Сыр қақпасы – Сығанақ

556

0

Сығанақ өз замынында саяси-экономикалық маңызы зор қала болғанын тарихтан аңғарамыз. Шаһардың Ұлы Жібек жолының бойында орналасуының өзі көп нәрседен хабар береді.

Орта ғасырда сауда мен өнеркәсіптің орталығы болған қаланың орны әлі күнге дейін зерттеліп келеді. Қыпшақ, Ақ Орда және Қазақ хандығының астанасы болған бұл мекен өзінің қасиеттілігімен ерекшеленеді. Күні бүгінге дейін ғалымдардың айрықша қызығушылығын тудырып отырған қалашық нағыз экотуризм орталығына айналуда. Сығанақ қаласы Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылының жанында орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, мұнда ҮІ–ХІІ ғасырларда тіршілік қайнап, сан салада ілгерілеушілік байқалған. Сыр елінің қолөнері мен саудасы, мал шаруашылығы мен өнеркәсібі дамыған. Кей деректерде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қаланың халқы ауқатты тұрған деген ақпарат та бар. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Сығанақтың айналасында түрлі құрылыс нысандары  мен үйінділердің орны табылған.

Сығанақ қаласы талай тарихшылар мен археологтардың ғылыми еңбектеріне арқау болған. Мұнда көптеген қазба жұмыстары жүргізілген. Әлі де бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады деген ойдамын. Өйткені, бұл өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Қалашықта болып, оны өз көзімен тамашалаған адам ұмытылмас әсерде қалары сөзсіз. Мұнда өткен күндердің тыныс-тіршілігін анық аңғаруға болады. Сыр елінің тарихын білгісі келген адам үшін таптырмас мекен. Бүгінде шетелдік туристер Сығанақты тамашалауға келіп жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Дегенмен де, қалашыққа жылына қанша туристердің келетіндігі жөнінде нақты мағлұмат жоқ. Бірақ, тарихы терең өлкеге келушілердің қатары жыл сайын көбейеді екен.

Жалпы, Сығанақ қалашығы облыс бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескерткіштердің бірегейі десек қателеспейміз. Айта кетейік, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыстан барлығы 12 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Сығанақтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» енуі біз үшін үлкен мақтаныш. Археолог-мамандар Сығанақты «қыпшақ даласының қақпасы» деп те атайды. Оның өзіндік тарихи дәлелдері жетерлік.

Малика ТҰРҒАНТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<