Қазақ тарихындағы XVIII ғасыр

11736

0

Қазақ Елі өзінің үш мың жылдық тарихында бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірлер мен кезеңдерді басынан өткергені белгілі. Олар мыналар – Скиф-сақ дәуірі (б.з.д.VIII – IV ғғ.), ғұн-үйсін дәуірі (б.з.д.III-б.з.V ғғ.),  түрік дәуірі (б.з.VI-X ғғ.), оғыз – қыпшақ дәуірі (XI ғ.-XIII ғ. басы), Алтын орда дәуірі(XIII ғ. басы-XV ғ. ортасы), Қазақ хандығы дәуірі (XV ғ. ортасы-XIX ғ. алғашқы ширегі), одан кейінгі отарлық (XIX-XX ғ. басы), кеңестік (1917-1991 жж.) кезеңдер мен қазіргі тәуелсіздік кезең (1991-2021 жж.). Бұл дәуірлердің ортақ белгілеріне сабақтастық және үздіксіздік принциптері бойынша жалғасын тапқан бір этностың нақты бір кеңістік пен бірнеше мыңжылдарға созылған уақыт желісінде тек өзіне ғана тән тарихи, мәдени, рухани ортақ құндылықтарды қалыптастыруы мен оны дамытуы жатады. Сонымен қатар аталған әрбір тарихи дәуірдің өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері де бар. Әр кезеңде ел тарихы мазмұн жағынан байып, кейінге негіз қалап отырды.

Ел тарихындағы өзіндік алатын орны мен маңызы өте ерекше та­рихи дәуірге Қазақ хандығы дә­уірі жатады. Уақыт жағынан ал­ғанда бұған XV ғасырдың ор­тасы мен XIX ғасырдың бірінші ши­регі аралығы енеді. Ал әлемдік тарих тұрғысынан қарасақ, бұл ор­та­ға­сырлардың соңы мен  жаңа за­ман­ның алғашқы кезеңдерін қам­тиды.

Хандық дәуірдің уақыт шең­беріне ұлттық сипаттағы мемле­кетіміз Қазақ хандығының тарих мінберіне көтерілген кезі – XV ға­­сырдың ортасы мен XIX ғасыр­дың 20-жылдарының бірінші жар­ты­сында оның тарих көшінде қал­ған кезі жатады. Бұл үш жарым ғасырдан астам уақытты қамтиды. Осынша тарихы бар Қазақ хандығы дәуірін өз ішінде саяси тарихтың дамуына қарай шартты түрде екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бі­рін­ші кезеңге хандықтың бір ор­та­лықтан басқарылып тұрған жыл­дары жатса, Қазақ мемлеке­тінің бы­тыраңқылыққа ұшыраған жыл­дары екінші кезеңді құрайды. Керей мен Жәнібек хандар тұсынан Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі, яғни 1715 жылға дейінгі аралық хандық дәуірдің бірінші кезеңі болса, одан кейінгі Әбілқайыр, Қайып, Болат және Жолбарыс хандардан бастап екінші – бытыраңқылық кезең басталады. Қарап отырсақ, XVIII ғасырдың басынан қазақ тарихында хандық дәуірдің тұтастық кезеңі­нен бытыраңқылық кезеңіне өтуі болып, бұл үрдіс XVIII ғасырдың соңына дейін жалғасады. Тіпті те­реңдей түседі. Ақыры, XIX ғасыр­дың 20-жылдары қазақ мемле­кет­тілігі біржолата тарихтың көшінде қалады.

XVIII ғасырға тарихтың әр түрлі қырынан қарап, бірнеше си­пат­тамалар беруге болады. Біз тө­менде соларға назар аудара оты­рып, ең өзекті мәселелерін ай­қындап көрсетуге тырысып кө­релік. Алдымен, XVIII ғасыр­дағы қазақ мемлекеттілігінің жағ­дайы тұр­ғысынан қарастырсақ. Бұған дейін айтып өткеніміздей, Тәуке ханның өлімінен кейін біртұтас және бір орталықтан басқа­рыла­тын хандық саяси жағынан  быты­раңқылық күйге түседі де, елдің әртүрлі өңірлерінде бір-біріне ба­ғынбайтын бірнеше хандар пайда болады.

Тәуке ханнан соң билікте бол­ғандар Есім ханның бір ұрпағы  Қайып хан (1716-1718), Тәукенің үлкен ұлы Болат хан (1718-1723) қазақ қоғамында қалыптасқан іш­кі саяси қайшылықтарды ретке кел­тіре алмады. Орталық атқарушы билік әлсіз болғандықтан жер-жердегі беделді сұлтандар өздерін хан деп жариялап, дербес саясат жүргізе бастайды. Кіші жүзде Әбіл­қайыр хан, Ұлы жүзде оның туысы Жолбарыс хан Тәш­кенде отырып, дербес билеуші атанады. 1723-1725 жылдардағы жоңғар шап­қыншылығы қазақ қоға­мын­дағы қиын жағдайды одан әрі шие­леністірді. Түркістанда Болат ханның өлімінен кейін Тәуке хан­ның ұлы Сәмеке хан (1723-1737) таққа келеді, бірақ ол бір орта­лықтан басқарылатын мемлекеттік жүйені қалпына келтіре алмайды. Ал одан кейін Болаттың ұлы Әбілмәмбет хан (1739-1771) Түркістандағы тақты иеленеді. Кіші жүз бен Ұлы жүздің тайпалары өз хандарына бағынғандықтан, Түркістандағы Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың билігі бар болғаны Орта жүз аумағындағы ру-тайпаларға, оның ішінде олардың бір бөлігіне ғана таралады. Сол себепті олар бүкіл қазақтың Ұлы ханы емес, бар болғаны Орта жүз хандары деп атала бастайды.

Орта жүздегі саяси жағдай осы жылдары қиын әрі күрделі болатын. Әбілмәмбет хан негізінен арғын руларына арқа сүйесе, Сәмеке ханның ұлдары Сейіт пен Есім хан Түркістан қаласы мен оған іргелес елді мекендерде билік жүргізіп, Әбілмәмбет ханмен тайталасқа түседі. Осы жылдарда Орта жүздің тағы бір ірі саяси тұлғасы Барақ сұлтан найман, қоңырат, қаракесек руларын бас­қарып, бүкіл Қазақ еліндегі саяси шиеленістің отын одан әрі өршіте түседі. Барақ сұл­танның туған інісі Көшек хан (1750 жылы өлген) найманның садыр руын басқарып, Сайрам қаласында жеке-дара хан болып отырады.

Саяси жағынан бытыраңқы­лыққа ұшыраған елдегі осындай ішкі саяси жағдай көрші мемлекетке белгілі болатын. Батыстан ентелеп келе жатқан Ресей де, шығыстан әлсін-әлсін жорық жасап отырған Жоңғария да қалыптасқан саяси жағдайдан барынша пайда табуды көздейді. 1730 жылғы 30 қазанда орыс тілінде жазылған бір ресми құжаттың қысқаша мазмұны  саяси жағдайды былайша көрсетеді: «…40 мың түтіннен тұратын қазақтарды Әбілқайыр хан  басқарады, тағы да Барақ және Әбілмәмбет деген екі ханы бар. Олар Ұлытау мен Кіші тауды, Сыр, Сарысу және Торғай өзендерін, Қарақұм далаларын баш­құрттардан бір айлық жерде көшіп-қонып жүреді. Қазақтардың тағы мынадай қалалары бар: 1. Басты қаласы – Ташкент, оның билеушісі Жолбарыс хан, 2.Түркістан, онда Сәмеке хан отыр, 3. Сайрам, онда Көшек хан билік құрады…».

Көріп отырғанымыздай, Тәу­ке ханнан кейінгі 10-15 жыл ішін­дегі ішкі саяси жағдай өте күр­делі болып тұрды. Аталған алты ханның екеуі Әбілқайыр мен Жолбарыс хан Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жә­ні­бек ханның Ұзақ (Өсек) атты ұлы­ның ұрпақтары болса, қалған төртеуі Жәнібек ханның Жәдік атты ұлынан туған Шығай хан­ның ұрпақтары еді. Оның ішінде Барақ пен Көшек хандар Ондан сұлтаннан, ал Сәмеке мен Әбіл­мәмбет хандар Тәуке ханның ұлы мен немересі болатын.

Бұл хандармен қатар жекеле­ген сұлтандардың дербестігі XVIII ғасырдың 20-60-жылдары қазақ қоғамындағы ішкі саяси жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Солар­дың бірі, Шығай ханның Есім ханынан тарайтын Қайып ханның ұлы Батыр сұлтан Кіші жүздің Әлім тайпалық бірлестігіндегі жекелеген руларға хан болып, 1748 жылы Әбілқайыр ханның қазасынан соң, билікке таласады. XVIII ғасырдың ортасына таман Орта жүзде Есім ханның Жәңгір ханынан өсіп өнген Абылай сұлтанның атағы жер жара бастайды.

XVIII ғасырдың екінші жарты­сында қазақ қоғамындағы саяси бытыраңқылық одан әрі өрши түседі. Кіші жүз аумағында Әбіл­қайыр ханның ұлдары Нұрәлі хан мен Айшуақ сұлтан, Орта жүз аумағында Сәмеке хан ұлдары Есім хан мен Сейіт хандар, Әбілмәмбет ханның ұлдары Әбілпейіз, Тәуке, Болат хандар, Барақ ханның ұлда­ры Бөкей, Дайыр сұлтандар және тағы басқа билеуші әулет өкілдерінің ұрпақтары әр аймақ­тарда жекелеген ру-тайпалардың билеушілері бо­лып, өздерін дер­бес ұстайды. Мұ­ның бәрі XVIII ғасырдағы қалып­тасқан саяси жағ­дайдың нақты  көрінісі болды.

Бытыраңқылық кезеңнің баста­луы мен тереңдей түсуі көршілес елдердің, әсіресе Ресей империясы мен Жоңғар хандығының Қазақ еліне қатысты сыртқы саясаты­­ның белсенділігін арттырды. 125 жылдай тарихы бар қазақ-жоң­ғар қатынасының соңғы 40 жылында Жоңғария тарапы саяси ахуалды жақсы пайдаланып, өзінің басқыншылық саясатын белсенді жүргізеді. Өте ауыр жағдайда бол­са да, қазақ халқы оған төтеп бере алды. Ал, осы қатынастың соңғы 10-15 жылдығында екіжақты қаты­нас арасындағы белсенділік қазақ­тар жағына өтеді. 1745 жылдан ке­йін Жоңғариядағы саяси дағ­дарыстарды пайдаланып, Абылай ханның басшылығымен өз жер­лерін азат ету күресіне шығып, оны жеңіспен аяқтайды.

Ал Ресей болса, өз ойын дип­ломатиялық жолмен ақырын жүр­гізеді де, XVIII ғасыр соңына таман үлкен жеңістерге қол жеткізді. XVIII ғасырдың басынан басталған қазақ билеушілерін өздеріне тә­уелді ету бағытындағы Ресей сая­сатына назар аударалық.

Түпкі мақсат I Петр патшаның тұсында-ақ айқындалған болатын.  А.Тевкелевтің жазбаларында «..Ұлы Петр 1722 жылы парсы жоры­ғына аттанған жолында Аст­раханда болғанда, бірқатар адам­дардан естіп білген және бұл Қазақ Ордасы көшпелі және тұрақсыз халық болса да, оның жері бүкіл Азия елдеріне жол ашатын кілт пен қақпа. Сондықтан қазақ жерлері Ресей қоластына болуы қажет…» деп айтылады. 1731 жылғы ақ­пандағы Анна Иоановнаның жарлы­ғынан кейін Ресей Қазақ елін толық бағындыруға бел шеше кірі­седі. Ол  бұрынғы Алтын Орда аумағында пайда болған мемле­кеттер Қазан, Астрахан, Сібір хан­дықтарын, Ноғай Ордасын бағын­дыру барысында жинаған бай тәжіри­бесін мұнда да қолданады.

Қазақ жерін жаулау мен халқын отарлау үшін Ресейге алдымен, мемлекеттілікті жою қажет болды. Бытыраңқы күйдегі мемлекетті жою үшін Ресей мынадай қадам­дарды рет-ретімен жүзеге асыра бастайды. Бірінші қадам ол – билеушілерден ант қабылдау және аманат алу, екінші қадам – бұрынғы билеушінің орнына отырған жаңа билеушіні бекіту құқығын иелену, үшінші қадам жаңа билеушіні таңдау және тағайындау құқығын  иелену болды. Міне, осының бәрін XVIII ғасыр бойы біртіндеп жүзеге асырады. 

Алғашқы жасаған қадамы – би­леуші топ өкілдерінен орыс пат­шасына адалдығы жөнінде ант алу мен олардың бір-бір ұлын аманат ретінде ұстап отыру. Тарихтан белгілі Кіші жүз ханы Әбілқайыр ұлдарының бірі Ералы сұлтанды, немере туысы Нияз сұлтанды 1733 жылы 23 қарашада аманатқа береді. Сол жылдардағы Орта жүз ханы Сәмеке 1731 жылдың желтоқсанында ант бергенімен, аманатқа адам беруге  асықпайды. Сәмекеден кейін хан болған Әбіл­мәмбет те (1738-1771) ант береді, бірақ аманатқа адам бермейді.

XVIII ғасырдың 40-жылдары­ның соңында екінші қадамды жүзеге асыра бастайды. Ол – ха­лық өкілдері сайланған жаңа хан­ды бекіту құқығын өз қолына алуы. Бұған дәлел ретінде Әбіл­қайыр ханның мұрагері Нұра­лыны Ресейдің хан деп бекітуі жатады. Егер XVIII ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ-орыс қатынастарында Кіші жүз ханы Әбілқайыр, одан кейін Орта жүз ханы Сәмеке Ресей тарапынан мойындалса, арада өткен 15-20 жыл ішінде жағдай біршама өзгереді. Қазақ жерінде Жоңғар факторының күшеюі мен Ресей ықпалының өсуі қазақ мемлекеттілігін одан әрі әлсіретіп, билеушілердің беде­лін төмендетіп жібереді. Оны Әбіл­қайыр ханның қазасынан кейін Кіші жүзде жаңа хан сайлаудан  нақты көреміз. 1748 жылғы 3 қыр­күйекте Орынбор губернаторы И.Неплюевтің Сыртқы істер ал­қасына жазған рапортында: «Қа­зақтарға түсіндіріп айтыңдар, егер олар хан сайлайтын болса, жаңа ханды патша ағзам бекітеді, сон­дықтан, патша ағзамға тиісті өтініш беріңдер» деп, Әбілқайыр ханның отбасына бара жатқан өз адамдарына тапсырма бергенін мә­лімдейді.  Ал 1749 жылғы 2 ма­мырда Ресей императорының Нұ­ралы сұлтанды хандыққа бекіту туралы жарлығы шығып, онда «..Нұралы қазақтың ханы болып бекітілді… Жарлықты іс­ке асыру мақ­сатында Орынбор губер­наторына: «Нұралыға арнал­ған алтынмен жа­зылып, лавр жа­пырағымен зер­ленген куәлік, бұлғын жағалы оқалы шапан, аты жазылған өр­некті қылыш, қара түлкіден бөрік берілсін; Сал­танатқа қатысатын халыққа сойыс жасау үшін бірнеше сиыр мен қой дайындалсын, ыстық шарап, сыра мен бал бөлінсін» делінген. Ал 1749 жылғы 2 қа­рашадағы ресми құжатта: «1749 жылы 10 шілдеде Нұралы хан Орынборда сұлтандар, ел ағалары мен халық жиналысында қазақтың ханы болып жарияланды. Хан сайлау рәсіміне байланысты құрмет көрсету үшін қазынадан 2380 руб. 69 т. қаражат жұмсалды» делінеді. 

Кіші Жүздегі саяси отарлаудың келесі қадамына халықтың хан сайлауын өзгертіп, оның орнына ханды тағайындау құқығын пат­шаның өзі иеленуі жатады. Ресей ықпалының Кіші жүз аума­ғында одан әрі артуы оның Қазақ мем­лекттілігін жоюмен қатар жүреді. Нұралы ханды көзі тірі­сінде билік­тен шеттетіп, ешбір сай­лау­сыз оның інісі Ералыны хан етіп тағайындайды. 1794 жылы Ералы хан қайтыс болып, Нұра­лының тұңғыш ұлы Есім таққа отыр­ғызылады. Тарихшы Ж.Қа­сымбаевтың пікірінше, Есімнің таққа келуіне Орынбордың жаңа басшысы Вязьмитинов көп күш салады, өйткені Есім Әбілқайыр ханның көп ұрпақтары арасындағы әлсіздеу, көзге түспеген, ешқандай айрықша белгілерімен байқала қоймаған тұлға болатын. Хандарды алып тастау мен өзі қалаған адамын хан етіп тағайындау – Ресейдің мақсат жолындағы ірі жеңісі болды.

Орта жүзде 1771 жылы Әбіл­мәмбет хан қайтыс болып, орнына Абылай ханды халық сайла­ғаны­мен, Ресей оны мойындамады. Оған басты себеп Абылайдың «тәкаппарлығы» мен дербестігі болды. Бірақ император Абылайды 1778 жылы хан ретінде мойындап, жарлық шығарады. Ал әкесінің орнына хан сайланған Абылайдың үлкен ұлы Уәли хан Нұралы хан секілді 1781 жылы II Екатеринаға өзін хандыққа бекітуін өтініп хат жазады. Уәли ханның өтініші орын­далып, ол Ресей тарапынан хан болып бекітіледі. Көріп отыр­ғанымыздай, Орта жүзде де Ресей өз ойын толық іске асырады. Кейін XIX ғасырдың басында ақыры, XIX ғасырдың 20-жылдарында Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билікті біржолата жою арқылы қа­зақ же­ріндегі мемлекеттілікті толы­ғымен күйретеді.

Қазақ тарихындағы XVIII ға­сырды Ресейге тәуелділікке ұшы­рау ғасыры деуге болады. Қазақ хандығы тарихында XVIII ғасырды Ш.Уәлиханов: «…Абылай ғасыры қазақ рыцарьлығының ғасыры бо­лып табылады» деп бағалаған болатын. Олай болса, XIX ғасыр­дағы қазақ ғалымының осы ойын негіздеп көрелік.

Жалпы, қай ғасырда болмасын қазақ қоғамында батырлардың көп болғаны белгілі. Дегенмен, XVIII ғасырда көп болуының өзіндік себебі де жоқ емес. Ол жоғарыда қарастырып өткен мем­лекеттілікпен, орталық билікпен тікелей байланысты. Сол себепті біз төменде осы ерекшелікті көр­сетуге тырысалық.

Бір орталықтан басқарылатын мемлекеттілік құрылым болған жерде оның орталық билігі де болады. Ал орталық билікті иелен­ген тұлғаның қоғам алдында құ­қығы мен міндеттерінің бола­тыны белгілі. Қазақ хандығы дәуі­ріндегі биліктің Алтын Орда кезе­ңіндегімен тікелей тарихи сабақтастығы болғандығын ешкім де жоққа шығармайды. Өз кезегінде Шыңғыс хан негізін қалаған моң­ғолдық хандық билік жүйесі өзіне дейінгі көне түріктердің, ал ол болса, біздің заманымызға дейінгі ғұндардың билік жүйесімен бай­ла­нысып жатыр. Ондай бай­ла­ныстар тер­риториялық, тілдік, мә­­дени, эко­номикалық, этника­лық фак­­торлармен қатар, билік жүйе­­сінің сабақ­тастығынан да кө­рінеді. Ежелгі ғұндардағы, кө­не түрік­тердегі және Шың­ғыс­­хан заманынан бергі моңғол­дар­дағы билік жүйесіндегі жоғары билеу­шілердің атақ-лауазым­да­рындағы (титулатура) ортақ белгіге мем­лекеттің негізін қалаған тұлға бойында, яғни әулеттік биліктің негізін қалаған адамның бол­мы­сында киелі қасиеттерінің бол­ған­­дығына сол замандардағы қо­ғам мүшелерінің толығымен сенуі жатады. Бұл оны өз заман­дас­тарынан ерекшелеп, тумысы бөлек, небір асыл қасиеттерге ие етіп көрсетеді. Ал ұрпақтары уақыт өте келе тұлғаны одан әрі дәріптеп, оның жаратылысын ерекше тылсым, құ­пия, адам таң­ғаларлық ғажайып құбылыс­тар­мен байланыстырады да, қоры­тындысында оның дүниеге келуі Көктің (Аспанның, Тәңірдің, Жа­ратушының) қалауымен жүзеге асқан деп есептейді. Оның жер бетіндегі негізгі міндеті адам­дарды басқару, оларды бақытты ету болған деп айтылады. Ең бас­тысы, ежелгі және ортаға­сырлардағы адамдар сол заман­дағы билік жүйесіне жә­не оның ең жоғары сатысындағы тұлғаның заңдылығына құдайдай сенген.

Билеуші әулеттің негізін қа­лаушы тұлға тірі кезінде өзінің атақ-лауазымына немесе қайтыс болғаннан кейін оның тікелей мұ­рагерлері өздерінің атақ-лауазым­дарына Көктің Ұлы екендігін және тағы басқа осындай сипаттағы қасиеттерін қосып жазып отырған. Мұндай дәстүр скифтерде, сақтар­да, ғұндарда, түріктерде және моң­ғолдарда сақталған. Мысалы, б.з.д. VIII ғасырда қазақ жерінде өмір сүрген скифтердің түпатасы Тарғытай деген кісі болып, оның үш ұлының кішісінде ерекше қа­сиет болады да, билік ету құқығы соған ауысады. Ал ежелгі ғұн­дардың жоғары билеушілерінде  «Көк­тің қалауымен тағайындалған Ұлы шаньюй», «Аспан мен Жер­ден жаратылып, Күн мен Айдың қалауымен тағайындалған  ғұнның Ұлы Шаньюйі»,  көне түріктердің қағандарында «Көктен жаралған ұлы Түріктің, ақылды әрі қасиетті Көктің ұлы» немесе «Көктен жа­ралған кемеңгер Көктің ұлы, түрік қағаны» атты атақ-лауазымдар бол­ған. Ал  Шыңғысхан  «Мәңгі Көктің күшімен, Көк пен Жер­дің қолдауымен даңқымды асырып, көп рулы елді өз билігіме бағын­дырдым» деп жария­лайды, Гүйік қағанның 1246 жылғы Рим папа­сына жіберген жолда­уын­дағы  мөр­де «Мәңгі Көктің күшімен, шек­сіз Моңғол импе­риясы ханы­ның жарлығы» деп жазылғандығын  айтады өз зерттеуінде ресейлік тарихшы В.В.Трепавлов. Одан әрі автор ғұн-түрік-моңғол билеуші­леріндегі биліктің пайда болуының сатыларындағы ұқсастықтарды бы­лайша тұжырымдайды:

1) Көк (Аспан) пен Жер билікке лайықты үміткерді таңдайды;

2) Оны Жер дүниеге әкеледі, Көк (Аспан) тағайындайды және қорғайды;

3) Көк қағанға күш береді және оның алдына қойған міндеттерді шешу үшін оған мүмкіндіктер бе­реді;

4) Көк қағанның барлық істе­ріне жәрдем береді;

5) Көк қаған мен оның мұра­герлерінің қуатына кепіл болады;

6) Қаған мемлекет құрып, оның және өзінің тағдырын Көкке тапсырады. Мұның бәрі ғұндар мен түріктердің идеясымен сәйкес келеді».

Бұдан көріп отырғанымыздай, ежелгі және ортағасырларда Еура­зияның далалық бөлігінде империя деңгейінде мемлекет құрған ежелгі ғұндардың, көне түріктердің және моңғолдардың билеуші әулеттері өз биліктерін Көктің құдіретімен жүзеге асқан деген сенімдер арқылы идеологиялық негіздер қалайды. Қазақ хандығы дәуіріндегі хандық билік жүйесі де осы идеологиялық негіздерге сүйенеді. Жалпы қорыта айтқанда, Ұлы Даладағы жоғары билік билеушілерге Жаратушының жарлығымен берілген деген түсінік халық санасына сіңдірілген.

Сонымен қатар, қазіргі кезеңде зерттеушілер жоғары билікті иеле­нушінің қандай құқықтары болса, соған сай міндеттері болатынын көрсетіп жүр. Ежелгі ғұндардағы жоғарғы билеуші шаньюйдың құ­қықтары мен міндеттерін С.Г.Кляш­торный былай деп түсін­діреді: а) ғұндарға тиесілі барлық жерлерді, мемлекеттің барлық аумағына басқару құқы болды, соған сай осы аумақтың бәрін қорғау міндеті болды, б) соғыс жариялау және бейбіт келісім жасау құқы мен әскерге жеке басшылық жасау міндеті, в) барлық сыртқы қатынастарды бір қолда ұстау құқы мен мемлекеттің сыртқы саяси бағытын анықтау міндеті, г) бағыныштылардың әрқайсысын өлімге кесу мен өмірін сақтау құқы мен жоғары сот міндеті».

Көне түріктер тарихын руни­калық жазба ескерткіштерінің мә­ліметтері бойынша зерттеп, күр­делі зерттеулер жүргізген ірі маман С.Г.Кляшторный түрік қа­ғандары жөнінде өте жақсы сипаттамалар береді. Ол «Орхон ескерткіштеріндегі қаған бейнесі» атты көпшілікке танымал ғылыми мақаласында қағанның билеуші әулеттің жетекшісі бола тұра, сонымен бірге  жоғары көсем, сот және абыз, әскердің қолбасшысы міндеттерін атқарғандығын айта келе, олардың да құқықтары мен міндеттерінің  ғұн шаньюйлерінің құқықтары мен міндеттеріне сәйкес келетінін жазады.

Т.Сұлтанов та өз зерттеу­ле­рінде Алтын Орда хандарының құқықтары мен міндеттерінің ғұн шаньюйлері мен түрік қаған­да­рымен сәйкес келетінін айтады. Ал өз кезегінде біз дәл осындай ұқсастық пен сабақтастықтарды Алтын Ордадағы және Қазақ хандығындағы билік арасынан көреміз. Олардың ежелгі ғұндар шаньюйлерінің, одан кейінгі көне түрік қағандарының құқық­тары мен міндеттерімен тікелей бай­ланысын байқаймыз. Т.Сұлтанов Алтын Орда хандары мен қазақ хандарының құқықтары мен мін­деттерін ешбір айырмасыз, бірдей деп көрсетеді. Оның дә­лелдеп көрсетуі бойынша алтын­ордалық хандар мен қазақ хан­дарының кем дегенде 5 құқығы мен тікелей солардан туындайтын 5 міндеті болған. Олар мыналар:

1. Хан билеуші әулеттің бас­шысы және барлық қазақ тайпа­ларының ең жоғарғы сюзерені ре­тінде хандықтың барлық аума­ғына, ұлыстарға қарасты барлық жерлерді басқаруға құқылы болды, ал соның салдары ретінде оның ең басты міндетіне сыртқы жаулардан елді қорғау жатты.

2.Ханның соғыс жариялау және бейбіт келісім жасау құқы болды, одан әскердің бас қолбасшысы болу міндеті туындайды.

3.Ханның шет елдермен ке­ліс­­сөздер жүргізуге құқы болды, соның салдары ретінде мемле­кеттің сыртқы саяси бағытын анық­тау міндеті жатты.

4. Ханның қоластындағыларды өлтіруге немесе тірі қалдыруға құ­қы болды, оның салдарына жоғары сот міндетін жүзеге асыру жатты.

5. Ханның заң шығару және  қоғамның барлық мүшелеріне ор­тақ жарлық шығару құқы болды, ол құқықтан ханның өмір сүріп отырған қоғамдық құрылысты жә­не тәртіпті сақтау міндеті туын­дайды.

Жоғарыда айтылған ойлары­мыз­ды түйіндей келе, мынадай ортақ қорытынды жасауға болады. Қазақ жерінде әр замандарда билік құрған билеушілер ең алды­мен елдің басшысы, жердің иесі құ­қығын иелене отыра, елдің бірлігін сақтау мен жердің тұтастығын қорғау міндеттерін атқарған. Ол үшін барлық әскерге қолбасшылық жасау құқығы берілген. Менің ойымша, Керей мен Жәнібек хан­дардан Тәуке ханға дейінгі қазақ хандары бұл құқықтары мен мін­деттерін абыроймен орындаған деуге болады. Олар елді біріктіріп, ру-тайпа батырларына сенім артып, оларды ортақ мақсатқа бағыттай білген. Қазақ хандығының бір ор­талықтан басқарылатын кезе­ңінде жеңіс те, жеңіліс те ханның атында болып, батырлар есімі көлеңкесінде қалып отырған. Сол себепті хандықтың тұтастық ке­зеңінде батырлар есімі жазба дерек мәліметтерінде өте аз кездесіп отырған.

Қазақ хандығы бытыраңқы­лыққа ұшырап, бірнеше хандар пайда болып және олар бір-бі­рімен алысып-жұлысып жатқан кезеңде ел бірлігін сақтау мен жердің тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін орталық билік ат­қара алмай, бұл міндет қазақ ру-тайпаларындағы батырлардың иығына түседі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ мемлекеттілігі XVIII ғасырда құлдырай бастаған тұста ел мен жерді қорғау ісін батырлар атқарады.  Сол себепті де XVIII ғасырдан бастап қазақ қоғамында батырлар шоғыры көп­теп шыға бастайды. Бұл заңды үдеріс болатын. Ел мен жерді қор­ғауды ұйымдастыру, оған бас­шылық жасау бұрын биліктің мін­деті болса, енді батыр­лар­дың үлесіне тиеді. Қазақтың жүз­деген батыры XVIII ғасырда жоң­ғарлармен елі мен жері үшін со­ғысса, XVIII ғасырдың 40-50-жыл­дары Абылай ханның  ақ туы астына бірігіп, қазақ жерін азат ету үшін күресті.

XVIII ғасырдағы қазақ жасақ­тары ру-тайпалық принцип бо­йынша жасақталғандақтан, әскери топтарға  тек сол рудан шыққан өкіл батыр ғана қолбасшылық жасаған. Қазақ халқының үш жүзінде 43 ірі тайпа болып, олардың әрқайсысы өз ішінде 12 рудан тұрған. Әр ру тағы да өз ішінде рулық бөлімдер мен бөлімшелерге бөлінеді. Олардың бәрінен жасақтар құралып, сол бөлім мен бөлімшенің, сол рудың ішінен әбден көзге түсіп шың­далып шыққан  тұлға ғана қолбас­шылық еткен. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Албан Райымбек, Шапырашты Наурызбай, Керей Ер Жәнібек, Тама Есет, Табын Бөгенбай, Арғын Олжабай, Уақ Баян, Матай Бөрібай, Садыр Алдияр, Жаппас Баймұрат, Шекті Бақтыбай, Шақшақ Жәнібек, Сіргелі Есіргеп және тағы басқа жүздеген батыр XVIII ғасырда жоңғарларға қарсы күресте қол бастап, ру, тайпа, жүз және бүкіл қазақ әскеріне басшылық жасаған, жеңіске жеткен тұлғалар. Сол себепті XVIII ғасырды батырлар ғасыры деп атау өте орынды.

Айтылған ойларымызды түйін­дей келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Біріншіден, XVIII ғасыр­дың қазақ тарихында өзіндік алатын орны ерекше, өзекті мәселелері өте көп. Бұл кезең – бір орталықтан басқарылатын мем­лекеттілігіміздің бытыраң­қылыққа түсіп, оның те­реңдей түскен және соның салда­рынан Ресей империясының ота­рына айнала бастаған ғасыры. Екін­шіден, XVIII ғасыр қазақ та­рихында Шоқан айтқандай, ры­царьлық немесе батырлық ғасырға жатады. Мемлекеттік биліктің ең басты құқығы мен міндеті елді басқару мен оның жерін қорғау болып, оны орындай алмаған кезде, ол міндетті батырлар мен билер атқарады. Олар бұл міндетті Абылай ханның басшылығымен абыроймен орын­дайды. Соған байланысты осы ға­сырда жүздеген батыр пайда болады.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

 әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<