Сиыр жылы туралы сыр

1470

0

Қазақ ұғымында нәубет-нәсіп те, қуаныш-сүйініш те жүйесімен келеді. Сондықтан жыл қайыратын есепшілер келер жылдың бейнеті мен берекесін дәл болжаған. Тағы толып жатқан нәрселерді алдын ала білген. Бағзы заманнан бізге еш өзгеріссіз жеткен жыл қайыру бойынша 12 жыл – бір мүшел. Тарихы тым әріде жатқан жыл қайыру туралы ең алғашқы деректер VIII ғacыpдaғы Күлтегін жазба ескерткіші мен XI ғacыpдағы Қaшқapи eңбeктepiнде кездеседі.

Жыл басы – Наурызға қа­тысты халқымыздың ба­йыр­ғы дәстүрлері туралы да қы­зықты деректер көп. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп шежі­ресінде «Наурыздың кел­ген сәтін жандыда балық біледі» делінген.

Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Әлеумет сол балықтарға қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде екінші жағына қарай аунап түседі екен. Сонан соң патшалар дауылпаз қағады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді екен.

Бұл тоғыс қандай тоғыс?

Қазақша жыл қайыру бойынша келер жылдың иесі – сиыр. Тышқан жылынан кейінгі мүшел есебінің екінші жылы. Тарихта көбiнe дay-жaнжaл, қиындық, ауыртпалықпен ecтe қaлғaн деседі. Бұл жылы cәтciздiк болса, халық «бұл тоғыс – ayыp тоғыс қой» деп жұбанады екен. Ежелгі замандарда кей халықтар сиыр санымен адамның байлығын өлшепті, яғни, сиыр ақша орнына жүрген.

Ал, қазақ үшін аса қадірлі болмаған ба деген ойға қаласың. Оған қазақтың «Сиыр – пұл, қатын  би болған заман» деген сөзi айқын дәлел iспеттi. Тiптi тек сиыры ғана бар үйлердi де кедейлердiң қатарына қосса керек. «Сиыр бақтым – сидаң қақтым» дейді. «Сиыр сүйкенбей жүрмес», «Сиыр сипағанды білмейді», «Сиыр тілінен қыршаңқы болады» деген сияқты мақал-мәтелдер де көп. Дегенмен қиын замандарда кедей отбасын жалғыз сиыр асырайтын болған. Күздікке дейін сүтін ішіп, төлін соғымға сойып алып қыстан аман шыққан. «Сиыр сауған шөлдемес» деген мәтел сыры да сол болса керек. Қазақта Сиыршы деген ру да бар. Жалайыр тайпасының cырманақ тармағынан тарайды.

Кей деректерде сиыр жуас, момын болғандықтан жақсы, жайлы, ма­мыра­жай жылдардың бірі саналады. Бұл пікірқайшылықты этнограф Жамбыл Ар­тық­баев жыл қайыру дәс­түрі мен оған қатысты болжамның тарих қойна­уына кеткенімен байла­ныстырады. Оның пікірінше, қазір олардың орнын нумерологтар басқан. Негізінен, сиыр жылы дәл мынандай болады деген пікір тарихи еңбектерде жоқтың қасы екен.

Қазақ атауын

қайтарып алған жыл

Жыл қайыру – халық дүние­танымымен бітеқайнасып кеткен үрдіс. Ертеден әр жыл иелерінің мінезіне, қасиеттеріне қарай келер жылдың қандай бола­тынына болжам жасалған. Елдің, жердің ахуалы, күн райы қалай құбылатыны болжанған. Сиыр қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың жылы деуге болады.

Сиыр тоғысында, 1913 жылы Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген. 1925 жылы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның V съезі өтіп, «киргиз» деп қолдан бұрмаланып қойылған атауды өзгертіп, «қазақ» деген атты қайтарып алдық.

1937 жылы қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, қуғын-сүргін іс жүзінде шие­ленісіп кетті. Осы сиыр жылында қазақ қаншама көзі ашық, көреген аза­маттарынан айырылған еді. Семей ядролық полигонында алғашқы атом бомбасы сыналған 1949 жыл да сиыр жылына тұспа-тұс келіп тұр.

Бұл жылы адамзат өркениетінің жетістігі саналатын оқиғалар да аз болмаған. Мәселен, 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин адамзат тарихында тұңғыш рет «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттаныпты. Рим қа­ласында әлемдегі ең бірінші метро ашылған жыл да сиыр жылы екен.

Адамдардың мінез-құлқына, болмыс-бітіміне қай жылы туғаны әсер етеді деп жатады. Сиыр жылы туғандар ақ пейіл, досқа адал, бауырмал келеді екен. Ұстамды, кімнен болсын көмегін аямайтын жандар. Олардың бойында тұрақтылық, сабырлылық, көш­басшылық сияқты қасиеттер де кездеседі.

Сиыр жылы Мұқан Төлебаев, Қалижан Бекхожин, Нұрғиса Тілен­диев, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Ебіней Бөкетов, Әбілахат Есбаев, Қалмұқан Исабаев, Асанәлі Әшімов, Асқар Жұбанов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мырзатай Жолдасбеков, Мырза­гелді Кемел, Нұрлан Өнербаев сияқты тұлғалар дүниеге келген.

Азаттығымыздың

айшықты белесі

Кең өрісте шұбырта айдап бағып, кеш болған соң қотанға өзің қама дейтін сиыр малы – тұрақты мекенде тұратын түлік. Сондықтан болжам атаулының барлығы шаруа еңбегі жемісті болып, өндіріс өркен жаятынын айтады. Баспана мәселесіне қатысты көптеген күрмеулі мәселелер шешімін табады деген де долбар бар.

Тарихи деректерге көз салсақ, бұған дейін де 1720, 1820 жылдары оба, испан тұмауы сияқты әртүрлі дерт әр ғасырда қайталанып отырған екен. Содан кейін жаңа бір дәуір басталып отырған. Расымен де, адамдар қиындық туған шақта өзгереді. Ішкі түйсігі дамиды, өзіне расымен не керек екенін нақты сезіне бастайды. Табиғатты да аялауды еске түсіреді.

Бетперделі жылдың бейнетін, қиындықтарын да соған жорыған жөн болса керек. Ауыртпалығы мол жылды артқа тастап, үмітпен, сеніммен жаңа жылға қадам бастық. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Азаттығымыздың айшықты беле­сіне тура келген сиыр тоғысы толымды табыстар дәуірінің басы болады деп сенейік.

Не берсең,

соны сауып аласың

Сиыр сегіз мың жыл бұрын қолға үйретілген. Ең көп таралған сүт­қоректілер санатындағы бұл жануарды ерекше қадірлейтін, тіпті оған табынатын елдер де бар. Мысалы, Африкада «патшадан кейін сиыр маңызды» деген мәтел бар екен. Үнді халқы үшін сиыр – ең қасиетті жануар. Оны өлтіргендер түрмеге қамалады. Ал Кубада мұндай қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілуі де мүмкін. Етін ең көп тұтынатын – Аргентина, ең көп өндіретін – АҚШ.

Сүтінің дәмі сиырдың немен қоректенгендігіне байланысты екен. Бір сөзбен, немен жемдесең, соны сауып аласың. Осы бір момын жануар туралы қызықты деректерге шолу жасап көрсек:

– әлемдегі ең ірі сиырдың салмағы 2,25 тонна;

– бір минут ішінде жүзге жуық күйсеген сиырдың қимылы қоянның қимылымен бірдей екен;

– бұқаға қызыл түс мүлдем әсер етпейді, бұқа қызыл матаға шаппайды. Бұл жануар түсті мүлдем айыра алмайды;

– сауын сиыр өз өмірінде орташа алғанда 200 мың стақан сүт береді;

– сиыр адам немесе дельфин секілді жылайды;

– сиырлар орташа алғанда 20 жылдай, бұқалар азырақ – 15 жылдай жасайды;

– әлемде тіршілік ететін сиырлардың жалпы салмағы бүкіл адамдардың салмағынан үш есе артық;

– бұл тіршілік иелері 11 түрлі интонациямен мөңірей алады;

– сиырға ат қоюға болады, өйткені ол атын есіне сақтап, дауыстап атағанда елеңдеп, мысалы, ит сияқты байланыс орната алады;

– сиыр өзі жақсы көретін адамды тілімен жалағанды ұнатады, қожайынын танып, түрін есіне сақтай алады;

– бұзауын екі жасқа дейін емізеді;

– сиырдың көзі айналасын толық, жан-жақтан көреді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<