Теңге – дербестік тірегі

816

0

*сурет ашық дереккөзден

Ұлттық валютаның айналымға шыққанына алдағы күндері 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында теңгенің түр-келбеті өзгеріп, құны да сан рет құбылды. 1993 жылдың 15 қарашасы – төл теңгеміздің туған күні екені баршаға мәлім. Десек те, кез келген жайттың көпшілік біле бермейтін белгісіз қырлары жетерлік. Тарих парақтарын ақтарып, теңгенің шығуына қатысты бірқатар мәліметпен таныс болдық.

770 ҚАП АҚША ОТҚА ЖАҒЫЛДЫ

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамына енген республикалар өз ақшаларын айналымға шығара бастады. Банкнот басатын фабрикасы болмаған еліміз үшін Ұлттық валютаны енгізу оңайға соқпағаны анық. 1993 жылдың 12 қарашасында «Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығып,   сол кездегі ҚР Жоғарғы Кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов Ұлттық валютаны «теңге», ал оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды ұсынған. Оны жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Қазақстан төл ақшасын шығару үшін алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Тәуелсіз елдің Ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған.

Теңге әлемдік биржада 2006 жылдан бастап төбесінде сызығы бар Т әрпімен белгіленіп келеді. Ұлттық банк жариялаған үлкен байқаудың қорытындысы бойынша осы символ үздік деп танылып, оны ойлап шығарушылар миллион теңге сыйақы алды.

Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалған. Оларды төрт «ИЛ-86» ұшағы тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. Жаңа валютаның айналымға енгізілуінің құпия ұсталғаны сонша, барлық құжаттарда Президент резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған.

Алғашқы теңгелер жерасты қоймаларынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жеткізілген. 1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. Қарашаның 12-дегі Президент Жарлығынан 3 күннен кейін теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды.

Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп 1 теңге 500 рубль болды. Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге еді.

Ақша ауыстыру тәртібі де баспасөз арқылы хабарланды. Ал қарашаның 15-нен 20-сына дейінгі мерзім сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Ақша жинаған азаматтар енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған сабан ақшаны жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны алғандар оны бірнеше күн қызықтаған.

Ұлттық банктің облыстық басқармалары, екінші деңгейлі банк филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағат тұрғындар қаржысын ауыстырған. Ескі ақша түні бойы есептеліп, жоюға даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 20 миллиардқа жуық Кеңес сомын айырбастаған. Барлығы 770 қапқа салынған 20 тонна ескі ақша отқа жағылған.

1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған ақшалар көпшіліктің есінде болар. Теңге дизайнерлерінің бірі Прага сәулет институтының түлегі, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Х.Ғабжәлеловтің пікірінше, ақшада айтулы азаматтар бейнесін берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қосымша күрделі бедер-бейнелер банкноттарды қолдан жасаудан қорғайды, екіншіден тарихи тұлғаларымыздың суреттері біздің жас мемлекетіміздің өз тарихы мен болмысын танытады және қазақ ақшасын әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтап тұрады.

Металл тиындарды шығаруға мүмкіндік болмағандықтан жедел қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты. 1993 жылы құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы Алматыда банкнот фабрикасының тұсауы кесілді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өзінде басып шығарады.

Теңге облысқа қалай жетті?

Теңгенің өмірімізге енуімен бірге облыста қандай өзгерістер орын алды? Бұл тарихи сәт туралы ақпараттармен танысу үшін газетіміздің 1993 жылғы тігіндісін парақтап шыққан едік. «Сыр бойы» газетінің 15 қараша, дүйсенбі күні жарық көрген нөмірінде жарияланған «Ұлттық валютаның енгізілуі жайында бағаның өсуін шектеу жөніндегі төтенше шаралар туралы» сол кездегі ҚР Премьер-министрі С.Терещенконың қаулысында тұрғындардың тұрмыс жағдайына қолдау көрсету, негізсіз баға мен тарифтердің алдын алу, енгізілетін ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті бірнеше қосымшалар енгізген. Онда «ҚР Экономика министрлігі жанындағы баға комитеті үш күн мерзім ішінде электр және жылу қуатының, нан мен нан-тоқаш өнімдерінің жаңа прейскурантын жасап бекітетін болсын» делініпті. Қаулы күшіне енген сәтте облыстағы хал-ахуал қалай болды? Көрсетілетін қызметтер мен тауар бағамы қалай бекітілді? Тағы да газет тігіндісін парақтағанымызда сол жылы 20 қарашада журналист Жолдасбек Ақсақалұлының «Ұлттық теңгеміз енгізілді немесе кейбір жәйттерге түсініктеме» атты мақаласы көзге түсті.  Мақалада тағы бір ауыр кезеңге аяқ басқалы отырғанымыз, ендігі жерде өз тағдырымыз өз қолымызда екені жазылған. Сонымен бірге Ұлттық валюта енгізілгеннен кейін өңірдегі хал-ахуал былайша баяндалыпты:

– Ұлттық ақшамызды енгізгеннен бұрын сессияда әлеуметтік жағынан аз қорғалған зейнеткерлердің ең төменгі зейнетақы мөлшері белгіленді. Сондай-ақ, бюджет мекемелері қызметкерлерінің жалақысы 3,2 есе арттырылды. Бірақ оның есесіне кейбір азық-түлік және қызмет түрлерінің бағалары сомнан теңгеге қайта есептегенде 2-4 есеге дейін қымбаттады. Өз ақшамызға есептегенде бірінші сортты ұннан пісірілген нанның бөлкесі 40 тиын, макарон өнімдерінің бір киләсі 10 тиын, сүттің литрі 40 тиын, қанттың киләсі 3 теңге 40 тиын, сиыр етінің бір киләсі 4 теңге 40 тиын, халыққа сатылатын құрама жемнің бағасы 30 тиын, тұздың бір киләсі 3 тиын, қала жолаушылар транспортының бағасы 10 тиын болып белгіленді. Сол сияқты коммуналдық-тұрмыстық, байланыс, тағы басқа қызмет түрлерінің бағалары да өсіп отыр. Әлбетте, Үкімет қаулысы бойынша бірнеше есе шарықтаған бағаны әлдекім аспанға қарап отырып, қиялдап шығарды десек қателескен болар едік. Біріншіден, баға – экономикалық категория. Ол директивалық нұсқаулардың әмірімен  өмір сүрмейді. Баға біздің экономикамыздың әл-ауқатының деңгейін білдіреді. Шамамыз қандай болса біз сол тұрмыстық деңгейде өмір сүруге тиіспіз.

Расында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұрақсыздық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиын кезеңдері еді. Сол кезде әр өңір өз күнін өзі көріп, нарықтық мәселелермен бетпе-бет келді. ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының бұрынғы басшысы, еңбек ардагері, ҚР Ұлттық банкінің еңбегі сіңген қайраткері Ниязбек Маханжанов теңге облысқа келген уақытта банк қызметкерлерімен қатар ҰҚК және ішкі істер басқармасының да тынымсыз жұмыс жасағанын айтады.

– Ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізу Қазақстан Республикасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі еді және бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы-тұғын. Өйткені 90-жылдардың басы біздің еліміз үшін барынша қиын кезең еді. Өндірістің кең ауқымды құлдырауы, экономикалық байланыстың үзілуі бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-кредиттік қатынастардың тоқтау шегіне жеткізді. Тауар айналымы, тасымалы қысқарды, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету карточкалық жүйеге көшірілді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен, яғни затпен жүргізілді, өндірісте өнім өндіру тоқтады. Осы кезеңнен бастап облыста ақша айналымы құлдырап, бюджеттік дефицит артып, бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Нақты ақшаға қажеттілік өсті, өзіміздің ресурстар есебінен қамтамасыз ету мүмкін болмады, тек қана орталықтан әкелінген ақша есебінен жабылып отырды. Ал ол кезде ақша шығатын Ресейдің банкнот фабрикасы Қазақстанды нақты ақшамен қамтамасыз етпеді. Оның жетіспеушілігінен жұмысшылардың жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы бірнеше айға кешіктірілді. Бұл жағдайлар банк жұмысына айтарлықтай қиындықтар туғызды. Сондай-ақ 1991-1993 жылдары ТМД елдерінде ақша-қаржы жүйесі айтарлықтай тербеліске ұшырады. 1992 жылдың қаңтарынан бастап бағаның еріктенуі бұл мәселені шешу қажеттігін тездетті.

Теңгені енгізу алдында 1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер кабинетінің қаулысымен аудан орталықтарында және Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында есеп айырысу-кассалық орталықтарын ашып, онда бюджеттік мекемелер мен екінші деңгейлі банктерге есеп айырысу жұмыстары атқарылды. Осының бәрі теңгені енгізудің алғашқы шаралары болатын. Кейін ақша айырбастау осы есеп айырысу-кассалық орталығы арқылы жүргізілді.

Сонымен 1993 жылдың 3 қарашасы күні Ұлттық банк төрағасының тапсырмасы бойынша Жамбыл қаласынан бағалы қағаздарды жеткізіп алу талап етілді. Осыған байланысты ұшақтар жалданып, өзіміздің инкассация қызметкерлерін жіберіп, 6 қараша күні сол бағалы қағаздарды қабылдап алдық. Сосын 2 күн ішінде осы бағалы қағаздарды аудандардағы есеп айырысу-кассалық орталықтарына жеткізу қамтамасыз етілді.  Ал 14 қараша күні сол кездегі Ұлттық банктің облыстық филиалы бастығы қызметіндегі мен түнімен жұмыс орнымда отыруды талап еткен жеделхат алдым. 15 қараша күні таң алдында облыстық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері хат әкеліп берді. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің 15 қараша таңғы сағат 9-дан бастап Ұлттық валютамыз – теңгені енгізу жайлы Жарлығы және Ұлттық банктің ақша айырбастау ережесі болатын.

Міне, теңгеміздің облыста өмірге енуі осылай басталды. Бұл өте қиын да қауырт кезең болды. Бюджеттік мекемелер мен банктер әкелген ақшаны санауда касса қызметкерлері күні-түні жұмыс жасады. Басқа да қызметкерлерден кезекшілік жасақталды. Айырбастау барлық есеп айырысу-кассалық орталықтарында, банктерде жүргізілді. Сондай-ақ кассирлер инкассаторлардың күзетуімен кейбір айырбастау пунктеріне барып жұмыс жасады. Банктің ішінде күніне 4-5 сағат көз іліндіріп, жұмыстарын қайта жалғастырды. Әрбір кассирдің, инкассатордың, есепшінің жұмысы бірнеше есе көбейді. Дегенмен, бұл ізгілікті істі атқаруда ешкім реніш білдірмеді. Ақшаны тасымалдау кезінде жолда кедергілерге ұшырамау үшін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері көмек көрсетті.

Ережеге сәйкес, 15-17 қараша аралығында Ұлттық валюта мен Ресей рублі айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан бастап ҚР аумағында тек қана теңге заңды төлем құралы болып саналатындығы, айырбастауды 20 қараша сағат 20.00-де аяқтау белгіленді. Әрі қарай еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жаңа жауапты кезең басталды. Әрине, теңгенің енгізілуімен қиыншылықтар аз болған жоқ. Ақша құнсыздығы, инфляция шарықтады. Бірақ осыған қарамастан еліміздің экономикасы әлемдік қауымдастыққа осы қиындықтарды еңсере отырып ене бастады. Ұлттық валютамызды енгізгеннен кейін ТМД елдерімен жұмыс жасау үшін ең алғаш 1993 жылдың 3 желтоқсанында облыстың банк ғимаратында валюта айырбастау пунктін ашып, АҚШ доллары мен Ресей рублін сату жұмыстары атқарылды. Ең алғаш АҚШ-тың 1 доллары 4 теңге 65 тиын болып белгіленді. Алғашқы ақшамыз Ұлыбританияда басылып шыққан болса, қазіргі кезде Қазақстан Республикасында Банкнот фабрикасы және Теңге сарайы сияқты ақша белгілерін шығаратын меншікті өндіріс орындары бар. Өткен қиын-қыстау кезеңде ұлттық валютамыз – теңгені өмірге әкелуге аянбай атсалысқан банк, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін, қазіргі ел экономикасын дамытуға атсалысып жатқан Ұлттық банк қызметкерлерін ұлттық валютамыз – теңгенің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға береке тілеймін, – деді ол.

Мерейтойлық монеталар сатылымда

Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. Банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді. Барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғатының бейнелері кіреді.

Биылғы мерейтойға орай Ұлттық банктің дайындаған арнайы сыйы бар. «Теңгеге – 30 жыл» арнайы коллекция монетасына Т белгісін пайдаланған. Сол жағындағы ою-өрнек даму мен өркендеуді, сондай-ақ ұлттық болмыс пен нақышты білдіреді. ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық валюта маркетологы Айжан Машееваның айтуынша, бұл екі монета да теңгенің 30 жылдығына арналып мың теңгелік тиын күмістен жасалған. Өн бойында тантал металл бар. Салмағы 84,32 грамм. Таралымы 300 дана. Ал 500 теңгелік монета алтын жалатылған күміс монетаның сынамасынан дайындалған. Оның салмағы 31,1 граммды құрайды. Таралымы 2 мың дана. «Тәңір танымы» коллекциялық монетасы  да – мерейтойға дайындалған сыйдың бірі. Дизайны да ерекше. Тамыры жер торлап, тәжі аспан тіреп тұратын өмір ағашы – «Бәйтеректі» бейнелейді. Сондай-ақ, қасиетті құс – самұрық пен айдаһар да суреттеліпті. Ол – жақсылық пен жамандық арпалысының мәңгілік нышаны іспеттес. Бұл жолы инвестицияға арналған теңгелер де басылып шыққан.  2018 жылы Ұлттық банк «Көкбөрі» атты коллекциялық 300 дана монетаны жасап шығарған болатын. Ол сатылымда үлкен сұранысқа ие болды. Сөйтіп арнайы дизайнымен көптің көңілінен шыққан бұл тиын түрін инвестициялық теңге түрінде шығаруға шешім қабылданды. «Алтын барыс» және «күміс барыс» монетасы аты айтып тұрғандай алтын мен күмістен құйылып жасалды. Экспозицияның барлығы мәдени, саяси және тарихи түрленуін еш өзгертпеген. Монеталар халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен алыстамай, қазіргі заман тұрғысынан да жаңа бейнелер қалыптастырған. Инвестициялық монеталар жыл соңында саудаға түседі. Ал коллекциялық теңгелер қазірдің өзінде сатылымда.

Бүгінде ел экономикасы даму үстінде. Сондықтан теңгенің тұғыры да тұрақты. Ол жақын шетелдерде сұранысқа ие. Мәселен, теңге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде евро, доллармен бірге айналымда жүр. Жалпы, Ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсімімен белгіленіп отырады. Бұл – айқын нәрсе. Басқа валютаның қатынасына қарай құны белгіленеді. Теңге – дербестік тірегі, экономикалық дербестіктің кепілі десек, ол өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шықты, әлі де құндылығын дәлелдей бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<