Базар жыраудың әдеби мұрасы

1379

0

Ойлар ойға, сөйлер сөзге келгенде алдына жан салмайтын табиғи дарын иесі, толағай тектес толғаулар тудырып, «Жыраулардың жампозы» атанған Базар жырау Оңдасұлы есімінің өзі өмір сүрген уақыттан бастап күні бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес. «Елу жылда ел жаңа» дегендейін, заман өзгерген сайын уақыт лебіне ілесіп, халық санасы да жаңғырып отырмақ. Осындай тұстарда тарихымыздағы таңдаулы тұлғалардың жас ұрпақ жадынан ұмытылып кетпеуіне күш салу – ғылым мен мәдениеттің міндеті ғана емес, аға ұрпақтың адамгершілік парызы да.

Қасиетті сөз өнерін қастерлейтін халқымыздың руханият дүниесіне нәр беретін, өткен ғасырлардағы ақын-жырауларымыздың шығармаларының баспа, жазу істерінің кенжелеп қалуына қарамастан таралуы мен қабылдануы жағынан адам таңғаларлықтай жетістіктермен ерекшеленуінің сыры ұлтымыздың ұлылығынан, оның бітім-болмысындағы өнерге, қасиетті сөз өнеріне деген ерекше шығармашылық қарым-қатынастан көрінеді. Шығармашылық ғұмыры ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10 жылдығына тура келетін Базар жыраудың жыр-толғауларының сол кездің өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне, Батысы мен Шығысына, Оңтүстігі мен Солтүстігіне тарап үлгіргені туралы, сондай-ақ осы аймақтардағы сөз ұстанған, өнер қуған өнерпаздардың Базар жырау жырларымен ауызданып өнерлік жолын бастағаны жөнінде нақты деректер ғылымға белгілі.

Жыраудың өзі:

«Қазақты сүттей ұйытты,

аузымнан шыққан лебізім»,

немесе:

«Дабылым кетті алысқа,

Жиреншенің өзіндей».

иә болмаса:

«Дабылымды есітіп,

құмар дейді көрмекке,

сонау жатқан төменгі,

Астраханьның бойында,

Он екі ата – Байұлы», –

деп жырласа, ақынның замандас інісі Оразымбет Естайлақұлы «Қарындастың қамы үшін» атты Базар жырауға арнаған толғауында:

«Дабылың кетті, Базеке,

Жиреншедей ұзаққа.

Петербор, Мәскеу, Марғұлан,

Орал мен Төрткөл, Жызаққа», –

деп бір-ақ қайырады. (Келтірілген үзінділер «Базар жырау» шығар-малары, – Алматы: Жазушы, 1986, кітабынан алынып отыр). Бұл мысалдардан Базар жырау Оңдасұлының ақындық, жыраулық орбитасының әуел бастан кең де кемел болғанына көз жеткіземіз.

Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, Ә.Марғұлан, М.Әуезовтердің қолына тиген. Шығармаларының әдеби әрі ғылыми айналымға өз тұстастарына қарағанда ертерек түсуі, әдебиет жинақтарына енуі жырау мұраларының ел аузында көп айтылып, жатталып келуінен ғана емес, оның ғалымдар мен зерделі жинаушылардың назарын еріксіз аударатындай үздік үлгілілігі мен көркемдігінен болса керек. С.Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау», – десе, М.Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған», – деп Базар жыраудың ақындық қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сөз қадірін білетін саңлақ суреткерлеріміздің Базар жырау шығармаларын назарға алып, ғылыми зерттеуге негіз етуі жырау мұраларының кәсіби әдебиет пен ғылымнан оңды бағасын алуының басталғанын дәлелдейді.

Базар жырау шығармашылығы, әрине, бәрінен бұрын Сыр еліне етене таныс. Сыр өңірі әдебиеті мен мәдениетінің білгірі, Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі А.Тоқмағамбетов өмірінің соңғы жылдарында Сыр сүлейлерінің шығармашылығына сүйене отырып, кереметтей туындыларды: «Жыр күмбезі» және «Көтерілген күмбез» романдарын дүниеге әкелді. Сыр елінің толымды көркем шежіресіндей, сырбойылықтардың шығармашылық тұрғыдан өнерге қарым-қатынасын айғақтайтын бұл романдардың Базар жырау Оңдасұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылық өмірбаяндарын негізге алып жазылуында логикалық тұтастық бар. А.Тоқмағамбетов бұл романдарында дәстүрлі жыраулық өнердің қыр-сырын «Жыр күмбезіндегі» Базар жырау бейнесін сомдау арқылы дәлелдей отырып, қадым ғасырлар тереңінен тамырын тартып келе жатқан дәстүрлі өнерді, «Көтерілген күмбездегі» Т.Ізтілеуов бейнесін жасауымен жаңа заманға ұластырып жібереді. Әдебиет пен өнердің психологиясы, Сыр сүлейлері шығармашылықтарының тарихи және теориялық жай-жапсарына байланысты көптеген мәселелер көркемөнердің жалпы заңдылығы – жинақтау мен көркем бейне жасаудың аясында А.Тоқмағамбетов романдарынан көркем шешімін келісті тапқан және бұл шығармалар кейінгі ұрпақ үшін ата-баба тарихынан бағалы деректер мен мол мағлұматтар жеткізе алып отыр. Бұл айтылғандардан Базар жырау Оңдасұлының Сыр сүлейлерінің басында тұрған сөз зергері екенін тұжырымдар едік.

Базар жырау шығармаларын соңғы рет жинап, құрастырып, алғы сөзін, түсініктемесін жазып баспадан шығарған арқалы азамат, марқұм Ш.Алдашовтың кітабының алғы сөзіндегі: «Базардың жастық шағы жоқшылықта, жетімдікте өтеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, байлардың қозысын бағады», – деген тұстарды тұғыры биік, тәуелсіздігі тұрлаулы елдің танымы мен ғылымы тұрғысынан сын көзбен қарап оқып-қабылдаудың бүгінгі күннің талабы болатынын еске сала кетсем деймін. Кеңестік дәуірдегі коммунистік идеологияның үстемдік етуімен әдеби мұраны танып-таразылаудағы біржақтылық тарихи тұлғаларымыздың өмірбаяндық деректерін кейде бұрмалауға әкеліп соқтырды. Кеңестік көркемөнердің шығармашылық әдісі – социалистік реализмнің талап-шарттарына негіздеп, таптық қайшылықты, таптық белгіні кез келген жерге тықпалай берудің дұрыс бола бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеп отырған жоқ па! Өткен ғасырлардағы ақын-жырауларымыздың өмірбаяндық деректерін жинағанда оларды кедейден ғана шықты деп сүмірейте беру, бұрын да айтып жүргеніміздей, сол маркстік-лениндік дүниетаным, кеңестік үкімет саясатының әсер-ықпалынан қалыптасып кеткен біржақты ұғым, түсінік. Біле-білгенге рулық-патриархалдық құрылымға негізделген қазақ қоғамында байлар мен кедейлердің арасындағы еңбек бөлінісі таптық белгіге, таптық қайшылыққа емес, рулық, ағайынгершілік, адамгершілік ерекшеліктеріне қарап іске асып отырған. Ресей капиталистері сияқты жұмысшылардың еңбегін сағатпен қанайтынындай зорлық қазақ қоғамында ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі уақытта тіпті болмаған. Ата-анаға қолғабыс – жас адам байдың не кедейдің баласы болғанына қарамастан қазақ тұрмысында қой бағып, қозы қайырып, үлкендерге жәрдемдеспегенде не істейді? Бұлай ету күнкөрісін төрт түлік малдан айырып отырған қазақтардың қарапайым түрдегі өмір сүру тәсілі, ата кәсібі емес пе?! Сондықтан өткен ғасырлардағы қазақы тұрмыстан таптық қайшылық іздеу, біздіңше, үнемі дұрыс бола бермейді.

Атақты жыраудың өзі:

«Әуелі Базар атандым,

он алты деген жасымда

Бай Көкшенің асында», –

деп жырлайды.

Тек қой құрттап, қозы қайырумен жүрсе қандай тума талантқа болса да 16 жасында-ақ жасындай жарқ ете қалу оңай емес. Асылы ғылыми танымның саясаттан сырттау болғаны дұрыс. Тарихи тұлғаларымыздың байдан шықты, кедейден туды деп тегін түгендегеннен гөрі, олар қандай еңбек жасады, дүниеге қандай шығармалар әкелді, осылардың ақ-қарасын анықтап, ақиқатын айтудың әділеттілік болатынын заман дәлелдеп отыр. Атақты жинағымыз «Бес ғасыр жырлайдыдағы» авторларымыздың 80 процентін астамының тегі бай-шонжарлардан, билер мен батырлардан, ақындар мен шешендерден таратылыпты. Бұған да шүкір. Дұрысы осы. Тақыр жерге шөп шықпайтыны рас қой.

Сонымен Базар жырау кім болған? Базар жырау бәрінен бұрын дәстүршіл ақын болған. Есін білгелі ел аузындағы жыр-термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы – бұлар оның өмірлік те, өнерлік те оқулықтары еді.

«Құлаштап дүние сені қармансам да,

Керімі келген шығар ер Қорқыттың», –

дейді Базар жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімін жай ғана атала салған деп ұғынбағанымыз жөн. Бір қызығы Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр-толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп мегзейді. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыста дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, әдебиеттің ұлттық дәстүрін жалғастырған. Ұлан-байтақ территориямыздың кеңдігіне, баспа ісінің кешеуілдеп келуіне қарамастан әдебиет дәстүрінің еліміздің әр жерінде қанатын кең жайып, тарап, мықтап орнығуы, тарихи әдебиет туындыларының қара тастай ұлттық дәстүрге берік болуы – бұл енді ғажайып құбылыс. Ауызша тараған әдебиет туындыларының сол әдебиеттің ұлттық дәстүріне тұрақтылығы қазақ көркемөнерінің дәстүрлілігінің ұзақ ғұмырлылығын және мәуелеген жемістей жасампаздығын дәлелдейді.

Өнердің мұраты – адамзатқа қызмет ету. Өнердің тақырыбы – адам тағдыры. Жанрлық тұрғыдан алғанда қазақ поэзиясының дәстүрлі түрі толғаудың да туу, қалыптасу, даму арналарының болатыны секілді, мұндай процесті әрбір әдебиет өкілдерінің шығармашылығы да басынан өткереді және әрбір әдебиет өкілінің ұлттық әдебиет дәстүріне қосқан үлесі оның суреткерлік қарым-қабілеті, таланты, өмірлік тәжірибесі мен білім-білігіне тікелей байланысты болады. Осы тұрғыдан келгенде Базар жырау – ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байытушы. Базар жырау шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы айту ерекше орын алды, адам туралы жалпы айтудан толғау үлгілі өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту, мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды.

Кез келген өнер туындысының бойынан адам бейнесі оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым айқын көрінсе, мұндай ерекшелік әдебиеттің соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзиямыздың тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жырлайтын Базар жырау толғауларын өз заманының үздік туындылары болды деп нық айтуға болады. Мысал үшін жыраудың «Әр кемелге – бір зауал» толғауында адам, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады. Желге жеткізбес жүйрік аң, кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр, Базарша айтқанда, бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ. «Әлі де сенде арман жоқ» делінетін толғауда да сондай:

«Көзі ақықтай сүзілген,

маржандай тісі тізілген,

келімі келген кермиық,

сағағынан үзілген,

белгілі ару қор болып –

кімдерден жылап қалған жоқ», –

делініп ару жайында, одан әрі тұлпар ат, батыр туралы айтылып кетеді. «Қайырға біткен шынармында» да қас жүйрік, батыр мен балуан, көсем мен шешен, бай мен би, арулар жайы тереңнен толғанады. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базар жырау анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес. Қазақ әдебиетінің дәстүріне өзіндік мәнерімен ендіріп жіберген осындай үздік үлгілі толғауларын Базекең одан әрі түрлендіре түседі. «Ел жақсыларында» Сыр өңірінің айтулы тұлғалары – Өткелбай сыпа, Бекетай молда, Құлбарақ батыр, Самырза, Көбек, Басықара билер, Бекмырза, Бәймен, Төртқара, Үмбеттер туралы жырланады. Әрқайсысының есіміне Сыр елінің әр жерінен жер-су атаулары берілген мұндай тарихи тұлғаларымызды жырау басқаларға үлгі ете жырлайды. Осы бағыт «Сұм дүниеде» одан әрі жалғаса түседі. Сұм дүниеден бәрі өткен: Олар – Әбілқайыр, Нұралы, Есім, Тәуке, Жәнібек, Абылай мен Жәңгір хандар, олар – Баба түкті шашты Әзиз, Сейтпембет, Мағзам, Марал ишан, Софы Әзиз әулиелер, олар – Жабағы, Сыпа, Өтеген, Ақмырза, Қуан, Көшермен батырлар, олар – Қазыбек, Төле, Әйтеке, Мөңке, Көбек, Өтетілеу, Сарытай, Тампыш, Мұрат, Киікбай билер, олар – Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Қасым, Сейіл, Бұқарбай, Малайсары, Жантайлақ, Сәмет, Тоғанас, Қарадос, Өске, Бұдабай, Серәлі, Садыр, Орынбай, Шернияз, Шыман, Өтеген, т.б. батырлар мен билер, ақындар мен жыраулар. Бұл айтылғандар – Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ жұртшылығына танымал есімдер. Базар жыраудың ақындық орбитасының кең де кемелдігіне таң қалу өз алдына, осыншама тарихи тұлғаларды қамтып жырлау, олардың өмірін өзгелерге үлгі ете отырып толғану Базар жырауға дейінгі ешбір жырауда болған емес. Өз өлкесі мен елінің елеулілерінің есімдерін елеп, өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау – Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі сырбойылықтардың жоғарыда аталған есімдерге бей-жай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын есітіп жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны өнердің арқасы, Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек. Аталған толғаулардағы осыншама адамдардың аттарының аталуы, оларға бірде тікелей, кейде жанама түрде болса да мінездеме, сипаттама жасалуы, сөйте отырып әділ биліктің, көшелі ой мен пайымды парасаттың, сұлулық пен батырлықтың, отансүйгіштік, туған жерге, елге адалдық, т.б. адамгершілік қасиеттердің насихатталып отыруы Базар жырау тұсындағы толғау үлгілі поэзиямыздың өскен өрелі биігі, жеткен жетістігі болып табылады. Адамдық бітім-болмысқа, адамгершілік қасиеттерге қатысты нысанаға алынған, мысалға келтірілген кісі аттары, толғау кейіпкерлері бір қарағанда екінші жоспарда, негізгі мәселенің фонында ғана жырланып өтетіндей болып көрінгенімен, шынтуайтында мұндай ерекшелік толғау жанрының уақыт пен кеңістік алдындағы мүмкіншілігін молайта түсіп, өлең өміріне адам кейпінің, бейнесінің дендей түсуіне жағдай жасап отыр. Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғаудың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды. Толғау өлең өміріне әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу – Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы. Әрине, бұл кейіпкерлер өмірде бар болған адамдар болғандықтан толғау өлеңнің субъективтілік сипатына қарағанда, объективтілік сипатының мол болып көрінуіне негіз қалайды. Демек, Базар жырау толғауларына лирикалық сазды әуен, сырлы мұңмен бірге эпикалық қарқын, қуат та тән. Екіншіден, толғау жанрының үздік үлгілері күйінде әдебиет тарихына үлкен үлес болып қосылған. Базар жырау толғаулары өз кезіндегі әдебиет өкілдері шығармашылықтарының дамуына игілікті әсер етті, бұл бағытта жетекшілік рөл атқарды. М.Байділдаевтың «Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын, әнші, жыраулар – Базар жыраудың мектебінен үлгі-өнеге алған түлектер», – деуі барынша әділетті айтылған пікір. (Бес ғасыр жырлайды, ІІ т. 276-бет, А-1984). Атақты Т.Ізтілеуовтің өзі Базар жырауды ұлы ұстазым деп өле-өлгенше жырлап кеткен ғой. Ең бастысы әдебиетіміздің талантты өкілдерінің шығармалары қазақтың кәсіби жазба әдебиетінің қалыптасып, дамуына толық алғышарт бола аларлықтай жағдайда болды. Жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, бірден кәсіби әдебиеттің даңғыл жолына түсіп, дамуға бет алған қазақ әдебиетінің құнарлы топырағы Базар жырау сияқты сирек таланттыларымыздың шығармашылығы болғанын түйіндер едік.

Кез келген көркем туынды өмір құбылыстарының күнгей жақтарымен бірге, көлеңкелі тұстарын да көрсете алуымен құнды. Базар жырау толғауларындағы негізгі тақырыптар: өткінші дүние, өзгермелі өмір, адам өмірінің қысқалығы, т.б. жырланғанда адамдық мінез-құлықтың жақсы жақтарының айтылуымен бірге, жағымсыз тұстары да сыналып отырады. Оның «Нарманға», «Лепес туралы», «Маутанға», «Қаражан болысқа» толғаулары – осы бағыттағы туындылар. «Қаражан болысқа» 220 жолдан тұратын көлемді туынды. Базар жыраудың осындай көлемі жағынан ұзақ толғауларының кейінгі ұрпаққа жетуінің бір сыры олардың сол кездің өзінде-ақ хатталып отырғанынан болу керек.

Базар жырау «Қаражан болысқа» толғауында:

«Баласы батыр Қабақ, молда Қисық,

Қолыңа қалам алып жазшы хатқа.

Себеппен азын-аулақ айтып толғау,

жаздым сөз жақсыларға сынатпаққа», –

дейді.

Ұзақ толғауды айтылған заматында хаттап үлгіруге қаншалықты мүмкіншіліктің болғанынан бейхабар біз қалай болғанда да түйдек-түйдегімен беріліп отыратын орамды ой, кестелі сөз, ойлы образдарды дүниеге келтірудің қиямет-қайым іс болатынын, бұған суреткердің сирек таланты, шығармашылық қарым-қабілеті, импровизациялық қуат-күші қажет екенін айтпай өте алмаймыз. Жазба әдебиеттің туындысымен бақ таластыра алатындай туынды «Қаражан болысқа» сияқты дүниелердің жарыққа шығуында тоқсан толғану, күрделі шығармашылық акт, процесс жүріп өтетінін ескерсек, Базар бабамыздың тума таланттылығына тағы да ден қоя түсеміз. «Қаражан болысқаның» тақырыбы – тойына арнайы шақырып, жырлатып астына арық ат мінгізген болысқа Базар жыраудың ренжігені, ал идеясы – сараңдықты сынау ғана. Міне, осы мәселені Базар жырау 220 жол көлемінде ұзақ толғаған. Толғаудың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі негізгі ойды, идеяны ашу үшін шебер қиюластырылған. Базар жырау бірден Қаражанның сараңдығын бетке баса жөнелмейді, оқырманын ойға шақырып, тыңдарманын тебіреніске түсіріп, адам болмысындағы мінез-құлықтар сырын ұзақ толғап кетеді. «Біреу – мәрт, біреу – жомарт, біреу – нәмәрт» дегендей сыңайлы адамдар арасындағы алыс-беріс қарым-қатынастардың қазақы тұрмыстағы орнын, маңызын жырлай отырып, оларды жіктеп-жіліктеп тастап отырады. Тыңдарманын еріксіз баурайтын толғаудың әр жолы – ойлы, тұжырымды, әр сөзі – алтын, бейнелі, үлгілі.

Ойды ашып отыруда:

«Арғымақ шаба алмайды тер қатқан соң,

арық ат қисаңдайды ер батқан соң»,–

дегендей поэтикалық контраст құрайтын жолдарды жиі қайталап отыру – Базар жырау стиліне тән ерекше әдіс. Базар жырау толғауларындағы ой мен сезімнің белгілі оқиға сілемімен, сюжеттік желімен беріліп отыратынына «Қаражан болысқадағы»:

«Сыпалар тыңдап сөзді мен айтқан соң,

еміреніп есіткендер судай тынды,

Көңіліне жағып Кеңес ұнатқан соң,

айтқызып бір түн тегіс білгенімді

Ұлықсат еттің болыс таң атқан соң»,–

делінетін жолдар дәлел. Осындай баяндаулар арқылы негізгі идеяны бірнеше қырынан келіп қайталап отыру тақырып ашудағы кәсіби шеберліктің жарқын мысалы болатынын жоққа шығара алмаймыз. Болыстың сараңдығын айтпас бұрын Қаражанның руы Кетеден шыққан игі жақсыларды, атақты адамдарды: Бекмырза, Пірен, Тұңғышбай, Дәуімшар, Қитар, Жұбанбай, Нысанбай, Бекет, Аман, Барақ батыр, Садыр молда, Мыңжасар, Ешнияз, Мырзабектерді жақсы жақтарынан атап өтеді. Домбыраның құлақ күйін келтіргендей осыларды термелеп атап алғаннан кейін:

«Қаражан асып тудың Жиенбайдан,

Мен сені кем көрмеуші ем Атымтайдан,

Дүниенің қызығына түсемін деп,

талайлар құр қалып жүр абыройдан,

Өзі арық, өзі жауыр, алжыған көк,

қолыңа қапелімде түсті қайдан»,–

деп бір түйреп кетеді. Осындай мазмұндағы тирадалар ұзақ тол-ғаудың өн-бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Мақтамен бауыздағандай сараңдықтың сырын сызылта отырып түйрей беру сөз түсінетін адамға оңайға соқпасы анық. Базар жырау Қаражанды сөз өнерінің құдірет-күшімен осылайша тірілей өлтіргенге ұқсайды. Жыраудың «Әр кемелге – бір зауал» атты толғауын кішігірім философиялық трактаттан кем емес деп айта алар едік. Бірақ «Әр кемелге – бір зауал» – философиялық трактат емес, толғау өлең. Дүние, оның өтпелілігі – бұлар әрі таза ойға негізделген философиялық тұжырым болғанымен, өлең контексінде сезіммен суарылып беріліп отыр. Өйткені бұл дүние батырдан, биден, арудан, тұлпар ат, сұңқар құс, бәрінен қалған. Дүниеде мәңгілік еш нәрсе жоқ. Өкінішті, өкінішті болғандықтан жүрек толқытар сезім.

«Өлшеулі демі біткенде,

Ажалдың оғы жеткенде,

Бадана көзді берік сауыт

Тең болар оның наласы

Жалаңқат киген шекпенге», –

дейді Базар жырау.

Бұл тұста жырау бадана көзді берік сауыт пен жалаңқат киген шекпенді қатар бере отырып, бәрібір ажалдың келетініне, адам баласының өлімге қалайда мойынсұнатынын толғап отыр. Өкінішті-ақ, сондықтан жүрекке салмақ түсіретін ауыр сезім. Жалпы ой толғауларының өзін таза ойдан, ақылдан ғана тұрады десек, қателесер едік. Терең ойды сезімге орап, бөлеп айту – толғау өлеңге де тән сипат.

Дүние қалай қысқа, шолақ болса, оның қызығы да сондай, қусаң жеткізбейтін қашаған, баянсыз. Базар жырау толғауларында осы мотив біраз қаузалып, жырланып отырады.

«Опасы жоқ бұл дүние,

Түспеді қолға, қуғанмен,

Неше алуан түрленіп»,–

деп толғанады ұзақ.

«Дүниенің опасызын көрдім көзбен» делінетін толғауында да сондай.

Жырау:

«Дүние зат екенсің іштен туған,

Жігіттің жоқ ақылы сені қуған»,–

деп барып бір-ақ тоқтайды. Базар жырау енді бірде өлім жайын толғай түседі.

«Бай да өткен, патша да өткен, батыр да өткен,

Түбінде бұл пенденің өлім жеткен.

Қаншама өлмеймін деп шалқаясың

Өлмесе ата-бабаң қайда кеткен»,–

деген сынды шумақтар Базар жырауша айтқанда «тумақ бар да өлмек бар» дегенге дәлел бола алады. Ешқандай бас ауыртпайтын анық ақиқат, толғау тілінде жеткізілген түздік философияның табиғи әрі реалды бір тіні осындай.

Базар жырау өлімнің өзінен ғибрат алуды жырлайды.

«Алыңдар ойлап ғибрат,

Шың басындағы өліктен,

Бір жерге бәрі жиналып,

Жатыр деп олар неліктен?»

Өлікті айтып жырлау бар да, ал өліктің өзінен ғибрат алуды насихаттай жырлау – бұл толғаудағы ой тереңдігі ғана емес, өмірдің бағасын ұғындыра түсу үшін айтқан, Базар жыраудың өзіндік тұжырымы, ой қосындысы.

Ой толғауларындағы тағы бір қыр өмір құбылыстарына, адам мен қоғам арақатынасына, тіршілік иесі – адамның өмірдегі орны мен әлеуметтік жағдайына салыстырмалы түрде тоқталып, анықтама беріліп отырумен байланысты көрінеді.

«Талабы ердің оң болса,

Ердің атын шығарар.

Алған жары ақылды,

Өзіменен тең болса»,–

делініп, жақсы жар жайында, немесе:

 «Жігіттің бәсін кемсітер,

 Жаман туса баласы,

 Әйелі шайпау өр болса», –

делініп, жаман әйел туралы жырланып отырады.

Базар жыраудың көзін анық жеткізіп, көңілін толық сендіретіні, өмір біреу, ол қайтып келмейді. Сондықтан Базар жырау қартайған шағында өтіп кеткен өміріне өкінеді. Жастық шақтың қадірін білуді, уақытты босқа өткізбеуді жырға қосады.

Бір ғажабы, Базар жырау толғауларында о дүние, бұл дүние деп жырлау, діни сарындар мен ұғымдарға бір жақты бой ұру атымен жоқ.

Жыраудың «Тездетіп жігіт күнім өтіп кеттің», «Ойналық та күлелік», «Тырп етуге мажал жоқ» толғауларының мазмұнында осындай өкініш-мұң жырланған.

Өмірдегі не нәрсе болсын бәрінің екі жағы бар, ақиқатқа жету үшін оларды салыстырып жырлау – толғаудың жанрлық сипатын танытатын басты белгілерінің бірі. Мұндай сарын Базар жырауда жетіп артылады. «Атасы жақсы қандай-ды» – деп аталатын толғауында атасы, анасы, жары, інісі, баласы жақсылардың қандай болатынын бірқыдыру айтып келсе, «Не артық?» деп аталатын толғауында екі түрлі зат пен құбылысты салыстыра отырып, оның мәнін аша түседі. Сұлу болғанмен ақылы болмаса, әйелдің әйелден несі артық, сондай-ақ Базар жырауша айтқанда:

«Қараға жауап бергеннен,

Аққа берген серт артық»

Өмір құбылыстарындағы ақиқатқа салыстыру арқылы көз жеткізу, сөйте отырып қазақы дүниетаным негізінде әр нәрсенің шынайы, табиғи қалпын жырға қосу саф алтындай таза мазмұнды Базар жырау толғауларына тән айрықша сипат екенін айтпасақ болмайды.

Базар жыраудың ой толғауларындағы бір қайырым – тағдыр, жазмыш. Жалпы қазақы дүниетанымның ой оралар қазығы – «пешенеңе не жазылса, соны көресің» деген ұғым. Маңдайға жазылған тағдырға мойынсұну ешбір діннің әсер-ықпалынан емес, тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру дағдысы, қоршаған орта-табиғатпен қарым-қатынасы тудырған қазақтың өзіндік танымы, тұғырлы көзқарасы, пәлсапасы «Өсиет» толғауында осылайша болатын нәрсенің бәрібір болатыны, қол жетпейтін нәрсеге босқа ұрынудың далбасалық екені, бұйырған нәрсенің қашпайтыны, т.б. жырланып өтеді.

«Жетпесе тағдыр өлмейді,

Жан-жағынан қамалып,

Жабыла көздеп атсаң да.

Өлшеулі демің біткен күн

Өлім шіркін қоймайды

Тығылып сандық ішінде,

Тас бүркеніп жатсаң да».

Мұндай шумақтар Базар жыраудың ғана емес, барша қазақтың дүниетанымын, өмірдің өзіндей ешқандай боямасыз табиғи көзқарастардан түзілген шынайы, реалды танымды дәлелдесе керек.

Өмірлік дүниетанымын өз тағдырымен қосөрім толғап отыру – Базар жыраудың, әсіресе, өмірінің соңғы кездерінде шығарған жырларына тән ерекшелік. Әр нәрсенің ақиқатын анық тани алған ойшыл жырау, бәрібір, өмірдің өтпелілігіне, дүниенің қысқалығына өкінеді. Өз кезіндегі заманауи ағымдар мен қоғамдық құбылыстарға көңілі толмайтынын жырлайды. Оның «Айдан ару нәрсе жоқ» делінетін толғауында «Әділетті көш түгіл, орнында оның орда жоқ», – деп өткенге өкіну сарыны байқалады. Жаңа заманның қоғамға ендірген жаңалықтарына өзінің базарлы шағы – жас кезі, есейген уақытымен салыстыра отырып баға бергенде, мұндайда ренішпен, өкінішпен жыр тудырса, бұл – Базар жыраудың еркіндегі шаруа.

Мәселен, «Бұрынғы дәуір болмай жүр» делінетін толғауда:

«Шалқыған айдын шалқардай,

Көл тартылды көзінен.

Сандуғаштай сайраған,

Тіл тартылды сөзінен» –

делінген шумақтар:

«Бұрынғы дәуір болмай жүр,

Базарыңның өзінен», –

делінген жолдармен аяқталады. Өмірдің өткеніне өкіну оған өзінің көңіл күйін, ішкі сезім-мұңын қосып жырлау – бұл нағыз өнерлік сипат, жан жағдайының жырға айналуы, толғанысқа толы көңіл күйдің толғау боп тууы.

Базар жырау да – пенде. Солай бола тұра, қазақы тұрмыс пен дүниетанымнан өзіндік ой қорытып, көзқарас қалыптастырған ақылды адам. Жыраулық өнерге келгенде Базар бабамыз өзінің өмірлік көзқарасы мен ұстанымын, азаматтық позициясын, қоғамдық құбылыстарға қарым-қатынасын, берген бағасы, ренішін, т.б. жарыққа шығаруға жанр мүмкіншілігін еркін пайдаланған. Бұл бағытта өзіндік айқын қолтаңбасымен әдебиет тарихын ілгерілету мен дамытуға сүбелі үлес қосқан саңлақ суреткерлігімен танылады. Демек, Гегель мен Кантты не басқаларды оқымай-ақ философ болуға болатынын толғау өлеңдеріміздің мазмұны дәлелдесе, осындай жырлар тудырған дүлдүлдеріміздің басында Базар жырау орнықты тұр деп батыл айта аламыз. Олай болса Базар жырау толғаулары, жыр-дастандары халқымыздың дүниетанымын, табиғат пен қоршаған ортаға қалыптасқан көзқарасын, өмір мен қоғамдық құбылыстардың сан алуан құбылыстарына жауап бере алатындай ойлы, күйлі, құнды дүниелер болып табылады.

Бағдат Кәрібозұлы,


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы,
профессор.

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<