен білгірі» деп сипаттады, Вишняктің сөзінше, “ұлттық бостандыққа жеткізді деген большевиктік биліктің кең тараған аңызын жоққа шығарған” бұл кітаптың саяси құндылығы дау­сыз. Бұл, Шоқайдың өзінің жеке мойындауы бойынша, большевиктік миф пен алдауға таңданып және сенген жағдайда маңызды. Мұндай антимәскеулік көңіл-күй КСРО-ның басқа да шет аймақтарына жат емес еді дей отырып, Вишняк “сырттан шабуыл болған жағдайда ешқандай индустрияландырумен, парашютистермен және күшті авиациямен Ресейдің шекарасын шектей алмайсың. Сондықтан бірінші кезекте халықтың, соның ішінде шет аймақтардағылардың психологиясында өзгерістер қажет”. Бұл мағынада Шоқайдың кітабы “тек үйрету ғана емес, ол ескерту де” деп қорытындылады Вишняк.


КСРО-ның ұлттық проблемаларына Германия, Англия, Франция, Польша секiлдi мемлекеттерінiң қызығушылығының күрт өсуiне байланысты Шоқай КСРО-ны ұлттық құрылымдарға бөлуге әсер ету мүмкiндiгі туралы көзқарастарға ие түрлi өкіметтік құрылымдардан, сондай-ақ Еуропа ұйымдары мен инс+титуттарынан, оның ішінде “Prance-Oriеnt” комитетi, Халықаралық iстер жөнiндегi корольдiк институты мен басқалардан қолдау көрді.


Шоқайдың дүниежүзiлiк қоғамдас­тық назарын кеңестiк Орта Азиядағы жағдайға аудару бағытындағы әрекетiне орыс мұғажырлары жетекшілері тарапынан біртекті әсер болған жоқ. Ал оның пайымдаулары мен тұжырымдарын өзiмен жақсы таныс мұғажыр қайраткерлер де әрдайым оң қабылдай бермейтiн. 1930 жылдың 8 сәуiрiнде Ф.Данға жазған хатында Николаевский жақында болған әңгімеде “Прометейде” қызмет еткені туралы Шоқайға барынша жеткілікті айтқанын, оның ағылшын консервативтiк баспасөзiндегi мақалалары және басқа да оның көңілге үлкен күдік туғызатын iс-әрекетi туралы айтқанын еске түсіреді. Ал Дан оған жауап ретiнде Шоқайдың ниетi адал адам емес (“шығыстықтарға тән қу”) сияқты көрiнетінiн жайып салғанын, мұны Николаевский өзіне Шоқай туралы пiкiрiммен толықтай келiскені деп қабылдағанын жазған.Шоқай – кеңестік ғылымның негiзiн салушылардың бiрi. Оның Түркiстандағы түрiк халықтарының өзара ынтымағы жөнiндегi идеялары посткеңестік Орта Азия мемлекеттерiнiң қоғамдық ой-пiкiрлерінде дамыды. Түркiстандағы революцияның нақты тарихи тәжiрибесiн және большевиктермен күресте реформатор жас түркiстандықтың жеңiлiсiнiң себептерiн философиялық тұрғыдан пайымдауға ұмтылды. Сөйтiп Кеңес өкiметiнiң ортаазиялық аймақта осал екенін дәлелдедi. Өзінің алдына революция, Азамат соғысы және одан кейінгі кезеңдердегі Түркістан тарихын терең де тұрақты қоғамдық сана құрылымы негізінде теориялық деңгейге көтеру міндетін қойып, Түркістан халқының әлеуметтік дамуының болашағын айқындады.
Елбасы Н.Назарбаев 2002 жылы 6 қыркүйекте болашақ үшін түрік халықтарының бірлігін нығайту бағытындағы Шоқайдың эмиграциялық қызметін жоғары бағалады.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<