Ең алғаш күрішпен сурет салған кім?

2132

1

Қызылордалық суретшілер күрішпен сурет салады. Мұндай сурет үшін кәдімгі ДВП немесе ДСП материалына желім жағып, бетіне күрішті сеуіп, жабыстырады. Оны кептірген соң, тағы да желімді сұйытып жағып, күрішті ісіндіріп алады. Сосын бетін оқтаумен күрішті езіп алмай, бір тегістеп, екі күн бойы бабымен кептіреді. Күріштің бетіне қаламмен суреттің нобайын сызып алу мүмкін емес. Сондықтан әбден қатқаннан кейін бірден акварельмен сурет салынады.

Өңірдің қылқалам шеберлері арасында бұл өнер жақсы дамығаны баршаға мәлім.
Дегенмен, бұл үрдіске алғаш болып жол ашқан суретші Василий Кузенков екенін жұрт біле бермейді.

Кузенков Василий Романович – өңірімізде Суретшілер одағының филиалы құрылып, өнер ортасы енді қалыптаса бастаған тұста еңбек еткен өнер иесі. 1920 жылы туған. Суретші алғашында тарыға, жүгеріге сурет салу сияқты түрлі ізденістер жасап, кейін алғаш болып күрішпен сурет салған. Бұл оқиғаның өзі қызық.

Күрішпен салынған алғашқы портрет те атақты күрішші есімімен байланысты. 1951 жылы осыдан екі жыл бұрын ғана Еңбек ері атанған Ыбырай Жақаевтың 60 жасы атап өтіледі. Сол кезде суретші мерейтойға арнап дала академигінің тұлғасын күрішпен сомдаған екен.


Портреттің қазіргі уақытта қайда сақталғанын анықтау мүмкін болмады. Бірақ 1972 жылдан бас­тап Қызылорда көр­кемсурет шеберханасында қыз­мет атқарып келе жатқан елі­міз­ге белгілі суретші Шәкірбек Сәменовтің жеке мұрағатында сол кездегі каталогтардың бірін­де көшірмесі сақталыпты. Шәкір­бек ағамыз суретшінің өмір­де мінезі өте жайдары адам бол­ғанын айтады.


– Ол кісімен он жылға жуық бірге жұмыс жасадым. Әзілқой кісі еді. Қалжың айтып, күлдіріп жүретін. Ешқашан қабақ шытып, көңілі түсіп отырғанын көрмеппіз. Ол уақытта Айтбай мешітіне қарама-қарсы цех болатын. Барлығымыз сонда жұмыс жасадық. Сол кезде май­лы бояумен салған жұмыс­тарын көргенмін. Өзі 1981 жылы 60 жасында өмірден озды. Ал Ы.Жақаевтың портреті 1967 жылы осы Қызылордада револю­ция­ның 50 жылдығына арналған көрмеге қойылған, – дейді Ш.Сәменов.
Бұрынырақ Көркемсурет галереясына алғаш бас сұқ­қаны­мызда В.Кузенковтың «Қазақ әйелдерінің ауыр тұр­мысы» деп аталатын картинасы назарымызды аударған еді.

Бұл туынды музей қорына 1980 жылы қосылған екен. Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылы ашылды. Алғашқы жылдары Перовск Қазан-Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта тұрақтаған музей 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен қазіргі екі қабатты нысанға көшіріледі. Сурет сол кезде «Қазреставрациядан» өзге картиналармен бірге келіпті. Бұдан бөлек галерея қорында суретшінің «Ғани Мұратбаев», «Жамбыл Жабаев пен Тұр­мағам­бет Ізтілеуов» сияқты жұмыстары бар. Сонымен қатар, автордың «Омар Шораяқұлы» портреті өнер қорында сақтаулы.


Суретші Қайырбай Зәкіров В.Кузенков жұмыстарының сақ­талып қалғандары 50-60 жыл­дар­дағы кеңестік идео­логияға бай­ланысты тапсырыспен салын­ғанын айтады.


– Ол кездің жұмыстарының көбі – өңір табиғаты мен еңбек адамдарының портреттері. Көр­мелерде тақырыптық картиналар мен этюдтер онша көп бола бермейтін. Қызылорда облысында Сенчихин, Ким Хен Нюн, Ли Мен Су, Д.Ф.Ким, М.К.Нефедов, А.С.Сизов, В.П.Громов сияқты суретшілер болды. Бұлар өткен ғасырдың басында өмірге келгендер. Күріштен портрет салуды бастаған В.Кузенков солардың қатарында. Бір қызығы, қытайлар күріштен қағаз жасайды екен. Мұндай сурет салу Жапонияда дамыған дегенді де естіп жатамыз. Күріштің артықшылығы – түсінің ақтығы. Бояу бетінде қалмай, жақсы сіңеді. Түрлі-түсті түйіршік тастарға айналады. Сурет сонысымен ерекше шығады, – дейді Қайырбай Зәкіров.


Суретшінің айтуынша, суретті кез келген күріштің сұрыбымен сала алмайсың. Бұл өнердің нағыз «шикізаты» – «Ақмаржан» сұрыбы. Ол суды жақсы сіңіреді және езіліп кетпейді. Ал салынған сурет шыбын-шіркей түсіп, құрт-құмырсқаның жеміне айналмас үшін арнайы спиртпен сүртіледі немесе әйнекпен қапталады.


Қазір күріш те, күрішпен сурет салу да – Қызылорда облы­сы­ның бренді. Сондықтан, сыйлы қонақтарды қуанту үшін күріш­пен салынған суреттерге тапсырыс берушілер көп. Ай­мақта ақмаржанға жан бітірген сурет­шілер де жетерлік.

Бірақ осы бір жанр туралы айтқан кезде оның да өз тарихы барын ұмытпасақ екен дейміз. Себебі, бұл – Сыр өңірі өнер атаулының ішіндегі ең бейнелі руханият қазынасы бастауларының бірі екенінің тағы бір дәлелі.


Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<