«Халық – менің шын атым» немесе Жамбыл музейіне барғанда

1048

1

Қазақтың кең-байтақ даласының әр қиырының өз ерекшелігі бар. Бірі тарихымен, бірі табиғатымен таңғалдырады. Солардың арасында ақындар жырға қосқан жер жәннаты – Жетісудың орны бөлек.

Өзен-көлдері, тау-тасы, жазық даласы, жанға жайлы ауасы – бәрі-бәрі бір көргеннен көңіл түкпіріне орнай қалады. Ұлылардың ізі қалған мекеннің тарихы мен тұлғаларына деген қызығушылығың арта түседі. Осыдан біршама уақыт бұрын Алматы облысы әкімдігі, ішкі саясат басқармасы мен «Jetisu Media» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен I республикалық Рress summit кезінде биыл туғанына 175 жыл толатын Жамбыл ба­ба­ның музейіне жол түс­кен еді.


Ақын атымен аталатын аудандағы оның ту­ған ауылына келіп, әде­би-мемориалдық ­музей­ге ар­найы тоқтадық. Му­зей аумағы атшаптырым­дай бақ­қа орналасыпты. Мең­геру­шісі Салтанат Тезек­бай­қызы Жамбылова – ақынның немересі. Алдымен бақ тө­ріндегі жыр алыбы жерленген орынға барып, дұға ба­ғыштадық. Кесене 1946 жылы салынған, эскизін Әбілхан Қастеев сызған. Кейін 125 жылдығында іші-сыртын ақ, қара мәрмәр таспен қаптаған, одан соң да бірнеше рет күрделі жөнделген. 150 жыл­дығы қарсаңында күмбезі биік­­тетіліп, алдына ақынның киелі қызыл жолбарысы мен дом­быра мүсіні қойылған.


Ақынның оң жағында – атақты композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің мәң­гілік мекені. Қабір басына оркестрге дирижерлік жасап тұрған ескерткіші орнатылыпты. Мәрмәр тасқа «Өскен жерге сыймай кетіп барады, өскен жерін қимай кетіп барады» деп, әйгілі әннің сөзі қашап жазылыпты. «Мені Кеңсайға кім іздеп барады дейсіз? Мында Жәкеме он адам келсе, соның бесеуі келіп басыма құран бағыштаса, маған сол да жетеді» депті ұлы композитор. Әулие екен, жарықтық! Шынымен жыр алыбына зиярат жасауға келгендер Нұрғиса Тілендиевке де дұға оқымай кетпейді. Біз де тізе бүгіп, Құранға қол жайдық.


Жамбыл ақын өзі:


– Қақаған қар аралас
соғып боран,
Ел үрей, көк найзалы
жау торыған.
Байғара, Жамбыл,
Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты
атым содан, –
деп айтқандай, ақын Шу өзенінің бойында, жау­гер­шілік заманда дүниеге келіпті. Балалық шағы сонда өткен, кейін ата-бабасының мекеніне қайтып келген. Жам­былдың жыр-дастандары, ай­тыстары, өлеңдері – қазақ әдебиетінің алтын қорын то­лық­тырған туындылар.

1936 жылы Жамбыл ақын Мәс­кеудегі қазақ өнері мен мә­дениетінің тұңғыш онкүн­ді­гіне барады. Осы сапардан бастап өлеңдерін жазып алуға, аударуға әдеби хатшылар, аудармашылар тағайындалады.
Музей орналасқан 12 бөл­мелі үйді 1938 жылы Жамбыл 92 жасқа толғанда Қазақстан Үкіметі салып берген, Ал­ма­тыға қатынап тұру үшін көлік мінгізген.

– Үйдің 6 бөлмесінің есі­гіне жіп керіліп тұрған себебін айтайын. Бұл бөл­мелер атамның тірі кезін­дегі қалпын әлі күнге дейін сақтап тұр. Жиһаздары, ыдыс-аяқтары сол күйінде. Бұл үйде атам кіші баласы Тезек­баймен, яғни менің әкем­мен бірге тұрған, – деді Салтанат Жамбылова.

Расында мұнда әл-әзірде ғана мәжіліс болған сияқты. Ескі шифонердегі ішік, бөрік, диванға сүйеулі тұрған таяқ. – Таяқты 1937 жылы Грузияға Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына барғанда әдеби хатшысы Тайыр Жароков сый­лапты, – деді таныстырушы.

– Соғыс кезінде Мәс­кеу­дің Үлкен театры Ал­матыға қоныс аударғаны белгілі. Сол кезде балерина Г.Уланова, режиссер С.Эйзенштейн сәлем бере келіп, сыйлаған самаурын да осында. Үкімет бекіткен әде­би хатшы, дәрігер, аспаз да осында бірге тұрған.
Бұл үй 1947 жылы музейге айналған. 1996 жылы оған жанамалай бөлмелер қосылып, мәжіліс залы са­­­лынды. Онда ұстазы Сүйін­­­­байға, 1916 жылғы ұлт-­азаттық көтерілісіне, ақын­­­­ның шығармашылығына ар­­налған бұрыштар бар. Музейде ақынға көзі тірісінде сыйға тартылған, қайтыс болғаннан кейін салынған картиналар мол. Тарихи фотосуреттердің де қоры әжептәуір. Бү­гінге аңыз боп жеткен Жам­былдың қызыл жолбарысы да қылқалам шеберлерінің қия­лынан қа­ғазға түсіпті.


Ақын жырының киесі – қызыл жолбарыс атпен жүрсе, ізіне еріп, көлікке мінсе, төбесінен бұлт болып ілеседі екен. Жыр алыбы көз жұмарының алдында Алатау жақты нұсқап, босағасында тұрған жолбарысының «кү­шәйт-күшәйттап» шақыр­ға­­нына қарамай, тау асып кет­кенін айтыпты.


– Біз Жамбылдың ұрпақ­тары атамыздың әдеби хатшылары – Тайыр Жароков, Қал­­қаман Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Қасым ­Тоғы­за­қов, Қапан Сатыбал­динге басы­мызды иіп алғыс айтамыз. Мына бұрыш­тың осы кісі­лердің шығар­машы­лы­­ғына ар­налғаны да содан. Егер әде­би хатшылары бол­ма­ғанда, ақын мұрасы осы күнге жетер ме еді? – деді Салтанат ­Жамбылова.


Жүз жасаған ақынның мәңгілік мекенінен, тұрған үйінен іштей ізгі тілек тілеп аттандық.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<