Плотина қалай салынды?

1006

0

Қарт Қаратау мен Сырдың бойы – ықылым заманнан алғашқы адамдар тіршілік етіп, шаруашылығын дамытқан жер. Тау бөктеріндегі халық кен өндірумен, мал бағумен айналысса, дария бойын мекен еткен халық отырықшы егін, бау-бақша шаруашылығымен айналысқан. Сол дәуірлерден бері  егістік жерді  суландыру жұмысы Сыр елімен бірге жасасып, су мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес.

Ғалымдар Сырдың бойынан Авеста дәуірінің, ғұндардың, түріктердің, қимақтар мен қыпшақтардың суландыру әдісінің белгілерін тапқан. Олардың дәлелі – Отырар, Сығанақ, Сауран қорғандарының төңірегіндегі суармалы егістік алқаптар. Кешегі тартылған Арал теңізінің табанынан да ирригациялық жүйелердің орындары, арық іздері табылды.

Иә, сонан бері 82 жыл өтіпті. 1940 жылғы 16 cәуірде өмірлік маңызы бар ғылыми шешім қабылданды. Ол КСРО Халық комиссарлары Кеңесі мен Орталық Комитетінің «Қазақ КСР-нің оңтүстік облыстарында ауыл шаруашылығын көтеру, әсіресе, дәнді дақылдарды өсіруді  жақсарту туралы» қаулысын халық зор қуанышпен қабылдады. Осы қаулы бойынша Қызылорда қаласының жанынан тоған-плотина салу белгіленген еді. Бірақ, қызу басталған құрылыс жұмыстары Ұлы Отан соғысына байланысты тоқтады.

Сыр өңірін мекендеген Үйсін тайпасы «Тәңір тауы» деп, кейін қытайша «Тянь-Шан» атанған таудың басынан сағасын алатын Нарын, Қарадария қос өзеннің Ферғана даласында қосылатын жерінен бастап Арал теңізіне құйғанға дейінгі арна – Сырдария өзені деп аталады. Басқасын айтпағанда өзенді көне гректер «Яксарт», арабтар «Сейхун» десе, түрік тілінде «Сырдария» деп аталған. Осы тарихи мәліметтердің өзі ерте дүниеден бері Сырдың бойы өркениеті дамыған мәдени орталық болғанының айғағы. Ұлы Жібек жолының солтүстік батыс тармағының бойындағы өркениетті қалалардың дамыған орталығы болғанын дәлелдейді. Сырдария ғасырлар бойы табиғаттың заңдылығымен, судың күшімен бір иінін жебір жеп, екінші иінін қайыр басып, өзен өз арнасын жиі өзгертіп тұрған.

Біздің облыс аумағындағы Сырдарияның ескі арналары Ақсай, Нәнсай, Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария, Шіркейлі, тағы басқа қалған дариялар –  Сырдың тарихына тұнған  өзенінің ескі іздері.

Сол жылдары плотина құрылысында істейтін жұмысшылар мен қызметкерлерінің  саны күн сайын өсіп келе жатқанын және келешекте мұнан да көбею мүмкіндігін ескеріп облатком 1947 жылы 29 тамызда арнайы қарар қабылдады. Республика Жоғарғы Кеңесіне «Қызылорда плотинастрой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесін салуды, оны «Тасбөгет» деп атауды ұсынды.

1946 жылы Үкімет тарапынан плотина құрылысы жұмыстарына  1200 соғыс  тұтқынын (жапондарды) пайдалануға рұқсат етілді. Олар болған 1 жыл ішінде  қам кесектен 10 барақ, монша, асхана, қойма үйлері салынды. Тұтқындар негізінен жер жұмыстарын  атқарды.

Плотинаға мемлекет қаржы мен материалды аямады. Құрылыс-монтаж жұмыстарында  1200-1300 маман жұмыс істеді. 120-дан астам түрлі маркалы автокөлік, оның  25-і «МАЗ», әртүрлі  маркалы 95-тен астам жер қазатын техника болды.

1956 жыл «Қызылорда» су тоспасының (гидроузел) құрылыс жұмыстарын аяқтайтын шешуші жыл болды. 23 маусымда плотинаның жаңа арнасына  су жіберіле бастады.

Сонан бері дариядан қанша су ағып өтті, қанша тарих сумен бірге шайылып кетті. Ал өңірді мекендейтін ел өз тірлігін жасауда. «Тасбөгет» плотинасы өңірді суландырып, еліміздің игілігіне айналды.

Оразхан АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<