Ұлт зиялысы кім?

2652

0

Ұлт   зиялысы   кім? Энциклопедиялық деңгейдегі білімдар, жалынды публицист, заңгер-ғалым, сыртқы саясаттың майталман маманы, терең тарихшы Мұстафа Шоқай өз заманындағы сан тақырыпқа қалам тартқан болатын. Алайда, оның басты нысана еткені сол кездегі қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және түрлі ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі – Түркістан аймағындағы кеңес шындығы еді. Басқа еңбектерін былай қойғанда тек «Түркістан» атауымен тікелей байланысты 200-ге тарта туындыда туған елдің саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелері жеріне жеткізіле жан-жақты талданды. Сондықтан Мұстафа Шоқайды кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі деушілерді толық түсінуге болады. 

Түркістанның бүгіні мен ертеңін, болашағы мен келешегін ойлаған Мұстафа Шоқай қоғам дамуында айрықша рөл атқа­ратын ұлттың зиялы қауымы ту­ралы тақырыпты ретті жерінде әңгіме етумен, өзі замандас бол­ған талай зиялылар туралы қалам тартумен, пікір айтумен шектелмей, арнайы «Ұлттық зиялы» және «Ұлттық зиялы жө­нінде» деген арнайы екі ма­қала жазды. Бұлар, көлемі жағы­нан бас-аяғы 8 беттей болға­нымен, әсіресе алғашқының кө­терер жүгі салмақты, айтар ойы те­рең, берер тағылымы мол.

«Ұлттық зиялы» атты мақа­ласын бірден «Ұлт зиялысы деп кімдерді айтамыз?» деген сұ­рақтан бастап, оған былайша жауап береді: «Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәні­сінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны өз ұлтының зиялысы қатарына қосуға болады деп ойласақ, қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегінде жи­налған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады». Бұл ойларды қанағат етпей, әрі қарай дамыта, тереңдете, айқындай түсіп, автор «ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп нақты тұжырым жасайды.

Қай қоғам болмасын оның тағдыры ең алдымен зиялылар­дың назарында болатыны белгілі. Олардың «міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр» екенін, бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресіп, өз басынан күн­делікті өткізіп жүрген ұлы тұлға жақсы білді. Сондықтан ол зиялылардың міндетін бұрын­ғыдан бетер кеңейте, байыта тү­седі: «Халықты ұлт деңгейі­не көтеру, яғни жері, суы, қазы­насы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олар­дың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жет­кізуде ұлы тарихи міндеттің ма­ңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі».

Түркістанның азаттығы үшін күресте оның ең бірінші ішкі бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқай «Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған халықтың саяси, әлеуметтік бірлігі болған емес» деп атап көрсетумен бірге ха­лық бұқарасынан қолдау көр­ме­ген зиялы қауымның да еш­теңе істей алмайтынын ашық айт­қан болатын. Сол себепті ол халықты ұлт деңгейіне көтеріп, оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне өзін ие етіп, тәуелсіздік сияқты не­гізгі мақсатқа жету үшін ұлттың зиялы қауымы мен халық бұқа­расы арасында бір ортақ сана болуы керектігіне де назар ау­дарды. Зиялылардың міндеті осындай сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақ­сатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау қажет деп атап көрсетті.

Өз ойларын әрі қарай өрбіте, кемелдендіре отырып, Мұс­тафа Шоқай тағы да «Зия­лылар қауымы өздерінің тарихи міндетінің мүддесінен шығуы үшін не істеуі керек?» деп өзі­не өзі сұрақ қояды. Жауабын да өзі беріп, зиялылардың өзде­ріне жүктелген міндеттерді білу мен атқаруы жеткіліксіз еке­нін, олар­дың өз халқына қыз­мет етудің, онымен ортақ тіл та­быса білудің неғұрлым тиімді жолдарын табуы тиіс деп жазды. Әрине, бұл зиялыдан адалдықты, әділеттілікті, аса зор жауап­кер­шілік пен қажыр-қайратты қажет етсе, сондай-ақ бұқара халықта да зиялыны түсіне алатын тиісті сана болуы керек еді.

Бүгін ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, керек болса, ғұ­мы­рын сарп етіп, қол жеткізген тәуелсіздікті тұғырлы етуден асқан ұлы міндет жоқ. Алайда, осыны түгел түсініп, бар күш-жігерімізді, рухани қуатымызды осы іске бағыттай алып отырмыз ба? Бірыңғай жауап беру қиын. Мысалы, қазір қоғамымызды же­гідей жеп, кең етек алып отырған сыбайлас жемқорлықпен ұсталып жатқандардың көбісі – сауат­сыздар, оқымағандар емес, алды бірнеше жоғары оқу орындарын бітіргендер. Алайда жеке мүддені халық, мемлекет мүддесінен жоғары қою, нарықтық экономи­каның жекеменшік иесі ететін құдіретті күшті тек өз басына қатысты түсіну талайды қыл­мысқа апарып, түрмеге тығып отыр. Бұлар әсте білімсіз бейша­ралар емес, адалдықты аяққа басқан, дүние көрсе бас салатын, құлқынның құлы болған, алдын­дағыны асап қалудың сан айла­сын игерген, белгілі бір «мектеп­тен» өткен, өздерінше өзгелерді бейшара санайтын «білімпаздар».

Мұстафа Шоқай ұлттық кадр­лардың ұлттық тәрбие алуы­на ерекше көңіл бөлген болатын. Сондықтан ол Батыс мектеп­те­рінде тәрбиеленген зиялылар өз халқына ұлттық тәрбие беріп жарытпайды және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайтынын ашып айтты. Сондай-ақ Батыс тәр­биесі көптеген туыстары­мыз­ды халқымыздың жан-дүние­сіне сіңген, ұлттық тарихы­мыз­дың өн бойында жатқан «шы­ғыс зердесінен» айыраты­нын, сондықтан ондай зиялылар рухани жақтан өз халқына өгей болып қалатынын да ес­кертті. Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жи­наған білімдерін өз халқының өмірімен (Шығыс зердесімен) бірлестіре алмады дегендегі ой­дың мәні, Мұстафа Шоқай тілімен айтқанда, олардың «шы­ғыс­тық рухтың», «ұлттық рух­тың» қайнар бұлағынан сусындай алмауында жатыр.

Мақалада өз тарихымыздың орыс тепкісінде өткен дәуірінен ащы бір мысал келтірілген. Аса дарынды, мол білімді көсем бо­ларлық деңгейге көтерілген Шо­қан Уәлихановтың берісі орыс, әрісі Батыс халқының рухы­мен өз халқын бақытты ету мүм­кіндігін іздегені, бірақ таба ал­май, өз басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиға­лардан кейін барып, өз халқына өгей болып бара жатқанын се­зінгені, барлығынан бас тартып, ауылға кеткені жазылған.

«Батыс білімін» «шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесін үлгі ете отырып, Мұстафа Шоқай оны біз үшін аса құнды деп санайды. Бұдан түйетін қорытынды – бүгін сыртта оқудың мүмкіндіктері мол болып отырғанда жастарымызды соған дайындау, олардың ұлттық рухтан молырақ сусын­дауына ерекше көңіл бөлу керек. Рухты сырттағы оқумен астас­тыра, қиыстыра алатындай қа­білетті болғандары, оны хал­қы­мыздың игілігіне жарату жолдарын да білгендері маңызды. Ал ұлт­тық рухтың негізі – ұлттық тіл. Қазіргі шетелде бі­лім алған жастарымыздың, жас маман­дарымыздың, тіпті билік басында жүргендердің өз ана тілінде еркін сөйлей алмай, сөйлесуге талпынбайтыны көңілді алаңда­тады. Өйткені олар ондай лауа­зымды қызметке бару үшін қа­зақ тілін білу міндетті емес екенін ертеден жақсы білді. Сон­дықтан бүгін өзінің ана тілін жет­кілікті білмей-ақ басшылықта жүргендер жүздеп саналады.

Ал «Ұлттық зиялы жөнінде» деген келесі мақаласында Мұс­тафа Шоқай соңғы кездері Түр­кістандағы кеңес баспасө­зінде жергілікті ұлтшылдардың өлкені орыс пролетариатының теп­кісі­нен құтқару мақсатында астыр­тын және ашық түрде жүргізіп отырған іс-қимылдарын көп жаза бастағанына назар аударады. Сондай-ақ Ташкенттегі Хамза атындағы театрда көрсетіліп жат­қан «Түркістан ұлттық комитеті» деп аталатын астыртын ұйым­ның қызметін арқау еткен, көрер­мендер пікірі бойынша, Түр­кістан ұлтшылдарының іс-қимылын большевиктік тұр­ғы­дан көрсеткен «Тарихқа тіл бітті» атты пьесаға қатысты екі мәселеге арнайы тоқтайды.

Пьесада Түркістандағы астыр­тын комитет мүшелерінің орыс пролетариатының үстемдігінен ұлттық буржуазияны құтқару мақсатында дегендегі буржуазия туралы кеңестік түсінікке талдау жасалады және олардың «Англия мен Жапония үкіметтеріне жо­ба­лар тапсырғаны» туралы ай­тылады. Автордың талдауын­ша, бұл өңірде «ұлттық буржуа­зияға» жатпайтын адам қалмаған.

Ал пьесадағы екінші Кеңес үкіметінің уайымын үдетіп отыр­­ған мәселе Түркия мен Ал­манияда оқып жатқан түркіс­тандық жастар жайы еді. Қойылымда авторлар Түркістан ұлтшыл­дарын Түркия мен Алманияға жас­тарды оқуға жіберіп, Түркіс­тан­ның ұлттық мүддесін жан пида етіп қорғайтын кадрлар да­йындауды мақсат етеді деп айып­тайды. Мұстафа Шоқай Түркістан зиялылары жастардың орыс оқу орындарында оқуына ешқашан қарсы болмағанын айта отырып, атамекеніміздің қо­ғамдық саяси өмірінде елеулі рөл атқарған адамдардың көбі Ресейде оқығандар деп бұған нақты мысалдар келтіреді. Мақа­ла соңында автор мынандай аса маңызды қорытынды жасайды. Ол – «адаспау үшін, адаса қал­ғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білімнің керектігін» атап көрсетеді.

Мұстафа Шоқайдың әңгіме өзегі болған екі мақаласынан қандай түйін түюге болады. Оны кезінде биыл туғанына 175 жыл толатын ұлы Абай айтып кеткен болатын. Ұлы ұстаз «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» дей отырып, «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» дегенді арнайы қосқан еді. Алайда осы кезге дейін «залалынан қашық болу» ұғымының мағынасына те­реңдеп бара алмай жүргеніміз өкінішті-ақ. Біріншіден, ұлттық тілімізге деген бетбұрыстың толыққанды болмай отырғаны. Екіншіден, орыс тәрбиесі ұлттық рухымызды тұншықтырып отыр. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында  өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек, артық болмас.

Шынында да, ұлттық рух – тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары сезіне түсуге көмектесетін құдіретті күш. Ал ұлттық рух шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатыны аян. Халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалы­сына тән деумен шектелмей, Мұстафа Шоқай Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған ұлтшылдық идеясын «халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп түсіндірген болатын.

Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі, сан мінезді саяси қайраткер­лермен жолығып, олардың кей­біреулерімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұл­ғалар туралы айтқан ойлары да ұлт зиялыларымен сабақтас. Өзі­нің қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған «1936 жыл» деген мақаласында: «Жалпы ұлт­тың мүддесін жеке қожалық­тар мен жеке топтардың мүдде­сінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қаты­насын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үй­лесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады» деген болатын. Өйткені кешегі кеңестік кезеңде барлығын Мәскеу шешті. Енді өзіміз жол тауып, өзіміз шешуіміз қажет-ақ.

Әрбір қоғамның мақтанышы саналатын оқыған, білімді, сауат­ты, ұлттық рухы жоғары зиялы қауым ондаған, тіпті жүздеген жылдардың ішінде қалыптасады. Сондықтан тәуелсіздік жылдары шынайы зиялы қауымның қа­лыптасуы күрделі жағдайда өту­де. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Кеңес заманында ұл­тымыздың бар зиялысы, сүт­тің қаймағы қалқып алын­ды, қуғын-сүргінге түсті, айдал­ды, атылды. Содан қо­ға­мы­мыз­дағы зиялылар дәстүрі үзілді. Екін­шіден, өткен тәуел­сіздік жыл­дары қоғамдағы де­мокра­тиялық үрдістердің әсері де аз болмады. Үшіншіден, зиялы кісілердің ой-тұжырымдарымен санасатын қо­ғамдық сана да қалыптаса ал­мауда. Төртіншіден, осындай себептерден зиялы кісілеріміздің ұлттық рухы жетілмей отыр­ған жай бар. Сондықтан қоғамда кез­десіп жатқан қиыншылық­тар­дан шығар жолды сілтеп, билікке көмектесудің орнына, оның ал­дына түсіп алып, өзі қайда бара жатқанын түсінбей, жүрегін алып жүгірушілік бүгін аз емес.

«Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз» деп Мұстафа Шоқайдың өзі айт­қандай, ұлы күрескердің сонау лицейдегі оқушы және Петер­бордағы студенттік кездері, одан кейінгі саналы да сан салалы, қиын да күрделі күрескерлік жолы, кейін жат жерде де қайғы мен қасіретті аз тартпаған, алайда бір сәт толастамаған арпалысқа толы жалынды өмірі, ұлтына қызмет етуді, ұлттық рух пен ұлт­шылдықтың шынайы көрінісі болатын.

Сөзімізді Мұстафа Шоқай­дың «Зиялы қауымның өкілдері қоғамның кішігірім әлеумет­тік тобын құрайды да, өз ұлты­ның терең парасатын, шығар­ма­­шылық қабілетін жария ету­­шісі, жақтаушысы ғана емес, соны­­мен бірге оның адамгер­шілік, мәдени, рухани үлгісі (эта­лон) болып саналады» деген ойымен аяқтай отырып, ұлттық рухсыз ұлт зиялысы толық­қанды бола алмайды, шынайы мағы­насындағы ұлтшылдықсыз зиялы қауым да әсте қалыптаспайды дегіміз келеді.

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдар докторы, 

профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<