«Қазалы» атауы туралы тың тұжырым

4157

0

Жуырда Қазалы ­ауданы әкімдігінің бастамасымен «Қазалы қазы­насы: тарих тудырған тұлғалар» жинағы жарыққа шықты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш ­Президенті-Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша жарық көрген жинаққа ауданда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты ресми мәліметтермен қоса бейіттерінің үстіне кесене орнатылған тұлғалар жайында ел ішінде сақталған ауызекі әңгімелер енді. Шынту­айтында, тарихи тұлғаларымыз жайлы деректер түгел жиналды дей алмаймыз.

Өкінішке орай, олардың бірқатары жөнінде ұрпақ­тарының қолында жазба деректер немесе ел ішінде әңгімелер сақталмаған, ұмы­тылған. Алдағы жылдары осы бағытта ізденіс жұмыстары жалғасатын болса, басқа облыс­тарда тұ­ратын азаматтардың жеке мұра­ғаттарынан, алыс-жақын шетел­дердегі кітапхана мен архив қорларынан тың дерек­тердің табылуы әсте ықтимал. Сондықтан да жинаққа бірінші басылым деген атау бердік.

Басылымның жаңалығына  келетін болсақ, тарихи тұлға­ларымыз жайлы айтылатын деректі әңгіме­лердің біршамасы бұрын жария­ланбаған. Бұған қоса, атақты бабаларымыздың қадір-қасиет­терін аша түсу мақ­сатында олар жайлы аңыз-әпсаналар ресми мәліметтермен бірік­тіріліп берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тізімге алынғанымен, бұған дейін атаусыз деп белгі­леніп келген бірқатар  нысан­дардың кімдерге арналып салынғаны анықталды. Бұ­ған қоса, эпиграфикалық мұ­раларды (құлпытастар мен бітіктастардағы, мазар қа­быр­­ғаларындағы жазулар, таңбалар) зерделей келе, оларды араб, ішінара парсы тілдерінен ана тілімізге аударып, мазмұнын анықтадық. Бұл өз кезегінде тарихтың шаңында көміліп, ұмытыла бастаған есімдерді қайта «тірілтуге» мүмкіндік берді. Кесенелердің  көпшілігінде тек отбасы мүшелері жерленген. Алдағы уақытта олардың да өмірі мен қызметі кеңірек зерттелсе, құба-құп. Бұл – әрине, көп уақыт пен қаржыны, мүрделерге антропологиялық зерттеу (мүрдені қазып алып зерттеу әдісі-Н.М.)  жүргізу керек болған жағдайда ұрпақ­тарының келісімін, құзырлы мекемелердің белсене атсалысуын қажет ететін кешенді жұмыс.

Ізденіс барысында бір­қатар жаңа материалдар табылғасын тың пікірлердің қылаң беретіні белгілі. Осы ретте біздің көкейімізге ауданның атауы Қазалы деп негізсіз қойылған-ау деген күдік ұялады. Алдымен жер-су атауларының мағыналарын айқындау екі түрлі – тарихи және халықтық этимология ыңғайында қарастырылатынын айта кеткіміз келеді. Тарихи-этимологиялық тұрғыдан зерт­теу әдісі нақты дерек пен дә­лелдерге сүйенетіндіктен, шындыққа бір табан жақын келеді. Ал халықтық этимология – бұл көбіне ұзақ уақыттан бері ел арасында ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен аңыз-әңгімелерге негізделеді. Сондықтан уақыт өткен сайын атаудың ертедегі мағынасынан алшақтап кетуі жиі кездесетін жағдай. Мәселен, «Қазалы» атауы жөнінде аңыздарға негізделген бірнеше болжам бар. Бұл атаудың этимология­сы, яғни, шығу тегі жөнінде көпшілік оқырманға бұрыннан белгілі бірқатар жорамалдарға қысқаша шолу жасайық.

1) Кеңес дәуіріндегі Т.Өте­баевтың зерттеуінде «Сыр­дарияның оң жақ жағасында дариядан бөлiнген бiр кішкене өзекше болады. Өзекшеден бiр шал балық аулап кәсiп етедi. Ол балықты жазда шанышқы, қыста қазамен аулаған. Бiрте-бiрте бұл өзекшеге қаза басушылар көбейедi. Осыдан келiп, қаза басқан өзекше «Қазалы» атанады. Түпкiлiктi қоныс көрiп жүрген Райым отрядына осы Қазалының қасы қолайлы болып, жұрт сол жерге қоныстана бастайды. Бұл жерге Бұқарадан, Хиуадан саудагер өзбектер, еврейлер, Орынбордан, Қарқаралыдан татар көпестерi келе бастайды. Сөйтiп, бұл жер сауданың үлкен пунктiне айналады. Қаланың тұрған жерiнiң төңiрегi егiн егуге, әсiресе бақша өнiмдерi үшiн қолайлы болады. Мұнда келген бұқаралық, хиуалық өзбектер бақшалықты өр­кендетiп, төңiрегiне ағаштар отырғызады. Сөйтiп, олар үйлер салып, кiшкене сауда пунктiн қалаға айналдырып, оның атын «Қазалы» деп атайды. (қараңыз: Өтебаев Т. Қазалы қаласы /қысқаша тарихы/// «Ленин жолы» газеті, 25 қазан, 1940ж.).

2) Бұл жерде әділ қазы­лығымен халыққа жаққан бір адамға байланысты «Қазы» атанып,  кейін «Қазалы» болып өзгерген… Ерте кезде осы өлкеде шалқыған көл болған, көл беті жүзген аққу мен қаздан көрінбеген, соған орай «Қаз елі» деп атаған дейді. (қараңыз: «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» кітабы.  Алматы, 2008ж.).

3) Шежіреші Өмірзақ Ахметов пен жорналшы Шайхыслам Серікбаевтардың айтуынша, он екі ата Байыұлының бірі – Алтынның Құсқұл, Қазалы, Шұңғыр және Жапалақ атты төрт баласы болыпты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезіндегі ел босып кеткен жаугершілік заманда Алтынның бір баласы – Қазалы әулеттері бір рулы ел болып Сырдың жағасында, қазіргі Қазалы қаласының орнында отырған. Олар шағын сауда-саттық базарын ашып, қалашық салады. Қалашық сол ру атынан «Қазалы» атанып кеткен.

Сондай-ақ, өткен жылдың мамырындағы «Қазалы» газе­тінің сайтында жорналшы Ұ.Талапбаева «Қазалы атауы қайдан шықты?» деген мақаласында «…Қазалы атауына байланысты мына бір болжам да арагідік айтылып қалады. Ол көне Жанкент шаһарына қатысты. Бұл қала­ның тарихы жайлы айтылар әпсана аз емес. Солардың бірі – Бегім сұлу оқиғасы. Бегім – Жанкенттің билеушісі Санжардың әйелі. Көрікті жарын қызғанған Санжар оның бір қолы мен бұрымын кесіп тас­тайды. Бегім сұлудың ақтығы дәлелденіп, қолы мен бұрымы бұрынғы қалпына қайта келген екен. Қызының жазықсыз зәбір көргеніне көзі жеткен Қарабура әулие күйеу баласы Санжарға налиды. Жазықсыз жабылған жаладан әйеліне опасыздық жасаған ханның қаласына жыландар шабуыл жасайды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандар көп болған екен. Сондықтан бұл аймақ Қазалы аталып кеткен» деген және бір  болжам келтіреді.

Ежелден «ел мен жер» деген егіз ұғым саналады. Сондықтан ел табан тіреген жерге атау беруде бабаларымыз барынша байыпты байлам жасаған. Осы жосықпен қарасақ, халықтық этимологияда өзен, көл, мал, құдық, қорым, ағаш, жылан, тарихи орындар, кейбір аңдар киелі саналады, яғни, тотемдер. Сондай-ақ, исламдағы құндылықтар жүйесін шариғат бойынша дін, ұрпақ жалғастыру мен тәрбиелеп өсіру, ақыл, өмір және жекеменшік сияқты 5 нәрсе құрайды. Көріп отыр­ға­нымыздай, өлім, ажал немесе қаза қасиетті емес, қасіретті нәрселер деп баға­ланған. Малға шабады деп атамыз қазақ қасқырды да тіке атамай «ит-құс» дегені белгілі. Олай болса, «Үкім Алланыкі, өлім пенденікі» болғанымен қазаны ұрпақ жадына сіңіріп, құрметтеуге ұмтылу қаншалықты қисынды? Сонымен бірге өлім-жітім тек қана осы аумақта көп болған деген тұжырым да орынсыз. Біріншіден, ондай статистикалық мәлімет жоқ. Болуы да мүмкін емес. Себебі, аталармыз өлімнен бұрын өмірді санаған, яғни, дүниеге келгендерді есепке алған. Сондай-ақ, Қазалы ауданынан басқа жерлерде өлі-жітім азырақ болды деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймас. Қазақтың бар даласы қан сасыған қайғылы кезеңдер аз болған жоқ тағдыр-талайымызда…

Жоғарыда келтірілген болжамның бірінде аудан атауын Қаз елі дегеннен таратады. Анығында, Қаз елі деген ұғым жалпы қазақ атауының этимологиясына да қатысты жиі айтылады. Бұл жөнінде әйгілі ғұлама Әлкей Марғұлан «қазақтар арабтар келмей тұрып Арал, Каспий теңізінің төңірегінде хазарлармен байланыста болған. Н.Я.Мар мен Б.Грозный келтірген «қаз», «хаз» сөзі екеуіне бірдей…» деп тұжырымдайды. Одан әрі осы еңбектен «…Тарих осы замандарда Қазақия құрамында қазіргі қыпшақ тектес қарашай, балқар, құмықтардың арғы бабаларының да болғанын, бәрінің қазақ атауымен қауым­дасқанын ортаға тартады» деген деректі кездестіреміз. Қысқасы, «қаз елінен» басқа емес, «қазақия» деген этноним құралып тұр. (қараңыз: Қазақ шежіресі. Алматы, «Атамұра», 78-79 бет)

Осы сияқты бір рудың ата­уына орайластырып қойылды деген де жаңсақ пікір болса керек. Себебі, бір рудың ұранының өзі бірнеше рет өзгергені тарихтан белгілі. Егер аумаққа Алтын руының төрт баласының бірі – Қазалының есімі берілсе, онда соншалықты құрметке ие болған тұлға жөнінде ел ішінде неліктен деректер, аңыз-әпсаналар сақталмаған. Ныспысының өзі нақты емес. Кейбір шежіре нұсқасында әдепкі есімімен қатар Қазала деп те қоса айтылады. (қараңыз: З.Сәдібеков «Қазақ шежіресі», Ташкент, 1994ж., 114 бет)

Бұған қоса айтарымыз көптеген шежіре нұсқаларында Алтын руынан тарайтын ұрпақтың бірінің есімі Қазалы емес, Көкала (лақап аты – Сарым). Жоғарыдағы авторлар айтқандай, Қазалы деген есім кездеспейді. (қараңыз: М.Ниетәлиев «Кіші жүз ше­жіресі».  Алматы, Арыс бас­пасы, 157 бет)

Әділінде, қайсыбір жора­мал-болжамның өмір сүруге хақы бар. Дегенмен, жоғарыда аталғандардың бәрі дерлік аңызға табан тіреген және Қазалы атауы қолданысқа енгеннен кейін, сол атауды тарихи негіздеу үшін ойлап табылған болжам-тұспалдар секілді. Ал осы атауға дейін ел ішінде пайдаланылып келген Қазалы топонимі болды ма? Аудан атауының шығу төркініне осы тұрғыдан келген жөн деп санаймыз.

Күні бүгінге дейін бұл атауға қатысты «қаза» деген балық аулайтын құралға негізделіп қойылған деген пікір үстем болып келгенін жоғарыда атап өттік. Әдетте, тарихи мәліметтерді сараласақ, балық шаруашылығы тек Қазалыда ғана емес, «қара­шек­пенділер» (орыс шаруа­лары) келіп орналасқан басқа өңірлерде де тез дамып отырғанын көреміз. Себебі, мал шаруашылығы мен сауда-саттықтан гөрі балық аулау орыстардың жетік меңгерген кәсібі болатын. Алайда, келімсектер шоғырланған жерлерге берілген жаңа атаулар жергілікті жер-су атауларымен байланысты қойылды. Мысалы, Тобыл өзеніне байланыс­ты Тоболск қаласы, Торғай өзеніне байланысты Торғай қаласы, Жетісу өзендерінің жиынтық атауымен Жетісу өңірінің атауы, Ырғыз өзенінен Ырғыз уезі, қоқандықтар салған Ақмешіт атауынан Ақмешіт (кейін Перовск форты болып өзгертілді) қалашығы т.б. с.с. жаңа топонимдер пайда болды. Ал балық шаруашылығы өндірістік көлемде қанат жаймай жатып-ақ әуелі форттың, кейіннен уездің атауы балық аулайтын және балықшыларға бұрыннан таныс бір ғана құралға байланысты қойылды деген пікір еш қисынға келмейді. Көршілес Қармақшы ауданының атауы да балық аулайтын құралға қатысты емес, ол – жалқы есім, яғни, адамның есімі. Тағы бір мысал. Бүгінде Енисей бойын жайлаған 50 шаршы шақырымға бір ғана адамнан келетін және тұрмыс-тіршілігінің көзі аңшылық пен балық аулау кәсібі ғана саналатын эвенкилерде өзен үлкен маңызға ие. Олардың жер-су атаулары көбіне өзенге және содан ауланатын балықтың түрлеріне байланысты қо­йылған. Мәселен, хариус – эвенкише ниру деп аталады, Ниролда өзені атауы осыдан шыққан. «Сібірдің алтынына» бағаланатын таймень балығын эвенкилер – дели деп атайды екен. Осыған байланысты Делмоно (таймень тауы) деген тау бар. Топонимдерінде біздегі «Шортанды» деген сияқты оларда да Гуткен (эвенкилер шортанды осылай атайды) аталатын өзен де кездеседі. Ал енді осы атаулардың арасынан балық аулайтын құралға қатысты қойылған стратегиялық маңызды бірде-бір елді мекеннің атауын табу қиын.  Қалай десек те, жер-су атауларының түп-төркінін анықтауда мүмкіндігінше та­рихи-этимологиялық тәсілге арқа сүйегеніміз абзал.

Тарихи деректерге қарасақ, орыс билігі тұсында «Қазы­алқа» деген топоним болған. Ресми құжаттар айналымында орыстар осы өзен атауын «Казалинск» деп өз тілдеріне бейімдеп алғанға ұқсайды. Енді осы пікірімізді нақты тарихи-этимологиялық тұрғыдан дә­лелдеп көрелік. Мәселен, Қазалының ресейлік патша әкімшілігі билігі тұсында уез орталығы деген мәртебе иеленгені баршаға белгілі. Бұл мәртебе ауданның сол кезеңдегі әскери-стратегиялық маңызын білдірсе керек. Уез орталығы болғандықтан да аталған аумақ саяси-экономикалық және әлеу­­меттік-мәдени өркендеудің ұйыт­қысына айналды. Өңірдің тарихы мен мәдени даму ерекшеліктеріне,  фаунасы мен флорасына, географиялық орна­ласуына, халқының тұр­мыс-тіршілігіне деген ше­тел­дік, әсіресе, ресейлік ғалым­дардың, саяхатшылар мен әскери мамандардың қызы­ғушылықтары күшейді. Олар қалдырған жазба материал­дар­дың бірінен «Қазалы» сөзінің этимологиясына байланысты қызғылықты пікірді оқуға болады…  

Қазалы атауына қатысты кезінде өзі уездік басқармада жауапты қызмет атқарған және ел мен жер тарихына айрықша қызығушылық танытып, алғаш рет Жанқожа бабаның тұлғалық қасиеттері мен батырлығы жайлы «Қазақ батыры Жанқожа Нұр­мұхамедов» деген кітап (Қазан қаласы, 1894 жыл) жазып шығарған И.Аничковтің пікірі өте қисынды. Ол 1889 жылы Тәшкеннен басылып шыққан «Солтүстік Түркістан халқының өмірінен очерктер» деп аталатын жинағының «Ұмытылған өлке» («Забытый край») атты бөлімінде «Казалинск, основанный в 1850 году, в виде форпоста речки «Казалки», для наблюдения за двумя переправами хивинцев через Сыр-Дарью, у Джанкалы и Кара-тюбе, был в 1853 преобразован в форт №1, куда с упразднением Аральского укрепления на Раиме в 1855г. было перенесено все военное управление. А в 1867 году сделанный уездным городом Сыр-Дариньской области, стал маленьким центром обширного степного пространства, заключая в себе почти все Кара-кумы, часть Кызыл-кумов, низовья Сыр-Дарьи, сея истоками Куваном, Джаман и Яны-Дарьями вплоть до Аральского моря. Основанный, главным образом, чисто военными целями, он, впоследствии, с устройством Аральской флотилии и развитием торгового транзитного движения между Оренбургом и Средней Азией, играл в Туркестане очень значительную роль» деген нақты мәлімет береді. Осында автор қала атауының Казалка (қазақшасы – Қазыалқа болуы керек-Н.М.) деген шағын өзенге байланыс­ты қойылғанын бірінші кезекте тілге тиек етеді. Ол сондай-ақ, өз пікіріне негіз болған деректердің бірқатарын уезде 20 жылдай сот (мировой судья) қызметін атқарған, қазақ тілі мен жергілікті халықтың салт-дәстүрлерін жақсы меңгерген және дүниеден өткенше (1898ж.)  тұрғындармен тығыз араласқан С.М.Лашиннен ал­ғанын ашық айтады. Жи­нақты соның рухына арнап жазғанын келтіреді. Бұған қоса, И.Аничков осы кітабында «Қазалыда халық саны 26 мың шамасында екенін, олардың басым бөлігінің ерте кезден-ақ жер өңдеумен айналысқанын, ата-бабаларының осыдан 200 жылдай уақыт бұрын Түркістан мен Қаратау жақтан көшіп келгенін өлке тарихын жақсы білетін адамдардан естігенін айтады. Егер біздің пікіріміз көпшіліктің ойынан шығып жатса,  «Қазалы» ауданының атауын тарихи қателікті жөндей отыра, «Қазыалқа» ауданы деп өзгертуді ұсынамыз. Болмай қоймайтын жаңалықты немесе құбылысты меңзегенде бабаларымыз «таң атпаймын дегенмен күн қоймайды» дейді екен. Ауданның атауын өзгерту бүгінде оңай жұмыс емес екені де белгілі. Бірақ, соны желеу етіп біз неге өзіміз атқармаған күрделі жұмыстардың бар­лығын кейінгі ұрпақтың мо­йнына жүктей салуымыз керек? 

Әрине, қазіргі эконо­ми­калық қиыншылық тұсында аудан атауын өзгерту мәселесін көтерудің өзі артық болар. Дегенмен, халықтың бірлігі мен Үкіметтің кәсібилігінің арқасында бұл жағдайды да  еңсереміз деген үміт басым. Біз асықпағанмен, естіген құлаққа үрей тудырып, ажал шақыратын  атаудан арылатын уақыт бәрібір келеді. Ерте ме, кеш пе тарихта кеткен қателік түзетілуі тиіс деп санаймыз.

Нұрлыбек Мыңжас,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<