Қырқыншы жылдардағы Қызылорда

593

0

Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің 1940 жылдың 9 қаңтарындағы I сессиясы отырысында «Еңбекшілер депутаттары Қызылорда  облыстық кеңесі атқару комитетін құру» жайлы қаулысы қабылданды.

Облыста әуел бастан аграрлық секторды дамыту қолға алынған. 1940 жылы суармалы егістік көлемін ұлғайту мақсатында Қызылорда су плотинасының құрылысын салу жұмыстары басталды.

Облыстың әлеуметтік-мәдени өміріне де елеулі өзгерістер енгізілді. Тұрғындарды дер кезінде әлем жаңалықтарынан, одақ, республика және облыстың тыныс-тіршілігінен хабардар ету үшін  әуе толқыны арқылы ақпарат айдынына шығудың   алғышарттары жасалып, 22 сәуірде облыстық радиохабар тарату комитеті құрылды.

Көненің көзі бай мұраларын сақтап, жас ұрпақты туған ел тарихымен таныстырып, сүйіспеншілікке тәрбиелейтін орын – мәдени-тарихи музейлер. Осы мақсатта 1939 жылы облыстық  тарихи-өлкетану музейі ашылды.

Халық шығармашылығын дамыту, Сыр жеріндегі таланттарды тәрбиелеп, елге таныту мақсатында 1940 жылы 17 шілдедегі Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі және атқару комитетінің 2-сессиясында өнер ісі жөніндегі бөлім ашу туралы шешім қабылданды.

1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, мемлекеттік маңызы бар аса ірі өндіріс орындарының бірқатары Қызылорда облысына жөнелтілді. Жосалы станциясына бірнеше өндіріс орны – Харьков эмаль зауыты, Харьков майлау зауыты, электр лампаларын регенерациялау фабрикасы, механикалық штамп зауыты келді. Донбасстағы Константиновка қаласынан эвакуацияланған Челюскин атындағы артель Қызылорда қаласына келіп орналасты. Мәскеуден эвакуацияланған түсті металдар фабрикасы Қызылорда қалалық өнеркәсіп комбинаты базасына орналастырылды. Сұлутөбе станциясына жіберілген КСРО Осоавиахим Орталық Кеңесінің №7 зауытын онда орналастыру мүмкін болмағандықтан, зауыт жабдықтары 1942 жылы 18 наурызда Жосалы механикалық зауыты базасына көшірілген. Украинаның біріккен университеті (Киев және Харьков университеттері), Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Қырым медицина институты Қызылорда қаласына орналастырылды.

Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Қызылорда облысына болгар, грек, еврей, кәріс, латыш, орыс, поляк, румынь, татар ұлтының өкілдері келіп, оларды аудандар бойынша орналастыру, азық-түлікпен, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.

Ұлы Отан соғысында қызылордалық жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындай отырып, ел басына түскен сын сағатта өз борыштарын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Майданда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін 21 қызылордалық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Облыстық архив қоры құжаттарынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<