1942 жылдың соңына қарай Сталинград маңындағы шайқас барынша күрт сипат ала бастады. Кеңес әскерлері күші басым неміс құрамына қарсы жанқиярлықпен қорғаныс жүргізгеніне қарамастан, Гитлер саяси стратегиялық маңызы бар қаланы жаулап алу үшін қосымша күштерді үдете түскен еді. Қызыл армия үшін осынау қиын-қыстау сәттерде Ставканы алаңдататындай хабар түсті.
Кеңес әскерінің неміс шептеріне жақын жерде жұқпалы холера (тырысқақ) ауруы белең алып, барлаушылардың дерегі бойынша ол ең алдымен гитлершілер армиясының алдыңғы шебіндегі солдаттар мен офицерлерді жусатып салған көрінеді.
Хабар сол сәтте Сталинге жетті. Не істеу керек? Жұқпалы ауру соғыс кезінде өте қауіпті. Ол тіпті қару, стратегиялық басымдыққа қарамастан жылдам тарайтыны соншалық, соғыс тағдырын әп-сәтте шешіп кетуі мүмкін. Сталинградта бейбіт халық пен қорғаныс әскерлерін қосқанда 800 мың адам бар. Олардың қатарында жау басып алған жерлерден қоныс аударғандардың санын ешкім анық айта алмайтын еді. Сталин КСРО денсаулық сақтау халық комиссары Георгий Метёровты шұғыл шақыртты. Халық комиссары маман ретінде жағдайдың күрделі екенін білгенімен, Сталинге бұл туралы ішкі сырын аша алмады. Себебі Кеңес Одағында сала бойынша кадр тапшылығы қатты сезілетін. Бірлі-жарымы репрессия кезінде қамалып, Батыстан Шығысқа қоныс аударған фармацевтикалық зауыттар қызметіне әлі толық кірісе қоймаған еді. Бұл кезде АҚШ-та жұқпалы ауруға қарсы дәрі-дәрмектер шығарылып жатты. Алайда соғыстың қысылтаяң сәтінде келісім бойынша оны сатып алуға Кеңес Одағының шамасы келмейтін. Сондықтан алдымен оны шығаруға рұқсат беретін патент сұралды. АҚШ соғыста одақтас мемлекет болғанымен, саясаттың ықпалымен сөзбұйдаға салып, оның патент ақысын 10 млн доллардан 30 млн долларға дейін көтеріп жіберді. Бұл сол уақыттың өлшемімен алғанда көп ақша болатын. Сталин мұндайда ымыраға келе бермейтін. Ішкі мүмкіндіктерді пайдалануды талап етіп, халық комиссарының ұсынысымен осы саланың маманы ретінде біршама тәжірибе жинақтаған дәрігер Зинаида Ермольеваны Сталинградқа жіберуге ұйғарым жасалды.
Дәрігер Сталинградқа келгенде әрбір квартал, көше үшін кескілескен ұрыстар жүріп жатқан болатын. З.Ермольева іске кірісіп кетеді. Қираған зәулім ғимараттың өжіресінде зертхана ұйымдастырылды. Әскери медицинаның орта буын мамандарын егу жұмысына үйретті. Алайда егу жұмыстарына қажетті антибиотиктер тапшы еді. Өзінің соңынан арнайы дәрі-дәрмектер тиелген ұшақ Сталинградқа жетпей жау оғынан өртеніп кетті. Ендігі жерде арнайы препараттарды жергілікті жерде қауырт жағдайда дайындауға тура келді. З.Ермольева адам санасы қабылдауға қиын соғатын шешім қабылдады. Ол өзін арнайы күзету жүктелген солдаттарға зертханаға өлген немістердің мәйіттерін жеткізуді бұйырды. Сонымен бірге шарты сол, олар оқтан қаза тапқандар емес, эпидемиядан өлгендер болуы керек.
Жүректі деген барлаушылар мұны өздерін қорлағандық деп түсінді. Жаудан тірідей «тіл» әкелгендер енді неміс шебіндегі зираттарды жіліктеп, кімнің неден өлгенін анықтау керек пе?!
Барлаушылар мұндай қорлыққа төзбейтінін тағы қайталап айтып, тапсырманы орындаудан бас тартады. Дәрігердің қиналғаны осы тұс еді. Оларға тапсырманың маңыздылығын айтып түсіндірген соң қозғалыс басталды. Шындығында мұндай әдеттен тыс шара жұқпалы аурудан өлгендердің денесіндегі микробтардың тегін анықтап, соған лайықты дәрі препараттарын дайындау үшін қажет болатын. Осылайша Сталинградтың қираған үйлерінің өжіресінде жұқпалы микробтарды жоюға арналған препараттар дайындалып, олармен бейбіт тұрғындар мен солдаттарды егу басталды. Ермольеваның өз құрамындағы орта буын медициналық қызметкерлер тәулігіне 50 мың адамға егу жұмыстарын жүргізді. Қаладағы барлық ауызсу көздері хлормен залалсыздандырылды. Айтпақшы, реті келгенде айта кетейік, Ермольева суды хлорлау әдісін залалсыздандырудың тиімді құралы ретінде Кеңес тарихында алғаш тәжірибеге енгізген дәрігер ретінде тарихта қалған еді.
Сталин берген тапсырманың орындалу барысына сырттай қанығып отырған болатын. Қанағат сезімін сырт көзге сездірмейтін ол алты ай өткенде дәрігерге телефон соғып: «Жұмыс қалай жүріп жатыр, қарындасым?» – деді елеусіздеу ғана. «Қарындасым» деп іш тарта сөйлеудің өзіндік себебі де жоқ емес еді. Ермольеваның әкесі Сталиннің әкесімен аттас, тегі бойынша екеуі де Виссарионович деп аталатын.
– Тапсырма орындалды. Сталинград үшін алаңдамауға болады, жолдас Сталин, – деп жауап қатты дәрігер.
Кейін Ермольева көсемнің қабылдауында болып, оған Сталин сыйлығы тапсырылды. Сыйлықты тапсырып тұрып Сталин: «Қандай өтініш-тілегіңіз бар?» – деді. Көп жағдайда, әсіресе, осындай жауапты сәтте көсем мұндай сауалды әдейі қойып, адамның психологиялық иірімдерге толы құпия сырларын анықтауға пейіл білдеретін. Табиғатынан алғыр, қаншама қиындықты болса да қайсарлықпен жеңіп келе жатқан дәрігер ойланбастан бұрынғы күйеуі, микробиология саласындағы ұстазы, абақтыда отырған Лев Зильберді босатуды сұрайды. Көп нәрседен хабары бар Сталин Ермольеваның Зильбердің оның репрессияға ұшыраған бірінші күйеуі екенін, ал оның басқа әйелмен тұрмыс құрып кеткенін есіне салады. Көсем үшін таңданыс туғызғаны – репрессияға ұшыраған екінші, яғни казіргі күйеуі Захаровты босатуды сұрамай, бұрынғы күйеуінің тағдырына алаңдағаны болатын. Сталин мұның себебін сұрағанда дәрігер: «Ол маған емес, ғылым үшін керек адам», – деп жауап береді. Сталин дәрігердің өтінішін қаншалықты қанағаттандырғаны беймәлім, бірақ оның мемлекетшіл тұлға екенін танып білген еді.
З.Ермольева Сталин атындағы сыйлықты қорғаныс қорына – әскери ұшақ жасау үшін аударды. Есімі әлемге танылған дәрігер жұқпалы ауруларға қарсы медициналық препараттың бірі – пенициллинді Кеңес Одағында тұңғыш қолданысқа енгізген дәрігер болатын. Бұл, шынтуайтына келгенде, үлкен ізденіс пен табандылықтың жемісі еді. Дондағы Ростовтың медицина университетін бітірген ол өмірлік тәжірибе арқылы ғылыми жетістікке жету үшін тынбай ізденді. Тіпті жұқпалы микробтарды сынақ үшін өзіне қабылдап оның сырын анықтады. Аталған жоғары оқу орнында есімдері әлемге белгілі ғалымдардан тәлім алып, 1922 жылы холера эпидемиясы белең алған аймақтарда болып зертханаларда тынымсыз еңбек етті. Міне, сол алғашқы нәтижелер суды хлорлау тәсілін қолдануға түрткі болды. 1925 жылы Мәскеудің биохимия институтының бөлімін басқарды. 1939 жылы Ауғанстанда жұқпалы індет ошағы пайда болып, оның Орта Азия републикаларына таралуын тоқтату мақсатында ғалымдар тобымен Ташкентте үлкен жұмыстар атқарды. Орта Азия халқы дәрігердің еңбегіне тәнті болып, «Пенициллин ханым» деп атады.
Әлемде пенициллинді бірінші ойлап тапқан британ ғалымы Александр Флеминг пен оның отандастары америкалық Говард Флори және Эрнст Чейни делінеді. Саясаттың құйтырқы ойындары астасып жатқан ХХ ғасырда әлемде кеңес дәрігерінің еңбегі бағаланбай, жоғарыда аты аталған батыс ғалымдары 1945 жылы Нобель сыйлығына ие болған еді. Бірақ Зинаида Ермольеваны батыс ғалымдары ашық мойындады. Себебі Кеңес дәрігері пенициллиннен бөлек стрептомецин, тетрациклин, левомецитин, экмолин сияқты отандық антибиотиктарды да ойлап тапқан болатын.
Әлем тарихында соғыс кезінде жұқпалы аурулардан өлгендер саны әдетте майдан даласында оқ-дәріден қаза тапқандардың санынан асып түскен жағдайлар көп кездескен. ХIХ ғасырдағы орыс-түрік соғысында жұқпалы аурудан 40 мың солдат көз жұмған көрінеді. Тарихшылардың зерттеуінде, 1943 жылы кеңес ғалымының тұңғыш ойлап тапқан антибиотигі – «крустозиннің» өмірге келуімен кеңес әскері қатарында жұқпалы аурудан қаза болғандар саны күрт азайған. Осыған дейін дәрінің жетіспеуінен емдеуге келетін жауынгерлердің алынған жарақат салдарынан олардың қан құрамына микробтардың еніп кетуі, қаза болуы жиі орын алған еді. Әсіресе, жазылмайтын жарадан қайтыс болудың бір түрі ретінде гангренаны атайды. Дәрі-дәрмектің жетіспеуінен соғыстың алғашқы жылдарында қайта қатарға қосылуға болатын әрбір төртінші жаралы солдат қайтыс болған көрінеді.
Зинаида Виссарионовна Ермольева 1974 жылы 76 жасында дүниеден озды.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<