Құнды жәдігер Тереңөзекте тұр

1219

0

Абай десе, елең етпей­тін қазақ жоқ. Оның поэ­зиясы, философияға толы қара сөздері, шығармалары, бәрі-бәрі тура жолға бастайды, адалдық, адамгершілік, имандылыққа үндейді. Қандай мәселе болсын, түйінін іздесең Абайдан табатының анық.

«Ауданда Абай тұтынған жиһаз бар» дегенді естігенде көңіліміз соған ауды. Дереу аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, қазақ ойшылының ұстаған дүниесін көрдік. Сол кездегі кітап салатын шкаф. ХХ ғасырда жасалған дүние бізге жетіп отыр. Аздап тозыңқыраған, бірақ әуелгі қалпы сақталған. Көзбен көрген соң бұл құндылық «сонау Арқадан Сыр өңіріне қалай жетті?» деген сауал туындап, тарихына үңілдік. Оны бізге өлкетанушы Жәнібек Маханбет тарқатып, қағазға түсіріп берді.

Заманында Құнанбай қажы қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің атасы Әуезді еліне діни бағытта білім беру үшін шақырғаны тарихтан белгілі. Осы кісімен бірге Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың ішінде бүгінгі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма елді мекеніндегі «Азат» деген жерден Дәрібай есімді жігіт болған. Арқаға барғанда сырбойылық діндар жігіт Құнанбай әулетінен шыққан Тұрған есімді қызбен тіл табысады. Алайда, қыздың әулеті жалқы жігітке қыздарын бергісі келмейді. Сол арада Дәрібаймен пікірлес азаматтар екі жасқа жарамды екі ат тауып беріп, оларды жасырын түрде Сыр еліне аттандырыпты.

Қос ғашық елге аман-есен жетіп, отау құрып, үйлі-жайлы болады. Олардан Құлжан, Тас­жан, Қосжан есімді ұлдары, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді қыздары дүниеге келген. Қазақы салт бойынша тұрмысқа шыққан қыз балалы-шағалы болып, қолдары өз аузына жеткенде ғана төркіндеп баратын болған. Сол үрдіспен Арқаның қызы еліне баруға қамданады. Әрине, ұзақ жолға барлық ұл-қызын ертіп бара алмайды. Өзімен бірге ұлдарының ішіндегі болымдысы Тасжанды алып кетеді. Өз жұртына төркіндеп барғанда Абайдың дүние­ден озған кезі екен.

Тұрған ағайын-туыспен көрісіп, ел жағдайына қанық болады. Сол арада төркін жұртына ұлы Тасжанның алғырлығы ұнаса керек. Сыр еліне қайтар шақта оған арнайы «жиен сыбаға» деп, нағашысы Абайдың кітап сөресін сыйлапты. Абай тұтынған дүние осылай елге жетеді. Алайда, біршама уақыттан кейін кітап сөресін сыйға алған Тасжан өмірден озған екен.

Енді Дәрібай мен Тұрғаннан тараған ұрпақтарға талдау жасасақ. Екеуінің үлкен ұлы Қосжанның ұрпақтары белгісіз. Ал Құлжаннан облыс, ауданға белгілі ақын, қаламгер Балашбек Шағыров тараса, Патымадан Маутай, одан Жеңіс тарайды. Зейнептен Палкүл, Гүлсімнен Гүлдерайды өрбітеміз. Ал осы мақаланы жазуға себепші болған Зере (Зөре) Абайдың кітап салатын шкафын Асқар Тоқмағамбетов ауылына әкелген. Енді осыған арнайы тоқталсақ.

Зеренің есімін Тұрған Абайдың әжесінің құрметіне қойған. Ол осы Ақжарма топырағында туған Бабай ишанға тұрмысқа шығады. Сол кезде анасы Тас­жанға берілген нағашы жұрттың кітап сөресін қыз жасауына қосып беріп жіберген. Бабай ишан туралы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 2001 жылғы 22-24 сандарында «Бабай ишан кім?» деген мақала жарияланыпты. Сол мақалада да аталған дүниенің Сыр еліне  келіп-жеткені айтылған. Бірақ алғашқы зерттеу мақалада Бабай ишанның шын есімі Ибрагим деп беріліпті. Ол кісінің шын есімі Рахымбаба екенін Қызылордада тұратын бір ұрпағы Орынбай Құлымбетов ақсақал айтып, түзеткен.

1905 жылы Бабай ишан Балталы Найман руының Бегімбай, Қараман, Нысанбай, Емжар секілді игі жақсыларының шақыруымен А.Тоқмағамбетов ауылына келеді. Елді мекеннің арқа тұсындағы қазіргі «Бабай ишан» деген жерге қоныстанған. Сол жерге халық күшімен мешіт салынып, ишан діни сабақ береді. Рахымбаба мен Зереден Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар, Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есімді қыздар тарайды.

Кешегі кеңестік кезеңнің байлар мен молдаларға қыр­ғидай тиген зобалаңы бұл әулетті айналып өтпесе керек. 1929 жылы Бабай ишан әулеті бұл жерден Тәжікстанға көшуге мәжбүр болады. Көшер кезде тек алып жүруге ыңғайлы дүние-мүлікті жиыстырып, қалғанын осындағы азаматтарға аманаттап кетіпті. Сөз етіп отырған кітап сөресін ауыл азаматы Тумыш алып қалған көрінеді. Өздері тәжік елінің Октябрь ауданы «Сохтомони Вахш» колхозындағы «Карача» қыстағына қоныс тебеді. Бұл жер Қорғантөбе қаласынан үш шақырым әрі орналасқан.

Зерттеу барысында Шымкент қаласында тұратын ұрпағы Нәмән ақсақалдан Зеренің фотосуреті алынды. Ал Бабай ишан суретке түспеген.

Рахымбаба мен Зере Тәжікстанда дүние салған. Оның ұлы Иман Ташкент облысы төменгі Шыршық ауданындағы «Буденный» колхозы «Қызыл коммуна» бөлімшесіндегі «Қожа» ауылына қоныстанған. Қалымбет пен Әбдіәлиді «халық жауы» деп 1936 жылы НКВД ұстап әкетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Абдулла Тәжікстанның Нөрек ауданында прокурор қызметінде жүргенде соғысқа аттанып, оралмаған. Ал қыздарының үлкені Қалжан тәжік елінде өмірден өтеді. Балжанның ұрпақтары Шымкентте тұратын болса, Хадишаның ұрпақтары Жетісайда. Үмбіш ұрпақтары ауданға қарасты Шіркейлі ауылында тұра­ды.

1942 жылы Әсияның ұрпақтары Ахметбек, Мамадияр, Әбдіраман А.Тоқмағамбетов ауылына қайта көшіп келеді. Елге келісімен Әсия әке-шешесінің Тумышқа аманаттап кеткен дүниелері, оның ішінде Семейден келген шкафты қайтарып алады. Ғасырлық тарихы бар бұл дүниені 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Зеренің немересі Ахметбек Іскендіров музей қорына тапсырады. Ол кезде ауыл тұрғыны 80 жаста екен. Бұған дәлел болу үшін сол кезде Ахметбекті кітап сөресінің жанына тұрғызып, суретке түсіріп алған. Ол аудандық газеттің бетіне жарияланған.

Музейде тұрған жәдігерді суреттейтін болсақ, төменгі жағы топсалы екі есікті шкаф түрінде жасалса, жоғарғы бөлігі үш бөлікті беті ашық кітап сөресі. Шкафтың жалпы биіктігі – 125, ені – 45, жалпақтығы – 50 см. Заманында белгілі тұлғалар тұтынушыға лайық етіп орыс шеберлерінің жасағаны көрініп тұр. Алғашқы кезде қызыл-қоңыр бояумен сырланса, кейіннен ақ эмальмен сырланып, шкаф түрін өзгерткен. Мұны ұстаған кісілер төменгі шкаф үстінен 4-5 см биіктікте жоғары бөлігін кесіп тастаған.

Кезінде осы құнды дүние туралы зерттеу мақаланы жазуға өлкетанушы Ж.Маханбетовке аудандық музейдің негізін қалау­шы марқұм Сейітмұрат Ембергенов ұсыныс айтқан. Соның ізімен алғашқы зерттеу мақала жазылған. Бұл зерттеу мақала тарихи құжаттарға сүйе­не отырып емес, ел ішіндегі осы жәдігерді бұрын тұтынған кісілердің ұрпақтарынан естіген деректер бойынша жазылып отыр.

Енді бір айта кететін жайт, аудандық музей қорында тұрған кітап сөресінің хәкім Абай тұтынғандығының растығын анықтау қажет-ақ. Көршілес орыс халқы А.Пушкиннің сүрінген тасына тәу етіп, оны сақтап отырғанда, Батыс елдері Бетховеннің бір тал шашын пір тұтып отырғанда шығыстың шырағы Абай ұстаған жәдігерді қастерлеп, оның анық-қанығына жеткен жөн. Бұған еліміздегі абайтанушылар мен бірге тарихшылар, іскер азаматтар мән беріп қараса, құба-құп. Өйткені, бірнеше жыл бұрын зерттеу материал жарық көрсе де «Шынымен осындай құнды дүние аудандық музей қорында сақтаулы ма?» деп сұрап келген кісі болмады. Оның үстіне, қазіргідей технологияның дамыған кезеңінде шкаф ағашын ғылыми зертханаларға апарып, Абай өмір сүрген уақытқа сай келетініне көз жеткізсе, бұл тарихи жәдігердің құндылығы ашыла әрі әйгілене түсері сөзсіз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ,

журналист.

Жәнібек МАХАНБЕТ,

өлкетанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<