Тарихтың ақтаңдақ беттері

1151

0

Халқымыздың тарихында отызыншы жылдардағы сталиндік қанды террор мен жаппай репрессия мәңгі өшпес таңба қалдырды. Сондағы зұлымдықтың салдарынан халқымыздың көптеген аяулы адамдары жазықсыз жазаланды. Бірсыпырасы соттан тыс «екілік», «үштік», «айрықша кеңес» дегендердің үкімімен атылып кетті. Өзгелері бас бостандығынан айрылып, тұтқындар ұстайтын лагерьлерге жөнелтілді. Олардың басым көпшілігіне тағдыр елге оралуды жазбады. Жазасын өтеп жүрген жерлерінде бастарына түскен азапқа шыдамай қаза тапты.

Жаппай репрессия КСРО-ның қылмыстық істеріне алғаш рет 1927 жылы 58-бапты енгізумен басталған. 1934 жылы 58-баптың 1-тармағына біраз өзгерістер енген. Сөйтіп 1937 жылдың қарсаңында 58-бап 14 тар­мақпен берілген. Оның ішінде «Отан­ды сату» және тағы басқа бірнеше тармақтар бар. Осы бап сол кезде жұмыс істеген, елдің беткеұстар қай­мақ­тарының барлығын репрессияға ұшыратқан. Дегенмен, кейбір деректерде жазықсыз жаламен жауапқа тартылғандардың 40 проценті сауатсыз шаруа адамдары екені айтылады.

Хат танымаған, үкімет пен партияға қарсы ешқандай ісі дәлелденбесе де халық жауы атанған қарапайым шаруаның бірі – Әлмахан Қонақбаев. Ол 1889 жылы Қазалы уезінде туған. 1925 жылдан Арал қаласындағы «Райкоопсырье» мекемесінде өнім жинаушы болып қызмет жасаған. 1937 жылдың күзінде жаламен түрмеге жабылған. Сол кеткеннен артында қалған ағайыны еш хабар ала алмаған екен. Әкеден 8 жасында қалған баласы Әбдуәлі 1958 жылы облыстық прокуратураға шағымданып, ісін қай­та қарап, ақ-қарасын анықтауды, ұс­талып кеткеннен кейінгі тағдыры туралы мәлімет беруді сұраған. Әбдуәлі Әлмахановтың әкесін іздеп жазған арызы да, прокуратура органдарының «қылмыстық құрамы анықталмауына байланысты іс тоқтатылды» деген жауабы да облыстық мемлекеттік архивте сақталған. Дегенмен, Әлмахан Қонақбаевтың тағдыры не болғаны туралы дерек келтірілмеген екен.

Бұл ретте тағы бір құжатты мы­салға келтіруге болады. 1952 жылы біз айтқан 58-баппен қамауға алынған 3 адам ақталып шыққан. Олардың ал­ғашқысының жазығы Тасжарма каналын қазу кезінде жыл бұрынғы жұ­мыстың өзі жеткілікті екенін, биыл да канал қазу керек емесін айтқаны екен. Екіншісі шәй үстінде соғыста ағылшын әскери техникасы бәрінен мықты болғанын әңгіме қылған. Үшіншісін колхоздың шөбін өртеді деген жаламен, тергеп-тексерусіз қамаққа алыпты. Үш адамға да 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген.

1956 жылы ақталған азаматтар істерінің ішінде «алашордалықтармен байланысы бар, контреволюциялық ұйымның мүшесі және жапон шпионы» деген кінә тағылғандар бар. Солардың бірі – Шиелі ауданының тумасы, сауатты азамат Қалжан Қоңыратбаев. Ол – атақты ғалымдар Әуелбек және Әлібек Қоңыратбаевтардың бауыры. Кеңес органдары бұл әулеттен үш адамды қудалады. Алаш ардақтыларын ашық қолдап, үн қосқан Қалжан Қоңыратбаев 1877 жылы Шиелі ауданының Қызыл­ту колхозында дүниеге келген, сауат­ты. НКВД-ның үштігі «1937 жылы Оң­түстік Қазақстан облысында көк­темгі егіс жұмыстарына зиянын ти­гізді» деп, алашорданың «Ақжол» газе­тінің таралуына көмектескені, ала­­шор­далықтардың мақалалары мен ән­дерін насихаттағаны, Сұлтанбек Қожа­новпен тікелей байланыста бол­ғаны үшін айыптаған. «Ұлтшыл-ала­шордалық» деп атаған. Асыл азамат концлагерьде 10 жыл жазасын өтеп, 1956 жылы ақталды.

Архив басшысының орынбасары Жанат Алтынбаева қуғын-сүргінге бай­­ланысты құжаттар көп емес екенін айтады.

– Олар негізінен прокуратура ор­ган­дарының, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің мұрағаттарында сақталады. Облыстық прокуратура құжаттары ішінде Сыр өңірінен шыққан азаматтар ғана емес, бүкіл Кеңес одағы аумағынан істі болған адамдардың ісін қайта қарау туралы құжаттар кездеседі. Осы құжаттардың ішінен 1937-38 жылдары сотталып, кейін ақталған 398 адамның тізімі табылған. Олардың қатарында Хамза Есенжанов, Мұхамеджан Қара­таев, Әуелбек Қоңыратбаев, Өтебай Тұрманжанов, Сәкен Сейфуллин се­кілді қайраткерлеріміз бар, – дейді ол.

Мыңдаған адам, тоталитарлық жү­йенің диірменіне түсіп, өзгеше ой­лағаны үшін кінәсіз сотталып, туған жерінен аяусыз айдалып, түрмелерде көз жұмды. Жоғарыда келтірілген фак­тілер – сол зұлмат тарихтың бір парағы ғана. Сондықтан қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiру маңызы зор міндет болып қала бермек. Бүгінде бұл бағытта біршама жұмыс қолға алынуда. Тарих­ты қайта парақтау нәтижесінде көп­те­ген тарихи құжат ғылыми айналымға ене бастады.

Айталық өткен жылдың қара­ша айын­да саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мемле­кеттік комиссия құру туралы Президент Жар­лығы шығып, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төраға­лығымен комиссияның бірінші отырысы өтті. Облыс әкімінің қаулысымен өңірлік комиссия да жұмысын бастады.

Кеше ғана Алматы қаласында Қ.Көшербаев аталған комиссияның жұмыс топтары жетекшілерімен, ға­лым­дармен және сарапшылармен кез­десті. Жиында архивтерде, әсіресе шет­елдік мұрағаттардағы зерттеу жұмыстарын егжей-тегжейлі зерделеу қарастырылды. Өңірлік комиссиялар жұмысын күшейту жайы да талқыланып, оларға тиісті әдістемелік көмек көрсету жөнінде шешім қабыл­данды. Бұл жаңалық өңірімізде жа­зықсыз қудалау мен жазалаудың құр­бандарын есте сақтау бағытындағы игі істерге бастама болады деп сенеміз.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<