Құм астындағы құпия

1494

0

Құм астындағы құпия Қышқаладағы (Баршынкент) да­лалық зерттеу жұмыстары 

Өткен жылы Сырдария ауда­нын­дағы Қышқала қалашығында археоло­гиялық зерт­теу жұмыстарын архео­ло­гиялық экспедиция жүргізді. Экспе­ди­цияның жасақталуы облыстың та­рихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік ке­ңес отырысында ма­құл­данған бо­ла­тын. Негізгі мақсаты – орта­ға­сырлық Қышқала қалашығында археологиялық зерттеулерді жүргізіп, оның материалдық және рухани мәдениетін, шаруашылық дәстүрін, әлеуметтік-экономикалық ахуалының негізгі элементтерін қалпына келтіру. Зерттеу барысында топографиялық жұмыстар, археологиялық, страти­гра­фиялық қазба, барлау жүргізілді.

Ортағасырлық Қышқала Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылдық округіне жақын жерде, Томарөткелге іргелес орналасқан. Бұл қаланы алғаш рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.Каллаур ашып, оны Кысқала (Гышқала) немесе Тасқала деп атап, Перовсктен шығып, Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде орналасқаны туралы жазған.

1946 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнография­лық экспедициясы Қышқалада болып оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында орналасқанын көрсеткен. 1960 жылы Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Мұсабаев Қышқалада зерттеу жұмыс­тарын жүргізген. Ол туралы Ә.Қоңыратбаев былай деп жазған: «Қышқала демектің мағынасы онда қыштан салынған кішігірім сарай (орда) болған. 1960 жылы біздер (ішінде Ғ.Мұсабаев бар) бірер метр жерін қазып, күйдірілген кірпіштен жасалған бармақтай сырлы құмыра таптық. Ішіне 25 грамм су кетеді, тұтқасы сынған. Осы төбенің астынан күміс ақша табылған. Сол жерден 1960 жылы мен сор бетіне шығып қалған алтын теңге таптым».

Сонымен қатар Ә.Қоңыратбаев Қышқаладағы моладан адамның, аттың сүйектері, сырланған көзелер сынығы табылғанын айта келіп: «Бірақ бұл жерде (Қышқаланы айтып отыр) қамалдың ізі жоқ…«Қышқала» деген атау ел аузында жүрген кейінгі сөздер болса керек. Сыр бойында ондай қаланың аты жоқ», – дейді.

Қышқала қалашығы Сыр бойы қалаларын зерттеушілердің бірі Тәңірберген Мәмиев зерттеулерінде Баршынкент қаласы деп көрсетіледі. Олай дейтініміз, барлық ортағасырлық саяхатшылардың, көпестердің, яғни, осы төңіректен өткен адамдардың картасы мен жазбаларында Қышқала деген атау кездестірмейміз. Олардың барлығы дерлік бұл қаланы Баршынкент, Баршын қала атауымен көрсетіп отырған.

Қаладағы алғашқы археологиялық қазба жұмыстарына 1990 жылы Қызылорда пединститутының Т.Мәмиев басқарған студенттер тобы мен Құм астындағы құпия Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен арнайы шақырылған М.Елеуов пен Д.Талеев қатысады. Жүргізілген қазба жұмыстарының барысы, ашылған құрылыстар, табылған археологиялық заттар Т.Мәмиевтің «Кейінгі ортағасырдағы Арал өңірінің қалалары (XIII-XVIIIғғ.)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысында қысқаша жазылды.

Т.Мәмиев зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде оның діни, қоғамдық, азаматтық құрылыстары дөңгелек төбелерден тұратынына көңіл аударған. Негізінен үш нысанға қазба жұмыстары жүргізілді. Бірінші қазбаның биіктігі – 3 метр, диаметрі 36 метр екі төбеде жалғасып жатыр. Нәтижесінде мұндағы төбе 3 бөлмелі қам кірпішті құрылыс­тың жалғасы екені анықталған.

Екінші қазбаның биіктігі 2 метр, диаметрі 21 метр дөңгелек кебір топырақты төбе. Беткі қабатында сынған құмыра шашылып жатыр. Сондықтан «шаруашылық ауласы» деп аталады. Қазба батысынан басталып 4 бөлмесі ашылды. Бөлмелердің қабырғалары қам кірпіштен қаланған, кірпіштері кебірленіп топыраққа айналған. Қималық стратиграфиясына қарағанда 60 см тереңдікте құмыра сынықтарына толы. Ол 10 см тығыз, 7 см күйік (ағаш, қамыс), 20 см қамыс, 3,5 см кесек аралас бос қабаттардан тұрады. Бөлмелердің құрылымы Отырар қазбаларында кездескен XV-XVIII ғасырларда дамыған түрлі дәстүрлі үй құрылыстарына ұқсайды. Мұндағы кіреберіс қойма болып, тандыр шығу есігіне қарай ығыстырылған. Орталық бөлме шаруашылық және тұрғын үй қызметін атқарған.

Демек, тандырдың бір қалашықты айналуы XIII-XIV ғасырларда бас­талғаны белгілі болып отыр. Қазба тереңдеген сайын құмыра сынықтары сирек кездесті. Қыш сынықтарының көбісі үстіңгі мәдениет қабатындағы бөлмелерден шыққан. Сонымен бірге тиындар табылып, оларға Р.Бурнашева мен С.Юсупованың көмегімен талдау жұмыстары жүргізілген.

 

Қышқала және Баршынкент атаулары қайдан шықты?

Қышқала туралы бірқатар зерттеу­шілер өз еңбектерінде қарастырған. Қалаға байланысты атауларға қысқаша шолу жасап көрейік.

1245 жылы Сырдария өзенін жағалай жүрген Плано Карпини оның жағасындағы Янкинт (Jancint), Бархин (Баршынкент, Қышқала) және Орнас (Асанас) қалаларын орналасқанына қарай көрсеткен. Сонымен қатар, бұл өңірде аты белгісіз де қалалар көп екенін атап өткен. П.Каприни Бархим (Бархин) қаласының Жошы әскеріне берілмей, ұзақ шайқасқаны туралы жазып қалдырған. Бархинде болған қанды шайқасты естіген Янкинт қаласының халқы соғысудан бас тартып, қаланы өз еркімен берген. Сол себепті қала қиратылмаған, бірақ жау қала халқының көбін қырып, аяусыз тонаған, тірі қалған тұрғындарды көшіріп, басқа жақтан айдап әкелген халықты қоныс­тандырған.

П.Карпинидің еңбегіндегі Бархин қаласына байланысты түсініктеме жазған А.Малениннің болжамы бо­йынша Сырдария өзенінің алқабында Барченд, Барчынлыгенд атты қала болған. П.Лерхтің «Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 году» атты еңбегінде Бархалигкенд деген қала Сығанақ пен Өзгент қалаларының аралығында деп көрсетілген. В.Каллаур 1899 жылы өзі ашқан Қышқаланы Қысқала (Гышкала) деп атап, оны Жент қаласымен байланыс­тырады. Сонымен қатар, ол Жөлектен 80 верст жерде орналасқан Барчинлыгкент (Бархалыгкент) қаласы бар деп көрсеткен. Өзгент, Бархалыгкент, Ашнас және Жент қалаларының орналасу ретіне тоқтала келіп: «…Джучи-хан после разрушения Саганака отправился в Узгент, затем в Бархалыгкент, Ашнас и Джент: следовательно, Бархалыгкент должен быть ниже Узгента и по пути в Ашнаc» деп жазған. В.Каллаурдың бұл пікірімен келісуге болмайды, себебі П.Карпинидің жазғаны бойынша Янкинт, Бархин және Орнас (Асанас) қалалары осы ретпен орналасқан.

В.Бартольд Қышқаланы Жентпен байланыстырып В.Каллаурдың пікіріне қосыла отырып, Өзгенттен 7 верст жердегі аумағы 600 қадам келетін шағын бекіністің құландысын Барчынлыгендтің орны болса керек дейді.

Ә.Марғұлан «Баршынкенттің қи­раған бөліктері Сырдарияның оңтүстік жағасында Қызылорда мен Шиелі арасында орналасқан және Қыз­қала атауымен белгілі» деп жазған. «Баршынкент» атауы халық поэмасының кейіпкері Алпамыспен байланысты. Оғыз-феодал ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу есімді атақты әйел Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атады, осыдан Қызқала шыққан. Ә.Марғұланның айтуына қарағанда, Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көккесене кесенесі Баршын сұлудың құрметіне салынған. Қышқала мен Баршынкенттің байланысы жөнінде Ә.Қоңырытбаевтың болжамдарына тоқталсақ: «В.Каллаурдың айтуынша, Жент қаласының орны – Қышқала (Томарөткел). Жентікөлдің батысында Баршынғылкент, Рабат Туғани қаласы болған. «… Қышқала демектің мағынасы – онда қыштан салынған кішігірім сарай(орда) болған. Сонда қыш көп табылған. Бұл сарайдың орны бар». 1960 жылы Қышқалада зерттеу жүргізген Ә.Қоңыратбаев Жент пен Баршынкенттің арасындағы байланысқа тоқтала келіп, олар туралы былайша болжам жасаған: «Сонымен біз Жент екеу болған дейміз. Бірі Қуаңдарияның сағасындағы ескі хұн Женті, екіншісі X ғасырдағы Сейілхандар салған Жент. В.Каллаур айтқан Жент – соңғысы бол­уы тиіс. Сол сияқты Баршынкенттің орны кесене емес, Қызылқұмда тұрған, Баршындария жағасына салынған Сыр­лытам болуға тиіс». «Археологичес­кая карта Казахстана» атты жинақта Қышқаланы «Развалины отдельных сооружений Кызкала» – деп көрсеткен. С.Толстовтың картасында Қышқала Қыштөбе деп аталған.

С.Жолдасбайұлы Баршынкент туралы Ә.Қоңыратбаевтың жүргізген зерттеулеріне сүйене отырып: «…сонымен осы Баршындария сағасындағы Сырлытам мазары мен оның жанындағы елді мекенді Баршынкент деген қорытындыға келген. Баршынкент атының біз жоғарыда келтірген XIII ғасырдың орта кезіндегі жазба деректерде кездесуі, ертедегі аңыздар мен батыр­лар жырындағы хабарлармен сәйкес келуі бұл аймақтағы соңғы кездегі ел аузындағы кенттің атының сақталуы, дарияның Баршын аталуы жай нәрсе еместігін байқатады. Олай болғанда оғыздар мен қыпшақтар өмір сүрген Баршынкент мекенінің болғандығы сөзсіз», деп жазған.

К.Байпақов ортағасырлық Қызтөбені Барлыгенд (Баршынкент) деп атап, картада оны Қызылордадан батыста, дарияның оң жағасына орналас­тырған. Баршынкент қаласы туралы аса құнды деректер Ә.Дербісалиевтің «Қазақ даласының жұлдыздары» атты тарихи-филологиялық зерттеуінде кездеседі. Ғалым бұл еңбегінде Баршынкент қаласында туып-өскен ортағасыр­лық ғұлама ғалымдар туралы және Баршынкент қаласына келіп, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да ортағасырлық қалаларда туып-өскен ғұламалар мен кездескен жатжерліктердің еңбектеріне жан-жақты тоқталып шолу жасаған.

1273-1274 жылдары Сыр бойындағы қалалар мен онда тұратын халықтардың тарихын хатқа түсіру ние­тімен арнайы келген Жамал Карши болды. Жамал өз дүниесін әуелі Баршынкент жайлы мағлұматтар беруден бастаған. Оны қала емес, мекен (дияр) деп атаған. Соған қарағанда Баршынкент шынында да  бекіністік дәрежедегі қыстақ қана болған сияқты. Баршынкент белгілі мәдениет орталығы болған. Мұнда дуалы ауыз шешендер мен жезтаңдай әншілер, сөз өнерінің белгілі майталмандары ғұмыр кешкен. Мұсылман деректерінде Жентке жақын жерде, Сырдарияның төменгі ағысындағы Барчинлигент қаласын Барчканд, Барчкенд деп атаған. Карши Барчкандке шейх Хусамал-миллава-д-дин Абу-л Махамид Хамд ибн Асим ал-Асим ал Барчинлгиден дәріс алу үшін келген.

Сонымен, деректерде, зерттеу­шілердің еңбектерінде Бархин (П.Карпини), Барчканд (Жамал Карши), Барчинлигкент, Барчканд, Барчкенд (Ә.Дербісалиев), Барчин (Жошы теңгелерінде), Ба-эр-чи-ли-Хань, Ба-эрч­жень (қытай транскрипциясы бо­йынша), Барчынлыгенд (Барчкенд), Барчынлыген, Хышт-қала, Баршын, Баргент (В.Бартольд), Барлычгенд (К.Байпақов), Барчынлыгент (Жирмунский), Бархалигкенд (П.Лерх), Барчынлыгент, Бархалыгкент, Барчинлыкент (В.Каллаур), Баргенд, Барчынлыгенд (А.Маленин), Баршынкент (Ә.Марғұлан) Ә.Қоңыратбаев, С.Жолдасбайұлы, Т.Мәмиев) аталған қалалардың барлығы бір қаланың әртүрлі аталуы. Ал зерттеушілердің еңбектерінде Кыс-Қала, Гыш-Қала (В.Каллаур), Хышт кала (В.Бартольд) Қыз кала (Археологическая карта Казахстана),  Қыш төбе (С.Толстов), Қыз­төбе (К.Байпақов), Қышқала (Ә.Қоңыратбаев), Баршынкент (Т.Мамиев) деп атаған қаланың орны қазіргі Қышқалаға сәйкес келеді.

Біз қазіргі Қышқаланың орнын ортағасырлық Баршынкент қаласымен байланыстырған Т.Мәмиевтің пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан айтарымыз, біріншіден, П.Карпини Бархин қаласы Жанкент пен Асанас қалаларының аралығында орналасқан деп дұрыс көрсеткен. Екіншіден, бұл қаланың орналасқан жері, тарихи құрылымы Ж.Карши болған мекен Барчкандқа сай келеді. Барчканд пен Баршынкент екеуі – бір қаланың аты.

Қалашықтағы 

археологиялық қазбалар

Сыртында ешқандай қорғаныс құрылыстары сақталмаған Қышқаланың (қалашықтың) жалпы аумағы 45-50 гектар болады. Қазба жұмыстары осы қалашықтың солтүстік-батыс шетін алып жатқан аумақта орналасқан екі биік төбешіктің біріне салынды. Үстіңгі жағында күйдірілген кірпіштер мен бір беті сырланған, бетіне өрнек салынған кірпіш сынықтары шашылып жатқан төбешіктің көлемі 30х32 метр болады. Кейін анықталғандай, кезінде едәуір келбетті кесененің орны болған төбенің солтүстік батыс шетінен біз салған (2018 жылы) қазбаның жалпы көлемі 12х12 метр. Жүргізілген қазба барысында қасбеті солтүстікке қараған кесененің қираған орнының бір бөлігі ашылды. Кесененің алдыңғы жағына төселген тікбұрышты кірпіш төсендісінің үстіне кезінде құлаған ғимараттың қасбетінің құландысы анықталып ашылды. Аркалы есігінің үстіңгі жағы мен оның шеттерін безендірген төртбұрышты кесіп салынған өрнекті қыш сылақтар мен оның айналасындағы мозайкалары беттерімен төмен қарай жатыр. Қабырға қашан құлағанын анықтау мүмкін емес. Өйткені құландының жоғарғы бет жағы мен қабырғалардың кірпіштерін жергілікті халық бірнеше дүркін бұзып алған. О баста қала тіршілігін тоқтатқаннан кейін көп ұзамай бұзылған кесененің қыштарын соңғы рет Кеңес дәуірінде (ХХ ғ. 60-70-ші жылдары) колхоздарды біріктіріп, совхоз құру науқанына байланысты салынған кеңсе, мектеп, клуб құрылыс­тарына пайдаланған деседі. Ауыл тұрғындары жеке үй салған кезде де көне қала ғимараттарының кірпіштерін пайдаланған. Ғимараттың негізгі қабырғалары мен оның қандай көлемде болғанын анықтау мүмкін болмады. Себебі былтыр салынған қазба ғимараттың алдыңғы ауласы мен оның үстіне құлаған құландыларды аршумен шектелді. Құлаған кірпіш сынықтарынан түзілген биіктігі 1 метр болатын құландыларды аршу қатты қолбайлау болды. Кесененің құлаған және қаз қалпында сақталған бөлігі 8,5х5,5 метр көлемді алып жатыр. Негізгі құрылыс материалы – ортағасырлық дәстүрлі көлемдегі күйдірілген кірпіштер. Құрылыстың жоғарғы жағы мен есіктің айналасын бетіне кесіп, өрнек салған тақталар құландысы жапсырылған. Өрнектері сегізбұрыш түріндегі мұсылмандық стильдегі және қошқармүйіз иректер түріндегі қазақи өрнектердің комбинациясы. Безендіру тақталарының көлемі бірдей емес, көпшілігі 57х57х8; 50х50х8, 50х51х8 сантиметр өлшемде. Арасында 45х45х8 сантиметр көлемдегі тақталар да кездеседі. Тақталардың бетіне салынған өрнектер әр тақтаның көлемінде шектелмей, көрші тақтадағы өрнектерге ұласып кетеді. Кейбір тақталардың орта тұсында түрлі көлемде салынған көзшелердің орындары қалған. Шамасы көзшелер тақталарға әк сылақтарымен дәнекерленген. Олардың орнында қалған әк сылақтары сақталған. Ал тақталардың шеттері мен есіктің аркаларын безендірген мозайкаларды құрастыруда көк, ақ, сары, жасыл, қалампыр түстес бояу­лар пайдаланыпты. Төртбұрыш, домалақ, сопақша, ромб тәріздес келген өрнектер әк сылағының бетіне құрас­тырылған. Арасында араб жазулары стиліндегі өрнектер де жиі кездеседі. Тұтас композиция­лық көріністі байқау мүмкін емес. Өйт­кені әк сылақтар ұзақ уақыт бойы ылғал және ыстық ауа мен үстінен әсер еткен қатты қысымның салдарынан бүлінген. Бет жағын безендіруде мозайкадан басқа әртүрлі өлшемдегі және әртүрлі формадағы кафельдер де қолданылған. Ғимараттың ішкі қабырғалары мен арканың беттері әк сылағының бетіне орналас­тырылған түрлі-түсті және әрқилы пішінді жапсырмалармен қапталған. Құрылысқа арнайы өлшемде және қажетті пішінде әдейілеп жасалған кірпіштер де пайдаланылған. Олардың арасында бетіне кесіп салынған геомет­риялық нақыштары бар кірпіштер де кездеседі.

Қазба барысында 8 бұрышты құрылыс нысаны толығымен ашылды. Ашылған нысанның сыртқы құрылысы әртүрлі ұзындықтағы 8 қабырға мен 4 мұнарадан тұрады. Сыртқы қабырғалардың ені 1 метр, сақталған биіктіктері 5-60 сантиметр. Шығыс қабырғаның ұзындығы – 6 м, сақталған биіктігі 20-60 сантиметр. Қабырғаның іргетасы өзге қабырғалармен салыстыр­ғанда біршама жақсы күйде. Оңтүстік шығыс қабырғаның ұзындығы 10,8 метр сақталған биіктігі 5-30 сантиметр. Қабырғаның орталық бөлігінде ең төменгі бір қатар кесек қаландысы ғана тұр. Осы қабырғаның сыртына қарай құлаған күйдірілмеген кесектен өрілген қабырғаның 4х1х1 метр көлемдегі құландысы бар. Оңтүстік қабырғаның ұзындығы 9,5 метр, сақталған биіктігі 10-30 сантиметр, қабырғаның ізі толығымен көрініп тұр, батыс шетінде 7 қатарға дейін кесек қаланған. Оңтүстік-батыс қабырғаның ұзындығы 13 метр, сақталған биіктігі 10-30 см қабырға іздері толығымен көрініп тұр, ортасында 2 қатар, батыс бұрышында 7 қатарға дейін кесек қаландысы сақталған. Батыс қабырғаның ұзындығы 4,6 метр, қабырғаның ізі толығымен көрініп тұр, ортасында 2 қатар, екі шетінде 7 қатарға дейін кесек қаландысы сақталған. Батыс, солтүстік-батыс қабырғаның ұзындығы 11,9 метр, қабырғаның оңтүстік шетінде 2 метр ұзындықта 6 қатар кесек қаландысы ғана сақталған, қалған бөлігі толығымен бұзылып кеткен. Солтүстік қабырғаның жалпы ұзындығы – 14,6 метр қабырғаның тең ортасында 2,6 метр келетін қақпасы бар. Қақпадан шығыс қабырғаға дейінгі қабырғаның төменгі бөлігінде 4-8 қатарға дейін кесек қаландысы, қабырғаның қалған бөлігінің кей жерлерінде бір қатар кесектері ғана сақталған.

Құрылыстың барлық сыртқы қа­быр­ғаларының ені 1 метр болып келеді және олардың ішкі-сыртқы жиектері күйдірілген бүтін (көлемі 27х27х5) кесектерден өріліп, ортасы кесек сынықтарымен, қою лай аралас­тыра отырып толтырылған.

Жоғарыда аталғандай, құрылыс­тың төрт бұрышында тұрғызылған дөңгелек мұнаралары бар. Шығыс мұнарасы шығыс және солтүстік шығыс қабырғаларының түйіскен жерінде орналасқан, диаметрі 1,9 метр, биіктігі 10-20 сантиметр. Мұнараның ең төменгі 2-3 қатар кесек қаландысы ғана сақталған. Оңтүстік мұнара оңтүстік қабырғаның бойында, шығыс бұрышынан 3,3 метр аралықта орналасқан, диаметрі – 1,7 метр, биіктігі 40 сантиметр. Мұнараның ең төменгі 6 қатар кесек қаландысы сақталған. Кесектерінің орналасу жағдайына қарағанда сыртына қарай сырғи құлағандығы байқалады. Батыс және оңтүстік батыс қабырғаларының түйіскен жерінде орналасқан, диамет­рі 1,6 метр, биіктігі 20 сантиметр, мұнараның ең төменгі 2-3 қатар кесек қаландысы сақталған. Солтүстік мұнара солтүстік батыс және солтүстік қабыр­ғаларының түйіскен жерінде орналасқан, диаметрі 1,8 метр, биіктігі 30 сантиметр. Мұнараның ең төменгі 4 қатар кесек қаландысы сақталған.

Қышқаланың орналасуы мен бұзылу тарихы

Қаланың оңтүстік шығыс жағын Жаңадария өзені шайған, қазіргі күнде де кейбір құрылыстарды шайып жатыр. Солтүстік жағы осы заманғы каналды, арықтарды қазу, егістік алқаптарды тегістеу кезінде бұзылып кеткен. Оның оңтүстік батыс бөлігінде Қоғалыкөл ауылының зираты 4 гектарға жуық жерде жатыр. Зират қоршауының ішінде ыдыс сынықтары, қыш кесектер кездеседі. Қала арқылы әртүрлі бағытта бірнеше жол қаланың құрылыс­тарын бұзып өткен және осы уақытта да бұзылып жатыр. Қышқаланың бұзылу тарихы бірнеше ғасырларға созылған, шамасы қаланың қамалы, қорғаныс жүйесінің элементтері (цитадель, қақпа, мұнара, ор, т.б.) Жошының шабуылы кезінде бұзылған болса керек. XIV-XX ғасырдың 50-ші жылдарына дейінгі аралықта ортағасырлық қаланың құрылыстары, суландыру жүйелері (канал, арық, құдық, т.б.) табиғи құбылыстардың әсерінен бұзылған.

Қышқала экспедициясы барысында Қоғалыкөл ауылының бірқатар жергілікті тұрғындарымен әңгімелесіп, жалпы құрылыстарының бұзылуына қатысты мәліметтер жиналған жазып алған. Қоғалыкөл ауылының жергілікті тұрғыны, 1943 жылы туған Қамар Рүс­темов, осы жерде туып-өскен, еңбек еткен, қазір зейнеткер. Оның айтуына қарағанда, 1958 жылға дейін осы төңіректегі ауылдардың халқы Қышқалаға тиіспеген. Сол кезде қаланың әр жерінде жартылай бұзылған, бұзылып жатқан құрылыстар сақталған. Халық қаланың орнын, бұзылып жатқан құрылыстарды киелі жер ретінде құрметтеген. Қышқаланың құрылыстарын бұзып, олардан қыш кесектерді қазып алу 1958 жылдан басталған. Сол жылы осы төңіректегі шағын бірнеше ауылдарды біріктіріп, Қоғалыкөл ауылы құрылған кезден бастап жергілікті басшылар, ауданнан келген өкілдер жаңадан құрылған ауылдың құрылыстарын (мектеп, кеңсе, қамба, т.б.) және үйлерді салуға Қышқаланы бұзып, одан шыққан қыш кесектерді пайдалануға кеңес берген. Ежелгі қаланы бұзу әсіресе 60-жылдары кең өріс алған. Бұзуға трактор және басқа техникаларды пайдаланған. Сол нау­қан кезінде қабырғасы қыш кесектен қаланған көптеген құрылыс жермен жексен болып, толық не жартылай бұзылған. Ауылдағы құрылыстардың іргесін, қабырғаларын қалауға негізінде бүтін қыш кесектерді пайдаланған ал сынған кесектер бұзып алған жерде төбе-төбе болып үйіліп қала берген. Әртүрлі көлемдегі шұңқырлар, әртүрлі бағытта қазылған олардың орындары осы күнге дейін сақталған. Қыш кесектерін алу кезінде қаланың оңтүстік бөлігінен бірнеше жерден ою-өрнекті қыш кесектермен әшекейленген құрылыстар кездескен. Олардың қатты бұзылған орындары осы уақытқа дейін сақталған.

Ескі қала орны туралы мәлімет берген келесі азамат – 1943 жылы туған, осы жерде 1950 жылдан бері тұрып келе жатқан Исламбек Әшіров. Оның айтуына қарағанда, Қышқаладағы құрылыстарды бұзып, одан алған қыш кесектерді ауылға арбамен, машина, трактормен тасып, жаңа құрылыстарды салуға пайдаланған.

Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда кейбір жылдарда Қышқалаға орыс ғалымдары, Байқоңырдан келген әскери адамдар қазба жүргізген, бірақ жергілікті адамдарды қатыстыр­маған. Табылған заттарды ешкімге көрсетпей, өздерімен бірге алып кеткен. Қазба жүргізген жерде сынған ыдыс сынықтары, бүтін, сынық күйдірілген кесектер шашылып жатқан. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарында Қышқалаға бірнеше рет қазақстандық ғалымдар да келіп, кейбіреулері шағын қазба жұмыс­тарын жүргізген. Қышқаладан кездейсоқ табылған ыдыстардың сынықтары, бүтін ыдыстар соңғы жылдарға дейін жеке адамдардың үйінде, ауласында сақталған. Бірқатар заттар жергілікті мектептің бір бөлмесінде ұзақ жылдар сақталып, жаңа мектеп салынғаннан кейін олардың қолды болып кеткенін мұғалімдер айтады.

Қышқала туралы аңыз әңгімелер жинау мақсатында Қоғалыкөл ауылының әртүрлі жастағы тұрғындарынан сұрастырдық. Бірақ, олардың барлығы бұл қалаға қатысты қызықты мәлімет беретін қарттардың жоқ екенін айтумен ғана шектелді.

 

Мадияр ЕЛЕУОВ,

Әл Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Еркебұлан ЕЛЕУОВ,

тарих магистрі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<